Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Өскемен тұрғынына уақыт ауыстыруға қарсы митинг өткізуге бір жылдан кейін ғана рұқсат берілді

уақыт
Фото: Коллаж: Orda.kz

Өскемен тұрғыны Леонид Карташевке бір жылдан астам уақыт өткен соң ғана уақыт белдеуін ауыстыруға қарсы митинг өткізуге рұқсат берілді.

Белсенді әлеуметтік желілерде жариялаған жазбасында оған ресми рұқсат хат келгенін айтқан. Қала әкімдігі акцияны 5 қараша күні сағат 17:00-ден 18:00-ге дейін Назарбаев даңғылында өткізуге ұсынған.

Белсенді уақыт пен орынды өзгертуді талап етіп жатыр

Леонид Карташев әкімдік белгілеген күн мен уақытпен келіспейтінін мәлімдеп, қоғам ұсынған уақытта митинг өткізуге рұқсат беруді талап етті.

«Біз бұл митингті символды түрде емес, шын мәнінде халық пікірін білдіру үшін өткізгіміз келеді. Сондықтан уақытты әкімдік емес, азаматтар белгілегені әділ болар еді», - деген Карташев өз үндеуінде.

Қазақстан 2024 жылғы 1 наурызда бірыңғай UTC+5 уақыт белдеуіне көшкен болатын. Сол кезден бастап ел тұрғындары, әсіресе шығыс аймақтардағылар, күннің ерте бататынына наразылық білдіріп келеді.

Белсенді Карташев 2024 жылдың желтоқсанында бейбіт митинг өткізуге өтініш берген. Алайда әкімдік оны өткізуден бас тартқан.

Кейін ол бұл шешімге қарсы сотқа жүгініп, 2025 жылғы 4 наурызда Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған әкімшілік соты әкімдіктің әрекетін заңсыз деп таныды. Сот Конституциялық соттың азаматтардың бейбіт жиналыс өткізу құқығын кепілдейтін қаулысына сүйенген.