Өрт сөндіруші: «Өшіріп кеткен орман қайта тұтанады»

Семейдегі орман өртіне бүкіл республика бойынша жүздеген техника, мыңдаған өрт сөндірушілер тартылды.
Бірақ олардың өзі кәсібилік, техникалық жағынан ала-құла. Мәселен, Алматы мен Астанадан арнайы барған бригадалар жаңа техникамен жарақтанса, өзге аймақтардан келген құтқарушылар әлі күнге ескі көліктермен жүр. Кәсібиліктері де сол деңгейде. Біз бұл туралы Алматы қалалық 3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен арнайы барған, қазір қызыл жалынның бел ортасында жүрген өрт сөндіруші, бөлім командирі Бекбол Көшкеновтен сұрап білдік. Жедел сұхбат жасау үшін түнгі сағат 3-тің кезінде ғана сөйлесу мүмкін болды.
— Бекбол, сіз күні бойы телефонға жауап бермедіңіз. Қазір демалып жатырсыздар ма?
— Жоқ. Дәл қазір Успенск орманынан шығып, Бородулиха орманына бара жатырмыз.
— Успенск орманын өшіріп болдыңыздар ма сонда?
— Өшіріп тастадық деп айту қиын. Өйткені бұл орманға осымен екінші мәрте келдік. Кеше келіп, дәл осылай өшіріп кеткенбіз, бірақ бұл өртті түгел сөндіріп тастадық дегенді білдірмейді. Қазір өшіріп кеткенмен, орманда жылдар бойы қалыптасқан «торф» көзге көрінбей, бықсып жата береді. Аздап жел тұрса болды, беті ашылады да, қайта тұтанады.
— Қай күні бардыңыздар? Алматыдан қанша бригада шықты?
– 11-і келгенбіз. Алматы қаласынан 13 автоцистерна, әр көлікте 4 адамнан бар. Одан бөлек, байланысушы топ, жол бастаушы көлік бар. Негізінен 5 тонналық, 8 тонналық көліктер келді. Бәрі «вездеходтар», өрттің қиын ошақтарына бізді жіберіп жатыр.
— Неге олай? Бұл қауіпті емес пе?
— Біздің техникалар жаңа. Одан бөлек, Алматы мен Астананың өрт сөндіру қызметіндегілердің кәсібилігі жоғары деуге болады. Өрт сөндіру көліктерінің мүмкіндігі жоғары болғандықтан, өмірге қауіп төнген жағдайда сытылып шығуға мүмкіндік бар. Ал қауіпті ме дегенде, өрттің қауіпсізі болмайды, көріп жүрген, барып жүрген өрт қой, қауіпті деп, қарап отырмайсың.
— Қауіпті ошақ деп қалдыңыз, біз көріп отырған суреттер мен видеоларда аспан мен жердің арасын тұтас алып жатқан тау сияқты түтіннің ішіне кіре аласыздар ма?
— Иә, дәл қазір сол түтіннің ішінен шығып келеміз. Желдің бағыты өзгеруіне байланысты біздің тапсырмамыз да өзгеріп отырады.
— Жел қатты болып жатыр ма?
— Әр кезде әр қалай. Күндіз жел күшейіп кетіп жатыр, түнде аздап тынышталады. Сол уақытты пайдаланып, көбірек жұмыс істеп қалуға тырысамыз. Жел күшейгенде өрт жоғары көтеріліп алады, оны жерде тұрып өшіру мүмкін емес. Жылдамдығы да күшті, жай ғана жүрмейді, от ағаштан ағашқа секіреді. Тік ұшақтардың қызметі осындайда керек. Оның үстіне балқарағайлар шайыр бөледі, сол шайырлар отқа құйған май сияқты, май шыжғырғандай жанады.
— Сіз Алматыдағы Медеу шатқалы өртенгенде де осылай жүрдіңіз. Салыстырмалы түрде қандай қиыншылықтар, өзгешеліктер бар?
— Медеу 2012 жылы жанды. Медеу – тау ғой, ол жақта жұмыс істеу мүлде басқа, көлік кіре алмайды, адам еркін қимылдауы да қиын. Оның үстіне, Медеуде дауылдан құлаған қарағайлар өте көп, аяқ алып жүргісіз деуге болады. Мына орман жазықта орналасқан және құлаған қарағай жоқ, жұмыс істеу жеңілірек. Желді айтпағанда, көлікпен қалаған нүктеңе баруға болады. Тек бір қиындығы – бұл орман құмның үстінде орналасқан, сондықтан көлік батып қалуы мүмкін. Күндіз жел болғандықтан, түнде жұмыс істеуге тура келеді, жол табу, бағытыңды анықтап алу қиын, адасып кетуің мүмкін.
— Суды қайдан тасып жатырсыздар?
— Су ешқандай қиындық тудырып жатқан жоқ. Жолдың бәрі су тасушы көліктер, солар қамтамасыз етіп жатыр. Жалпы, ештеңеден таршылық көріп жатқан жоқпыз. Волонтерлар мен өзге де ұйымдастырушылар жанармай, су, киім-кешек, ас-ауқат жағынан толық қамтамасыз етіп жатыр. Және жергілікті халықтың да көңілін ерекше айту керек. Біз келгеннен бастап, құтқарушы келгендей, үлкен үмітпен күтіп алды. «Біз не қаласаңдар да тауып берейік, тек мына өртті өшіріңдерші» деген сөзді көп естідік. Осындай елдің тілеуі мен пейілі тұрғанда бұл нәубет те өтеді, тек, жап-жасыл орманның орнында қап-қара, қорқынышты кейіптегі сорайған ағаштар қалатыны өкінішті.
Осы тұста сұхбат берушіміз ар жақтағы әріптестерімен сөйлесіп кеткен. «Маған 42 размер. «Буушный» дейді? Құрғақ па әйтеуір?» деген сөзі таспаланып қалыпты.
— Қазір сіздерге не таратып жатыр?
— «Берцы». Мына жақтың орманы құмды дедім ғой, құм мен суды кешіп жүресің, бір кіріп шыққанда аяқ киім жарамсыз болып қалады. Егер мына қарағайлар болмаса, Семейді құм басып қалады екен… Обал. Өзі де әбден тозған қала екен, аудан орталығы сияқты. Үйлері де ескі, аласа ғана қала. Мына орманның өрті осы қаланың тұрғындарына ауыр тиіп жатыр, зыр жүгіріп жүр, өшіре салуға құдіреті жетпейді, әйтпесе, отқа түсуге бар. Көрген жерде жік-жапар болып, «айтыңыздаршы, не керек, қандай көмек берейік?» деп, қарапайым тұрғындар барын алдыңа тосады.
— Түтіннің алды Талдықорғанға жетті. Тыныс алу қиын емес пе сіздерге?
— Түтіннің ортасында қалғандай қылып елестетудің қажеті жоқ. Біз өне бойы көк түтіннің ортасында жүре бермейміз, жел бағытына қарай қимылдаймыз.
— Бүгін таң ертемен сіздердің барғандарыңызға екі тәулік болады екен. Демалу, тынығу жағы қалай болып жатыр?
— Демалған жоқпыз. Енді де демала қоймаспыз, өйткені мынадай жағдайда ұйқы да келмейді. Энергетиктер бар, соларды көбірек тұтынуға тура келеді. Бұл, әрине, үлкен қасірет, бірақ мұндай оқиғалардың қан қыздыратын адреналині болады. Отпен бетпе-бет келгенде іштей арбасу, күресу деуге бола ма, сондай бір нәрсе пайда болады. Рас, бір ошақтан екінші ошаққа ауысар жолда көлік үстінде мызғып аламыз. Бәрінен қиыны жүргізушілердікі. Оларды ауыстыратын адам жоқ, мынадай көлікті жүргізу үшін арнайы дайындық керек, кез келген адам жүргізе алмайды. Алматыдан Семейге дейін 54 сағат жол жүріп келдік, енді мына жақта тағы екі тәулік, ең бір күш түскен адамдар сол жігіттер. Әзірге сыр алдырған жоқ, кеше бір рет от қамақта қалдық, соның ішінен жол тауып, алып шықты.
