Осокаровтың мүмкіндігі өседі
Осакаров ауданында сиымдылығы 25 мың тонна бидай сақталатын заманауи элеватор салынды.
Астық қоймасында тұқымды сақтау, кептіру, қабылдау және жөнелту жұмыстары сатылай іске асырылады. Элеватордың кейбір бөлігі қазірдің өзінде бидай қабылдауға сақадай сай. Нысан 2022жылы толық іске қосылғанда, Нұра, сондай-ақ Ақмола облысының Аршалы ауданының шаруашылықтары жиған астықтар осы арада сақталады.
Бүгін Осакаровқа жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек осындағы «Жаңа ай» ЖШС, «Жатва», «Ясная поляна» шаруа қожалықтарында жүріп жатқан дала жұмыстарын көріп қайтты.
- «Ас атасының сапасы жақсы, өнімділігі көңілді демдейді»-деді Жеңіс Қасымбек. Айта кеткен жөн, бүгінде облыстағы астық алқаптарының 72 пайызы жиналды. Биылғы егін ору жұмысы қыркүйектің 25-де аяқталады. Облыстың бидай және картоп өсіретін шаруашылықтары биыл да тұрақтандыру қорына қатысады. Аймақ жетекшісі кенттегі күрделі жөндеуден өтіп жатқан «Жастар» балалар мен жасөспірімдер орталығында болды. Кешен ішінде технопарк пен балалар өнер мектебі орналасқан. Мұнда 800-ден астам өрен таланттарын ұштауда. Осакаров ауданы орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 108 отбасына арналып екі қабатты алты үй тұрғызылып жатыр. Жеңіс Махмудұлы мердігерлерге құрылысты уақытымен аяқтауды міндеттеді. Осакаров пен Молодежный ауданы арасын жалғайтын көлік жолының әлдеқашан кетеуі кеткен болатын. Ұзындығы 83 шақырымды құрайтын екі елді мекен арасындағы жолдың 37 шақырымдық бөлігі жаңартылды. Жақында ол көлік жүрушілерге пайдалануға беріледі.