Өртті көз жасымен сөндіре алмайсың
Айдың-күннің аманында 14 азаматтан айырылдық. «Аза тұту күні» жарияланды. «Апат айтып келмейді» деп, кемшілігімізді үнемі көлегейлеуге, бүркемелеуге тырысамыз.
Бірақ апат айтып келсе де, дайындығымыз кемшін, салғыртпыз. Соның кесірінен былтыр Аманқарайда 43 мың гектар орман алқабы жанып кетті. Биыл Абай облысының 60 мың гектар орманы қызыл жалынға оранды. Кешегі соңғы ақпаратта тілсіз жау шарпыған орман 43 мың гектарға түскені туралы айтылды.
Әңгіме 40 мың немесе 60 мың гектар орманда емес. Өрттен опат болған марқұмдардың қорғансыздығында. Неге үнемі адам шығыны бола береді? Адам өміріне соншалық немқұрайды қарайтынымыз қалай? Астындағы көлігі сай емес, үстінде өртке шыдамды киімі жоқ, құрал-сайманнан жұрдай адам қалай орманшы болады? Елу жыл болған ескі техникамен өрт сөндіріп жүрген төтеншеліктерге адамша қарым-қатынас қашан жасалады? 90 мың теңге айлық беріп, отқа айдап салудың астарында қандай қылмыс жатыр? Төтенше жағдай қызметкерлерінің қауіп-қатерге дайын болмауы, бұл адамға, маманға жасаған қиянат! Сондай қиянаттың кесірінен Абай облысындағы өрт кезінде 14 азаматтан көз жазып қалдық. Өртті сөндіруге кеткен тағы бір азаматтан хабар жоқ. Сергей Архипов өртті сөндіру үшін тракторымен шығып кетіп, қайтып оралмапты.
Төтенше жағдайға байланысты президент Тоқаев Абай облысына барды. Барды да облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялады. Ал оған дейін төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильинді қызметінен босатқан. Өрт сөндіру кезінде қаза тапқан 14 азаматтың жақындарымен болған кездесуде экология министрі Зүлфия Сүлейменованың көзі боталап тұрды. Ильин қызметімен қоштасты дейік. Ұранхаев жұмыста қалдырғаны үшін президентке алғыс айтсын. Ал Сүлейменованы көз жасы құтқара ала ма? Экология министрін өртке қатысы жоқ адамдай қорғап жатқандар бар. Алайда «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты» республикалық мемлекеттік мекемесі тікелей осы экология министрлігіне қарайды. Аталмыш мекеменің өзінің өрттен қорғану қызметі мен өрт сөндіру станциялары бар. Оның материалдық-техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету – тікелей Зүлфия Сүлейменованың қызметтік міндеті. Ендеше, өртті ауыздықтауға экология министрінің қатысы жоқ деген уәж қисынсыздау.
21 мамырда ғана Сүлейменова ШҚО-да өткен оқу-жаттығу шарасына қатысып қайтқан. «Дайындыққа 51 техника, 190 адам жұмылдырылды, орман өрті ауыздықталды», деп ақпарат берді сол кезде. Сонда Зүлфия ханым орманшылардың дайындығы кемшін екенін көріп тұрса да, көз жұма қараған ба? Марқұм болған бір орманшының әйелі президентпен кездескенде жолдасының жұмысқа өз көлігімен баратынын, ал қызметтік көліктерінің үнемі бұзылып тұратынын айтты. Сүлейменова орманшылардың жоғын білмейді деу ақылға қонбайтын сылтау. Әлде оған орманшылардың мұңынан гөрі, ит пен мысықтың тағдыры жақын ба?
Ұранхаев та көзбояушылықты өте жоғары деңгейде меңгергенін көрсетті осы жолы. Төтенше жағдайлар қызметі өртті сөндіруге шамасы келмей, техника мен адам күші жетіспей жатса, әкім президент жүретін жолды түнімен жамап-жасқап әлектенген. Тәуелсіздіктен бергі отыз жылда бірде-бір рет асфальт көрмеген күрежолды бір түнде айнадай жарқырату – қанша мықты болса да, Ұранхаевтың қолынан келмейтін іс. Онысын президент те біліп қойыпты. Сөгіс жариялаған кезінде ескертті: «Мен келеді деп аяқ астынан жол жөндей бастау дұрыс емес. Бұл мүлдем масқара жағдай». Сөйтіп, Ұранхаевтың соншама әуресі ұпай жинауға емес, сүйкімін кетіруге «көмектесті».
Есі дұрыс әкім мұндай кезде күшін жол жөндеуге емес, өртті сөндіруге жұмсамай ма? Одан кейін орман бет қаратпай жанып жатқан кезде де, Ұранхаев қызметінде болмаған. Тойда жүргені туралы жазылды. Бала-шағасын шетелде оқытатын шенді орман түгілі, отаны өртеніп кетсе де, өкпесін алып ұшпасы анық.
Юрий Ильинді танитындар иіс алмастың нақ өзі деп жазып жатыр. Іскерлігі жоқ, шаруаға қырсыз адамның төтенше жағдайлар министрі болғаны да күмәнді. Жұрт Ильиннің жұмсақтығын Астана жақтағы әлдебір шенеунік өте жақсы пайдаланады деген пікір айтады. Өйткені төтенше жағдайлар министрлігінің төтенше жағдайға еш дайын еместігі бір емес, бірнеше рет көрінген болатын. Былтырғы Қостанай өртінде де, биылғы 24 мамырда болған Абай облысының Бородулиха ауданындағы қызыл жалын кезінде де төтеншеліктердің бетпердесі шешілді. 3 мың гектар жердің қызыл жалынын сөндіруге техника таппай, жалаң қолмен от көсеген төтеншеліктер 60 мың гектарға қалай ие болсын?
Былтыр да Аманқарай тұтас жанып кеткеннен кейін өртке анау кінәлі, мынау кінәлі деген болжамдар айтылды, біреулерге ескерту жасалғандай болды. Бары сол ғана. Биыл да өрт сөнер, жұрт қасіретті ұмытар. Бірақ қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сонда қызыл жалынның жыл сайын қайталануына кім немесе не кінәлі? Техниканың жоқтығы, дайындықтың кемдігі себеп емес, бұл салдары. Ал өрт жыл сайын неден тұтанады? Үлкен саяси тұлғалардың саяси ойындары деген бір нұсқа айтылады...
Екі апта бұрын ғана «Семей Орманы» мемлекеттік мекемесіндегі үш шенді жемқорлық бабымен 10 жылға сотталыпты. Тағылған айып – ұйымдасқан қылмыстық топ құрды, кәсіпкерлерден 13 млн теңгеге дейін ақша бопсалады, мемлекеттік сатып алу келісімшартына қол қойды деген айыптар. Қылмыстары дәлелденген. Мұндай мекемеде сапалы құрал-жабдықтың болмайтыны бесенеден белгілі. Жемқорлық жайлаған, жұмыс тоқыраған. Онымен күресетін министрлердің түрі анау, әкімің мынау! Айтпақшы, Семейдегі өрттен шыққан ыс-түтек Жетісу жеріне де жетіпті. Талдықорған тұманданып тұр. Ал оттың ошағы қандай хәлде екен? Экология министрі көз жасын төге бергенше, ысқа тұншыққан аймақтың өрттен кейінгі экологиясы туралы өз жоспарын жасау керек сияқты...