Өрттен шыға алмаған алты адамның обалы кімге?

Жақында Теміртау қаласы жанындағы Ақтау елдімекенде болған тілсіз жаудың салдарынан алты адам қаза болды.
Бейбіт күндегі бұл қаралы хабар облыс тұрғындарын үрейлендірді. Айтып келмейтін апат екі отбасының адамдарын қыршыннан қиды.
16 желтоқсанда түнгі сағат бірден кеткенде бес қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерден өрт шыққан. Өрт туралы хабарды естіген өрт сөндірушілер оқиға орнына 34 минуттан кейін барған. Құтқарушылар келгенше тұрғындар подъезден шыға алмай, сол жерде құлап қалған 5 адамның мүрдесін сыртқа шығарып алған. Опат болғандардың ішінде екеуі бала. Жоғарғы қабатта тұратын екі пәтердің бірінен ерлі-зайыптылар шықса, екінші бір пәтерден екі ұлымен жалғызбасты ана шыққан. Олар өз беттерімен подъезден шығып кетпекші болған. Үйдің кіре берісінде лапылдап жанған от болмаған, бірақ улы түтін бесеуін баудай түсірген. Өрт сөндіру қызметі от тұтанған пәтерден 1977 жылғы ер адамның денесін алып шыққан және осы үйден дене жарақатын алған үш адамды сыртқа шығарған. Сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметі баспалдақ пен тыныс алу аппаратының көмегімен өзге пәтерлерден 10 адамды эвакуациялаған. Өрттің шығу себебін зерделеу мақсатында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов келіпті. Алайда төрағаның келгенінен ақтаулықтардың тұрмыс-тіршілігі жақсара қоймасы анық.
Мұндағы басты мәселе жеті мыңға жуық тұрғыны бар Ақтауда өрт сөндіру бөлімшесі жоқ. Халық биліктен қайыр болмайтынын білгендіктен, тілсіз жау тұтанса, өздері әрекет қылуға тырысады. Өйткені Ақтауда өрт болса 25 шақырым қашықтықта орналасқан Теміртаудан өрт сөндірушілер келгенше жанған дүниенің біразы күлге айналары сөзсіз. Қарағанды облысында көптеген елдімекендерде өрт сөндіру бөлімшелері жоқ. Алыс ауыл аймақты айтпаған күннің өзінде қаланың маңындағы осындай ірі елдімекендерде бірер өрт сөндіру көлігінің болмауы жұрттың наразылығын туғызып отыр.
Мәселен, Қарағандыға 18 шақырым қашықтықта орналасқан Ақтас елдімекенде де өрт сөндіру бөлімшесі жоқ. Мұнда тілсіз жау тұтанса өрт сөндірушілер 9 шақырым қашықтықта орналасқан Саран қаласынан келеді. Апатты жағдай болғанда әрбір секундтың маңызды екені сөзсіз. Сондай-ақ сегіз жарым мыңнан астам халқы бар Ақтаста да көп қабатты үйлер жетерлік. Төтенше жағдайлар департаментінің ақпарынша қайғылы оқиға орын алған Ақтауда өрт сөндіру бөлімшесін салу жоспарға қойылған, оның жоба-сметалық құжатын әзірлеу жұмыстары 2023 жылы жүзеге аспақ. Осылайша ақтаулықтар үшін шыдаудан басқа амал қалмай отыр.