Орталық Азия: Үміт пен күдік
Әлем аласапыран. «Күлтөбеде күнде кеңес». Петербургтегі экономикалық форумда Ресей басшысы Путин қытайды центр еткен әлемдік жаңа экономикалық жүйе құруды ұсынса, Үлкен Жетілік елдері Германияда өткен басқосуында қытайдың «Бір жол, бір белдеу» жобасын сынап, «Дамушы елдерді қаржымен шырғалап, саяси жақтан өзіне тәуелді етті» деп айыптады.
Оған нақты мысал ретінде қаржылық банкротқа ұшыраған Шри-Ланканы атады. Қытайдан 5.5 миллиард қарыз алған аталмыш ел билігі уағында қайтара алмай, стратегиялық маңызы бар портын қытайға басы бүтін беріп жіберген еді. Солтүстік Атлант Шарты Ұйымы (НАТО) кезекті жиналысына Жапония мен Үндістанды, Австралия мен Жаңа Зеландияны тартып, ықпал аясын Үнді, Тынық мұхитқа дейін кеңейтетінін анық аңғартты. Өткен сенбі күні Араб елдері кеңесіне қатысқан АҚШ президенті Байден: «Иранның таяу шығыстың тыныштығын шайқау әрекеті, Ресейдің Украинаға басқыншылығы, Қытайдың Үнді, Тынық мұхит аймағындағы ықпал аясын кеңейтуге ұмтылысы бұрыннан қалыптасқан әлемдік тәртіпке қарама-қайшы» деп мәлімдеді.
Америка басшысы айыптаған үш елдің арасында отырған Орталық Азиядағы бес ел басшылары да айға бата қылып жүрмепті. Шілденің 140 күні Қазақстан СІМ «Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан Республикасы арасындағы ХХI Орталық Азияны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шарт» жобасын көп талқысына ұсынды. Бұл құжат бес ел мемлекет басшыларының үш консультативтік кездесуінің қорытындылары бойынша (2018 жылы Нұр-Сұлтан, 2019 жылы Ташкент, 2021 жылы Түрікменбашы) өңірлік жақындасу мақсатында дайындалған. Шарт талабына сай терең тарихи, мәдени ортақтығы бар өзара жақын бес ел саяси, мәдени, экономикалық байланыстарды жаңа сатыға көтеріп қана қоймай, сыртқы қатынаста да жұдырықтай жұмылып, әрекет етпек. Бұрын халықаралық мәселелерде әр түрлі позиция ұстанса, бұдан кейін өзара ақылдасып, ортақ көзқарас білдірмек. Ілгерідегі жұрт көңілінен шыққан Түркі елдері кеңесі рухани-мәдени шеңберден ары аспаса, бұл реткі шарт жобаның басты ерекшелігі әскери ынтымақтастықты дамытуды да толық қамтыған. Шарт жобаның 6-бабында: «Уағдаласушы тараптарға (Бес ел) қарсы бағытталған мемлекеттердің әскери одақтарына, блоктарына, не өзге де бірлестіктеріне кірмеуге, сондай-ақ кез келген уағдаласушы тараптарға қарсы бағытталған іс-қимылдарға қатыспауға міндеттенеді», 7-бабында: «Уағдаласушы тараптар (Бес ел) Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған өзара іс-қимылды жүзеге асырады. Өзара мүдделілік білдіретін мәселелер бойынша әскери және әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастықты дамытады» делінген. Ал 17-бабында: «Уағдаласушы тараптардың мүдделерін ескере отырып, су-энергетикалық ресурстарды кешенді және ұтымды пайдалану жөніндегі ынтымақтастықты кеңейтетіні» жазылған. Былтырғы қуаңшылықта Қазақстан қайранда қалғандай күй кешкені бар. Шығысымыздан қытай Ертіс пен Іленің суын басқа арнаға бұрып алса, батысымыздан Ресей Еділ мен Жайық өзеніне құйылатын арналарға тоспа салған. Оңтүстігіміздегі Өзбек пен Қырғыз ағайындарымыз трансшекаралық өзен суларын керек кезінде бермей, мінез танытқан. Дайын тұрған шарт жоба қабылданса, еліміз үшін өзекті болып отырған су мәселесінің оңды шешілуіне де пайдасын тигізері анық.
Талқыға ұсынылып отырған шарт жобасына жұрт пікірі әр алуан. Оны «Путиннің, Кремльдің жобасы» дейтіндер де баршылық. Кеңес заманынан Ресей ықпалында қалып келе жатқан бес елдің жаңа ұжымдық ынтымақтастық бастамасы бірден мойындалмасы түсінікті жайт.
Бес елдің экономикалық әлеуетін, қауіпсіздігін жұмыла дамытуға бағытталған шарт жобаның іс жүзінде жүзеге асып, қолданысқа енуі, түптеп келгенде, халықтың қолдауы мен өңір басшыларының, саяси белсенділерінің ерік-жігеріне, біліктілігіне байланысты. Атауы әлі нақтыланбаған Орталық Азия одағы өңірге ықпалын арттырып отырған Ресей жетекшілігіндегі ҰҚШҰ мен Қытай басшылығындағы ШЫҰ мен терезесі тең бірлестікке айнала ма, әлде ығыстырып, орнын баса ма, оны уақыт көрсетеді.