Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:07

Өскемен гарнизонында сарбаз қаза тапты

Сарбаз
Фото: ашық дереккөз

23 қаңтар күні Өскемен қаласындағы гарнизондардың бірінде қарауыл қызметін атқарып жүрген мерзімді әскери қызметші қаза тапты.

Алдын ала мәліметке сәйкес, сарбаз өзіне бекітілген қарудан өз-өзіне оқ атып, алған жарақатынан көз жұмған.

Қаза тапқан әскери қызметші өткен жылдың сәуір айында мерзімді әскери қызметке шақырылғаны хабарланды.

"Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімшесі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Қазіргі таңда оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді", - деп мәлімдеді Қазақстан Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Арынғали Ақышев.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тапсырмасына сәйкес, оқиғаның барлық қырын жан-жақты әрі объективті зерттеу мақсатында арнайы комиссия құрылған. Комиссия жұмысына Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков жетекшілік етуде.

Қорғаныс министрлігімен Қазақстан Қарулы Күштерінің басшылығы қаза тапқан сарбаздың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Ведомство мәліметінше, марқұмның отбасына қолданыстағы заңнамаға сәйкес барлық қажетті көмек көрсетіледі.

Айта кетейік, 7 қаңтарда Қазақстанның Ұлттық ұланы Шымкент қаласында мерзімді әскери қызметшінің қаза тапқаны туралы хабарлаған еді. Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметшінің өліміне жедел лейкоз себеп болған.

14 қаңтарда Қазақстан армиясында тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. Ақтау гарнизонына қарасты Оймаша әскери полигонынан қайтып келе жатқан кезде келісімшарт негізінде қызмет атқарған кіші сержантты қызметтік КамАЗ көлігі қағып кеткен.

Тегтер: