Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
02:52, 04 Қазан 2022

Орысқа көлдейміз, өзімізге шөлдейміз...

None
None

Негізі, біртүрлі халықпыз… Қыркүйек айының басында ғана жатақхана жетіспеген талай студент құны шарықтаған пәтер ақысын төлеуге шамасы келмей, жатарға жер таппай, босып кетті.

Әйтсе де бірде-бір құзырлы орган, не бір шенеунік ара түсіп «әу» демеді. Қиналған халық шулап-шулап басылған соң, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде 90 мыңға жуық студентке жатақхана жетіспейтінін мойындады. Демек, билік еліміздегі 90 мың жастың мәселесіне бас та ауыртпады.

Ал ресейліктер көші басталғалы бері шенеуніктеріміз қоғадай жапырылып, бір-бірімен жарысып, көршілерден жылы сөзін, ыстық ықыласын аямауда. ҚР Цифрландыру министрі Бағдат Мусин мобилизациядан қашқан ресейліктер үшін банк картасын ашу оңай болатынына сендіріп, ЖСН нөмір алуды да барынша, жеңілдетуге уәде берді. Құдай-ау шекара асып келген өз қандастарымыз, өз қазағымыз азаматтық ала алмай, жылдап, сандалып жүргенде осы Мусин қайда қалды?!

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та «Ресей азаматтары Қазақстанға келгісі келсе, шектемеуіміз керек», – деп ара түсті. Ал премьер-министр Әлихан Смайыловтың өзі келіп жатқан ресейліктерге жәрдем көрсетіп, жұмыспен қамту қажеттігін мәлімдеді. Көрші елдің көңілін аулаймыз деп, өз халқының қордаланған мәселесін ұмытқан үкіметтің есіне сала кетсек, елімізде 5,5 млн-дай кедейлік шегіндегі азаматтар тіркелген, дәл қазір беталды бақылаусыз кеткен қымбатшылық та халықты титықтатып отыр. Айтпақшы, қаңтарда сол қымбатшылықты айтамын деп наразылық танытып, талай қазақтың басы бәлеге қалды. Егер билік дер кезінде дәл қазіргідей, бірінен соң бірі шулап, ең болмаса қазаққа жылы сөзін арнағанда – қаңтар оқиғасы орын алмас та еді. Билікке сөзін өткізе алмай, батыстан басталған қазақтың наразылығы барлық өңірге жайылмап па еді! Бірақ әлі де болса қымбатшылықты ауыздықтауға тырысып, ең болмаса, халыққа бағаның бетімен кетуінің себебін де түсіндіріп жатқан ешкім жоқ.

  15 пен 28 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі – 3,9 пайыз, жұмыс істемейтін және біліммен немесе оқумен айналыспайтын жастар үлесі – 6,7 пайыз. Бұл, шын мәнінде, қоғамымыздағы үлкен мәселе, дағдарыста тұрған жұмыссыз, оқусыз тозып жүрген жастар үлесі. 2022 жылдың сәуір айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 193 мың жұмыссыз тіркелген екен. Апатты жағдайдағы 30-ға жуық мектепте балалар жанын шүберекке түйіп оқып жатса, республика бойынша 130 мектепте балалар үш ауысымда қысылып-қымтырылып білім алуда. Дамыған елдерде, тіпті, екі ауысымда оқитын мектептер жоғын ескерсек, үш ауысымды мектептер, шын мәнінде, білім саласының үлкен мәселесі. Ол мектептерде сапалы білім жоқ, алды қыс қараңғы ерте түскенде, талай ата-ана жанын шүберекке түйіп отыратыны да шындық. Сонда ол балаларға биліктің жаны ашымай ма?! Қай мемлекет болсын, ең алдымен, бюджетке салық төлеп жүрген, өз азаматтарына жағдай жасауы қажет емес пе?! Жылдар бойына қазақтың қанша мәселесін көтеріп жатсақ та селт етпеген – биліктің шекара асып келген орыстарға жаны ашып, аяқасты «мәселе шешкіш» бола қалуының сыры неде?! Немесе «ауылдағының аузы сасық» деп, өз қазағының мәселесіне мән бермеуін қалай түсінеміз?! Әрине, премьер-министр бастап, бүйрегі бұрып отырған соң, қонуға кинотеатрларды босатып беріп, Ресейден қашып, босып келіп жатқандардың алдынан ыстық бауырсақ пен буы бұрқыраған ыстық шай алып шығып, мейрамханалардан ыстық тамақ дайындаушылардың да қарасы күрт көбейді. Тіпті, еліміздің кейбір дүкендеріндегі «Ресейліктерге жеңілдікпен» деген жазуды көрген соң, алдағы уақытта осы елді қалап тұрып, көшіп келетіндердің саны, тіпті, көбеймесіне кім кепіл?! Кезінде көпбалалы аналар көмек сұрағанда, «баланы тусаң, өзің үшін тудың, болмаса, жоспарлап ту», деп дөрекілік танытып, аналарға ара түсер бірде-бір шенеунік табылмап еді. Ал бүгінгі орыстарға жалпақшешейлікті қалай түсінеміз?  

Шектен тыс сондай қонақжайлықты көрген соң, басқа елдерге қарағанда, ресейліктер де біздің елімізге көбірек ағылуда. Мәселен, соңғы аптада Финляндия 43 000, Грузия 53 000 «қонақты» қабылдаса, біз жүз мыңнан астамын қабылдаппыз. Жалпы саны 1млн 700 мыңнан асып та кетті.

Бізден басқалары етек жеңін қымтап жатыр. Грузия ресейлік ер адамдарды елге кіргізбейміз, әйелдері келе берсін десе, Ресеймен шекаралас Еуропа елдері шекарасын жауып алды. Біз Өзбекстаннан, Қытай мен Моңғолиядан, Ираннан қанша қазақ келгенде, ашпаған қабағымызды, жаймаған құшағымызды орыстарға ашып жатырмыз. ЖСН-ды да аяусыз таратып тастадық. Осыған орай, журналист АҚШ-та тұратын Нәзира Байырбек: «Босқындарды қабылдау жағынан ең тарихы ұзақ, ең «босқын қабылдағыш» ел, иммигранттар елі – АҚШ-та SSN (біздің ЖСН сияқты нөмір) алу үшін кемі, 4-6 ай күтуің қажет. Ал біз қалай дамып, жылдам болып кеттік», – дейді. Расында да аянып жатқан жоқпыз.

Ресейдің өзі мобилизациядан қашқандарға 10 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарып қойды. Демек, біз олардың қылмыскерлерін құшақ жая қарсы алып жатырмыз. Шынымен, біртүрлі халықпыз, табанымыздың бүрі жоқтығынан, белгілі бір ұстанымымыз жоқтықтан қанша рет таяқ жесек те, қоймаймыз, қайтпаймыз! Өз қазағымыздың мәселесіне келгенде, соншалықты белсенді емеспіз, өз қандасымызға да суықпыз! Ал мобилизациядан қашып келгендерге құдамызды күткендей, жалбақтап-ақ жатырмыз.

Негізі, құлдық сана деген тым жаман нәрсе екен ғой… Кетпейтін, санаңнан өшпейтін, Тәуелсіздік алғанына отыз жыл болса да, мидың бір бұрышында сақталған құлдық психология қожайынын көрсе, далақтай кетеді екен… Құлдық сана!

Тегтер: