Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:46, 02 Ақпан 2024

Ошақ басындағы ойран

Батыр
Фото: из открытых источников

Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қаперіне!

Басқыншылықтың аты қашанда басқыншылық...

Ұлық ағзамның өз құзырына қаратып алып отырған шетсіз, шексіз қазақ даласы мен одан арғы азиялықтарды басқару амалдарын зерттеп, арнайы заң қалыптастыру үшін құрған комиссиясының белді мүшесі ретінде қазақ арасында екі жыл жүрген, кейін Қостанайдың губернаторы генерал-майор А.К.Гейнс 1866 жылы күнделігіне былай деп жазады: «Наши солдаты здесь очень скучают. Груздь рассказывал, что было несколько примеров, что солдат убивал киргиза, или киргизку или киргизенка без всякой другой цели, как только для того, чтобы быть сосланным, что он и показывал на следствии, объясняя, что жизнь в степях стала ему невыносима. Если верить киргизам и Груздю, то с целью быть сосланным произведено солдатами двадцать три убийства со времен взятия Ак-Мечети» (А.К.Гейнс «Собрания литературных трудов А.К.Гейнса» т. ІІ, СПб 1898 г., стр.256).

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған шаруалар көтерілісін тұңғыш рет дәйекті зерттеген орыс ғалымы И.В.Аничков 1894 жылы былай деп жазды: «Орыстардың Сыр бойын жаулап алуына белсене атсалысып, қазақ жұртшылығын басқаратын башқұрт офицерлері қазақтардан алым-салықты белгіленген мөлшерден артық алып, олардың қыздарын зорлап, абыройларын төгеді. Оған қоса №1 фортты салып жатқанда орыс солдаттары үш қазақты қол-аяғын байлап, кірпіш күйдіріп жатқан пешке тығып, тірілей өртеп жібереді» («Жанқожа Нұрмұхаммедұлы». Алматы, 2014 ж. 64-бет).

Ел аман, жұрт тынышта тек ермек үшін ғана өлтірілген бұл 26 құрбандық біз түгендеп көру талабында отырған ұрыс жағдайында кеткен Арықбалық шаһидтерінің есебінен тыс.

Сыр бойының төменгі етегі ХVІІ ғасырдан бері әлімнің кішкене аталығы – негізінен қол еңбегі маңдай термен күн көріп келе жатқан отырықшы қарапайым егінші шаруа – жиеней, жолшара, асан, үсен, құрманай, құттық руларының атақонысы. Сол кездегі инфантерий В.А.Обручев 1847 жылдың 30 маусымында қалың қазақ ортасында қазығын қаққан Райым бекінісі 1850 жылы қорғаныс жағдайына аса тиімді, нағыз қанды өткел Қаратөбеге көшіріле бастады. Бұрыннан Қазалы аталатын қатардағы елеусіз елді мекеннің ендігі ресми атауы №1 форт, демек, бұдан әрі жоғары өрлеп, екінші, үшінші форттар да салына береді деген сөз. Қаратөбе болса Хиуа, Бұқар, Қоқаннан Ресейге, ол жақтан Орта Азияға жылына мыңдаған керуен әрлі-берлі өтіп тұрған қандауыз. Іргелес Қоқан мен Хиуа шапқыншылары дүркін-дүркін осы арадан өтіп, бас иесіз қалған қазақтарды қан қақсатып жүр. Азия жағдайында анық үстемдік беретін пароход фортқа дария өрлеп, еркін келе алады. Қазалы алдын ала арнайы зерттеліп, бекініске өте оңтайлы таңдалған. Су мол, айнала жайылма көл, шөп қалың, үйрек ұшып, қаз қонған, балығы тайдай тулаған балқаш, тұнып тұрған ырыс, несібе. Ашөзек солдаттар үшін де, Ресейден өңештері қурап ауған қарашекпендер үшін жер жәннаты. Кейін қанды қырғын болатын Арықбалық Қазалыға іргелес, бекіністің батысындағы егіс алқабы әрі мал өрісі. Жазда көкмайса пішені жайқалған, қыста ірі-қара алаңсыз жататын қалың қорыс көл. Қазір Жанқожаның әкесі батыр Нұрмұхаммед, оның би інісі Өтегеннің сүйектері осы Арықбалықтың батыс етегіндегі Қаракөлде. Қорымда батырдың туыстары – майданнан да бір қауым аруақтар мекен тапқан.

Содан бері заман талай төңкерілді, қоғам қырық құбылды, балапан басына, тұрымтай тұсына, байтал түгілі бас қайғы алмағайып кезеңдер де өтті. Патшалы Ресейдің қас жауы, «орысқа қарсы» болғандықтан одан кейінгі кеңес өктемдігі кезінде талай тәлкекке түскен көтеріліс қалай ғана егжей-тегжейлі зерттеле қойсын. Бұл тақырыптағы қиғаш пайымдар легі мол.

Елдігімізге сын болып табылатын осы бір әлдеқашаннан көкейде жүрген түйткілді оқиға туралы бүгінгі ұрпақтарының кәперіне салу сіздің бұл пақырыңызға парыз тәрізді. Уақыт озған, бірде-бір куәгердің көзі жоқ, сөйтіп ауызша деректер келмеске кеткен, сол кездегі мерейі үстем дұшпандардың қолынан өткен құжаттардың көбісінде шейіттер туралы мағлұматтар баспа-бас түгенделіп, қағазға түспеген. Біз сол бұлыңғыр соқпақты шыжымдап көрдік. Сол күйі сұраусыз жоғалып бара жатқан аруақтардың рухтары үшін, бейкүнә төгілген қанның өтеуі үшін, жетіліп келе жатқан жас ұрпақ санасының сергектігі үшін... Ақыры еліміздің абыройы үшін.

Түркиямен текетіресте мерейі үстем боп шыққан Ресейдің кеудесі аяққаптай боп енді империялық желікке шынттап мінген. Бұдан былайғы мақсат ежелден текетірес іргедегі шикізатқа бай ұланғайыр Азияны жаулап алу. Қиырдағы Үндістаннан дәмелену болса І Петрдің аузымен әлдеқашан айтылған. Мемлекеттік саясатқа айналған бұл басқыншылық жоспарды жүзеге асыру сол тұста Орынбор және Самара генерал-губернаторы, патшаға шексіз берілген жігерлі де қайсар В.А.Перовскийдің қолына тапсырылды. Ол патшаның арнаулы бұйрығы мен қаржы күтпестен бұдан арғы әскери жорықтардың плацдармы болып тұрған №1 форт бекінісінің салыну барысын өзі тексеріп, жедел нығайтуға жаныға кірісті, форттағыларды бүйі тигендей асықтырды.

Егінші қазақтардың жылдар бойы зор бейнетпен арық-атызы қазылып, өнім алып отырған дайын егіс алқаптары Орынбордан көшіріліп әкелінген переселен-қарашекпендерге тартып алынған соң мыңдаған отбасы қоныс аударуға мәжбүр. Көктемгі егіс науқаны кезінде қазынаға шөп шауып, бекініс салуға тартылған қазақтарға еңбекақы төлінбейтіні былай тұрсын, өз отбасы үшін егіс салуға босатылмады. Әкімшілік басындағылар қазақтардан тиісті салықтарын артық өндіріп алуды кәсіпке айналдырды. Одан да сорақысы –бекіністің қайыру көрмеген бассыз әскерилері іздеріне солдат ертіп ауыл аралап, келіншектер мен қыздардың абыройларын төгумен айналысты, қазақтарды ермек үшін өлтіре салуды әдетке айналдырды. Зәбір-жапа шегіп отырған халқының намысы үшін 82 жастағы Жанқожа тағы да атқа қонуға мәжбүр.

Жанқожа 1856 жылдың қазан айының орта шенінде Ұшырғыға көшіп келіп, көтеріліс туын тікті. Қазалы, Ырғызға, Арал төңірегі, Жаңақала, Сырдарияның төменгі сағасындағы негізінен алты әлім, төртқара мен шөмекей билеріне жаушылар аттандыра бастады.

Қарашаның бірінде батыр екі елші жіберіп, Хиуа ханынан көмек сұраған. Олардан келгені екі адам. Мұхаммед Рахым қайтыс болған соң өз билігін жөнге келтіре алмай, мәңгіріп жатқан жас хан алдымен қаланы алып алыңдар, көмекті сонан соң беремін деп ұзын арқан, кең тұсау пәтуасыз сәлем жолдаған.

Енді ел құлағдар болып, қарсылықты қолдап атқа қонған жігіттердің қарасы молайған соң желтоқсанның басында көтерілісшілер бері жақындап, Жаңақаланың батыс бетінен төрт шақырым Ақтөбе деген жерге ту тікті. Көтерілісшілердің бұл кездегі құрамы 1200 адам. 10-15 жігіттен құралған торушылар төңіректі торуылдай бастады. Қазалы бекінісі қоршауға алынды, форттан тысқа тышқан жорғалай алмай қалды.

Перовск бекінісі түгелдей әскери дайындыққа келтірілді. Жағдай одан әрі ушығар болса, қалың әскер Қазалыға бет алуға дайын. Мұсылмандарға қару ұстатпайтын әкімшілік форт салып жатқан башқұрт жұмысшыларына да мылтық үлестіруге мәжбүр.

Ақтөбе ошақ болған бастапқы кезде қазақтардың 1450 қараша үйі тігілген, 1800 сарбаз болды деп көрсетіледі ендігі бір деректе. Онан кейін барлауға шыққан орыс отрядтары көздеріне түсулеріне қарай әртүрлі сан көрсетеді, ол мәліметтерден көтерілісшілердің құрамы күн санап өсіп келе жатқандығы көрініп тұр. Ендігі жайттың басы ашық.

Орынбор әскери губернаторына форттан 1856 жылдың 5 желтоқсанында №110 реттік санмен жолданған хабарламада тілмаш М.Ахмеров қазақ ішіндегі жансыздары арқылы алған мәліметтеріне сүйеніп, көтеріліске қарекет қараша айында басталғанын мағлұм етеді. №1 форт басшылығына қожамберлі Ізтілеу Жұмабаев пен алтынбай, күлік биі зауряд-хорунжий Ұлбөбек Таимов та осы жайтты хабарлайды. Оныншы желтоқсанда таңертеңгі сағат 10-да Ұлбөбектің әкімшіліктің тапсырмасымен жіберген жансызын көтерілісшілер ұстап алады.

Өлкеге жаңа өкіметтің орнауына байланысты орыс тілін білетін, аз-маз болса да сауатты адамның қаны жерге тамбай қалды. Тілмаштыққа жүретін шала сауаттылар Орынбор жақтан әскерилермен бірге келген башқұрт пен татар. Солардың бірі – Орынбордан жіберілген ел ішін ушықтырып, осы толқудың басталуына себепшінің бірі жас тілмаш М.Ахмеров аудармашылығымен қатар Ақмешітте отырған жансыздары мен тыңшылары арқылы бұл жақтағы жайттарды ғана емес, Хиуа, Қоқан, Бұқар жақтардан да мағлұмат алып, әкімшілікке хабарлап отырған, үш бірдей тіл білетін сарай кеңесшісі И.Осмоловскийдің көмекшісі де болатын. Арыз-шағымдарын орыс әкімшілігіне тікелей жеткізе алмайтын қазақ пақырдың күндері осы алаяқ тілмашқа қарап қалды. «Егестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан». Бұл сұқсыр қызметін өз мүддесіне мүлде асыра пайдаланып, екі халықтың арасына от салды. Орысқа берілген старшындарды пайдаланып, ізіне қарулы солдаттар ертіп ел аралап, қазақтардан артық салық жинауымен қоймай, ажарлы қыздарға да қол салатын. Оқиға ушығып, қазақтардың атқа қонғандығы шындыққа айналған кезде жаны мұрнының ұшына келген ол әкімшілікке үрей туғызып, «жау шаптылап», дереу әскери әрекетке итермелейтін әсіре жалған хабарлар жеткізіп тұрды. Солардың негізгілері: Жанқожа Хиуа ханына кісі шаптырды, олардан көмекке алты мың жасақ, төрт зеңбірек сүйреткен көмек келе жатыр, қазақтар барған сайын көптеп жиналуда, теңіздің арғы бетіндегі Есет те әне-міне жетпекші...

Кейін осы сұрқия тілмаштың әрекеттерінен күмән алған генерал-губернатор В.И.Перовский онымен қоса бекініс коменданты Л.Булатовты дереу қызметінен босатып, Орынборға алдырды. Әлгі Мұхаммедхасан Шафиғұлы Ахмеров жазаланбақ түгілі сонда кіші тілмаш қызметіне қайта тағайындалды.

1856 жылдың 18 желтоқсанында зауряд-хорунжий старшын Ұлбөбек Таимов көтерілісшілердің арасынан орыс бекінісіне жаңа хабар алып келді. Оның да мәлімдеуі бойынша, Жанқожа Хиуа ханына 2000 адам сұрап жаушы жіберген. Ханның алдымен бекіністі ал, шерікті содан кейін жібереміз деген салғырт сәлемі жеткен. Жанқожа жау келеді-ау деген ұрымтал тұстарға қос қойған, маңына адам жинап жатыр.

Бұдан бұрын орыс әкімшілігімен арақатынас түзу кезде – 1853 жылдың маусымында Жанқожаның өзі ұсынып, мақұлдауымен кішкене шектілерге үш би бекітілген-тұғын. Бұлардың түгелдей батырдың келісімімен жұмыс істеп, оған есеп беріп тұруы да міндеттелген. Осылардың екеуі – Бекарыстан мен Бекмырза халқына жақын, батырға пейілді болды да, күліктің жамангөзі Ұлбөбек Таимов Жанқожаға қарсы, өкіметке ақи-тақи алаңсыз қызмет етіп, зауряд-хорунжий шенін иемденді. Басшыларына батырдың үстінен бірнеше рет шағым түсірді, тыңшылық етіп, оларға қазақтардың арасында болып жатқан жайларды жедел хабарлап тұрды. Кейін аласапыран басталар кезде өзінің жақын туыстарын көтерілісшілерге қоспай анағұрлым қауіпсіз аймақ – Қарақұм, одан әрі Ырғыз жаққа көшіріп жіберді. Олардың қауіпсіздігін орыс әкімшілігіне тапсырды.

Аудармашы А.Ахмеровтың 1856 жылдың 19 желтоқсанында №1 форттан жазған реттік саны №127 құпия мәліметіне бақсақ, оған жиеней, жолшара Шонай Үрпеков келіп, мынаны мәлім етеді. Жаңақаладан әрі төрт шақырым жерде Жанқожаның әскері шоғырланған, барлығы 1500 сарбаз, бергі жақта 200 адам барлауда жүр. Барлаушыларды Сырлыбай Шабақов, Үмбет Әлімов, Аманқожа Әуменовтер басқарады. Қазақтар мұз ұстасу бойына Қазалыға шабуыл жасамақ.

Дереу дәл осы күні арғы бетке шоғырланған көтерілісшілерді тарату үшін Михайлов бастаған 1 зеңбірек сүйретіп, 100 атты қазақ, 1 офицер, 520 жаяу солдат шықты. Олар көне Жанкент бекінісінің маңынан Жанқожа жұмсап отырған 150 атты барлаушыларды кезіктіреді. Сарбаздар қаша ұрыс салуға мәжбүр. Осы жерде қазақтармен бетпе-бет ұрыс барысында найза қатардағы солдат Ефим Зубовтың оң иығын жеңіл жарақаттаған. Жазалаушы отряд барлаушыларды әрі қарай 20 шақырымға дейін қуған. Аттылы қазақтарға жете алмай әбден шаршаған бұлар кері бұрылып, қалың қамыс арасындағы арыққа 30 қарулы солдат тосқауыл тастаған. Барлаушылар әскерді қайта өкшелей қуып келе жатып, осы қарулы топқа арандап қалады. Қақтығыста төртқараның кәніспегі Отарбай Ермекбаев санынан жарақаттанып, қолға түскен. Жазалаушылар атын, ер-тұрманын, қару-жарағын қоса басшыларына әкеліп тапсырған. Қазақтар тарапынан өлгендер туралы мағлұмат жоқ.

Осы 1856 жылдың 21 желтоқсанында бекіністен №4035 реттік санмен жазылған майор Л.Булатовтың мәлімдемесінде: «...захвачены г.Михайловым еще два киргиза по подозрению в участии в убийстве и увозе поселян», деп көрсетіледі. Тағы бір қазақ гауптвахта жатыр.

Сол күні №1 форттан жөнелтілген №4935 құжаттан ағайынды Обертышевтердің кеше 20 желтоқсанда Жаңақаланың тұсында жазаланғандарын білеміз. Бұларды бергі бетке қайықпен өткен қазақтар ұстап алған. Шөп шашылып, 6 арба аударылған, қанның ізі дариядан қалаға дейін шұбырып жатыр, бас киімдері мен қолғаптары әр жерде қалған. Ашулы көтерілісшілер бірін сол жерде өлтіріп, екеуін тірілей алып кеткен. Жазалаушылар Обертышевтердің үш өгізін бекініске алып келіп, туыстарына тапсырады.

Алдына алып келген екі тұтқынды тергеуге алып, батыр: «Бұлар жазықсыз шаруалар екен, үйлеріндегі қарт әкелері жылап қалатын болды-ау» – деп, сарбаздарға енді тиіспеулерін тапсырған.

Жазарман Ә.Оспанов көрсеткендей, бұлар: «казак көпесі Обертышев» («Наркескен» №3 дәптер, 41-бет) емес, Ресейден жеткізілген қарапайым шаруалар, қарашекпендер. Өз көзімен көрген куәгер майор Л.Булатов тайға таңба басқандай жазып отыр: «...захваченные и убитые были поселенцы три брата Обертышевых».

Өлтірілген қарашекпен Семен Обертышевтің үлкен ұлы Григорий мен оның інісі Степан. Григорийдің екі баласы жастай өз ажалдарынан өлген. Степаннан кіші Ирина деген де қыз бар. Кейін Григорийдің жесірі Любовь Никифоровнаға қазынадан 127 рубль 18 тиын күміс төленді. Көпестің ұлы болғандықтан емес, кедей, көмекке мұқтаж қарапайым шаруа – переселен болғандықтан.

21 желтоқсанда №1 форт коменданты №4935 қатынасында Аймұхаммед Мұсылманқұлов, Мәмбетәли Садыров пен Тумыш Шұжықов бастаған топ Қарақұмда төртқаралардың арасында сауда жасап жүрген көпес Деев Григорий Панфиловты тонағандығын көрсетеді.

1856 жылдың 28 желтоқсанында бекініс коменданты майор Л.Булатовтың жазған мағлұматына сүйенер болсақ, он бес күн болды, үзбей жаңбыр жауады да тұрады, айнала қалың тұман. Солдаттар пішенге де шыға алмай бекіністе қамалып отыр.

Қыс ортасы болғанымен күн жылы. Айналаны қалың тұман басқан. Желтоқсанның соңына дейін дария ұстаспай абыржы болып тұрып алды. Қазалыға шабуылдың басталуына бұл басты бөгесін.

1856 жылдың 28 желтоқсанында тілмаш М.Ахмеров пен орыс қызметінде жүрген хорунжий Шарыповтың Орынбор генерал-губернаторына №5035 реттік санмен жолдаған мәліметтеріне жүгінсек, 1856 жылдың 23 желтоқсанында құлқын сәріде таңғы сағат жетіде бұларға Масақбай Меңлітаев келіп шағымданады (Бұл жолбарыс аулауды кәсіп еткен Масақбай – М.Қ.). Ұшырғыда 450 үй төртқараларға би Үмбет Әлімов пен қожа Аманқожа Әуменов бастаған көтерілісшілер келіп, ат ойнатып, бұлардың Жанқожаға қосылуларын талап еткен. Төртқаралар екіге жарылған, көтерілісшілермен бірге жүрген өз старшындары Итіғұл Құдайбергенов те солардың сөзін сөйлейді. Масақбай Меңлітаев өздерін Қазалыға көшіріп алуды өтінеді. Форттағылар дереу Арал флотилиясының командирі А.И.Бутаковпен келісіп, ертеңіне Қаратөбе тұсынан дариядан өтіп, Масақбай Меңлітаевтың жол бастауымен кездескен көтерілісшілердің беттерін қайтарып, сол жақта қалып қойған Итіғұл Құдайбергенов бастаған қазақтарды бері өткізіп алуға шыққанда көтерілісшілер орыс әскерлерін үш жақтан қоршап алып, ұран салып, үш дүркін екпіндете шабуыл жасайды. Бұлар картечтен оқ боратып қорғанады. Көтерілісшілер 1000-1800 адам. Жандары мұрын ұшына келген жазалаушылар форттан көмек сұрап, Өтеген Аққозинді шаптырады. Қолға түсіп қалмай қоршаудағы фортқа аман жеткен оған табан астында 20 рубль күміс ақша төленген. Төртқаралар қала маңына көшіріліп әкелінеді.

Ертеңіне көргендері 500 қазақ. Олар осы күні гарнизон аттарына дайындалған 25 шөмелені өртеген. Бұл күні көтерілісшілер жағынан тағы да бес адам өлген.

Келесі күні өртелген 105 шөмеле.

23 желтоқсандағы оқиға туралы екінші рапортта да маңызды мағлұмат бар. №1 форт бекінісінің командирі майор Л.Булатовтың 1856 жылдың 30 желтоқсанында №525 реттік санмен берген ебінің сорабы былай. Старшина Михайлов бастаған Орал 150 атты казактары 23 желтоқсанда, қалың көтерілісшілерді біржола жазалап тастауға мүмкіндіктері жоқ, әзірге оларды тарату мақсатымен дарияның сол жағалауына өтеді. Отрядта бір зеңбірек бар. Ол жақтағы көтерілісшілер саны 1450. Форттан 12 шақырым ұзап, Марқабай моласына жеткен. Старшин Итіғұлдың ауылын бері көшіріп алу үшін 35 казакпен есаул Толстов жөнелтіледі. Бір сағаттан кейін Жанкент маңында бұларды қазақтар көріп қалған. Олар дереу негізгі отрядқа қосылуға мәжбүр. Қорған деген жерге шоғырланғанда шамамен 1800 атты қазақ ұрандап бұларға тап береді. Зеңбірек, картечь, мылтық іске кіріседі. Қарсыластары лек-легімен лап беріп, бұдан кейін де үш рет шабуылдайды. Қараңғы түскен соң қазақтар өліктер мен жараланғандарды алып кетіп жатты. Көтерілісшілер жеткізбейтін болған соң бұлар кері қайтуға мәжбүр. Сөзбе-сөз келтіргенде ұрыс барысында: «по показанию лазутчиков мятежников убито до 40 человек и многие ранены». Бұл дерек екі бірдей құжатта қайталанғандықтан 40 қазақ өлді деп есепке аламыз. Ал жазалаушылардан өлген бес ат.

27 желтоқсанда хорунжий Череватов бастаған 80 солдат екі рота 8 өгіз арбамен арғы бетке өтеді. Бұларды Орал атты казактары қорғап шыққан. Қазалыдан бір шақырым ұзау бойына алдарынан 500 қазақ көрінеді. Каратөбенің тасасынан шыға келген сарбаздар бұларды қоршауға алып, бас-көзге қарамай, құйындата шабуылдайды. «Бросились на команду». Жазалаушы солдаттар әрі жылжи алмай дереу арбаларын қоралап, осы қалқан ішінен қорғануға мәжбүр. Осы ұрыста: «Убито 5 человек. Есаул Буренин убил еще двух человек, многих ранил». Сонда алдыңғы бес қазақ мылтық оғынан, соңғы екі кісі қылыштан өлген болып шығады. Осы ретте 25 шөмеле өртелген.

Генерал-губернатор граф А.А.Перовскийдің 1857 жылдың 14 қаңтарында соғыс министріне жазған №83 қатынасында тағы да: «При преследовании одной из шаек, ранен пикою казак, а киргизов убито до 20 человек картечными выстрелами» деп көрсетілген.

Қақтығыстар барысында тағы да төрт қазақ қолға түсіп қалған. Генерал-майор, барон Фитенгоф генерал-губернатор граф В.И.Перовскийден тұтқында отырған бұларға қандай жаза лайық деп сұрайды. Оған Орынбордан 1857 жылдың 10 ақпанындағы №80 қатынаспен былай деп нұсқау берген: «...если люди эти взяты были с оружием в руках, следовательно несомненно принадлежали к числу мятежников, то для примера (...) было полезно: тогда же подвергнуть их заслуженной казни».

Демек, бұл төрт көтерілісші де атылған не қылыштың жүзінен өткен.

Форт коменданты Л.Булатов бастаған барлаушы отряд 3 қаңтарда Жанкент маңына шыққанда жолай бір қазақты ұстап алады.

1857 жылдың 9 қаңтарында құлқын сәріде генерал-майор, барон Фитенгоф бастаған жазалаушы отряд Қазалы бекінісінен шамамен бес шақырым ұзағанда алдарынан салт аттылардың қарасы көрінеді. Атты казак отряды дереу оларды қолға түсіруге ұмтылады. Күніне бір гарница арпа жеп тұрған қазынаның бағулы аттары далада жайылымда жүрген аттардан неге дейлі болмасын, шолғыншыларды оп-оңай қуып жетті. «...часть из них была переколота пиками, другим удалось скрыться в тумане, двое были взяты в плен». Қолға түспей кеткендері, әрине, батырға жаудың келіп қалғандығын хабарлайды, сарбаздар дүрк көтеріліп, атқа қонды. «Перекелотоны» өлтірілді деп түсінеміз.

1856 жылдың 29 желтоқсанында №І форттан майор Булатов жазған №5035 қатынаста 22-сі күні жазалаушы отряд арғы бетке шыққанда 200 адамды көргендігін мағлұм етеді. Олар арық, атызға жасырынып жатып, бұларға оқ атады. Жазалаушылар дұшпандарына төрт рет жауап қайтарады. Казактар кейін шегініп, бекініске тығылып қалады. Мағлұмат былай деп тұр. «Отойдя в камыш начали подбирать убитых». «Причем убито было пять человек киргиз, которые подхвачены были их товарищами»... «под начальством есаула Буренина, который хорунжим Череватовым преследовал верст на три большую шайку и на это время убито еще два киргиза и несколько ранено...»

Нағыз шайқас өтетін 9 қаңтар жақындап келе жатты. Қолға түскен деректерге сүйенер болсақ, осы кезге дейін 80 қазақ өлтірілген.

3 қаңтарда көтерілісшілер әлі толық бекіп болмаған мұз үстінен түгелдей дарияның оң жағына өтті. Ендігі ошақ Қылышбай бейітінің маңы, ұрыс болмақшы алаң Арықбалық алқабы Қазалыдан он бір шақырым. Шабуыл әні-міні басталмақ.

Аса діндар батыр осы жолы күші анық басым кәуірмен ұрыс үстінде Алланың ақ жолымен шейіт кетуге пейілді әрі дайын болатын. Оған дәлел – нағыз жан алып, жан берісетін шешуші айқас алдында Қаракөлдегі ата-бабаларының бастарына барып, Құран оқып, зиярат етіп қайтады.

Күн сайын асқынып бара жатқан көтерілісті басуға №1 форт құрамасының қауқары жетпейтіндігі түсінікті болды. Генерал-губернатор В.Перовскийдің бұйрығымен Қазалыға бет алған, құрамында 265 солдат, екі зеңбірек, бір ракеталық станок, тағы Елікей Қасымовтың бірнеше жүз қазақтары бар жазалаушы отряд Ақмешіттен шығып, 1857 жылдың 1 қаңтарында Қармақшыға жетті.

Күн жылы, қалың тұман. Кеңтүп жаққа жіберген Жанқожаның төрт кісіден тұратын барлаушылары Ақмешіттен келе жатқан орыс, қазағы аралас осы қарулы қалың қолды кезіктіре алмай көтеріліс ошағына жайбарақат хабар жеткізді.

Көтеріліс шырқау шегіне жеткенде атқа қонған сарбаздардың құрамы бес мыңның үстінде болса, орыс қолы жеті жүздің ол жақ, бұл жағы. Әйткенмен олар қару-жарақтың арқасында көтерілісшілерден әлдеқайда үстем.

Аяғымен жайылып жүрген аттар да, өгіздер де арық. Жер болса сірескен мұз басқан көктайғақ (Фитингоф көрсетіп отыр – М.Қ.), ілуде біреуде шиті мылтық болмаса, негізінен садақ, найза, кетпен, айырын алып шыққандар, бірсыпырасы өгіз мінген, кейбірі мүлде жаяу шаруаның сан жағынан басым болғанымен, бір зеңбірек, екі ракеталық станок, 54 штуцермен мұздай қаруланған, құрамында 300 атты казак, 320 жаяу солдат, оның үстіне башқұрт отряды мен Елікей Қасымов бастаған барлап, шауып келуге жұмсап отырған 400-500-дей қосымша жасағы бар патша әскеріне төтеп бере алмайтындығы өзінен-өзі түсінікті. Арал флотилиясының бастығы А.И.Бутаков болса отрядымен ұрыстың қақ ортасында жүр.

Бұл аяқ астынан шыққан бұлқыныс намысқа шауып, теңдік іздеген таза өңеш жалаңаш шаруалар көтерілісі болатын. Көзсіз батырлық демеске үдде жоқ.

Енді қарулары мардымсыз қазақ көтерілісшілерінің қан қасап құрбандыққа ұшырағандығына айғақ негізгі құжатқа тоқталайық. Бұл қазақ жұртына тұңғыш рет жеткізіліп отырған сол қанды қырғынды өз қолымен атқарған генерал-майор, барон Фитингофтың Орынбордағы басшыларына 1857 жылдың 17 ақпанында берген жазбаша есебінен үзінділер, жан беріп, жан алысқан ұрыс үстіндегі шындық жайт. «Авангард бросился немедленно, и они застигнуты врасплох, были частою переколоты, двое взяты в плен... Хотя и было видно, что выстрелы наши свалили многих лошадей и что товарищей убитых бросились подбирать тела, киргизы не устрашились и почти многие залегли в канавы и нанесли большой вред штуцерным огнем наездникам», «они потеряли значительно убитыми и ранеными», «в кибитках лагеря мы нашли несколько мертвых тел, привезенных туда с поля битвы». «Толстов бросился в камыши... был встречен выстрелами, скрывавшими там трех киргизов: они были казаками заколоты», «на обратном пути войск видны были в камышах следы большого поражения, претерпленного мятежниками; тела убитых раненых лошадей забрызганные кровью камыши свидетельствовали, что этот день обошелся им дорого» (Жанқожа Нұрмұхаммедұлы. Алматы, 2014 ж. 486-492-беттер).

Арықбалықтағы бұл екі жақ қарсыластардың мүмкіндіктерін теңеуге мүлде келмейтін шайқас алакеугімнен күнұзақ қараңғы түскенше созылды.

Осы 1857 жылдың 9 қаңтарына дейін көтерілісшілерге 205 снаряд тасталып, әртүрлі от қарулардан 3221 оқ атылған болса, екіжақ шайқастың шырқау шегі – тек 5 қаңтар мен 9 қаңтар аралығында зеңбірек добы, картечь, ракета, штуцер, пистолеті бар, барлығы – 5986 оқ жұмсалды. Бұлардың қанша қазақты қыршынынан қиып, баудай түсіргендігін шамалай жатарсыз.

Қазақтар өліктер мен жараланғандарды ұрыс даласынан дереу алып кетіп жатты, ал орыстардың өлік санарлық мұрсалары болған жоқ.

Ә.Оспанов деген түпнұсқа деректерден хабары шамалы әуесқой жазарманымыз: «Казактар негізгі топқа қарап алаң болып тұрғанда, сырттарынан садақ тартқан атқыштар бұлардың есін шығарды. Дәл тиген оқтар мен жебеден жиырма шақтысы баудай түсті» («Наркескен», №3 дәптер, 98-бет) деп шалықтайды. Ойбай-ау, ондай болса кәні.

Ал шындығында 1857 жылдың 9 қаңтарында осы Арықбалық шайқасында жарақаттанған орыс солдаттары мыналар: урядник Матвей Бакалдин, оң жақ қолтығына найза тиген, жарақаты жеңіл; казак Филимон Лапухин, найза оң қабырғасына қадалған, жарақат жеңіл; казак Иван Черныш, найза сол жақ қабырғасын сөккен, жарақаты жеңіл; казак Никита Цыганов, найза оң жақ самайына тиген, бұл да жеңіл; казак Филип Петров, мылтық оғы қақ маңдайдан тиген, миы шайқалған. Лекарь бұның жазылып кетуі екіталай деп есептейді, демек өлгенге қоялық.

Осы мағлұматтардан-ақ жаужүрек жігіттердің қарша бораған оқтан тайсалмастан ұрысқа қолма-қол түскендері көрініп тұр.

Сонымен дұшпан тарапынан бар болғаны төрт-ақ адам жарақаттанып, жиырма шақты емес, бір ғана солдат өлген. Қолымен қараған дәрігер жарақаттардың барлығын дерлік жеңіл екендігін көрсетіп отыр.

Көтерілісті басуға жауапты генерал-майор барон Фитенгофтың басшылыққа 1857 жылдың 14 қаңтарында №18 реттік санмен жазған рапортының азат жолдарына В.А.Перовский 24 ескертпе түсірген. Оның алтауы қазақтардың әлі де көптеп өлтірілмеуі жайындағы ашу-ыза.

Бұл құжатты елеусіз қалдыру мүмкін емес.

Алдымен генерал-губернаторға жазбаша есептегі «неприятель» сөзі ұнамайды. №2 ескертпе. «Киргизы – русские подданные. Они в отношении к нам не могут быть неприятелями. Их можно назвать мятежниками, бунтовщиками и пр. Но название «неприятель» неправильно и слишком для них почетно».

Кейбір қазақ батырларының тайсалмастан екпіндеп, қолма-қол шайқасқа түскендіктері туралы сөйлемнің астын сызып тұрып жазған пікірі №10: «Как не нашлось ни казака, ни солдата, которые бы хотя одного из этих батырей сняли с седла пикою или штыком?»

Жайқалған салтанатты үлкен ақ тудың енді қалың әскердің сол қанатына ығысып, оның маңына тоғысқан жауынгер топтың ұрандап бұларға лап берген тұсы генералды ызаландыра түседі. №13 ескертпе. «Если это столь часто упоминаемое белое знамя играло в скопище Джангужи такую важную роль, то следовало непременно ударить на него решительно и сбить, а не дозволить ему в течение нескольких часов разъезжать кругом отряда».

Есепте өлген қазақтардың нақты санының көрсетілмеуі генерал-губернатордың жүйкесіне тиіп, бұл туралы бірнеше ескерту жасайды. №15. «О киргизах умолчено. Были ли с их стороны ранены и убитые?». №17. «Если мы не могли нанести им большого вреда нашим былым оружием, то они не могли потерять значительного числа убитыми и ранеными». №19. «Ни разу число убитых не означено цифрой... О мертвых телах сказано только, что их было несколько». Фитингоф есебінде қайтар жолда көптеген өлген адамдарды көрдік десе, губернатор тағы сұрайды: №23 «Сколько?»

Қазақтар неғұрлым молынан қырылған сайын жаны жай табатын нағыз қанқұмар басқыншының пейілі. Бас көтеріп жүрген қарапайым халықтың адам ретінде өз мүдделері, біздің тарапымыздан зорлық болды-ау деген кішкентай да болса адами түйсік жоқ, тек шабу, өлтіру, құрту. Және барынша қырып тастаған жөн.

Рапорттың ұрыстан кейін қазақ үйлерінің тоналуы жайлы тұсына генерал-губернатор: «Қазақтың жалғыз байлығы – мал, олардың тек малдарын сыпырып алу арқылы қанқақсатуға болады» деп жазады. «Сонда ғана олар болашақта бас көтере алмайды». Өте дұрыс айтады. Бұл сыналған әдіс кеңес өкіметі кезінде де жүзеге асырылды. Тағы генерал-губернатордың түсінігінше, көтерілісшілер тас-талқан болып түбегейлі жазаланған жоқ, тек қуып тасталды. Шындығы да сол.

Генерал-губернатор В.А.Перовский қазақтардың егін егіп, отырықшылықпен айналысуы былай тұрсын, қарапайым жер үй салуларына да қарсы. Ол қазақтардың көшіп-қонып, өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, үнемі орыстарға тәуелді күйінде қала беруін қасарысып қадағалап отырған.

Көтеріліс жеңіліс тапқаннан кейінгі әкімшіліктің кезекті мақсаты оның бастаушыларының көздерін жойып, бүлік ошағын қайта бас көтермейтіндей ыдыратып, Хиуа жаққа ығысқан қазақтарды өкімет қоластында бақылауда ұстау үшін бекініс маңына қайтару болатын. Генерал-майор, барон Фитенгоф осы мақсатпен 1857 жылдың 26 ақпанында 500 әскер, екі зеңбірек, екі ракета-станок, 15 күнге жетерлік азық алып, Қызыл жаққа аттанды. Жолай кезіккен ауылдарды аяусыз тонап, үлкен Қасқада отыр деген хабармен сұлтан Әзірбек Рүстемов пен Сердалы Бекшориннің («Самый верный вожак») жол бастауларымен 100 жарау аттылы казак басқарған есаул Толстовты Жанқожаны ұстауға жұмсайды. Сөйтсе, бұдан үш күн бұрын осы маңда көшіп жүрген старшын Итіғұл Жанқожаға інісі Мамыт Құндыбаевты шаптырып, бекіністен жазалаушы отряд шыққандығын ескерткен екен. Батырдың жұртын сипап қалған Толстов не істейді? «Два аула родственники его были тут настигнуты и уничтожены, а он Нияз Джанкин и другой киргизец Итегул Бик Айдаров убиты» («Жанқожа Нұрмұхаммедұлы», Алматы. 2014 ж. 494-495-беттер).

Жанқожаға жанашырлық танытқаны үшін Итіғұлдың ел ағасы – старшын екендігіне де қарамады, Сердалы би өз туысына араша түсе алған жоқ, дәл сол жерде тағы да екі қазақ атып, не шауып өлтірілді. Бұл 9 қаңтардан кейін өлтірілген 2 қазақ. Ал есаул Толстовтың табанасты қырғын салған екі ауылында қанша адам болды? Ол белгісіз...

Шаруалар атақоныстарынан босып, егістіктерінен айырылып, Қызылдың қиясын паналап отырған. «Жығылғанға жұдырық». Сердалы Бекшорин бастап барған жазалаушы отряд осы туыстарының 316 жылқысын, 215 түйесін, 488 сиырын, 15 бұзау, 6505 қойы мен 29 қозысын тартып алды. («Разорил весь аул»). Демек көтеріліске қатысқан қазақтардың үрерге иті, сығарға биті қалмады деген сөз.

Біз еміс-еміс болса да ізі көрінген деректердің сорабына түстік. Ал сол 1857 жылдың қысы мен батыр өлтіріліп, патша өкіметінің көңілі жайланған 1860 жылдың ерте көктемі аралығында мал-мүлкі түгелдей тоналып үрерге иті, сығарға биті қалмай азып-тозып елге бет алған кедей-кепшіктің Қызылдан Қазалыға дейін созылған шұбырынды жолда қаншасының сүйектері қалғандығы беймағлұм. Олар да осы біз іздеу салып отырған құрбандар құрамында болуға хақылы.

Сонымен 9 қаңтар күнгі нағыз қан қасаптағы құрбандардың нақты саны белгісіз, тек қағазға түсіп, қолға ілінген деректерді ғана келтірер болсақ, біздің есебімізше, тек көтеріліс барысында шейіт кеткен қазақтардың саны 84. Әртүрлі деректерде кезігетін Бутаковтың мойнында 40 қазақтың қаны бар деген мағлұмат бұл есептен тыс. Ұзын саны 200-ден, бәлкім, 300-ден де әрі болар. Кейін сатқындықпен өлтірілетін Жанқожаны қоспағанда.

Ендігі мазасыз ой: ес жиып, етек бастық деген кез – осыншама азамат ай мен күннің аманында елеусіз де ескерусіз қала бере ме? Елім, жұртым деп атқа қонып, соғыс үстінде бірден ақиретке жөнелген осы аруақтарымыздың адал қандары төгілген Арықбалық қазір егіс алқабы, мал өрісі. Ұрпақтар үшін табиғи міндеттерін өтеп мүлгіп жатыр.

Әңгіменің түйіні – дұшпандарының өз қауқарларынан әлдеқайда үстем екендігін көре тұра елдік намыс, туған жердің қасиеті үшін оққа өңеш жалаңаш ұмтылып, нағыз қан қасапта адал қандарын төгіп, шаһид кеткен сол боздақтарды еске аларлықтай бір белгі сұранып-ақ тұр. Арнаулы белгі болса, ұрпақтары аялдап, құран бағыштар, елеулі белгі болса, әсіресе жас өскін осы өз өлкесінде де теңдік үшін құрбандыққа кеткен жанкешті бабалар болғандығын білер еді, тарих деген әлдеқандай беймәлім алыс жақтарда емес, күнделікті өзі аяқ басып жүрген осы туған жерде де сайрап жатқанын сезініп өсер еді, білген болса, бүгінгі мамыражай күннің мәнін тереңірек ұғынып, отанға деген құрметі үстемелене түсер еді де.

Қалайда байыппен таразылаған жанға осы бір қасіретті де маңызды оқиғаның орны үңірейіп-ақ тұр.

Ескерткіш дегеніңіз әлдеқандай оқиға мен идеяның көркем жиынтығы. Ол міндетті түрде алдымен санада пісіп-жетіліп, биік талғамды көркемдік тезден өтуі ләзім. Ол – идеяның бір сәттік қана көрінісі, тоқайласқан бейне не оқиғаның түйіні, жиынтық образы. Көрермен сол бір сәттік бейнелі көріністен өшпестей әсер алуы тиіс. Бәлкім, ол – өкініш, ол – салтанат, ол – аза, ол – қасірет. Бұл ретте азалы қасірет. Не десең де қорғансыз қазақ бастан кешкен ащы тарихтың бір елеулі сабағы. Көркемдік деп аталатын тылсымның құдіреті де осында – әлдеқандай идеяны бір түйінді образға айналдыру қасиетінде.

Бұл күндері тақырыптың мән-мазмұны мен орайына қарай мүсін, мұнара, арка тәрізді белгілер орнатылып жүрген болса, бұл қасіретті тарихи оқиғаның мазмұнын ашатын, ұрпақтары арнайы аялдап, тізе бүгіп құран бағыштайтын, маңында бастырма, орындықтары бар қанды шайқастың мән-мазмұнын көз алдыға келтірерлік тақырыптық панорама тәрізді.

Сол азалы оқиғаны жаңғырта алатын жоғарғы көркемдік тезден өткен панорама-мемориал.

1991 жылдан бері Жанқожа батырды ұлықтау жолында талай да талай игі шараларды жүзеге асырып келе жатқан Қазалы ауданы бұдан бес жыл бұрын аудандық, облыстық әм республикалық баспасөзде екі жыл бойы жобаны ашық талқылай келе «Арықбалық шаһидтері» кешенін орнату талабына мінген. Қарсы пікір болған емес. Жанқожа кесенесінің меншігіндегі жер телімі дайын, жоба-сызба да жасалды. Алайда – «әттең, тонның келтесі-ай» – қомақты қаржы талап ететін аса игілікті шара әзірге кідірістеп тұр. Осы талмау тұста жалғыз ауданның ғана емес, бүкіл облыстың, республиканың абыройын асқақтататын іске шынтақтан бір көтеріп жіберерлік демеу қажет болып тұр.

«Біз Орта Азиядағы исі түркі тайпаларының бас бостандығы мен дербестігі үшін шыбын жанын шүберекке түйген, сырттан келген дұшпандардың әміріне көнбеген, өз мақсат-ниетінің жүзеге аса қоюының қиын екендігін көре-біле тұрса да, қолайлы бір кезеңде орыс патшалығына қарсы ақ ту көтерген Кенесары, Көтібарұлы Есет, Садық және басқалары тәрізді... күллі қазақтың атышулы батырлары мен сахара қаһармандарының санатына толық жатқыза алатын Жанқожа әулиенің» (И.В.Аничков) туғанына иектеп тұрған 2024-те 250 жыл, Арықбалық шаһидтеріне 166 жыл.

Молдахмет Қаназ,

жазушы, «Денсаулық» журналының бас редакторы, 
«Құрмет» орденінің иегері, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты,
Арал, Қазалы аудандарының құрметті азаматы.