Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:15

Осы Шахаров Әбілқайыр ханды біле ме екен?

Әбілқайыр хан мен Шахаров
Фото: Жас Алаш

Ақтөбе әкімдігі ат-тонын ала қашқан кітаптың жыры

Редакциямызға «Халықаралық Әбілқайыр хан» қорының басшысы Амантай Әлмұқамбет арнайы келді. Аталған қор 2007 жылы белгілі тарихшы, ғалым Ирина Ерофееваның еңбегін «Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик» деген атпен кітап етіп шығарған. 2024 жылы бұл зерттеу Ақтөбедегі «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық қорының басшысы Жомарт Қартбаевтың бастамасымен қазақ тіліне аударылған. Амантай Әлмұқамбеттің айтуынша, аударманың сапасы нашар. Бірінші сөйлемінен-ақ қателерден көз сүрінеді. Бір қызығы, қазақша аудармаға Ақтөбе облысы әкімдігі демеуші болған. Jas Alash тілшісі кітапты салыстырып оқып, тиісті жерлерге хабарласып, аудармадағы олқылықтарды анықтап көрді. 

Әбілқайыр хан кітабы
Әбілқайыр хан кітабы. Фото: Жас Алаш

«Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик» қандай кітап?

Бұл кітап 1680-1748 жылдары өмір сүрген Әбілқайыр ханның өмірінен дерек береді. Кітапта Әбілқайыр ханның қолбасшылық, саясаткерлік қабілеті тарихи деректермен, суреттермен берілген. Шығармада хан ұрпағы туралы да маңызды мәліметтер жазылған. И.Ерофееваның еңбегі 2007 жылы Ақтөбе облысының демеушілігімен, белгілі академик Карл Байпақовтың редакторлығымен жарыққа шыққан. Оған «Халықаралық Әбілқайыр хан» қорының басшысы Амантай Әлмұқамбет те атсалысқан. Ерофееваның еңбегі кезінде өз бағасын алды. Біз ол жағына бармай, былтырғы аударма туралы айтсақ деп отырмыз.

1
Фото: Жас Алаш

Сонымен, 2024 жылы қарашаның соңында Амантай Әлмұқамбетке Жомарт Қартбаев «Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик» кітабының қазақша аудармасын шығарғалы жатырмыз деп хабарласқан. Кейіннен Қартбаев Алматыға келіп, кітаптың бір данасын өзіне әкеліп берген. Кітапты бере тұрып «адамдар Әбілқайыр хан туралы деректерді бұрмалайды. Ал біз барды бар деп береміз» дегесін А.Әлмұқамбет те қуанып қалған. Бірақ артынан кітапты парақтап отырып, көңілі су сепкендей басылған. Себебі аударманы оқу мүмкін емес, ішіндегі суреттердің сапасы тіпті нашар. Қартбаевтар алдағы құрылтайға, президентке көрсетуге арнап шығарманы қазақшалапты. Ал Амантай Әлмұқамбет болса «егер шығарманы жарыққа шығармай жатып хабарласқанда суреттердің түпнұсқасын беретін едім» деп күйініп отыр.

Амантай Әлмұқамбет
Амантай Әлмұқамбет

Амантай Әлмұқамбет, Әбілқайыр ханның ұрпағы:  Аудармаға тарихта болмаған оқиғалар жазылып кеткен

– Кітаптың мұқабасынан бастап қате. Ирина Ерофееваның зерттеу еңбегі «Хан Абулхаир: полководец, правитель, политик», ал қазақшасы «Әбілқайыр хан: қолбасшы, саясаткер» деп аталады. «Правитель», яғни «билеуші» деген сөз қайда кетті? Кітапты басқан «Дайк-Пресс» баспасы деп көрсетіпті. Кітаптың соңында редактор Л.А.Туманова, корректор З.Т.Рахымбаева, дизайнер К.К.Карпун деп беріпті. Бұл кісілер еңбектің орысшасын шығарғандар. Олар қазақша білмейді. Баспа директорын Б.Л.Қазғұлов деп қойыпты. Негізі «Дайк-Пресстің» директоры Б.А.Қазғұлов деген кісі. Зерттеу еңбекке суреттерді мен бергенмін. Қазақшасында аты-жөнімді де өзгертіп тастапты. Әлмұхаммед деп беріпті. Шежіре бойынша Әлмұхаммед деген мүлде басқа адам. Былтыр желтоқсан айында кездестік,  бәрін қарап шығуға үлгермедім. Сондықтан есімде қалған жерлерін айтып жатырмын. Тек бір жерін дәлел ретінде келтіріп өтейін. Зерттеудің 437-бетінде:

«Ол (Әбілқайыр) қазақтардың жоңғар басқыншылығына қарсы ұлттық қарсыласуының жетекші ұйымдастырушысы және бас қаһарманы болды, қазақ көшпелілерінің өлкенің солтүстігі мен солтүстік-батысына кеңейіп, қазақ руларының жер иеленуіне берік қоғамдық құқықтық негіз жасады және жаңадан басып алынған өлкелердегі тайпалар мен жайық тайпаларының өзара жауласуы казактар мен башқұрттар шапқыншылығын тоқтатты. Кіші және орта жүз қазақтарын рулық бөлістеріне бөлінді, Орынборды салуға бастамашы болды...» дейді. Мұндай тарихта болмаған. Орысшада бұл сөйлемнің мағынасы мүлдем басқаша. Ерофеева еңбегінің 432-бетінде былай деп жазады: «Он был ведущим организатором и главным героем всенародного сопротивления казахов джунгарской агрессии, добился расширения казахских кочевий на север и северо-запад региона, создал прочную публично-правовую основу неотъемлемой земельной собственности казахских родов и племен на вновь занятых территориях, прекратил междоусобицы и набеги яицких казахов и башкир на родоплеменные подразделения казахов Младшего и Среднего жузов, а также инициировал строительство Оренбурга…». Оны қазақшаға аударсақ: «Әбілқайыр башқұрт-казак жасақтарының кіші және орта жүзге шабуылын тоқтатты» деп тұр емес пе? «Кіші және орта жүз қазақтарын рулық бөлістеріне бөлінді» деген не сөз? Әбілқайыр хан «кіші жүз бен орта жүз руларын бөлді» деп жазған болса, мұндай оқиға тарихта болмаған.

Аудармашыға хабарлассақ, «гугл-переводпен аудардым» дейді. Кешіріңіз, мен бұларды гугл-переводқа да салып көрдім. Бұлай аудармайды. Меніңше, мынаны әдейі осылай бұрмалап аударған сияқты. Түсінбейтінім, Жомарт мырза менімен кездескенде «басқалар бұрмалайды, мағынасын өзгертеді» деп алды да, өздері зерттеу еңбектің атауынан бастап қате жіберген. Кітаптың ішін айтпай-ақ қояйын. Мұқабадан Петр І-дің суретін алып тастапты. «Неге алып тастадыңыздар?» десем, «бұл қазақтың ханы емес» дейді. Біз орыстың ханын «Петр І Еуропаға терезе ашты, ал Әбілқайыр хан Ресей арқылы Еуропаға есік ашты» деген мағынада мұқабаға суретін салдық. Егер бұл жігіттер Әбілқайыр хан туралы кітап шығаратын болса, оған Ерофееваның еңбегін араластырмай-ақ, өздері жазып не құрастырып шығара бермей ме? «Әбілқайыр хан орта жүз бен кіші жүзді бөлді» деген не сөз?! Ертең осылардың кесірінен тарих бұрмаланады. Мұны оқыған жастар не ойлайды? Ирина Ерофеевамен 20 жылдай бірге жұмыс істедік. Оның қазаққа сіңірген еңбегі орасан деп айта аламын. Бірге экспедицияға бірнеше рет бардық. Абыройы зор еді, шетелдік тарихшылар «Ирина» демей, «Ирина ханум» деп шақыратын. Шетелдік тарихшылар Ерофеева айтты, жазды десе бірден сенетін. Оған сілтеме беру тарихшылар үшін мәртебе еді. Осындай тарихшының кітабын қазақшаға аударамыз деп не істедік?!

Тарихшы достарыма мына кітаптың қазақшасын көрсетіп едім, бір сөзбен «позорище» деді. Енді алдағы уақытта қазақша қате шыққан кітаптың мың данасын сатып алмақшымын. Егер естіп-біліп жатқан адамдар болса, маған әкеп берсін, бірден ақшасын төлеймін немесе кейін сапалы нұсқасын курьер арқылы жеткізіп беруге уәде беремін.

Айтпақшы, «Дайк-Пресстің» директорымен де кездестім. Ол «редактор, корректор, дизайнерлер мынаны білсе, сотқа береді. Себебі осы кітап арқылы олар мына мамандардың абыройын түсіріп отыр» дейді. Ғылыми кітаптың дәрежесін бұлай түсіруге болмайды ғой. Әдеби шығарма болса түсінемін. Көркемдік үшін өзгерттік дегендей сылтау айтып құтылуға болады. Бірақ Ерофееваның еңбегі ғылыми зерттеу. Мұны өзгертуге тіпті болмайды.

Белгілі ғалымның еңбегі шынымен сапасыз аударылған ба?

Амантай Әлмұқамбетпен арадағы әңгімеден соң екі кітапқа да үңіліп көрдік. Әрине, сыншы боп сын айтудан немесе бір жақтың мүддесін қорғаудан аулақпыз. Сондықтан өзіміз көрген, оқыған дүниелерді ғана тілге тиек етпекпіз. Біз аударманың кіріспесінен-ақ сүрініп құладық. Себебі шынында да аударманы оқып шығу мүмкін емес екен. Алғашында Амантай мырза зерттеуге маңдай тері сіңгесін ашумен әсірелеп айтқан шығар деп ойлағанбыз. Бірақ Ерофееваның еңбегі толықтай Google-аударма арқылы жасалғаны көзге көрініп тұр. Мысалы, аударманың 9-бетінде кіріспесі былай берілген:

«Баяғыда атақты, ардақты Жәнібек батыр үлкен жасақпен барымтаға аттанса, бесінші күні түсте жалғыз бұтақты ағаштың көлеңкесінде қатты ұйықтап жатқан жігіттің сұлулығына таңырқап, атының тізгінін байлады. – Неткен батыл, сымбатты жүз. – Ол қайрат пен мақтанышпен тыныстайды, – деді Жәнібек серіктеріне бұрылып, – қараңдаршы оның қолдарын қалай батыл әрі кең тастағанын, құдіретті қолдарымен бүкіл әлемді құшақтағысы келетіндей». Бұл жастың болашағы зор екенін сенімдімін. Болжамым орындалмаса, Жәнібек болмайын».

Әрине, бұл үзіндіден Жәнібек батырдың не айтқысы келгенін тұспалдап түсінуге болар, бірақ жазудың қаншалықты оғаш, тілге икемсіз болып тұрғаны жасырын емес. Мұндай аударманың бірінші бетінен кейін кітапты жауып қоя салғыңыз келеді. Ал біз жауып қоя салмай әрі қарай тағы да оқып көрдік. Көрдік те, кіріспесі ғана емес, басқа тараулары да дәл осындай тәсілмен аударылғанына көз жеткіздік. Тағы да сол мағынасыз сөздердің қосындысы, бітпей қалған сөйлемдер... Мысалы, кітаптың үшінші тарауында: «Әбілхайырды осындай түбегейлі саяси қадамға баруға бастамашы болған Алдар Исянгелдин, әрине, қазақтардың амандығы туралы қамқорлықты басшылыққа алды, бірақ, ең алдымен өз қол астындағы Орал башқұрттарының мүддесін алда ұстады» деп жазылған (263-бет). Ал орысша нұсқада ол былай беріледі: «Инициируия Абулхаира на такой радикальный политический шаг, Алдар Исянгельдин, естественно, меньше всего руководствовался альтруистической заботой о благополучии казахов, а исходил, в первую очередь, из интересов подвластных ему приуральских башкир (258-бет). Бұл жерде де Google аударма қалай аударса, солай беріле салған.

Екі кітапты салыстыра отырып мұндай қате аударылған сөйлемдерді әр беттен дәлел ретінде келтіруге болады. Сондықтан біз осы екі мысалмен ғана тоқтауды жөн көрдік.

Жомарт Қартбаев
Жомарт Қартбаев

Жомарт Қартбаев: Кітаптың аудармасына халық атсалысты

Аудармаға бастамашы болған Жомарт Қартбаев дау тудырып отырған адамдар тарихқа атсалысып жүрген болса, еңбектің қазақша аударылғанына қуанатын еді деп есептейді. Қартбаевтың айтуынша, кемшіліктер кез келген істе болады. Бірақ оны бұлай шұқып көрсетіп, тырнақ астынан кір іздеу азаматтыққа жатпайды. Ал кітапты шығаруға ешкімнің қатысы болмаған, тіпті аудармашы да тегін жұмыс істеген. Халық қаражат жинап зерттеудің аудармасына атсалысқан.

«Амантай мырзада ресми түрде Ерофеевадан алған мұрагерлік хаты бар ма екен? Алматыға барып кездескенде қордың 2015 жылы жабылып қалғанын айтты. Біз қазір ұлттық құрылтай өткізуге сұраныс жасап, Әбілқайыр ханды насихаттап жатқан кезде мынадай дау тудырып отыр. Әбілқайыр – қазақтың ханы. Оны бір адамның жекешелендіріп алғанын түсінбеймін. Қазір БАҚ-та «Әбілқайыр хан – сатқын» деген сөздер таралып жатыр. Егер Амантай мырза оның ұрпағы болса, бірден жауап бермейтін бе еді?! Біз бұл кітаптан пайда табуды көздемедік. Тек қана 1711-1726 жылы ұлттық құрылтай өтті деп соны қазақ әдебиетіне, қазақ тарихына кіргізуге тырыстық. Президент «Жаңа Қазақстан – жаңа тарих» деп айтылмай қалған тұлғалардың ізін қайта жаңғыртуға ұсыныс берді. Біз сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әбілқайырдың төрдегі орнын сақтап қалғымыз келеді», – дейді қоғамдық қордың басшысы.

Нұртуған Тұржанов, аудармашы: Ұнамаса оқымай-ақ қойыңыздар

Қартбаевқа олардың игі ниеттеріне ешқандай күмәніміз жоқ екенін, тек аударманың сапасыз жасалғаны туралы сұрап тұрғанымызды айттық. Ол аударманың сапасына жауап бермейтінін айтып, бізді аудармашыға сілтеді. Сұрастыра келе білсек, Ерофееваның еңбегін өмір бойы судья болып жұмыс істеген Нұртуған Тұржанов аударыпты. Ол кітап етіп шығару мақсатында емес, тек кішігірім жиналысқа арнап аударған едім, кітапқа қатысым жоқ дегенді айтты.

«Егер кітап қолыңызда болса, ең соңғы бетінде 2024 жылы өткізілетін «Ұлттық құрылтай – Қарақұм құрылтайы» атты рухани акцияға арналып қазақ тіліне аударылды» деп жазылып тұр. Аудармам оқырмандарға емес, бір конференцияға арналған жұмыс. Кәсіби аудармашы емеспін. Конференция өткізудегі мақсат – 1711 және 1726 жылдары Арал өңірінде Қарақұм құрылтайы өткізілгені туралы дерек жинау болатын. Сондықтан біз Ерофееваның еңбегін пайдаландық. Аударғаныма біреуден ақы алмадым. Иә, оған гугл-перевод пайдаландым, кемшіліктері барын да жоққа шығармаймын. Аудармамды басқа жігіттер ұнатып, материалды алып, кітап етіп шығарды. 4-5 айда асығыс аударылған дүние үшін бәрі маған тиісе беретінін түсіне алмай отырмын. Ақы алмағанымды да айтып тұрмын. Ақтөбе әкімдігімен де келісімшартқа отырмадым. Басқа не керек енді? Жомарт деген ініміз 1 000 дана бастырыпты, оған менің қатысым жоқ. Мен оларға аударманың сапасы онша еместігі туралы айттым. Біз 100 шақтысын құжат ретінде ғана шығарып пайдаландық. Болды! Егер кінәлі болсам, сотқа берсін, айыппұлын төлейін. Сіздер ескерту айтып жатырсыздар, бірақ басқаларға ұнапты. Ақсақалдарымыз да аударманың сапасын мақтап кетті. Олар маман, тарихшылар ғой. Сіздерге ұнамаса оқымай-ақ қойыңыздар. Менің кінәм, бір жиналысқа бола аударма жасағаным ба? Басқалар материалымды алып пайдаланса, оған менің не қатысым бар?» – дейді аудармашы.

Мамандар не дейді?

Біз жоғарыда кіріспеде келтірген сөйлемді филология ғылымдарының кандидаты, аударматанушы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Нұрсәуле Мақсұтқызына көрсеттік. Маман аудармада кеткен қателіктерді талдап көрсетті.

Нұрсәуле Мақсұтқызы
Нұрсәуле Мақсұтқызы

«Ол қайрат пен мақтанышпен тыныстайды», «оның қолдарын қалай батыл әрі кең тастағанын, құдіретті қолдарымен бүкіл әлемді құшақтағысы келетіндей», «Болжамым орындалмаса, Жәнібек болмаймын» деген қолданыстың барлығы қазақ тіліне жат, тілге етене еніп кете алмай тұрған, жасанды құрылымдар. Негізінде дұрыс аударма былай болу керек еді:«Бірде Жәнібек батыр қалың қолымен барымтаға аттанады. Бесінші күні түсте жапандағы жалғыз ағаштың көлеңкесінде қалың ұйқыда жатқан жас жігітке кезігеді. Жәнібек атының басын іркіп, ұйқыдағы жігіттің ерекше сымбатына қайран қалады. «Неткен батыл да сұлу келбет – білім мен асқақ рух сезіледі», – дейді Жәнібек серіктеріне қарап. – «Қараңдаршы, алшиып шалқасынан жатқанына, бүкіл әлемді құшақтағысы кеп тұрғандай. Мен бұл жігіттің болашағы зор екеніне сенімдімін. Егер осы болжамым орындалмаса, Жәнібек атым өшсін» болуы керек», – дейді филолог.

Әрине, бұл үзіндіні әркім көркемдік танымына, жазу стиліне қарай әртүрлі нұсқада аударуы мүмкін. Дегенмен негізгі жобасы осылай болса керек.

Баян Хасанова
Баян Хасанова

Ал аударма мен баспа ісін Alqa баспасының бас редакторы, аудармашы Баян Хасановаға көрсеттік.Редактордың айтуынша,кез келген тілден аударма жасағанда оның артында үлкен команда тұрады. Аударма әдеби редактор, шығарушы редактор деген сынды бірнеше маманның қолынан өтеді, тексеріледі.

«Мына аудармадан байқағаным, не біліксіз редактор оқып шыққан, не мүлдем редактордың қолы тимеген. Өйткені тавтология өте көп, сөйлем құрылымдарында да қайталау жиі кездеседі. Корректура, техникалық жағынан да қате көп, яғни аударма сауатсыз жасалған. Ал кітаптың қазақша мұқабасында да орыс тілінде еңбектің шығуына атсалысқан адамдардың аты-жөні тұр. Егер бұл мемлекеттік тапсырыспен жасалған дүние болса, аудармашы да, басқасы да ақша алады. Демек, мына жерде олардың аты-жөні тұру керек. Жалпы кітап тендеріне баспалар емес, басқа адамдар да қатыса береді. Олардың баспа ісінен мүлдем хабары болмауы мүмкін. Біз мұндай жағдайды бірнеше рет көрдік. Кейде мемлекеттік тапсырысты біздің баспа ұтып алғанда қатты қуанатын авторлар да болды. Өйткені одан бұрын бұл авторлардың шығармасын баспа ісінен хабары жоқ адамдар ұтып алып, ту-талақайын шығарған. Олар кітапты қалай шығару, қайда тіркеу керегін де білмейді. Осы жағын реттеу керек. Тапсырыс беруші кітапты қабылдап алған кезде қабылдаушы маманның баспа ісінен хабары болуы керек. Ал мына жерде тапсырыс берушінің жұмысты дұрыс қадағаламағаны көрініп тұр», – дейді Б.Хасанова.

Әкімдік не дейді?

«Жас Алаш» Ақтөбе облысы әкімдігіне де хабарласты. Әкімдік тарабы бірден біздің бұл аудармаға қатысымыз жоқ, ешқандай қаржы бөлмедік деп басын ала қашты. Бірақ А.Әлмұқамбетке былтыр 19 желтоқсандағы арызы бойынша Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасы: «2024 жылы «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық қозғалысының белсендісі Ж.Қартбаев пен «Тұран ойпаты-Арал теңізі» қоғамдық ұйымының жетекшісі А.Рысбаеваның бастамасымен И.В.Ерофееваның «Хан Әбілқайыр: қолбасшы, билеуші, саясаткер» кітабы «Әбілқайыр хан: қолбасшы, саясаткер» деген атпен қазақ тілінде 1000 (мың) данамен жарық көрді. Бұл кітапты шығаруға ақтөбелік «Парыз» қоғамдық қоры көмек көрсетті. Айта кету керек, жарық көрген «Әбілқайыр хан: қолбасшы, саясаткер» кітаптарын Ж.Қартбаев Астана, Алматы, Қызылорда, Жезқазған, Ақтау, Атырау, Орал және Ақтөбе қалаларының тұрғындарына таратқан» деп жауап берген.

Тағы бір айта кетерлігі, кітаптың мұқабасында «Ақтөбе – алтын бесігім» жобасы да көрсетіліпті. Алдымен Ақтөбе әкімшілігі Ерофееваның 2007 жылғы кітабына демеушілік жасаған болар деп ойладық. Жоқ, олай емес екен. Себебі «Ақтөбе – алтын бесігім» арнайы жобасы 2022 жылы ғана бастау алған. Мәдени дүниелерге атсалысады. Ақтөбе әкімдігі өздері демеушілік жасамаған кітапқа жоба атының жазылып кетуіне қалай жол беріп қойды екен, сол жағы түсініксіз?!

P.S. Қазіргі күнде Амантай Әлмұқамбет заңгерлермен бірге Ақтөбе облысы әкімдігін, «Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық қорының басшысы Жомарт Қартбаев пен аудармашы Нұртуған Тұржановты сотқа беруге дайындалып жатыр. Ақтөбе облыстық соты істі дұрыс қарамаса, кейін жоғарғы сотқа шағымданбақшы. 

Тұрсынбек БАШАР