— От қамақ деген қалың оттың ортасы ма?
— Иә. Жан жағың түгел отқа оранады. Бұл өте қауіпті жағдай, егер жүргізуші мен көлік мықты болмаса, жолды дұрыс таңдай алмаса, оттың ішінде қалып кетесің. Біз көп қиналған жоқпыз, қорықпадық деуге де болады. Өйткені біздің көлік соңғы техникалармен жабдықталған: жүріп келе жатып су шаша алады (өзге аймақтардан келгендер өртке су шашу үшін арнайы тоқтауға мәжбүр), арнайы сақтандыру (көбік) бар, от қамақта қалған жағдайда өз жолымызды ашуға мүмкіндік бар. Егер ол да мүмкін болмай жатқанда, ыстық өткізбейтін костюмдер бар, солармен аман шығуға болады. Бастысы байбаламға бой алдырмау керек. Кеше Шахтинскіден келген бір өрт сөндіру көлігі өртеніп кетті. Қалың түтіннің ішінде қалып қалған, сосын, «ходты» тоқтатып алған, мұндайда көлік өшіп қалады. Оларда да солай болған, әйтеуір өздері көлікті тастай қашып, аман шығыпты. Өйткені мына құмда ескі көліктерге жол табу өте қиын. Құмға батып, жүре алмай қалған көліктерді орманшылар тракторларымен сүйреп шығарады, қазір осында жүрген өрт сөндірушілер мен орманшылар бір үйдің баласындай болып кетті деуге болады.
– 14 орманшы қаза болды. Олардың қалай қаза болғаны туралы кәсібилер арасында не болжам айтылып жатыр?
— «Кардондары» оттың ортасында қалып қалған ғой. Олар мұндай өрт болады, соншалық күшейіп кетеді деп ойламаған. Шеті, шегі көрінбейтін алып орман, соның ортасында қалған адамның аман шығуы мүмкін емес. Ескерту уақытында берілмеген дейді, желдің бағыты бойынша жұмыс істегенде, бәлкім, мұнша адам шығыны болмас па еді...
— Жан-жануарлардың өлекселері кезікті ме?
— Жоқ, олар мұндай қауіпті адамнан бұрын сезеді ғой, бағытын да адаспай анықтайды. Бәрі ауып кеткен. Өлген кесіртке ғана көрдім, тұяқтылар мен аяқтылардың бәрі қашып кеткен. Бұғы көрдік, өрттен уақытында қашып шыққан, енді алыстан орағытып, басы ауған жаққа босып барады. Медеудегі өртте жан дәрмен қашып бара жатқан, теңкиіп өліп жатқан, өртеніп кеткен жануарларды көп көргенбіз. Ол жақ тау ғой, мынау жазық жер, сытылып шығуға мүмкіндік мол.
— Өрт басталғалы бері 60 мың гектар орман өртеніп жатыр деді, одан бері бұл ақпарат жаңармады. Сіздерге қандай ақпарат беріліп жатыр?
— Бізге ондай нақты бір ақпарат берілмейді. Бізге байланысшылар қай нүктеге баруымыз керек екенін айтады, біз соны орындаймыз.
— Сіз андағы жаққа өз еркіңізбен бардыңыз ба?
— Біздің қызметте барасың ба, бармайсың ба деп, сұрап отырмайды. Таңдап-таңдап алады да, кеттік дейді, айналасы жарты сағаттың ішінде жолда боласың.
— Дәл қазір не істеп жатырсыздар?
— Жаңа көлігімізге волонтерлар ас-ауқат әкеп тастады, Бородулиха орманына барар жолда ыстық тамақ ішіп алып, аздап демалып алармыз...
— Қысылтаяң шақта айтқан әңгімеңізге рақмет! Өрт сөндірушілердің тілімен айтқанда: Жеңдеріңіз құрғақ болсын!
Ескерту: Сұхбат 13 маусымда, дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні жазылып алынды. Бүгін қайыра хабарласқанымызда сөйлесу мүмкін болмады, тек өрттің жағдайы туралы «Беті бері қарады» деген қысқа ғана жазба алдық.