Өртенген базарға қатысты тергеу басталды
Түркістан облысы Жетісай қаласында өртеніп кеткен базардағы саудагерлерге қажетті көмектің бәрі көрсетіледі.
Базар қысқа уақытта қалпына келтіріледі. Ал саудагерлердің шығындары өтеледі. Шенеуніктер осындай уәде беріп отыр.
Қазірге дейін сауда орталығында «тілсіз жаудың» неден тұтанғаны белгісіз. Халықпен кездесуге келген облыс әкімінің орынбасары, төтенше оқиғаға байланысты құрылған арнайы комиссияның төрағасы Сәкен Қалқаманов және Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек базардағы жөндеу жұмыстары 1-2 күн сараптама жұмыстары біткен соң басталатынын мәлім етті.
– Екі сараптама жасалады. Біріншісі – құрылыс сараптамасы, екіншісі – тауарлық сараптама. Қазір базар иесі жаңа нысанның жобасын жасап, бізге ұсынады. Өрт қауіпсіздігін сақтау, әрі халыққа қолжетімді болатын базар салуымыз керек. Өртенген базар ісі бойынша тергеу жұмыстары басталды. Нысан иесі уәде бергендей, 15-20 күн уақытта базар іске қосылады, – деді С.Қалқаманов.
Жиналыстан кейін аудан әкімдігінде базар кәсіпкерлерінің несие уақытын шегеру, қайта қаржыландыру бойынша екінші деңгейлі банк өкілдерімен кездесу өтті. «Халық» банк, «Жусан» банк, KMF өкілдері келіп кәсіпкерлердің әрқайсымен жекелей жұмыс жүргізетіндерін айтты.
Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, шығынды есептеу бойынша құрылған комиссия құрамына кәсіпкерлер арасынан белсенді азаматтар кірді. Тауары өртеніп кеткен кәсіпкерлер тізімі жасақталып, базардың әр бөлімі бойынша тиісті ақпаратты жинақтайтын жауаптылар бекітілді.
Қазір базардағы өрт қалдықтарын тазалауға 100-ге жуық адам мен 20 техника жұмылдырылған. Жұмыс барысына облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Жетпісбаев жетекшілік етуде. Жұмыс екі ауысымда, тәулік бойы атқарылып жатыр. Соңғы 1 тәулікте «Күлпаршын» базарынан 60 жүк көлігімен қоқыс шығарылды. Бүгінде базар аумағының 40 пайызы тазартылды. Қызыл жалыннан зақым келген 900 шаршы метр жерді жылдам реттеу үшін 6 секторға бөлінді. Әр секторда Жетісайға жақын орналасқан 6 ауданнан, яғни Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Қазығұрт аудандарынан келетін құрылысшылар жұмыс істейді. Базардағы құрылыс жұмыстары 1 айда толық бітеді.
Ал мұның алдында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісайдағы өртенген «Күлпаршын» базарына келіп, жағдаймен танысты. Базар иесімен кездесіп, әкімдік тарапынан қолдау болатынын айтты.
— Ешкім көмексіз қалмайды. Базар басшылығы кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, жанған тауар шығынын заң аясында өтеу керек. Бірінші мәселе, базарды қалпына келтіріп, тездетіп іске қосу қажет. Ол үшін жақын маңдағы аудандардан бригадалар алдырамыз. Әр секторға жөнделетін базар қатары бекітіледі. Әр павильонды 6-7 топқа бөліп, кәсіпкерлер мәселесін оңтайлы шешуді қадағалаймыз, — деді өңір басшысы.
Қазіргі таңда зардап шеккен кәсіпкерлерді басқа сауда орындарына уақытша орналастыру бойынша «Қарақай» сауда базарына және «Күлпаршын» базарының өрт шалмаған орындарына жайғастыру жұмыстары жүргізілуде.
Өрттен зия шеккен кәсіпкерлерге көмек беру мақсатында көршілес Мақтаарал, Жетісай ауданының кәсіпкерлерімен облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек кездесу өткізді. Кәсіпкерлер «Күлпаршын» базарында болған өртте тауары өртеніп кеткен саудагерлерге моральдық-материалдық көмек беруге әзір екендіктерін жеткізді.
Жетісайдағы өртенген базар кәсіпкерлеріне шығындарын өтеу мақсатында қор ашылған болатын. Қазіргі таңда ел ішінде аталған қорға қаражат жинау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс басшылары «тілсіз жаудан» жапа шеккен кәсіпкерлерге «Түркістан» Корпоративтік әлеуметтік даму қоры» арқылы көмек көрсетуге болатынын мәлім етті. Дәл осындай әдіс-тәсіл 2019 жылы Арыста болған жарылыста, 2020 жылы Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде жүргізілген болатын.
Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбектің айтуынша, бүгінгі күнгі болжамды есеп бойынша өрт 1119 сауда орнын шарпыған, 613 азаматтың тауарлары жанып кеткен.