Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:42, 31 Қаңтар 2026

Орталық Африкада карьердің опырылуынан 200-ден астам адам қаза тапты

Орталық Африка
Фото: ашық дереккөз

Демократиялық Конго Республикасының шығысындағы Солтүстік Киву провинциясында орналасқан Рубайя колтан кенішінде болған қайғылы оқиға салдарынан кемінде 227 адам көз жұмды.

 Бұл туралы жұма күні Reuters агенттігіне көтерілісшілер тағайындаған Солтүстік Киву губернаторының баспасөз хатшысы Лубумбу Камбере Муису мәлімдеген.

Апат сәрсенбі күні болғанымен, құрбандардың нақты саны тек қазір анықталған. Билік өкілдерінің айтуынша, опырылу кезінде тек шахта жұмысшылары ғана емес, карьер маңында тұрған әйелдер мен балалар да қаза тапқан.

— Қазір жаңбырлы маусым. Жер қатты босап кеткен. Адамдар төменде жүрген кезде топырақ опырылды, — деді Камбере Муису.

Рубайя кеніштері M23 көтерілісшілер қозғалысының бақылауында. Бұл жерде әлемдік колтан өндірісінің шамамен 15 пайызы өндіріледі. Колтаннан алынатын тантал – ұялы телефондар, компьютерлер, аэроғарыш техникасы мен газ турбиналары секілді жоғары технологиялық салаларда кең қолданылатын, ыстыққа төзімді металл.

Сарапшылардың пікірінше, маусымдық нөсерлер мен қауіпсіздік талаптарының сақталмауы өңірдегі қолдан қазылатын кеніштерде мұндай апаттардың жиілеуіне себеп болып отыр.

Тегтер: