Өскеменде құлаған Шнайдер көпірі қайта қалпына келтірілмейді

Өскемендегі Үлбе өзеніндегі Шнайдер көпірі енді қайта жөнделмейді.
Қалалық әкімдік көпірдің қазіргі конструкциясын пайдалану қауіпті деп танып, оны толықтай бұзып, жаңа көпір салу туралы шешім қабылдады.
Еске сала кетсек, 1 қыркүйекте көпірдің орталық бөлігі опырылып түскен болатын. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ. Бұл жағдай қала тұрғындарының ашу-ызасын тудырды, өйткені көпір 2023 жылдың қарашасынан 2024 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеуден өткен еді. Жөндеуге бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған.
Көпірдің техникалық жағдайын тексеру үшін Алматыдағы «Қазақпромтранспроект» жобалау-зерттеу институты тартылды. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, көпірді қалпына келтіру қауіпті.
– Қазіргі көпірдің конструкциясы құлағаннан кейін әрі қарай пайдалануға жарамсыз. Ол толық демонтаждалып, оның орнына жаңа көпір салынады. Көпірдің әлеуметтік және көлік тұрғысынан маңызы зор болғандықтан, жұмыстар жедел атқарылады, – деп хабарлады Өскемен әкімі аппаратының баспасөз қызметі.
Қала әкімдігі жаңа көпір құрылысына қанша қаржы бөлінетіні мен қанша уақыт кететіні жайлы нақты деректерді әзірге жариялаған жоқ. Сонымен қатар, болашақта кімнің мердігер болатыны да белгісіз.