Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Орта білім беру сапасын көтеру проблемалары

Асқарбек Құсайынов
Фото: ашық дереккөз

Жаңа сайланған оқу-ағарту министрі Ж.Сүлейменованың назарына!

ҚР Президенті Қ.Тоқаев жаңа сайланған оқу-ағарту министрі Ж.Сүлейменовамен болған сұхбатында білім сапасын көтеру мәселесіне баса назар аударды. Президентіміз 2020 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесінің отырысында: «Қазақстан, оқушылардың білім деңгейін халықаралық бағалауда, дамыған елдерден айтарлықтай артта қалды. Оның басты себебі – осы аса маңызды салада жүйелі және ойластырылған реформалардың жоқтығы», – деп атап көрсеткен болатын. Алайда содан бері 5 жыл уақыт өтсе де білім сапасын көтеруге қатысты жүйелі шешім қабылданбады.

Біз 2003 жылдан бері жүргізілген PISA зерттеулерінің нәтижелерін саралап, білім сапасы озық елдерді анықтадық. Ол елдер: Сингапур, Макао (Қытай), Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай Халық Республикасы, Гонконг (Қытай), Эстония, Канада, Финляндия және Польша елдері. Алдымен осы елдердің білім беру моделдеріне көңіл аудардық, себебі білім моделі балалардың психолого-физиологиялық даму ерекшеліктеріне сәйкес қабылданады. 6-11 жас аралығында балалардың бойында назар, ойлау, есте сақтау, сөйлеу сияқты танымдық және психикалық процестер дамып, олардың әртүрлі ғылымдардың негіздерін меңгеру үшін қажетті қабілеттері қалыптаса бастайды; 12-14 жас аралығында олардың ойлау қабілеттері жетіліп, өз бетімен жұмыс жасау қабілеттерінің қалыптасуына байланысты оқу іс-әрекеті жаңа деңгейге көтеріледі; ал 15-17 жас аралығында олар өзін-өзі таниды, өмірлік жоспарлар құрады, оқуға деген қызығушылықтары артады, соның негізінде қалаған білімдерін терең меңгеруге талпыныс жасайды. Бұл елдерде балалардың осы даму ерекшеліктері ескеріліп, 6+3+3 білім беру моделі қабылданған. Олар 6 жыл (6-11 жас аралығы) – бастауыш мектепте, 3 жыл (12-14 жас) – орта, 3 жыл (15-17 жас) – жоғары мектепте білім алады.

Қазақстанда 4+5+2 моделімен жұмыс жасайтын 11 жылдық мектеп сақталған. Әлемнің бірде-бір елінде мұндай моделмен жұмыс жасайтын мектеп жоқ, себебі бұл модел бойынша оқыған балалар жақсы білім ала алмайды деп есептелінеді. Соған бір ғана дәлел айтайық.

Бізде 10 жасында бастауыш мектепті бітірген балалар орта мектептің 5-ші сыныбына келеді. Онда ғылым негіздері берілетін әртүрлі пәндер оқытылады, ол пәндерде берілетін білім мазмұны балалардың психолого-физиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес келмейтіндіктен, олар ол пәндерді түсіне алмай жатады. Қанша талпынғандарымен оларды түсіну өте үлкен қиындық тудырады. Бастауыш мектепті жақсы оқып келген балалардың үлгерімі 5-ші сыныпта күрт төмендейді. Ал 5-ші, 6-шы сыныптарда берілетін білімді дұрыс меңгермеген оқушылар жоғары сыныптарда жақсы оқып кете алмайды, себебі алынбаған білім олқылығы әсер етеді.

Дамыған елдерде оқыту процесі қалай іске асырылған? Біз Қазақстан мен Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада елдерінде 7-9 сыныптарда оқитын пәндер мен олардың жүктемелерін салыстыра қарастырдық. Бір ғана дәлелге көңіл аударайық. Бұл елдерде осы сыныптарда 4-6 негізгі пәндер оқытылатын болса, бізде 7-8 сыныптарды 13, ал 9-сыныпта 14 негізгі пән оқытылады. 7-9 сыныптарда химия, биология, география пәндері бізде жеке-жеке пән ретінде 578 сағат көлемінде оқытылатын болса, бұл елдерде осы пәндер топтастырылып, Ғылым пәні ретінде 1,8 есе аз, тек 324 сағат көлемінде ғана оқытылады. Осыған қарамастан, бұл елдердің оқушыларының жаратылыстану сауаттылығы біздің оқушылардың жаратылыстану сауаттылығына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін PISA зерттеулері көрсетіп тұр.

Енді жоғары мектептердегі оқыту жайын қарастырайық. Бізде жоғары мектеп болып саналатын 10-11 сыныптарда балалар 2 жыл оқиды, ал бұл елдерде жоғары мектепке 10-12 сыныптар жатады, яғни, балалар 3 жыл оқиды. Біз еліміздің жоғары мектебі мен бұл елдердің жоғары мектебін мүлде салыстыра алмаймыз, себебі олар өзгеше жұмыс жасайды.

Бізде оқушыларға жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша білім беру қарастырылған. Осы екі бағытта 78-89% көлемінде бірдей пәндер оқытылады, шын мәнінде, бірдей білім беріледі. Ал бұл елдерде 10-12 сыныптардың басты мақсаты – оқушылардың болашақта таңдаған мамандықтарын университеттерде жақсы меңгерулеріне қажетті білім беру. Мысалы, инженерлік мамандықты таңдаған оқушылар мен дәрігерлік мамандықты таңдаған оқушылар 3 жыл бойы бөлек оқу бағдарламалармен білім алады.

Соңғы жылдары елімізде шет елдердің танымал университеттерінің филиалдары ашылып жатыр. Біз, қазірдің өзінде, осы филиалдарда оқитын жастарымыз, сол елдерде оқитын студенттер сияқты жақсы білім ала алмайтынын, ауыр да болса ащы шындық ретінде ашық айтуымыз керек. Себебі ол елдерде бұл университеттерге мектепте 12 жыл оқыған және оның соңғы 3 жылында сол университеттерде оқытылатын күрделі пәндерді терең меңгеру үшін мектептерде қажетті білім алған түлектер келеді. Бізде арнайы дайындықсыз, ал оларда 3 жыл бойы арнайы білім алған, екі ел мектеп түлектерінің университет табалдырығын аттағандағы білім деңгейлері олардың университет қабырғасында алатын білімдерінің негізі болады. Бұл негізде үлкен айырмашылық бар екені айтпаса да түсінікті.

Біздің техникалық университеттерді бітірген жүздеген-мыңдаған инженерлердің бірде-бірі осы уақытқа дейін бір қарапайым кір жуатын машина жасамады, Қазақстанда жасалған деген әлемде бірде-бір бренд жоқ. Себебі техникалық университеттерге келген мектеп түлектері ешқандай арнайы дайындық алмағандықтан университеттерде берілетін білімді терең меңгере алмайды. Бұл елдерде техникалық университеттерде бір мамандықтың өзінен екі түрлі оқу бағдарламалары негізінде білім береді – өндірісте жұмыс жасайтын инженерлер және ғалым-инженерлер дайындалады. Біздің университеттер тек өндірісте жұмыс жасайтын инженерлер дайындайды, бірде-бір университет ғалым-инженерлер дайындамайды. Оларды оқыту бағдарламалары университеттердің оқу процесіне енгізілмеген, себебі ондай оқыту бағдарламаларын мектептен келген түлектер меңгере алмайды. Біз, өкінішке қарай, бұл елдерден техникалық кадрлар дайындауда бір саты артта қалып келеміз, әлі ғалым-инженерлер дайындау жұмыстары басталған жоқ. Еліміз ғылыми-техникалық дамуда кенже қалып келеді.

Енді, Қазақстанда және осы елдерде оқушыларға «білім қалай беріледі» деген сұрақты қарастырайық. Бұл педагогикалық тұрғыдан күрделі сұрақ болғанмен, оны қарапайым түрде қарастыруға болады. Мысалы, барлығымыз да мектепте күрделі пәндердің бірі – химия пәнін оқыдық. Менделеевтің периодтық жүйесіндегі барлық химиялық элементтермен таныстық, олар туралы мәліметтер алдық. Бұл пәнді оқу жеңіл болған жоқ, оған қанша уақыт, қанша күш жұмсадық. Енді осы пәнге қатысты бірер қарапайым сұрақ қояйық. Күнделікті өмірде пайдаланатын сұйық сабындардың сыртында оның химиялық құрамы жазылған. Біз соларға қарап бір сабынның екінші сабыннан қандай айырмашылығы бар екенін айта аламыз ба? Күнделікті өмірде пайдаланатын ет түрлеріне қатысты бір сұрақ қарастырайық. Мысалы, жылқы, қой, құс еттерін алып, олардың құрамындағы негізгі химиялық элементтерді атап, бір-бірімен салыстыра отырып, олардың адам өміріне қандай пайда беретінін айта аламыз ба? Жалпы, осы химия пәнін оқығанда алған білімімізді өмірде қалай пайдаланып жүрміз? Егер де пайдаланбайтын болсақ, онда оны оқу үшін несіне сонша күш жұмсадық? Басқа пәндер бойынша да осындай сұрақтар қоюға болады. Осы жайларды білген танымал орыс ғалымдары кезінде қатты күйзелген еді. К.Д.Ушинский: «Біз кез келген жарамсыз қоқысты баланың басына тастай береміз, ал бала оны қалай пайдалануды білмейді» десе, В.К.Бацын: «Бала өмірінің ең маңызды шағында 10-11 жыл бойы мектепте алған білімінің 90%-дан астамы жарамыз болып қала береді» деп жазған еді.

Осы тұста бұл сұрақ дамыған елдерде қарастырылған ба, оның қандай шешімі табылған деген орынды сұрақ туындайды. Біз Қазақстан мен Ұлыбританияда Биология пәні қалай оқытылатынын қарастырдық. Бұл пән де күрделі пәндердің бірі. Екі елде де Биология пәнінің «Тыныс алу» бөлімін оқыту қарастырылған. Қазақстандық оқулықта 11 тақырып, ал Ұлыбритания оқулығында 3 қана тақырып берілген. Бізде әр тақырыпты оқығанда көп көлемде ақпарат беріледі және олар ғылыми сипатта болады, ал Ұлыбританияда көлемді ақпарат берілмейді, әр тақырып тәжірибеге бағытталып, өмірлік жағдаяттармен байланыстырылып оқытылады, оларды меңгеру оқушылардың алдағы өмірінде қаншалықты маңызды екенін түсіндіреді. Бұдан біз білім беруде осы уақытқа дейін оқушыларға әр пән бойынша көп білім, көп ақпарат беруге негізделген, орыс ғалымдары үлкен ренішпен айтқан «білім, білім, дағды» парадигмасынан шығып, дамыған елдерде 30 жылдан аса уақыт бойы пайдаланылып келе жатқан «оқушылардың құзыреттерін қалыптастырып, нәтижеге бағдарланған білім беру» парадигмасына өте алмай келе жатқанымызды көрсетеді. Бұл өте үлкен өкінішті жағдай. Алдағы уақытта енгізілуі жоспарланған жаңа білім беру стандарты мен оқу бағдарламаларының сапасына, ғалымдар мен мұғалімдер тарапынан, көптеген өте маңызды сыни пікірлер айтылғанын, бірақ олардың ескерілмей қалғанын сіз, Жұлдыз Алдабергенқызы, жақсы білесіз деп ойлаймыз.

Халықаралық PISA зерттеулерін саралап қарағанымызда қазақстандық оқушылардың PISA 2022 зерттеуіндегі көрсеткіші, PISA 2012 зерттеу көрсеткіштеріне қарағанда төмен екенін көреміз. Бұл соңғы 10 жылда елімізде білім сапасы көтерілмегенін көрсетеді.

PISA зерттеулері 6 деңгейлік тапсырмалар негізінде жүргізіледі. Оның 1-4 деңгейлері, негізінен, алған білімді анықтауға бағытталған болса, 5-6 деңгейлік тапсырмалары оқушылардың алған білімдерін өмірдегі жағдаяттарды қалай пайдалана алатынын және құзыреттерінің қалыптасу деңгейін анықтайды. Өкініше қарай, PISA 2022 зерттеуінде қазақстандық оқушылардың тек 3-4%-ы ғана 5-6 деңгейлік тапсырмаларды орындай алған, ал 96-97%-ы мұндай тапсырмаларды орындай алмаған. Бұл қазақстандық оқушылардың білім деңгейі төмен екенін толық дәлелдеп отыр.

12 жылдық мектеп туралы әңгіме көтерілетін болса, біраз адамдар қаражат жоқ деп, бұл мәселенің шешілуін кешеуілдете береді. Мен бұны ел келешегін, ұрпақ болашағын ойламайтын және білім беру проблемасын мүлде түсінбейтін жандардың пікірі деп есептеймін. Шет елдердің озық тәжірибелерін ескере отырып, 12 жылдық мектепке өтуді 4 кезеңде іске асыру керек: алдымен, 2 жыл көлемінде тиянақты ҒЗЖ жүргізіп, бастауыш мектептің білім мазмұнын жасап, 1-ші сыныптың оқу құралдарын дайындау керек; 2-ші кезеңде жыл сайын бір сыныптан жаңа оқу бағдарламасына көшу және 7-9 сыныптардың білім мазмұнын жасау қажет; 3-ші кезеңде 7-9 сыныптардың өтуін қамтамасыз етіп, 10-12 сыныптардың білім мазмұнын жасау керек; ал 4-ші кезеңде 10-12 сыныптардың өтуін қамтамасыз ету қажет. Сонда мектептерге 12-ші сыныпта оқитын оқушылар 12 жылдан кейін ғана келетін болады. Ол уақытта елімізде қосымша бір сыныпты оқытуға қажетті жағдай болады деп есептейміз. Осындай реформа жүйелі түрде жүргізілетін болса онда алдағы 7-8 жылда бастауыш мектеп оқушыларына озық елдер деңгейінде білім бірілетін болады. Бастауыш мектепте алған білім – жалпы білімнің мықты тұғыры. Сондықтан барлық дамыған елдерде бастауыш мектепте сапалы білім беруге ерекше мән беріледі.

Біз білім сапасын көтеру үшін шешілуі қажетті бірнеше аса маңызды проблемаларға ғана тоқталып өттік. Мемлекет басшысының орта білім сапасын көтеру мақсатында ойластырылған жүйелі реформа жасау туралы айтқан ұсынысының мәнін біз осылай түсінеміз.

Бұл ой-пікірлерді, қадірлі Жұлдыз Алдабергенқызы, қазақстандық ғалым-педагогтардың, профессор-оқытушылар мен педагогикалық қауымдастықтың ой-пікірі есебінде қабылдайды деп ойлаймыз. Осыған байланысты өзіңіздің ой-пікіріңізді білгіміз келеді.

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының негізгі мақсаты еліміздің педагог ғалымдары мен педагогикалық қауымдастығын ұйымдастыра отырып, Оқу-ағарту министрлігіне білім сапасын көтеру мақсатында атқаратын барлық жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсету екенін айтқымыз келеді.

Асқарбек Құсайынов

Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының

президенті, п.ғ.д., Германияның доктор-инженері,

академик, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты