«Орыс ұлты бәрін басқару керек...»

Өткен аптада Астанада ұйымдастырылған бірқатар іс-шараның бірі – тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңесінің отырысында Ресей президенті Владимир Путин 2025 жылды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бейбітшілік пен бірлік жылы деп жариялауды ұсынды.
ТМД президенттері бұл бастаманы қолдады.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді: «ТМД-да қабылданған «Бір жыл – бір тақырып» формуласына байланысты достастық шеңберінде тақырыптық жылдар туралы мәселеге баса назар аударылды. 2024 жылды еріктілер қозғалысы жылы, 2025 жылды Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрес бойынша бейбітшілік пен бірлік жылы, 2026 жылды денсаулық сақтау жылы деп жариялау туралы шешім қабылданды», – деді отырысынан кейінгі брифингте.
Шыны керек, Ұлы Отан соғысындағы Жеңісті атап өтуге қатысты қазақ қоғамында екіұшты пікір бар. Бірі: «Қантөгісті тойлау мұсылманға жат. Жеңісті жалаулатып, салют атып, соғыс ардагерлерінің көңілін жабырқата берудің қажеті жоқ» десе, енді бірі: «қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі орасан, сондықтан бұл ерлікті ұмыт қалдыруға болмайды» дегенге саяды. Бұған қатысты сарапшылар не дейді?
Марат Тоқашбаев, белгілі журналист:
Марат Тоқашбаев, жазушы-публицист:
‒ Бұған байланысты мынаны айтуға болады. ТМД ұйымының тағдыры бүгінде іс жүзінде Ресейдің жағдайына тіреліп тұр. Тәуелсіз Украинаға қарсы басқыншылық соғыс жасап отырған Ресей қазіргі жағдайда халықаралық деңгейде бұралқы (изгой) мемлекетке айналды ғой. Оған санциялардың сегізінші пакеті салынып жатыр.
Осындай экономикалық санкциялардың салдарынан Ресейдің 2025 жылға жетпей-ақ ыдырап тарап кету қаупі бар. Өйткені экономикалық тығырыққа тірелген мемлекет 2023 жылдың өзінде әскерге, полицияға, мұғалімдерге, дәрігерлерге жалақы тауып бере алмайтындай жағдайда. Себебі қазынасына түсіп жатқан қаражат жоқтың қасы. Биылғы жаздың ортасына дейін сатқан газы мен мұнайы үшін күн сайын шет елдерден 1 млрд доллар көлемінде қаражат түсіп отырса, қазір күн сайын Украинаға қарсы соғысқа сонша көлемде қаражат кетіп жатыр. Яғни, Ресейде экономикасын дамытуға мүмкіндік беретіндей резерв жоқ.
Сондықтан Путиннің 2025 жылды Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығына арнау туралы ұсынысы жай ғана сөз. Осы жерде бір атап өтетін жағдай, бұл – Қазақстанның ұстанып отырған саясатына байланысты. Қазір Ресей Федерациясы бұралқы мемлекеттердің қатарына қосылғандықтан, жаралы аю сияқты болып отыр ғой. Ондай жағдайда жаралы аю айналасының бәрін тас-талқанын шығаруы ықтимал. Мұндай кезде оны өшіктірмеу керек. Жарасын сипағандай әрекеттер қажеттігі туындап отырғаны байқалады.
Қазақстан басқыншылық соғысты қолдамай, олардың аннексиялап тартып алып отырған Қырым, Луганск пен Донецк облыстарының бөліктерін Ресейдікі деп танудан бас тартты. Бұл арқылы мемлекетіміз халықаралық деңгейде өзінің ұстанымын нақты көрсетіп отыр. Бірақ осындай жағдайды ары қарай ушықтырмаған жөн. Тәуелсіз мемлекеттер достастығының саммитін ұйымдастыру солтүстіктегі көршімізбен ара-қатынасты дипломатиялық жолдармен шешу арқылы қалыптасып отырған шиленісті ахуалдан шығып кетудің амалы. «Жыланды жеті рет кессең де кесірткелік қауқары бар» демекші, Қазақстанның Ресеймен текетіресін әскери жолмен шешуге болмайды.
ТМД ұйымы құрамынанУкраина шығып кеткеннен кейін, бұл ұйымның мән-маңызы қалмаған. Енді ТМД елдері президенттерінің кездесуін ұйымдастыру арқылы Қазақстан ұпай жинап отыр. Бұл ең алдымен Ресейдің ТМД елдеріне, оның ішінде Қазақстанға қатысты ықтимал агрессиясының бетін қайтаруға бағытталған шара. Саммитте Қазақстан өз ұстанымдарын да анық аңғартты.
Путин кездесуде 2025 жылды Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арнауды ұсынды. Ол сөзінде «Ұлы Отан соғысы» деген терминді қолданады, бірақ 1975 жылға дейін – Женістің 30 жылдығына дейін бұл термин қолданылмайтын. Оқулықтарда совет-герман соғысы ретінде жазылатын. Ресей оны қалай атаса өз еркі, бірақ Қазақстан үшін бұл Ұлы Отан соғысы емес. Қазақ халқы үшін Ұлы Отан соғысы – 150 жылға созылған қалмақтар мен жоңғарларға қарсы қазақ жеріндегі азаттық соғысы. Ал 1941-1945 жылдарда Шығыс Еуропада өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың шын мәніндегі атауы Совет-герман соғысы. Қазақ баспасөзінің барлығы осы терминді қолданғаны дұрыс.
Совет-герман соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстағы бес әскери қимыл театрының біреуі ғана. Оны Ресейдің жеке жеңісі сияқты ерекше көрсету ақиқатқа үйлеспейді. Кеңес Одағы Жеңіске өзінің ғана ресурстарымен жеткен жоқ. Бұл ең алдымен, одақтас республикалардың, АҚШ-тың ленд-лиз заңы бойынша берген көмегінің арқасы. АҚШ Кеңес Одағына мыңдаған ұшақтар мен танктер берді.
Қарап отырсақ, Ресейдің тарихы сорақы түрде қолдан жасалған әрі қарама-қайшылықтар өте көп. Мысалы, Германияны жеңдік дейді, бірақ сол Германия Кеңес Одағына қарсы соғыста барлығы 8,5 млн адамнан айырылды. Оның 5,5 миллионы Шығыс майданда яғни Кеңес одағына қарсы соғыста опат болған.
Ал 2018 жылы КСРО-ның мемлекеттік жоспарлау комитетінің жария болып кеткен құпия құжаттарында Кеңес Одағы 47 млн адамнан айырылғаны белгілі болды. Оның ішінде 19,5 млн адам солдат пен офицер, қалғандары бейбіт тұрғындар. Бұл шығындар Хрущевтың кезінде 7 млн деп, Брежневтің кезінде 20 млн деп, Горбачевтың кезінде 27 млн деп көрсетілді. Жария болып кеткен құжатта 47 млн адам деп көрсетілген.
Бұл цифлардан біз Кеңес Одағы адам ресурстарын аямағандығын, жауынгерлерді үстін-үсті зеңбірекке жем еткендігін байқаймыз. Сонда бір немісті өлтіру үшін 9-10 адам құрбан болып отыр ғой.
Нацизммен күреске келсек, бүгінгі таңда нағыз нацистік мемлекет – Ресей. Қарапайым ғана мысал, Ресейде кемінде 1 миллионнан астам қазақ тұрады, соған қарамастан қазақ тілінде жалғыз ғана мектеп жұмыс істейді. Қазақстанда мың жарым орыс тілді мектеп бар. Сонда кім нацист?
Нацизмді басқа ұғымдармен шатастырмау керек. Онымен күресу үшін алдымен өз еліндегі шовинистік көзқарастармен, империялық амбициялармен күресуі керек. Ресейдің түбіне жетіп бара жатқан да осы екі нәрсе. Кеңес Одағын құрамыз дегенде, империяны қайта қалпына келтіргісі келеді. Ал Кеңес Одағы ең алдымен маркстік-лениндік идеяға негізделген қоғам құрған болатын, ал Ресей империясының ешқандай идеологиялық қағидалары жоқ. Тек қана орыс ұлты бәрін басқарып, баяғыдай бүкіл әлемге өзінің ықпалын тигізу керек дейтін амбиция ғана.
Сол амбиция оны Украинаға қарсы соғысқа итермелеп отыр. Сондықтан, өз басым Путиннің женістің 80 жылдығы мен нацизмге қарсы күреске қатысты айтқаны ұсыныстары былжырақ идея деп санаймын. Ал қазіргі жағдай сөзсіз Ресейдің ыдырауына соқтырады деп ойлаймын.
Бүркітбай Аяған, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы:
‒ Ұлы жеңісті атап өткен дұрыс. Бірақ Қазақстан жеңіске жеткенін мақтанып емес, дербес мемлекет ретінде 2025 жылды соғыста қаза тапқандарды еске алуға арнағаны абзал.
Ұлы Отан соғысына қазақ халқының да Кеңес Одағындағы барлық елмен бірге қатысқаны рас. Фашизмге қарсы соғысты. Мұны тарихтан да білеміз. Қазақ жерінен кем дегенде 1 млн 700 мың адам соғысқа аттанып, 500 мыңнан астамы елге қайтпады. Олардың арасында менің де аталарым бар. Біз батырларымыздың бұл ерлігін құрметтейміз, түсінеміз, сол туралы «Абырой мен парыз» деген кітап та жаздық.
Жалпы, сол кезде соғыстың басталуына тек қана Гитлерді айыптай берудің қажеті жоқ, Сталиннің де кінәсі шаш-етектен.
Соғысқа кеткен қазақ азаматтарының кем дегенде 80-90 пайызы мүлдем әскери дайын емес еді, олардың көбі шаруалар, колхозшылар, мектеп мұғалімдері болған адамдар. Ал шайқасу үшін 1-2 жылдай дайындалу керек. Сталин мақтанып жүріп, фашизмге қарсы соғысқа әскерді мүлдем дайындамай алып барды. 1941 жылы маусым айынан бастап көптеген адамды жалма-жан әскерге жинап (мобилизация), соғысқа әкетті. Турасын айту керек, Кеңес Одағы кезі генералдарының дұрыс соғыса алмағаны көп адам шығынына алып келді. Әскерді тек шабуылға жұмсады, дұрыс тактика қолданбады.
Алайда қазіргі таңда маңызды мәселе – бұрынғы КСРО-ны аңсайтындар мен Ресейдің басшылары Ұлы Отан соғысын қайта-қайта саясаттандырып жүр. Сондықтан қазақстандықтар ондай насихаттауларға, орысша айтқанда, пропагандаға және манипуляцияға алданып қалмауы тиіс. Оның арғы жағында қазақты баяғы орыс әлеміне бағындырып, қайтадан бодан ету ескі идеологиясы жатыр.
Сол себепті «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күресті» тек неміс фашизмі емес, орыс немесе француз бола ма, яғни басқа ұлттардың да фашизміне қарсы пайдалану керек. Өзінен өзгені менсінбеу сияқты ұлтшылдық, яғни нацизм қазіргі 21 ғасырда да болып жатыр ғой. Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашқанын әлем көріп отыр. Нацизммен күрес идеясы жалпы жақсы, алайда оны пропагандистердің өз мақсатына пайдаланып кетуіне жол бермеу керек. Турасын айқанда, Ұлы жеңісті Ресейдің өзіне қарай тарта беретіні ұнамайды.