Осы сенбі күні АҚШ Иранға соққы беруі мүмкін
АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік саласындағы жоғары лауазымды тұлғалар сәрсенбі күні ел президенті Дональд Трампқа әскери күштердің Иранға ықтимал соққы жасауға дайын екенін жеткізген.
Бұл шабуыл сенбі күні жүзеге асуы мүмкін. Мұндай ақпаратты дереккөздерге сілтеме жасап CBS News таратты.
Сонымен бірге, кез келген әскери әрекеттің мерзімі алдағы демалыс күндерінен асып кетуі ықтимал екені айтылады. Шенеуніктердің мәліметінше, Трамп әзірге Иранға соққы жасау-жасамау жөнінде түпкілікті шешім қабылдаған жоқ.
Ақ үй Иранға Таяу Шығыста АҚШ-тың әскери қатысуы артып отырған жағдайда келісімге келу «ақылға қонымды шешім» болатынын мәлімдеді. Бұл туралы Дональд Трамп әкімшілігінің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт айтты.
Мәлімдеме АҚШ пен Иран өкілдері арасындағы ядролық бағдарлама бойынша жанама келіссөздердің екінші раундынан кейін жасалды. Тараптар кездесудің нәтижесін әрқалай бағалады: Тегеран негізгі қағидаттар бойынша ілгерілеу барын хабарласа, Вашингтон Иран АҚШ-тың басты талаптарына әлі толық жауап бермегенін айтты.