Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:07, 05 Мамыр 2021

Орыс тілін өшіреді

None
None

         Орыс әлемі Назарбаевтың ассамблеядан кеткеніне елең етті  

     Экс-президенттің  Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы қызметінен кеткеніне ресейлік журналистер алаңдап қалды. «Назарбаев кетсе, Қазақстанның ұлттық саясаты өзгеріп, бұлар енді өз елінен орыс тілін ығыстырып тастар ма екен» деп шошыпты.

        Ресейлік «Взгляд» басылымының жазуынша, Назарбаев президент жанындағы кеңес органы ретінде Қазақстан халқы ассамблеясын 1995 жылы құрған. Іс жүзінде елбасы осы ассамблеяның басшысы болып, Дэн Сяопиннің қазақстандық аналогы сияқты өзі көлеңкеде отырып, елдің даму бағытын айқындауын жалғастырып келген.

      Ал қазақстандық саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау институтының директоры Досым Сәтпаев бұл басылымға біздегі жағдайды былай түсіндірген екен: «Шындығында, Назарбаевтың кеше ғана тастап кеткен лауазымы соншалықты маңызды лауазым емес. Ол президенттіктен кеткеннен кейін одан әлдеқайда маңызды бірнеше лауазымды өз уысына алып алды. Бірақ ассамблеяның да маңызы, имидждік функциясы бар. ҚХА елдегі ұлтаралық тұрақтылықты әлемге мақтанып көрсететін ресми жарнама рөлін атқарады. Меніңше, ҚХА-ны 1995 жылы Назарбаев ұзақ мерзімді жоспармен бейбітшілік үшін берілетін Нобель сыйлығын алу мақсатында құрған сияқты. Рас, ядролық сынақтарға тыйым салғаны мен республикада ұлтаралық және дінаралық келісімнің керемет үлгісін құрғаны – ол сыйлықтан дәмеленуге негіз бола алар еді».   

       Сонымен бірге Сәтпаев президенттің ауысқаны Қазақстанның саясатын еш өзгертпегенін айтыпты. «Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінде бәріне төбеден қарап отыр. Ендеше республика елбасы бастаған ұлттық саясатты әлі де жалғастырады. Бірақ соңғы жылдары ұлтаралық келісім мен тұрақтылық бұзыла бастады. Өткен жылы Қордайда қазақтар мен дүнгендер қақтығысы орын алып, сегіз адам қаза тапты. Сол кезде ҚХА түк істей алған жоқ. Жалпы, елде қандай да ұлтаралық қырқыс болса қалса, ассамблея үнемі үндемей құтылатын, сол себепті оның елдегі беделі онша биік емес», – деп қосады сарапшы.

        Әрине, мұндай ресейлік басылымдар Қазақстандағы орыс тілінің жағдайы мен болашағына қатты алаңдайды. Орыс тіліне төніп жатқан қауіптің бәрін шетінен тізіп шығыпты: Назарбаев 2017 жылы қазақ тілін кириллицадан латынға көшіру идеясын көтерді. КСРО ыдырағалы Әзірбайжан, Өзбекстан мен Түрікменстан сияқты түркітілдес елдер Мәскеудің империялық ықпалынан құтылу мақсатында латынға көшіп кетті. Түркиядан көргенін істеді. 2015 жылы Назарбаев ҚХА отырысында үштілділік деп, ағылшын тілін де мектепке енгізуді ұсынып, Қазақстанда ағылшын тілін үйренуге даңғыл жол ашыла салды. Бірақ бұл аргументке тағы да Досым Сәтпаев тоқтау салады: «Қазақстанда ағылшын тілін тереңірек игеріп, қазақ тілін үйренуге шақыру орыс тіліне ешқандай қауіп төндірмейді. Қазақстандағы жағдай Өзбекстан немесе Тәжікстандағыдан мүлдем бөлек, біздің елде орыс тілінің ешқандай проблемасы жоқ. Оны жастар білмейді деуге де, оны қазақ тілі ығыстыра алады деген еш қауіп жоқ және қазақ тілін орыс тілі ығыстырады деуге де келмейді, елдегі тілдік жағдай тепе-тең: орыстілді мектептер қанша жерден көп болса да, туған тілінде сөйлейтін қазақтардың тіпті елдің солтүстігінде де азаятын түрі жоқ. Қазақстанда ешбір тілге ешқандай қауіп жоқ, тіпті көптілділік мемлекет тарапынан қолдау тауып, қоғамда екі-үш тілді қатар меңгерген жастар бәсекелі болып отыр. Біреу Ресейге барып оқимын десе, енді біреу білім қуып Америка немесе Қытайға бара жатса – мұның бәрі де жақсы, жөн құбылыс деп қабылданады», – деген екен Сәтпаев.

Тегтер: