Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:58, 16 Қазан 2022

Өрт қауіпсіздігін сақтау басты назарда

None
None

 Жыл сайын жылыту маусымы бастала сала, иіс тиіп қаза болатындардың көбеюі мен өрттердің жиілеуі алаңдатпай қоймайды.

Сондықтан еліміздің Төтенше жағдайлар қызметі төтенше жағдайдың алдын алу үшін дәл қазір қауырт жұмыстарын бастады. Өйткені жеке тұрғын жайларда тұратындардың от жағатын пештерінің арналарын тексеріп, мұржаларын тазалап қою қажет. Жылыту маусымына дайындалу тек көмір сүріп, тамызық дайындаумен шектелмейді. Жылыту пештерінің де талапқа сай, тұрғындардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауының өрт қауіпсіздігінің алдын алуда маңызы зор!

Шыны керек көп жағдайда халқымыз өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға аса көп мән бере бермейді. Сондықтан еліміздің Төтенше жағдайлар қызметі жаздай суға шомылу мен дала өрттерінен қорғанудың жолдарын айтып  тыным таппаса, күз бастала салысымен жеке тұрғын үй секторларын аралап, газдан, көмірден келетін қауіп-қатердің алдын алып, тұрғындардың пешін тексеріп дамыл таппайды. Сонда да болса үй аралаған төтеншеліктерді үйлеріне кіргізгісі келмей, одан қалды пештерінің қысқа дайындығына мән бермеудің салдарынан газға, түтінге уланып, оның соңы тіпті өртке ұласып, қайғылы жағдайдың орын алуына әкеліп жатады. Соның айқын дәлелі жылыту кезеңіндегі өрттердің көп бөлігі жеке тұрғын үйлердің үлесіне тиеді екен. Мәселен өткен жылғы жылыту маусымы кезінде бір ғана Жетісу облысының өзінде жеке тұрғын үйлерде 140 өрт оқиғасы орын алған. Ең өкініштісі осы оқиғалардың салдарынан бес адам қаза тапқан. Бұл бір ғана облыстың көрсеткіші. Ал әр облыстан осы шамада өрт орын ала берсе, және тұрғындарға материалдық залал келе берсе не болмақ?! Сондықтан биыл республика бойынша еліміздің барлық Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жаз айының соңғы айынан бастап жеке тұрғын үйлердегі тұрғындардың үйлерін аралай бастады. Жеке үйлерді аралаудағы басты мақсат тұрғындарға өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын жеткізу болып табылады. Төтеншелік мамандар «жеке тұрғын үйлердегі иіс тию мен өрт шығуының негізгі себептері пештің бітелген түтін мұржасы, мұржа бойындағы жарықтардан» дейді. Осындай олқылықтардың алдын алу мақсатындағы төтеншелік мамандардың осындай рейдтерінің маңызы зор!

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндіру бөлімінің маманы Асқар Әлібек «негізі өрт қауіпсіздігі жайлы жыл он екі айтамыз. Сонда да болса тұрғындар қауіпсіздік ережелерін ескере бермейді. Ауылдық және аудандық жерлерде тұрғындардың үйі қора қопсыларына жақын орналасады. Пештің мұржасынан шыққан жалын кейде қорадағы шөпке тиіп өртке себеп болып жатады. Үй мен қораның жақын орналасуы кейде шыққан өрттің үйді де, қораны да алып кетуіне ықпал етеді. «Өрт тілсіз жау» деп бекер айтпайды. Біз қанша жерден сақадай сай тұрғанымызбен жел немесе басқа да жайттар өрттің тез тұтанып, тез бел алып кетуіне ықпал етеді. Сондықтан тұтанған өртті сөндіргеннен гөрі қашан да өрттің алдын алудың маңызы зор. Газбен уланудың қайғылы салдарын болдырмау үшін үй ішіндегі қабырғалық түтін арналарын тексеріп, сондай-ақ, пештің көмейін, мұржасын, ондағы жиналып қалған күйелерді мезгіл-мезгіл тазалап отыру қажеттігін, түтін мұржасының тартымдылығын ұдайы тексеру қажетігін үнемі ескертіп отырамыз. От жағуға да көп нәрсе байланысты. Мына қарапайым ғана сақтық шарасы сақтап, от жаққанда пешті шамадан тыс қыздырмай, пешті мүмкіндігінше түске дейін немесе түстен кейінге бөліп жағуды ескерсе және кешке ұйқыға жатар алдында бір сағат бұрын пешті жағуды тоқтатса пешке байланысты төтенше жағдайлар болмас еді. Біздің қалауымыз жылыту маусымынан шығынсыз, төтенше жағдайсыз шығу» дейді. Мамандардың осындай кеңесіне құлақ түрсе тұрғындар арасындағы төтенше жағдайлардың да саны төмендер еді.

Кейбір өңірлерімізде газдың жеткілікті деңгейде тартылмауынан көп қабатты үй тұрғындарының газ баллондарды пайдалануы жиі кездеседі. Бұл да болса өрт қауіпсіздігі ережесіне қайшы. Пештердің жанына жанғыш заттарды жайып қою, пеш қақпағының ашылып кетіп шоғының сыртқа шашылуы, пештердің қасына газ баллондарының жақын орналасуы да өрттердің жиі тіркелуінің бір себебі. Сондай-ақ электр желілерінің тұйықталуы, тұрғындардың өз бетінше жылыту пештерін дайындауы да өрттің тұтануының бір себебі. Сондықтан бүгінгі күні еліміздегі жаппай халыққа нұсқау беріліп, өртке қарсы тақырыпта жадынамалар мен бүктемелер де таратылуда. Төтенше жағдайлар қызметінің осы мезгілдегі сақтандыру шаралары да негізінен өрттің алдын алуға бағытталуы бұл кезеңнің қауіпті саналуынан.

Атап өтер жайт, осы кезеңде Төтеншеліктер тарапынан түрлі рейдтер де ұйымдастырылады. Мәселен жылыту беру маусымына дайындық бойынша Шымкент қаласында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жарияланған. Аталмыш шара аясында қаладағы барлық құзырлы мекемелердің қатысуымен «Әрбір үйдің қауіпсіздігі» атты арнайы акция да  ұйымдастырылып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйіне демеушілердің көмегімен арнайы улы газды анықтайтын газ дабылқаққыштары орнатылуда. Көп балалары отбасылар мен жағдайы төмен жанұяларға көмек мақсатында улы газды анықтайтын газ дабылқаққыштарын тегін орнату елімізде республика көлемінде соңғы жылдары жыл сайын ұйымдастырылатын қайырымдылық шарасына айналған. Мәселен Шымкент қаласында 1500 ге жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасы тіркелген болса, биылғы қайырымдылық шарасы аясында әлеуметтік жағдайы төмен 315 отбасының үйіне барып, 1 500 ден астам отбасы мүшелерін қамтып түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кейбіріне улы газды анықтайтын газ дабылқаққыштарын орнатып берген. Бүгінде осындай қайырымдылық акциясының арқасында елімізде көптеген жанұялардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп отыр. Төтеншелік мамандардың өрттің алдын алу бағытындағы жұмыстарын күшейтуінің арқасында Шымкент қаласы аумағында өрттің азаюы да байқалып отыр. Өткен жылмен салыстырып осындай шешімге келген өңірдің төтеншелік мамандары биыл да өрт оқиғаларының санын азайтуға тырысуда.

Сондай-ақ қазіргі таңда жеке тұрғын жайлармен бірге елімізде білім беру мекемелерінің, денсаулық сақтау нысандары мен көп қабатты тұрғын үйлердің де жылыту маусымына дайындығы пысықталуда. Жаңа жылыту мау­сы­мын үздіксіз өткізу дайындық жұмыс­тарының уақытылы, сапалы жүргізілуіне тікелей байланысты екенін ескерсек осынау жұмыстардың барлығының маңызды екенін байқаймыз.

Тегтер: