Орыс көші опық жегізбесін
Ресейліктер Қазақстанда қаптап кетті. Қазірдің өзінде бейресми деректер бойынша келген адамдар саны миллионнан асып кеткен көрінеді.
Ал ресми дерек бойынша наурыз айынан бастап, маусым айына дейін 42,5 мыңнан астам ресейлік қазақстандық ЖСН алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 19 есе көп. Өткен жылы осы уақыт аралығында Ресейдің 2 230 азаматы ЖСН алғанын ескерсек, статистиканың еселеп өскенін байқаймыз. Атап өтер жайт, бұл үрдіске мемлекет тарапынан еш қарсылық байқалмайды. Демек, бұл сан әлі де еселену үстінде. Ал халық алаңдаулы.
Осыған орай жауап берген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов те тым жайбарақат.
«Ресейліктердің қазақстандық еңбек нарығына шектен тыс келіп жатқанын байқап отырған жоқпыз. Үрей көп, қорқыту көп, жұрт біздің жұмыс орындарымызды енді өзге елдің азаматтары тартып алады деп қорқады. Бірақ оның да оң жақтары бар. Қазақстанға білікті мамандар кіріп жатыр, бұл білім импорты деген сөз. Неден қорқамыз?!… Оның үстіне, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстан бірыңғай экономикалық одақта тұрғандықтан, одаққа мүше елдердің азаматтары елімізге келуге ешқандай шектеу, кедергі жоқ. Біздікілер Ресейде, ал ресейліктер бізде жұмыс істеуге құқылы. Бұл ортақ еңбек нарығы. Олар бұған дейін де бізге келіп жұмыс істейтін», – дейді ведомство басшысы.
Бірақ бар мәселе тек жұмыспен қамтылуда ғана ма? Қазір соғыс Ресей жерінде жүріп жатқан жоқ. Егер орыстарға салынған санкциядан қашып келіп жатыр десек, онда Ресейдегі басқа ұлттар неге қашпайды? Үрейленуге негіз жоқ, жылдағы келетін адам саны неге аяқ асты еселеп өсіп отыр. Осы орайда ел: «осы көш Мәскеудің жұмсақ саясаты емес пе, ертеңгі күні жұмсақ саясатпен экономикамызға ақша салып, сосын, жұмыс күшін тартып, сандарын көбейтіп жатқан жоқ па?! Жұмсақ саясатпен жаулап алуға қомақты ақша бөлінуі де ғажап емес. Соғысқа күніне 20 млрд $ шығын шығарып отырған елге бұл түк емес қой», деп алаңдаулы.
«Халық айтса, қалт айтпайды» деген де сөз бар. Осыған дейін де халық алаңдаған талай мәселенің соңы ушығып кеткенін ескерсек, билігіміз неге сылбыр деген заңды сауал туындайды?
Жалпы, сарапшылардың болжамына сенсек, жыл аяғына дейін елімізге,кемінде, 2-3 млн адам келуі мүмкін көрінеді. Үлкен бір қаланың халқы. Ертеңгі күні одан тілімізге, ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төнбей ме? Өз халқымыздың әлеуметтік мәселелерін шеше алмай отырғанда, олар арқылы туындайтын мәселелерді шешуге мемлекетіміз қауқарлы ма? Мәселен, қазірдің өзінде қаладағы мектептердің орыс сыныптары толып қалғаны айтылуда. Өз қазағымыздың баласына мектеп тауып бере алмай, үш ауысымда оқытып отырып, өзгені жарылқауымыздың жөні бар ма?!
Осы орайда атап өтер жайт, жыл басынан бері бір ғана Атырау облысында ресейлік 400 бизнесмен өз кәсібін тіркеп үлгерген көрінеді. Жиғанын сақтау үшін сағалап келіп жатқандарға қызметкерлерді өзіңмен әкелме, жергілікті халықты ал деген секілді талаптарымызды қоймасақ, ұтыларымыз анық. Жалпы, бұл мәселеде арнайы мемлекеттік саясат болмаса, орыстардың «жұмсақ саясаты» елімізге талай жылдық мәселе туындататын түрі бар.
Бүгінде ресейлік танымал блогерлер мен әншілер желідегі парақшаларында Батыстың санкциясын айналып өту үшін Қазақстаннан ЖСН-ді қалай алуға болатыны, қай банктен карта ашу тиімді екенін де жарыса жазып жатыр. Яғни ресейліктер тарапынан елімізге қызығушылық өсіп келеді. Осының өзі елімізді «жұмсақ саясатпен» жаулап алуға талпыну емес пе? Онсыз да қоғамдағы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте алмай жүргенде – мемлекетке «Қазақ» деген атауды беріп тұрған ұлттың тіліне қауіп төніп тұрғанын қалай байқамаймыз?!
Осы орайда атап өтер жайт, жатақхана жетіспеген студенттеріміз жыл сайын топтасып, пәтер жалдап, күндерін көре беретін-ді. Ал биыл Алматыда қаптаған орыстардың салдарынан, пәтер мәселесі де ушығып кетті. Жатақхана жетіспеген студенттер қаланың сыртындағы жер үйлерден пәтер жалдап қатынауда. Қазірдің өзінде мектеп толып, пәтер жетіспей, орыс сыныптарындағы бала санының күрт өсуі байқалып, қордаланған мәселелерді шеше алмай отырмыз. Ал ертеңгі күніміз не болмақ?! Өзгелерді құшақ жайып қарсы алып, өз жастарымыз паналайтын жер таппай, отыра береміз бе?!
Осы орайда, шенеуніктеріміздің тым бейқамдығы ұлттық құндылықтарымызға қауіп төндіруі әбден мүмкін ғой. Жалпы, шекарамыз қашанға дейін ашық болады? Билік әрекет етіп, мәселенің алдын алу үшін тағы қанша орыс кіргенін күтіп отыр? Жалпы, бұл мәселе бақылауда ма өзі?! Онсыз да жалтақ болмысымыз ұлттық ұстанымынан айрылып қалмай ма? Көңіл алаң...