Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:23, 07 Наурыз 2025

Оскар-2025: қоғам тасасында қалған Анора

Шон Бейкер
Шон Бейкер. Фото: Jordan Strauss / Invision / AP / Scanpix / LETA

Күні кеше АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында кино саласындағы мәртебелі Оскар сыйлығының жеңімпаздары жарияланды. Оскар жүлдесі төңірегінде айтылар пікір мен қауесет қай кезде де бәсеңдеген емес.

 Биыл «Ең үздік фильм» номинациясын режиссер Шон Бейкердің «Анора» дейтін комедиялық драмасы иеленді. Бейкердің өзі үздік режиссер болып, бас кейіпкерді сомдаған Майки Мэдисон үздік актриса атанды. Бұл фильм сондай-ақ «Үздік түпнұсқа сценарий» және «Үздік монтаж» номинациясын да жеңіп алды. Бұл жолғы Оскардан кейін де әртүрлі әңгіме гулей түсті. Фильмде жеңіл жүрісті, түнгі клубта жұмыс істейтін Анора есімді қыз туралы баяндалады. Медиа беттері мен желіде «Анора» фильмінің «Үздік фильм» болуы қызу талқыланып жатыр. Режиссер Шон Бейкердің бұл тақырыптағы алғашқы фильмі емес, осыған дейін автор қоғамның көлеңкелі тұсында жүрген қыздар, адамдар туралы бес фильм түсірген. Желдей ескен әртүрлі әңгіменің арасында Шон Бейкердің бұл фильмі шынайы өмірден алынғаны туралы да ақпарат тарады. Тіпті бас кейіпкердің шынайы өмірдегі прототипі өзбек қызы болған деседі. Осы себепті де «Анора» Өзбекстанда көруге тыйым салынып, елдің кинематография агенттігі бас кейіпкердің өзбек қызы болғанын айыптаған екен. Хош. Фильмді біреулер «лайық» десе, біреулер өз үздіктерін айтып әлек. Қалай десек те, Оскар сыйлығының даңқы мен дақпырты толастар емес. Біз айтулы жүлде турасында сарапшылардың пікірін сұрап көрдік. Кинотанушы Әсия Бағдәулетқызы мен Еңлік Егеубаева және өнертанушы Роман Бұрқаш биылғы Оскар сыйлығының жүлдегерлері туралы ой тарқатты.

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ

Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ: Оскар ең үздік фильмнің көрсеткіші емес

Ең алдымен, Оскар сыйлығының өзі әлемдегі ең үздік фильмнің немесе ең үздік киногерлік жетістіктердің көрсеткіші деп санамау керек. Америка киноакадемиктері тарататын, яғни бір мемлекеттің ғана мамандары беретін жүлдені әлемдегі ең маңызды жүлде деп қабылдаудың өзі – бүкіл әлемнің неоколониал дәуірде өмір сүріп жатқанының көрсеткіші. Бұл түсінік бізді Америка мен Батыстың рухани тұрғыда отарлап жатқанының айқын көрінісі. Мәселен, дәл осы Оскар сыйлығын бүкіл әлем боп жік-жаппар айтысып, талқылаудың өзі рухани тұрғыда бізді Америка билейтінін білдірсе керек. Екіншіден, Оскар сыйлығы өнер тұрғысынан үздік фильмге беріледі деген принцип қанша уақыттан бері шындыққа жанаспайды. Голливуд осы уақытқа дейін либералдық құндылықтарды алға тартып, identity politics және репрезентация мәселесі тұрғысынан ғана қаншалықты ауқымды, тар шеңберлерден шыға алғаны (мәселен, кейіпкерлері орта жастағы ақ нәсілді ер адам емес, гетеросексуал емес, бәлкім, кедей не транссексуал әлде қаңғыбас, қара нәсілді адамдар туралы болуы мүмкін) шешуші фактор болып келді. Оскар сыйлығына дауыс беру, номинация іріктеу барысында тоғыз мың академиктің радарында жыл бойы қандай фильмдер болды, қайсысы назарға ілінбей қалды, медиада қанша мәрте талқыланды – осы мәселелер үлкен рөл атқарады.

Айталық, identity politics тұрғысынан келсек, Netflix түсірген Emilia Pérez фильмі көбірек жүлде алуы мүмкін деп болжанып жүрді. Себебі бұл қомақты қаражат бөлініп, трансгендер туралы түсірілген фильм еді. Бірақ фильм төңірегінде қайшылық пен дау-дамай көп болды. Алдымен фильмнің режиссері испан тіліне қатысты кемсітуші пікірлер айтып қалса, басты рөлді сомдаған Карла София Гаскон бұрын-сонды Twitter желісінде нәсілшілдікке қатысты қайшылықты пікірлер көп айтқан. Сондықтан бұл фильмге қатысты кері реакция, қарсылықты пікір өршіп кетті де, Emilia Pérez фильмі ойлаған жүлделердің көпшілігін ала алмай қалды. Биыл үміткер болған фильмдердің арасында Nickel Boys деген фильм болған, көп номинацияға іліге алмады. Десек те, менің ойымша, операторлық жұмыс тұрғысынан ең үздік фильм осы болды. Кинодағы камера арқылы жеке адамның көзқарасын көрсетуі нағыз шеберлік болды, жаңа тыныс алып келді. Камера адамның көзі деген дүниені жаңа деңгейге көтере алды. Фильмнің тақырыбы да баяғы Америкада, бір кездері Голливудта кең насихатталып, бағаланатын адамның жеке еркіндігі мен теңдік, әділет пен әділдік сынды күллі адамзатқа маңызы зор құндылықтарға құрылған. Anora фильмінен гөрі Nickel Boys фильмі үздік болуы керек еді деп ойлаймын. Десек те, жоғарыда атап өткенімдей, академиктердің радарында болмаған, кейінірек прокатқа шығып, жарнамасы да кемшін болып қалды. Сол секілді жақсы түсірілген, киногерлік тұрғыдан ізденісі мол кей үздік фильмдер академиктердің назарына ілінбей де қалады. Бұл – факт.

Анора
"Анора" фильмінен стопкадр

Үздік фильм атанған Anora-ны өнер ретінде емес, Шон Бейкердің режиссер ретінде, соның ішінде үздік фильм түсірген режиссер ретінде жеңіске жетуі мені қуантты. Себебі Шон Бейкер – біраз уақыттан бері фильм түсіріп жүрсе де, үлкен жүлделерге ие бола алмаған режиссер. Себебі бұған дейінгі фильмдерінің басым көпшілігі шектеулі ортаға ғана арналып түсірілген, қалың бұқара қызығушылық таныта бермейтін еді. Десек те, фильмдерінің тақырыбы, Шон Бейкердің өзіне тән қолтаңбасы мен стилі әрдайым айқын. Режиссер қашан да фильмдерінің бас кейіпкері қып маргинал, қоғам сыртқа тебетін әлеуметтік топтардың өкілін, атап айтсақ, трансгендер, жезөкшелерді таңдайды. Бұған дейін толықтай айфонға ғана түсірілген Tangerine, The Florida Project және Red Rocket фильмдері – режиссердің ең үздік жұмыстары. Бірақ қалың көпшілік бұл фильмдерді көре алмады. Шон Бейкердің стилінде, режиссердің жеке қызығушылығы тұрғысынан қоғам сыртқа тепкен бір кейіпкерді гуманистік тұрғыда зерттеп, оған адамгершілік көзқарас таныту принципі Anora фильмінде де сақталған, бірақ бұл фильмнің ерекшелігі сол – көпшілік оңай қабылдай алатын, қабылдап отырып күле алатын, кейіпкермен өзін ассоциациялай алатын фильм. Америкаға әлемнің түкпір-түкпірінен сан мың талант ағылып жататыны рас, бірақ көбіне-көп олар америкалық таланттарды өсіруді, соларды мойындауды құп көреді. Ал Шон Бейкер – Американың топырағында туып-өсіп, көпшілікке таныла алмай жүрген режиссер. Кино мамандары Шон Бейкерді жақсы біледі, оның көпшілік көре алатын фильмдерді көбірек түсіруін қалайды. Сондықтан режиссердің осы талпынысына бола бірнеше жүлде берді деп ойлаймын. Фильмді сынап жатқан пікірлерге келіспес едім, соншалықты жеңілтек, ойсыз, таяз фильм емес. Ең алдымен, Шон Бейкердің ерекшелігі – біз сырттан мүсіркей, менсінбей не айыптай қарайтын кейіпкерлерге деген қоғамдық көзқарастарды сылып тастайды да, адам ретінде жанашырлық танытады. Бас кейіпкер Анора қанша жеңіл жүрісті қыз болғанымен, ең алдымен, өзінің арманы мен талғамы, мінезі мен қалауы бар, өмір үшін күресіп жүрген бір адам. Кез келген көрермен бұл кейіпкерді түсінеді, тіпті қанша жек көріп отырса да, болысып кеткенін өзі де байқамай қалады.

Ресей мен Батыс арасындағы саяси қақтығысқа байланысты бұл фильмге басымдық берді деген пікірге келісе алмаймын. Anora фильміндегі ресейлік еврей байдың баласы мен оның ата-анасы арасындағы қарым-қатынасы, қоғамда өзін-өзі ұстауы, жолындағыны таптап өтуден тайынбайтын мінезі шынайы өмірден алынған оқиғалар. Бұл мінез тек Ресей халқына ғана тән қасиет деген жаңсақ пікір болар, бұл барлық әлемде жиі кездесетін жайт. Сондықтан бұл фильмнің жүлде алуы антиресей принциптен туындап тұр демес едім. Екінші жағынан, фильмдегі Игорь – маңызды кейіпкер, үнсіз ғана Анораға қызыға қарап, әрі жәрдемдесіп жүреді. Көп сөйлей бермейтін, өте дәстүрлі, орыс киносында жиі насихатталатын маскулиндіктің консервативті нұсқасы. Қайта Игорьдің бейнесі, менің ойымша, Шон Бейкердің кері кетуі, консерватив ойларға сеніп қалуы сынды көрінді. Себебі Игорь фильм соңында Анораны ұнатып, дегеніне жетеді. Байлар өз әлемінде былығып жатқанымен, кедейлер бірін-бірі тауып, көмектесіп, шынайы қолдау бола алады деген ой жатыр. Менің ойымша, Игорь – «позитивті» орыстың бейнесі.

«Үздік анимациялық фильм» номинациясын жеңіп алып, Латвия еліне алғашқы Оскар сыйлығын әкелген Flow туындысы, шынымен-ақ, жылдың ең үздік анимациялық фильмі деп санаймын. Үлкен анимациялық студиялар түсірген анимациялардан көркемдік, тақырыптық тұрғыдан әлдеқайда озып кеткені рас. Осыған дейінгі анимациялық фильмдерде жануарларды адамға ұқсату, солар арқылы адамдардың арасындағы қарым-қатынасты айту деген дәстүрден бас тартып, хайуанаттар әлеміндегі, іс-қозғалысындағы реализмді сақтай білген. Кино өндірісте digital әлем дүниеге келгелі бері нағыз кино дегеннің өзі шынайы өмірге сүйенген реалистік туынды ма, әлде қолдан сызылған дүние ме деген тартыс басталды. Flow туындысы – осы тартысты бұзып, анимацияның да реалистік деңгейге шыға алатынын түсіндірген тағы бір туынды. Реализм мен анимацияның арасындағы нәзік шекараны шебер ұстай алған фильм. Биыл үздік фильм номинанттарының қатарында болып, «Үздік халықаралық фильм» жүлдесін иеленген бразилиялық I'm Still Here фильмі Anora-дан бәсі артық, деңгейі әлдеқайда жоғары фильм. Фильмде Бразилияда жетпісінші жылдары орын алған оқиға баяндалғанмен мен мұны қазіргі автократтар мен демократтар билеген әлемдегі өте маңызды саяси-адамгершілік ой айта алатын осы жылдың негізгі фильмі деп есептеймін. Бұл жерде автократ билік ұрлап әкетіп, қорлық көрсеткен бас кейіпкердің көрген теперіші емес, бала-шағасымен қалған әйелінің ештеңеге мойымай, не келсе де басын тік ұстап, абыроймен жауап бере алғаны үлкен ой салады. Адамдық абырой туралы бұл фильм тек «Үздік халықаралық фильм» ғана емес, «Үздік фильм» атануы тиіс еді. Себебі көркемдік не тақырып тұрғысынан мықты фильм ғана емес, дәл қазір әлемге автократиядан шаршаған көп халыққа үміт бере алатын туынды деп есептеймін. Бәрінен де адамның рухын ешкім де, ештеңе де жеңе алмайды деген ойды қаузайды. Осы орайда, Бразилияның да алғашқы Оскарға осы фильм арқылы қол жеткізгені қуантады.

Роман Бұрқаш
Роман Бұрқаш

Роман БҰРҚАШ: Anora тақырыптық ерекшелігімен жүлде иеленді

Өзім Оскар сыйлығын тағатсыздана күтіп, басынан аяғына дейін көретін адамдардың қатарынан емеспін. Десек те, марапаттаудан кейін кімдер жүлдені алғанын қызыға оқып, қараймын. Жүлде берілгеннен кейін ертеңіне міндетті түрде неше түрлі қауесеттер, зерттеушілер мен кинотанушылардың пікірі мен сыны жариялануы – жыл сайын орын алатын дәстүр. Биылғы премияның нәтижесі жаман емес. Басым көпшілігі «Үздік фильм» номинациясын The Substance фильмі алады деп ойласа керек, бірақ Anora фильмінің бірнеше жүлдені қатар алып, триумфатор боп кетуі көптің таңғалысын тудырғаны рас. Оскар сыйлығы бұл – Американың, соның ішінде Голливуд төңірегіндегі жүлде. Әлемдік масштабы бар, күллі әлем қадағалайтын, қызығатын шара болғанымен, Американың жүлдесі екенін ұмытпағанымыз жөн. Алайда соңғы жылдары Американың емес, күллі әлемнің жүлдесі болуға талпынатынын байқадық. Мәселен, Пон Джун Хоның «Паразиттер» фильмі триумфатор болып, бірнеше жүлдені иеленуі – осының айғағы. Десек те, Оскар бәрібір Американың жүлдесі. Осы уақытқа дейін Оскар жүлдесінде қандай да бір өрескел әділетсіздік пен қателік болды деп есептемеймін. Оскар тарихында неше түрлі оқиғалар болғаны рас. Бірақ бұл жолы бұрмалаушылық, қандай да бір саяси ықпал болды деп айта алмас едім. Марапаттау рәсімінде қызық жағдайлардың орын алуы, мәселен, әртістердің ресми емес киіммен келуі, көрерменді таңғалдыратын әрекеттер – Оскардың атағы мен абыройын, маңызын одан әрі арттырғысы келетінін көрсетсе керек.

Анора
Фото: AP Photo - Neon

Көп адам үшін Anora фильмінің бірнеше жүлдені қатар иеленуі таңсық болған шығар, бірақ әлемдік кинотанушылардың зерттеулерін оқығанымызда Anora көптің көңілінен шыққанын, жүлдеге әбден лайық фильм екенін байқаймыз. Аталмыш фильмнің жүлде алуында шешуші рөлді туындының қаузаған тақырыбы алды. Себебі фильмдегі негізгі тақырып – бүкіл әлем жақсы көріп, соңғы жылдары жиі талқыланатын таптар арасындағы әлеуметтік теңсіздік, жоғары тап пен төменгі тап арасындағы алшақтық аясында. Соңғы жылдары көпке қызық әрі түсінікті бұл тақырыптың жүлде алуы таңғалатын жайт емес. Себебі Голливудта кезінде жарық көрген Pretty Woman, кейінірек шыққан «Паразиттер», «Кальмар ойындары» сынды фильмдердің жүлде алып, көрермен көңілінен шығуының негізгі сыры – әлеуметтік теңсіздік тақырыбын қозғауында деп ойлаймын. Сондықтан Anora фильмі тақырыптық ерекшелігімен алда тұр. Оның үстіне, қоғамда «адам қатарына саналмайтын» адамдар туралы болғаны да көпшілікке әсер еткен болуы мүмкін. Орыс актерлерінің де бұл фильмге түсуі – Голливуд үшін қызық тәжірибе болса керек. Осы орайда соңғы жылдары америкалық емес авторлар мен әртістердің көп жүлде алуы Оскар сыйлығының ауқымын кеңейтетін сияқты боп көрінеді. Anora фильмінің менің назарымды аударған негізгі ерекшелігі де – тақырыбы. Кей таптар мен топтарды «адам қатарына санамау» – адамдарының дертіне айналған дүние. Әркімнің талғамы әртүрлі, сондықтан фильм турасында әртүрлі пікірлердің айтылуы заңды. Қарапайым халықтың осындай фильмдерді түсініп, талқылауына уақыт керек деп есептеймін. Бір қарағанда, шынымен-ақ, жеңіл-желпі, үстірт түсірілген фильм боп көрінер, бірақ қозғаған тақырыбын әлеуметтанушы, кинотанушылар халыққа көбірек жеткізу керек. Фильм адамдардың арасында ары қарай өмір сүруі үшін талқылану қажет.

Оскар сыйлығының төңірегінде неше түрлі қауесет айтылып жатады, саяси ойынның ықпалы болуы мүмкін. Бәрібір Америка болғандықтан, кей нәрселерді болжап-біле алмайсың. Өзім шынайы өнерді бағалайтын Канн кинофестивалі деп есептеймін. Оскар жүлдесі Канн кинофестивалінен кейін тұратын жүлде сияқты. Әлемдік масштабтан гөрі, америкалық киноакадемияның жүлдесі болғандықтан, неше түрлі ықпал болуы мүмкін. Оны болашақта эксперттердің ойынан, пікірінен ғана біле жатармыз. Бірақ Anora фильмінде орыс актерлердің ойнауында ешқандай астар жоқ деп есептеймін. Соңғы кезде орыстар тақырыбы жалпы әлемде қызып тұр. Бұлар қандай халық? Не үшін агрессор болып кетті? Ресей Украинаға басып кіргелі бері орыстардың болмыс-бітіміне әлемде қызығушылық арта түсті. Жүлде алған фильмде көп орыс актерлердің болуы америкалықтар үшін экзотика, қызық жағдай болса керек. Сондай-ақ бұл бірінші рет емес, бір кездері америкалықтар Иран фильмдеріне ерекше назар аударған. Қайбір жылдары Оскарда көп жүлдені ирандықтар, жапондықтар алып кеткен кездер болған. Сондықтан қандай да бір саяси астар бар деп есептемеймін. Бұл – жыл сайын болып тұратын Оскар сыйлығының жаңалықтарының бірі.

Үздік деректі фильмдердің ішінде ерекше ұнағаны No Other Land деректі фильмі болды. Израиль мен палестиналық екі режиссердің бірге түсірген фильмі. Бір-біріне жылдар бойы жауласып келе жатқан қос мемлекеттің өкілі дос болып, шығармашылық тұрғыда бас қосып, әдемі дүние жасағаны талқылануы, айтылуы керек. Әсіресе саясаткерлердің құлағына жетсе дұрыс болушы еді. Осыған дейін израильдіктер мен палестиналықтар екі елдің қарапайым халқының арасындағы достық туралы талай шығармалар дүниеге әкеліп жүр. Бұл әлем халқын бейжай қалдырмайтын ерекше тақырыптардың бірі дер едім. Көңілге тиіп, ұзақ есте қалары анық. Деректі фильмде көрсетілген оқиғалар шынайы өмірде орын алуымен ерекшеленеді. Осы орайда көрерменге үлкен месседж тастары анық. Саясаткерлер бір-бірімен соғыса бергенімен, бірақ қарапайым халықтың бір-біріне жауластығы жоқ. Немесе қанша ғасыр жауласқан халық әлі де достаса алады деген ойды өнер тілінде өте сәтті жеткізген. Достық, татулық, өзгеріс, ең алдымен, өнерден басталады.

Еңлік ЕГЕУБАЕВА: Америка кино арқылы басқаларға ықпал еткісі келеді

Оскар сыйлығы кімге бұйыратыны әр жолы қызық бір оқиға. Жүлде – белгілі бір топтан құралған адамдардың шешімі болса, Оскар сыйлығында жүздеген кәсіби киногерлердің шешімі ортаға шығарылады. Жалпы, «Анора» Каннда да, Оскарда да бас жүлдеге ие болған тарихтағы 4-фильм. Фильм бас жүлдеге лайық, лайық емес деудің өзі де субъект пікірге айналады. Бірақ көрермен үшін де сыншылар үшін де тосынсый болғаны жасырын емес. Оскар әр кез әлеуметтік-саяси тұстарды да естен шығармайтынын ескерсек, фильмнің бас жүлдеге ие болуы бірінші жағынан АҚШ-Ресей қарым-қатынасына байланысты болуы мүмкін болса, екінші жағынан тәуелсіз америкалық режиссердің қоғамдағы бір тап адамдардың өмірін баяндағаны үшін де алуы мүмкін. Себебі адам құқықтары туралы диктаторлық жасайтын держава кино арқылы басқаларға ықпал еткісі келетінін жақсы білеміз. Режиссерлік, операторлық шешімге келсек жарықпен, түстермен ойнау, композиция орналастыру, камера-перо әдістерін қолдану жағынан жақсы фильм. Сондай-ақ ресейлік, армян халықтарының бейнесі өте стереотип көрсетілген, Бейкер өзіне дейінгі америкалық режиссерлердің таптаурын пікірлерін жалғастырады. Бұл себепті фильмдегі барлық акцент басты кейіпкер Анораға, оның кеңістігіне қойылғанын түсінеміз. Оскардың талаптарындағы аз халықтардың бой көрсетуі, белгілі бір тақырыптарды құптайтынына қарасақ, Оскар әлдеқашан ережелерге бағындыратын ұйымға айналды. Оскардың басты фокусы тек америкалық фильмдерге бағытталса да, ол туралы барлық елде талқыланады, себебі өте үлкен ықпалға ие премия. Жақында өткен Трамп пен Зеленский кездесуіндегі АҚШ билігінің өзін ұстау әрекеті Ресей-Украина соғысында қай тарапқа жақын екенін аңғарамыз. «Анора» фильмінде соғыс туралы бір ауыз сөз болғанда, бәлкім, бұл фильм жүлдені алмас па еді. Барлық америкалықтардың «Анора» фильміндегі протагонист кейіпкерді сомдаған Юра Борисовты ұлықтауы да «жақсы орыс» образын қалыптастыруға көмектесіп жатқандай.

Дайындаған

Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ

Тегтер: