Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:39, 24 Қазан 2024

Осы жұрт Бекбосыновты біле ме екен?

Алмас Бекбосынұлы
Фото: ашық дереккөз

Қазақ мәдениеті қай кезде де өнерлі жандарға кенде емес. Дегенмен халқымыздан шыққан би өнерінің хас шебері болған азаматтар туралы көп айтыла бермейді.

 Соның бірі – Алмас Бекбосынұлы. Есімі елге кеңінен танымал қазақтың біртуар бишісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына байланысты 19-20 қазан күндері Маңғыстау өңірінде халықаралық би фестивалі өтті. Ауқымы кең фестиваль аясында бірнеше іс-шаралар мен өнер байқаулары болды. Фестивальға арнайы Алматы қаласынан келген Алмас Бекбосыновтың туыстары Сара және Ақмарал Бекбосыновалар, Қазақ КСР-нің халық әртісі Гүлжан Ізімқызы Талпақова бастаған қазылар алқасы мен арнайы шақыртылған қонақтар мен сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен әртүрлі 24 өнерпаз қатысты. Фестиваль аясында Алмас Бекбосыновтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін көрменің ашылуы, Алмас Бекбосыновтың өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмнің тұсаукесері, дөңгелек үстел, шеберлік сағаттары, конкурс өтті.

Іс-шараның мақсаты – қазақ би тарихындағы кәсіби сахналық бидің алғашқы өкілі, ұлттық биді насихаттаушы, педагог, балетмейстер, режиссер Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың шығармашылығына кеңінен тоқтала отырып, есімін ел жадында жаңғырту. Жоба аясында ұйымдастырылған Халықаралық халық биі фестивалі арқылы ұлттық өнерді дәріптеу. 19 қазан күні Ақтау қаласындағы Достық үйі ғимаратының фойесінде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық би фестивалі аясында әртістің өмірі мен қызметін баяндайтын арнайы жасақталған көшпелі көрменің ашылуы болды. Би әлемінен сыр шерткен көрменің лентасын қию мәртебесі ҚР халық әртісі Гүлжан Талпақоваға және Алмас Бекбосыновтың туысы Сара Бекбосыноваға беріліп, көрмені таныстыру ҚР Мәдениет саласының үздігі Серік Сариевке ұсынылды.

«Бұл жобаның негізгі мақсаты – ұлттық қазақ биін халықаралық деңгейге көтеру. Жобаның ерекшелігі – 9 қазылар алқасының құрамында Халық әртістері мен Еңбек сіңірген әртістерден құралған мамандардың болуы. Олар ұлттық биді дәріптеп, насихаттап, оқытқан тәжірибелі ұстаздар. Гүлжан Талпақова атындағы кубоктың QR коды арқылы шығармашылығы туралы үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) ақпарат берілуі – халықаралық аудиторияға біздің мәдениетімізді таныстырудың тиімді әдісі. Берілетін жүлделер Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия сияқты елдерде ұлттық өнерімізді дәріптеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 18-35 жас аралығындағы кәсіби бишілер мен халықтық атағы бар ансамбльдердің бишілері бұл ақпаратты пайдаланып, кәсібиліктерін арттыра алады», – деді Серік Сариев.

Қазақтың өнер көкжиегіндегі жарық жұлдызы, тұңғыш қазақтың ұлттық-сахналық биі мен бірге классикалық жанрды насихаттаушы, биші, балетмейстер, режиссер Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың шығармашылығына арналған шара өнерпаздың өмірі мен шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілімімен жалғасты. Шараға Алматы қаласынан келген Алмас Бекбосыновтың туыстары Сара және Ақмарал Бекбосыновалар, Қазақ КСР-нің халық әртісі Гүлжан Талпақова бастаған қазылар алқасы мен арнайы шақыртылған қонақтар, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен өнерпаздар қатысты. Шара ары қарай дөңгелек үстел және би фестивалімен жалғасын тапты. Ұлттық би өнерінің дамуына үлес қосып жүрген жарқын өкілдердің қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға сарапшылар, құрметті қонақтар, фестивальге қатысушылар, қала, аудандардағы хореографтар қатысты. Дөңгелек үстел жеке орындаушылық жанр және оның аспектілеріне арналды. Жеке орындау жанры бойынша сарапшылар мен келген қонақтар өз ойларымен бөлісті. Шара соңында дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қаулы қабылданды. Бұдан соң Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық би фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Оған шет елден және Қазақстанның түкпір-түкпірінен 24 өнерпаз қатысты. Фестивальдің ашылуында сөз сөйлеген Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілеген Әбішев сөз сөйлеп, тілегін білдірді.

«Сіз бен біз бүгін ерлердің арасынан шыққан тұңғыш кәсіби балет бишісі Алмас Бекбосынов туралы тың туындыны тамашаладық. Кенен Әзірбаевтай тұлғаны тудырған топырақтан жаралған Алмас Бекбосыновтай тума таланттың өмір жолы мен шығармашылығымен таныстық. Қазақ классикалық би өнерін биікке шығарған, небәрі 50 жыл өмір сүріп, актерлік шеберлігімен елден ерек болған Алмастай тұлғаның рухын құрметтеп, біздің шақыруымызды қабыл алып, іс-шараның ойдағыдай өтуіне қолдау көрсеткендеріңізге алғыс білдіремін! Қазақ КСР-нің халық әртісі Гүлжан Талпақова бастаған қазылар алқасы, осы іс-шараға шақыртуымызды қабыл алып, алыс-жақыннан арнайы келіп отырған құрметті қонақтарымыз, Алматы қаласынан келген Алмас Бекбосыновтың туыстары Сара және Ақмарал Бекбосыновалар, Халықаралық би фестиваліне Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп отырған қатысушылар мен олардың көркемдік жетекшілерін бүгінгі шарамыздың төрінде көріп отырғанымызға қуаныштымыз. Алмас Бекбосынұлының еңбек жолын зерттеп, өнердің шыңын бағындырған бишінің ғибратты ғұмырын, ұмыт бола бастаған жетістіктерін жаңғыртып, халыққа ұсынып, көрермендер ықыласына бөленіп жүрген би жанашыры, жерлес бауырымыз Серік Сариевтің үлкен еңбегін атап көрсеткім келеді! Алдағы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық би фестивалінің қызметіне де сәттілік тілеймін», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Алмас Бекбосыновтың туғанына 100 жыл толуына арналған халықаралық би фестивалінің жалғасы 20-қазан күні қазылар алқасы мүшелерінің фестиваль қатысушыларына, кәсіптік оқу орындарының студенттері мен Маңғыстау облысының би ансамбльдерінің әртістеріне шеберлік сабағымен басталды. Фестиваль ережесі бойынша қатысушылар екінші кезеңде өзге ұлт биін билеп, сынға түскен болатын.

Фестиваль қорытындысы бойынша оқ бойы оза шапқан жүйріктерді анықтау барысында әділқазы алқасы үздік деп таныған қатысушыға өз аттарынан арнайы жүлделерді белгілеп, ҚР халық әртісі, қазақтың би өнерін әлемнің 52 мемлекетінде паш еткен өнер иесі Гүлжан Талпақова, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Мәдениет саласының үздігі, «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері Ғайникамал Бейсенова, ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор, «Ы. Алтынсарин», «Халық алғысы» төсбелгісімен, «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері Тойған Ізім, ҚР Мәдениет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Құлбекова, ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Ғазиза Әбдиева, Мемлекеттік «НАЗ» би театрының директоры, Хореография өнерінің қайраткерлер қоғамының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері Еркебұлан Ағымбаев, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері Талант Қылышбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, педагогика ғылымдарының кандидаты Зауре Әжібекова, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Әбдірасул Есекеев атынан сыйлықтар табысталды.

«Маңғыстауда өтіп жатқан шараның маңыздылығы ерекше. Алмас Бекбосыновтың қазақ балет өнері мен ұлттық биді біріктіруі – бұл өнердің жаңа белеске шығуына септігін тигізеді. Ақтау қаласындағы қолдау мен ұйымшылдық, әсіресе Серік Сариевтің қатысуымен байқаудың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. Жеке бишілердің қатысуы, Гүлжан Талпақованың жетекшілігімен жұмыс істейтін әділқазылар алқасының кәсібилігі – бәрі де бұл шараны ерекше етеді. Іс-шараның нәтижелері көңіл қуантады», – дейді ҚазКСР-нің еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессор Тойған Ізім.

Шара соңында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының арнайы жүлдесін ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының режиссері Арман Нұрмұхамедұлы Атырау облысынан келген өнерпаз Қаракөз Мұрат, маңғыстаулық Есдаулет Амангелдіұлы, Ақмола облысынан келген Камила Бекмұханбетоваға табыстады.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Маңғыстау облысы