Орыс мектептерін қаржыландыру – Ресейге қызмет ету
Орыс әлемінің ықпалы Қазақстанда ғана емес, ТМД көлеміндегі көптеген елдерге жүріп тұр.
Мәселен, Қазақстанда орыс тілі қазақ тілінен үстем. Орыс мектептерінің саны қазақ мектептерінен аздау болғанымен, қазақ тілді білім ошақтарындағы оқушылар орысша сөйлеседі. Балабақшалар да солай. Бұл ұзақ әрі өте өзекті мәселе.
Әзербайжанда да тура осы түйткіл бар екен. Әзербайжан депутаты Вахид Ахмедов былай депті: «Неге біздің елде түрік тілінде, ағылшын тілінде білім беретін мектептер жекеменшік саналады? Ал орыс тілінде білім беретін мектептер мемлекеттік бюджеттен не үшін қаржыландырылады? Олар да жекеменшік болсын! Оқығысы келгендер қаржысын төлеп оқи берсін. Әзербайжанда мемлекеттік бюджеттен тек әзербайжан мектептері ғана қаржыландырылуы тиіс!».
Қазақстанда да жағдай тура осындай ғой. Бірақ халықтың салығынан айына 1,5 млн теңге айлық алып отырған экс-нұр отаншыл депутаттар мұны айта алмайды. Айтқызбастары айтқызбайды-ау, сірә?! Қазақстанда да жеке меншік мектеп көп. Бай-бағландардың бизнес үшін салған білім ошақтарының санына саусақ жетпейді. Одан бөлек, қазақ-түрік лицейі сияқты шетелдіктердің салған мектептері де бар. Бірақ олар шетелден қаржыландырылады. Грант өте аз бөлінеді. Оған үлгерімі ең жақсы балалар ғана түсіп оқиды. Ал баласының болашағына инвестиция салғысы келген ата-аналар түрік лицейіне ақшасын төлеп оқытады. Әзербайжандағы сияқты Қазақстанда да ағылшын тілін негіз еткен жекеменшік мектептер бар. Білімі, оқушыға жасалған жағдай өте жақсы. Оларға ақша шетелден келеді. Шетелдік мектептердің миссиясы туралы әңгіме бөлек. Оны тағы бір оралып жазармыз...
Енді осы жерде сізде бір сұрақ туатыны анық қой. «Неге Қазақстандағы орыс мектептері Қазақстан бюджетінен қаржыландырылады?». Заңды сауал. Біз де осы сұрақты отауын бөлек тіккен оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке қойғымыз келеді. Барлық жекеменшік мектептер сияқты орыс мектептері де өз қаржысын өзі тапсын! Ресей үкіметі қаржыландырсын немесе орыс мүддесі үшін өзегін жұлып беретін байшыкештер берсін бюджетін. Орыс мектептерін Қазақстан бюджетінен асырау – орыс әлеміне қызмет ету деген сөз. Нақтырақ айтқанда, Ресей үшін маман дайындау, орыс тілінің өмірін ұзарту. Орысша оқыған адамның орысша түс көретінін ұмытпайық!
Ұзын сөздің қысқасы, Қазақстан бюджетінен тек қазақ мектептері ғана қаржыландырылып, Қазақстанға қызмет ететін білімді, білікті, рухты жастар өсіп шығуы керек. Тағы бір айта кететін мәселе бар мұнда. Қазақстандағы қазақ мектептері «екінші сортты» білім ошақтары болып саналады. Ащы да болса шындық осы. Бұл биліктің көзқарасынан туған дүние. Бұдан былай оқу-ағарту министрлігі болсын, шенеуніктер болсын, осы көзқарасты өзгертуге өздері бас болып, атсалысуы керек. Жаңа тағайындалған ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сияқты балаларын Кипрдегі британ мектебінде оқытып, Қазақстан білімін көгертемін деу – бос әңгіме екенін ескерте кетейік!