Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:15

«Орталық Азия – Жапония» келесі саммиті Қазақстанда өтеді

Орта Азия президенттері
Фото: Ақорда

2025 жылғы 20 желтоқсанда Токиода «Орталық Азия – Жапония» диалогы аясындағы саммит өтті.

Саммитке Жапонияның премьер-министрі Санаэ Такаичи, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түрікменстан президенті Сердар Бердымұхамедов қатысты.

Қазақстан Президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Орталық Азия – Жапония» диалогындағы төрағалық Қазақстанға өтті. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары мен Жапония премьер-министрі келесі саммитті Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылдаған.

Саммит барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада «Орталық Азия – Жапония» форматында қолданбалы ғылым саласындағы ғалымдар мен зерттеушілердің алғашқы кездесуін өткізуді ұсынды.

Саммит қорытындысы бойынша «Орталық Азия – Жапония» диалогының Токио декларациясы қабылданды.

Айта кетейік, 2004 жылы Астанада «Орталық Азия – Жапония» диалогы аясында сыртқы істер министрлерінің алғашқы кездесуі өткен. 2006 жылы тараптар лидерлер саммитін өткізуге келіскенімен, түрлі себептерге байланысты ол осы уақытқа дейін жүзеге аспаған.

Соған қарамастан, диалог аясында 40-тан астам кездесу мен іс-шара ұйымдастырылды. Олардың ішінде министрлер деңгейіндегі 9 отырыс, вице-министрлер деңгейіндегі 13 кездесу және сарапшылар деңгейіндегі 11 жиын бар. Нәтижесінде 12 қорытынды мәлімдеме, 2 іс-қимыл жоспары және 2 жол картасы қабылданды.

2024 жылдың тамызында Диалогтың құрылғанына 20 жыл толуына орай, алғашқы лидерлер саммитін Қазақстанда өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Алайда сол кезеңде Жапонияда болған жер сілкінісіне байланысты іс-шара кейінге қалдырылды.

Кейінгі консультациялар нәтижесінде тараптар «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы лидерлер саммитін 2025 жылғы желтоқсанда Токиода өткізуге келісті.