Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:10, 15 Тамыз 2024

Орталық Азиядағы ең ірі жылыжай кешенінің құрылысы басталды

1

Шымкент қаласындағы «Бозарық» индустриялық аймағында қызанақ өсіретін ірі жылыжай кешені бой көтереді.

 12 тамыз күні мегаполис әкімі Ғ.Сыздықбеков пен танымал түркиялық Alarko Holding компаниясының президенті Йылдыз Умит Нури құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне қатысты.

Аталған жылыжай кешенінің жалпы аумағы 650 гектардан асады, ол Орталық Азиядағы ең ірі жылыжай нысаны болады деген болжам бар. Инвестициялық жобаның құны 650 миллион АҚШ доллары болады.

Бұл кешен салынатыны жайлы ақпарат былтыр 17 қарашада белгілі болған. Астана қаласында өткен Жаһандық инвестициялар жөніндегі VI қазақстандық дөңгелек үстел аясында Шымкент қаласы әкімдігі мен инвестор өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойған болатын.

Сол кезде қол қою рәсіміне Шымкент қаласының әкімдігі тарапынан қала әкімінің орынбасары қатысып, жалпы сомасы 662 миллион доллар болатын екі жобаға қол қойған еді. Аталған екі жоба да өңірге инвестиция тартып, қала экономикасының дамуына және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететіні айтылған.

«Бірінші жоба бойынша Түркияның ірі компаниясы Alarko Holding қала аумағында жаңа форматтағы жылыжай кешенін салады. 650 миллион доллар қаржыға жүзеге асырылатын инвестициялық жоба кезең-кезеңмен жалпы 500 гектар аумақты қамтиды, жоба аясында 5 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Ол жаңа технологияларды енгізу арқылы азық-түлік қауіпсіздігі мен жылыжай бизнесін дамытуға ықпал етеді. Ал екінші жоба – түркиялық IŞIKLAR PACKAGING Ltd. компаниясы «крафт-ролл» қағазын шығаратын зауыт салады. Жобаның құны 12 миллион доллар болады», – деп хабарлаған Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Біз бүгін осы келісімшарттағы бірінші жоба жайлы айтып отырмыз. Сол кездегі меморандумға сай түркиялық компания жылыжай құрылысын бастады. Alarko Holding компаниясының аты аталғанда Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы есімізге түседі. Компания бірер жыл бұрын консорциум құрамында аталған жолды салуға атсалысқан болатын. Компания Қазақстанда бұдан өзге де ауқымды экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырғанын айта кеткен жөн.

Болжам бойынша, жылыжай кешені жылына 155 мың тонна өнім өндіре алады. Жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін екі мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Ал жоба толық іске қосылған кезде 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Өндірілген ауыл шаруашылық өнімдері негізінен қала тұрғындарының қажетіне жұмсалады. Сондай-ақ тауарлар Қазақстанның өзге облыстары мен шет мемлекеттерге жөнелтіледі деген жоспар бар.

Мегаполис әкімі өз сөзінде бұл жоба мемлекет басшысының инвестиция тарту және өсімдік шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, дамыту жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталғанын айтты. Оның айтуынша, қала әкімдігі өңірде ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.

«Жобаны жүзеге асыру мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және бағаның тұрақталуына ықпал етеді», – деді қала әкімі.

Сондай-ақ компания Шымкентте жылыжай салуға арналған конструкция шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр, бұл жұмыс жылыжай құрылысының уақытын қысқарту мақсатында қолға алынған.

Бұдан бөлек, жоба аясында халықаралық стандарт бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын арнайы академия ашылады. Аталған жобаны жүзеге асыру жылыжай шаруашылығын дамытуға ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді деген сенім бар.

Еламан Өмірхан

Шымкент қаласы

Тегтер: