Орыстан болса жолдасың...
ЕгерПутинге Қазақстан жері қажет болса, оны қолдаушылар табылады
Қазақстандықтардың Путинді жақтайтындар мен Украинаны қолдайтындар болып екіге бөлінуі 2014 жылы, яғни Ресейдің Украинадан Қырымды тартып алуы кезінен басталған болатын-ды.
Орыстар қашан қазақтанады?
Референдум өткен кезде мен Қырымда болдым, оның қалай өткізілгенін өз көзіммен көрдім. Мен сөйлескен орыстардың барлығы, бір адамдай, Украинадан шығуды қолдады. Сол кезде мен «орыстар қанына тартты» деген тоқтамға келдім.
Қазақстандағы орыстардың да жағдайы соған ұқсас. Олардың басым көпшілігі «ватниктер», яғни империялық өткеннен арыла алмаған және КСРО күйрегеннен кейінгі өмірдің жаңа ахуалы мен қағидаттарын қабыл алғысы келмейтін адамдар.
Олардың көпшілігі баяғы заманның екпінімен өмір сүріп жатқандар. Сырт көзге Қазақстанның азаматтары болып көрінгенімен, олар іштей өздерін ұлы империяның мұрагері ретінде Ресейдің азаматтары санайды. Сондықтан олар кеудесін империялық амбиция, кеудемсоқтық сезімі кернеген Путиннің іс-әрекеттеріне сүйсіне қарайды, оны өз қауіпсіздігінің кепілі ретінде қабылдайды. Антиамерикандық көңіл-күй – орыстардың көпшілігінің тағы бір ұлттық ерекшелігі, бұл сезім оларға Путиннің кеңестік кезеңдегі рухани құндылықтардың қорғаушысы ретіндегі келбетін одан ары айқындай түседі.
Өкінішке қарай, қазақстандық орыстардың басым көпшілігі де осындай. Мұндай жағдай басқа посткеңестік елдерде және Батыс Еуропадағы эмиграцияда да қалыптасқан. Олар, тіпті өздері жек көретін, бірақ ыңғай келсе көшіп кетуге дайын тұратын Америкада да сол «ватник» қалпында жүр. Бұл қанның қисынды іс-қимыл мен орынды сөзден де күшті екенін көрсетеді. Айтпақшы, ақылға қонбайтын осы феномен көптеген орыстарға өздері тұрып жатқан елдердің толыққанды азаматы болуға кесірін тигізуде.
Енді Кремльдің Луганскі және Донбас облыстарының жерін басып алуы процесінің басталуына оралайық. Өз халқына лайықты өмір қамтамасыз ете алмайтын кез келген билік тәжірибеден өтіп, шыңдалған әдіске – сыртқы жау іздеуге көшеді. Путин ресейліктер арасындағы өзінің рейтингін, яғни абырой-беделін түсіріп алмау үшін осы әдіске барып отыр. Өйткені бұл белгілі бір уақытқа патриоттық сезімді көтеріп, елдің назарын әлеуметтік-экономикалық қиындықтан басқа жаққа бұрады. Орыстардың негізгі бөлігі осындай ұрандарды тез қабылдайды, өйткені олардың құлағына ежелден өздерінің ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі туралы аңыз құйылып қойылған. «Бұл жолы тағы да жан-жақтан қоршаған жаудың ортасында қалдық, Батыстың тіміскілеуіне лайықты тойтарыс беру керек», деген ұрандар айтылуда.
Олардың Батыс Ресейді құртып, жоқ қылып жіберуді көксеп отыр деген сенімділігі өзінің ақымақтығымен қайран қалдырады. Орыстар Батыста ешкімнің Ресеймен жұмысы жоқ екенін түсінбейді, түсінгісі де келмейді. Кремльдің қолында ядролық қару және бұрынғы империяны жаңғырту идеясы миынан кетпейтін Путин болмаса, Ресейді ешкім есіне де алмас еді.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы толығымен қазақстандық орыстарға да қатысты. Олардың көпшілігі жария етпесе де Путиннің Ресейдің «еңсесін тіктеу» саясатын, ал шындап келгенде, бұрынғы империяны қалпына келтіруді қолдайды. Бұл түсінікті дүние. Өйткені соңғы 30 жылда біздің орыстардың құлағына, (олардың ғана емес) ресейлік БАҚ күндіз-түні өз сандырағын құйып келеді. Қазақстандықтар Ресейдің ақпараттық кеңістігіне әбден батқан және ресейліктер сияқты Кремльдің идеологиясына толыққанды шалдығып отыр. Қазақстандық орыстардың көпшілігі өздерінің идеологиялық және саяси көзқарастары бойынша кремльдік насихаттың дайын өнімі. Міне, осының барлығы, егер ертең Путинге өзінің «орыс жерлерінің жинақтаушысы» ретіндегі саяси ұстанымын қолдау үшін Қазақстан жері қажет болса, онда біздің елдегі «ватниктердің» қолдауына ие болатыны ешқандай күмән тудырмайды.
Атап айтарлығы, Путин мұны жақсы біледі. Оны қазақстандық билік те жақсы біліп отыр. Шындап келгенде, Қазақстанда тұратындардың барлығы да біледі. Барлығы білгенімен ешкім үндемейді, өйткені бұл туралы айту әдептілікке жатпайды. Әйтпесе, өзіңе-өзің жау тауып аласың. Сондықтан барлығы «Үндемеген, үйдей пәледен құтылады», деген ұстанымнан шықпай отыр. Өкініштісі, осы! Украинадағы орын алған жағдайды ескерсек, бұл қоғамдық дискурстың, яғни басты тақырыптарының бірі болуға тиіс еді.
Сергей Дувановтың Facebook желісіндегі парақшасынан алынып, аударылды.