Өрт сөндірушінің әңгімесе: Көпқабатты үйлердегі өртті сөндіру өте қиын
Қазір төтенше жағдайлар министрлігі Дағдарыс жағдайларында басқару орталықтары жайлы жиі айтады. Жуырда осындай заманауи форматталған орталықтың тұсауы да кесілді.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері арнайы барып, цифрлық басқарылатын осындай орталықтың тұсауын кесті. Жалпы, төтенше жағдай кезінде дағдарыс жағдайын басқару орталықтары заманға сай ма, төтенше жағдай орын алған кезде алдымен нені ескеру керек?! Осы және басқа да сұрақтарға өрт сөндіруші Бекнұр Қасымжан жауап берді.
– Бекнұр мырза, қазір Дағдарыс жағдайын басқару орталықтары (ДЖБО) жайлы жиі айтылып жүр. Жалпы, төтенше жағдайда заманауи дағдарыс орталықтары қандай болуы керек?!
– Мұндай орталықтар бізге керек. Заманға сай автоматты басқарылатын төтенше жағдайды бақылап отыратын, цифрлық сервистері дамыған, байланыс аппараттары жетілген, құлақтандыру кезінде ұшқыр орталықтар қай мемлекетке болсын керек. Қазір ДЖБО орталықтарында заманауи технологиялар, дыбыс зорайтқыштар, төтенше жағдай болып жатқан аймақпен тез байланыстыратын аппараттар болуы маңызды. Апат болып жатқан жерде ғаламтор болмай қалады. Сондай кезде жағдайды бақылауға, цифрлық тұрғыда ғарыштық бақылау жүргізуге мүмкіндіктер болуы тиіс. Сондықтан мұндай бастамаларды қолдау керек деп есептеймін.
– Сіз өрт сөндірушісіз. Бұл мамандықты таңдауыңызға не түрткі болды?!
– 2000 жылдан бері осы салада жұмыс істеп келемін. Қалауым осы болды. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін осы салада жұмыс істеп келемін. Жиырма бес жылға жуықтады. Көңілім қалайтын жұмысым.
– Бұл мамандықтың қандай ауыртпашылығы бар?
– Бастапқыда қызығып келдім. Артынан үлкен жауапкершілік екенін түсіндім. Өртті сөндіріп қана қоймаймыз, жалындаған оттың арасынан адамдарды алып шығамыз. Адамдарға көмектесеміз. Біздің мамандықты басқа мамандықтармен салыстыруға келмейді. Ауыртпашылығы сол, қауіп пен қатердің ортасында жүреміз. Әрқашан қорқыныш сезімінде жүресің. Отбасыңа алаңдайсың.
– Сіздің жұмыс өтіліңіз әжептәуір. Осы уақытқа дейін қандай ірі өртті сөндіргеніңіз есіңізде қалды?
– Өрттің бірін екіншісінен ерекше болған еді деп бөле-жара айта алмаймын. Өрт – тілсіз жау. Сондықтан кез келген өртті сөндіру барысында мейлінше сақ болу керек.
– Жалпы, өртті сөндіруде қандай қиындықтар бар? Көпқабатты үйлердегі өртті сөндіру қиындық туғызады деп жатады.
– Көпқабатты үйлердегі өртті сөндіру расымен де қиындық туғызып жатады. Бізге өрт болған жерге жету қиын. Тұрғындар аулаға көліктерін қойып тастағаннан кейін діттеген жерімізге жете алмай қиналамыз. Айталық, өрт сөндіру көлігі өте алғанымен сатысы бар көліктің жетуі мүмкін болмай жатады. Ал жоғары қабаттағы адамдарды құтқару үшін сатысы бар көлік аса қажетті техника екені айтпаса да түсінікті. Яғни қалалы жерде діттеген жеріңе жету – проблема.
Тұрғындар көліктерін қалай болса солай қойып кетеді. Соның кесірінен өте алмай қаламыз. Көп жағдайда өрт сөндірушілер көлік шын мәнінде өрт шыққан жерге жетуге кедергі келтіріп тұрса, онда қара күшке салып итеріп, жол ашады. Сонымен қатар эвакуаторы бар полицейлерді де жолды тазартып беруге шақырамыз. Бірақ кейде қара күшке салып, өзіміз жолымызды тазартып жатсақ, оған ашуланып, балағаттап кететін де тұрғындар бар. Осы жағынан алғанда елдің мәдениеті төмен.
Ал қазір біз толық жабдықтармен қамтылғанбыз. Жалақымыз да өсті. Әлеуметтік жағдайымыз көтеріле бастады. Болашақта да жалақымызға қосылады деп жатыр. Техникалық жаңғыртулар болып жатыр. Дағдарыс жағдайын бақылау орталықтары да көптеп ашылады, жаңартылады деп жатыр. Сондықтан келешекте жағдайдың одан әрі жақсаратынына сенгіміз келеді. Үмітіміз мол...
Қ.САЙЛАУ