Өскемендегі дау-дамайдан кейін қалаға жаңа прокурор тағайындалды
Өскемен қаласында прокуратура басшылығында кадрлық ауыс-түйіс болды. Бұрынғы прокурор Тимур Чақпантаев қызметінен босатылып, оның орнына Руслан Әлішев тағайындалды.
Руслан Әлішев – Жамбыл облысының тумасы. Прокуратура жүйесінде 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді. Қызмет жолын туған жерінде бастаған. Соңғы жылдары Абай облысы прокурорының орынбасары қызметін атқарған. Енді ол Өскемен қаласының бас прокуроры міндетін атқарады.
Чақпантаевтың кету себебі
Тимур Чақпантаев қызметінен дау-дамайдан кейін кеткен. БАҚ-тағы деректерге сүйенсек, ол өз қарамағындағы қызметкерлерді ұрып-соққан деген айыппен тексеруге алынған. Осы оқиғадан соң жоғары орган қызметтік тексеріс бастаған. Ресми мәлімет жарияланбағанымен, дәл осы жанжал оның отставкасына себеп болғаны айтылып жүр.
Соңғы апталарда еліміздің бірнеше өңірінде прокурорлар ауысып жатыр. Бұған дейін осындай тағайындаулар Ақтау мен Атырау қалаларында да болған. Бас прокуратураның баспасөз қызметі бұл өзгерістерді «жоспарлы кадрлық ротация» деп түсіндірді.
Дауға іліккен өзге прокурорлар
Прокуратура жүйесіндегі тәртіп бұзушылықтар соңғы кезде жиі тіркеліп келеді. Мәселен, жақында Ақтау қаласының бұрынғы прокуроры Ерболат Әбдіров Алматы әуежайында мас күйінде шу шығарғаннан кейін қызметінен айырылған болатын.