Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:56, 29 Сәуір 2021

Орыс қазақтың ішер асына дейін жармасқалы отыр

None
None

  Үкімет осыны сезе ме?

 Ресейдің «Стандарт» әлеуметтік-экономикалық консальтингтік-зерттеу орталығының экономист-сарапшысы Олег Лурьев твиттердегі парақшасында қазақ халқының ай сайын шамамен қанша келі ет, қанша литр сүт, қанша бөлке нан тұтынатынын бір мәрте есептеп көрмек болғандарын жазды. Сөйтіп, Ресей сарапшыларының тізбелеуінше, біз қазіргі кезде жыл сайын (жан басына шаққанда) 40-45 келі ет, 100 келі нан жеп, 30 литрдей сүт ішеді екенбіз. Осы орайда, еріксіз келесі сұрақ туындайды:  Ресей мамандары қазақтың ішер асын неліктен бұлайша санамалады?

 

                       Енді Ресейді біз асыраймыз ба?!

       

        Экономика ғылымының докторы Марал Төртенованың айтуынша, Ресей бос жатқан нарығын енді Қазақстан арқылы толтыра бастайды. Осы арада біздің билік сауатты әрекет етсе, аграрийлеріміз үлкен пайда көрер еді. Маманның пайымынша, алдағы уақытта біз үшін  астық сақтайтын қоймалардың қасынан ұн тартатын диірмен орындарын ашу маңызды. Мал бордақылайтын орындардың маңынан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу да тиімді болар еді.

      – Бірақ біздегі баға мен тарифтердің өсу қарқыны тұрғындардың көпшілігінің табысынан әлдеқайда жоғары. Яғни тұрғындар бағаның өсуіне үнемі бейімделу үстінде. Азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауы мен коммуналдық төлемақының үздіксіз өсуі көптеген азаматтардың тұрмыстық мәселелерін қиындатып  жібергені жасырын емес. Сондықтан үкімет бірінші кезекте баға саясатын реттеп алғаны жөн. Ол үшін отандық өндірісшілерге жағдай жасалуы керек. Қазір Ресей біздің ішер асымызға дейін жармасқалы отыр. Осы орайда, отандық өнім өндірушілерге қолайлы орта қалыптастырмасақ, олар шығарған өнімдерін Ресейге таси бастайды да, бізде қиындықтар туындайтын болады, – дейді экономист-ғалым.

   

        Ресей тектен-текке ас-ауқатымызды санамайды 

       Отандық мамандардың дені Ресей сарапшыларының жайдан-жай қазақтың ас-ауқатын тізбелеп отырмағанын, қазір әлем халқы азық-түлік дағдарысына ұшырамаудың барлық тәсілдерін қарастырып жатқанын, осы тұста біз де қарап қалмай, азық-түлік қауіпсіздігін нықтауымыз керегін алға тартуда.

      Жалпы, мамандар бізге болашақта азық-түлігін қауіпсіздігін нықтау қажеттігін алға тартуда. Нақ осы азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты өткен аптада халықаралық сарапшы, Лондондағы корольдік университеттің профессоры Рейн Мюллерсон өз пікірін білдіріп қалды. Мюллерсон бұл ретте  «Әлем ашқұрсақ болудан сақтануы керек. Осыны ойлаған әрбір мемлекет азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, тағамға қатысты тегеуріні мықты арнайы бағдарламалар арқылы жұмыс істеуі тиіс» деді. Сарапшының осылай деуі мұң екен, біршама елдер азық-түлікке қатысты қатаң талап қоятын шешімдер легін шығарып та үлгерді. Ал  біз қандай бір шара жасасақ та, алдымен заңға өзгерту енгізуді жөн көреді екенбіз.

Сөйтіп, мамандардың пайымдауынша, біз үшін — азық-түлік қауіпсіздігін сақтау шараларын сауатты меңгеру өте маңызды. Бұл ретте мамандар «қазіргідей қиын сәтте халықтың ас-ауқатын осы бастан жүйелеген абзал» деп отыр. Біз елімізде азық-түлік өнімін өндіретін өндірісшілер саусақпен санарлықтай екенін ескеруіміз керек. Олардың өзі ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отыр. Біз шұжық, сүт-айран, сүзбе, сары майды шетелден әкелеміз. Жетіспейтін өнім түрлерін шетелдік тауарлар толтырады. Айналып келгенде, азық-түліктің 40 пайызы ғана өзімізде дайындалады. Әлемдік стандарт бойынша әр ел азық-түліктің 84 пайызын өзінде шығаруы тиіс. Өйтпеген күнде ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі әлсіз болады да, ондай ел азық-түлік тапшылығына жиі ұшырайтын көрінеді. 

Тақырыпқа орай бізге пікір білдірген ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, Ертай Молдаханов:

— Қазақстан тәрізді негізгі фундаменті аграрлық ел болып қалыптасқан мемлекетке тек мұнай-газ саласына ғана иек артып отыру — қолда бар мүмкіндікті бос жіберу деген сөз. Азық-түлік нарығындағы беделімізді көтеру үшін алдымен материалдық базамызды нығайтуымыз керек. Біз экспортқа астық шығарудан озықпыз. Бірақ басқа саладан құралақанбыз. Бізде өсімдік өсіру саласы мен мал шаруашылығы да тұралаған. Жеміс-жидектерді өзбек пен қытайлардан тасып, инфляцияның еселенуіне өзіміз жағдай туғызып отырмыз. Ауылдағы ағайын өндірген сүт-айранын, етін сатуға шығара алмай әлек. Осы күнге дейін өнімді шаруаның қолынан тікелей базарға шығаратын сату жүйесі орнаған жоқ. Арадағы делдалдар бағаны өсіріп, табысқа белшесінен батып жүр. Ауылға қаржы бөлуде де делдалдықтан арыла алмай отырмыз. Осы кемшіліктерді жойып алмай,  азық-түлік өндіруде бәсекеге қабілетті бола алмаймыз. Сондықтан алдымен осы жайттарға мән берілуі тиіс. Сонда біздің ел «болашақта азық-түлік таппай қалмаймыз ба, нан таппай қаламыз ба» деген сауалдарға бас қатырмайтын болады,-дейді.

Тегтер: