Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:00, 10 Ақпан 2024

Оспанхан аға. «Сүзеген сөз» және... «Лениншіл жас»

 Оспанхан Әубәкіров
Фото: из открытых источников

Газет жұмысы қызық. Күтпеген адамдармен кездесесің. Тағдыры таңғажайып жандармен жүздесесің. Сөйтіп олармен сұхбаттасып жүріп ой, санаң өседі.

Дүниетанымың да кеңейіп, өмірге деген көзқарасың тереңдей түседі. Бұл, әрине, аты аңызға айналған ағаларымыздың көңіліне сезім нұрын себелеп, кеудеңе от беретін жақсы жағы. Ал қиын тұсы, редакция тапсырмасын орындау кезіндегі әуре-сарсаңы дер едік. Кездесуге уәде беріп тұрып, ұстатпайды-ау, ұстатпайды. Ол тура халық ауыз әдебиетіндегі «анда кетті мұнданақ, мұнда кетті мұнданақ» сөзінің кері. Бәрін айтып қайтейік, сатирик Оспанхан аға Әубәкіровпен кездесуіміз міне, осылай басталғаны бар.

1980 жылдың күзі еді. Жастар басылымы енді бір айдан кейін жарық көретін өзінің 10 000-шы санының арнаулы нөмірін шығаруға қызу әзірленіп жатты. Жоспарда көрсетілген 14-15 материалдың дені қолға тиіп, көңіліміз орнына түсе бергенде, редактор Сейдахмет аға Бердіқұлов тағы бір тың идеяны айтып тапсырма бергені!.. «Біздегі «Сүзеген сөз» айдары бар емес пе?! – деді ол кісі нөмірге жауапты мені шақырып алып. – Соның газетте қалай өмірге келіп, оқырмандарды өзіне қандай тартымдылығымен баурап алғандығы жөнінде материал керек. Оны жақсы білетін адам – Оспанхан. Сол ағаңа барып жолығып, мақала ұйымдастыру қажет».

Мына сөзді естігенде біз оған жанып түстік. Өйткені «Сүзеген сөз» рубрикасының қызық, ал оны жазып беретін Оспанхан ағаның мақаласы одан да қызық болары сөзсіз еді. Соны іштей сезген көңіл күймен болашақ авторымыздың үйіне телефон шалайық. Трубканы көтерген Нұрсұлу жеңгей отағасының қуыршақ театрына кеткендігінен хабардар етті. Сөйтті де: «Алаңдама, айналайын! Кешке үйге келгенде, «Лениншіл жастан» телефон соғылды деп айтамын. Сендерге өзі хабарласады», – деді. Бірақ ертесінде, одан кейінгі күні де жазушы ағамыздан тырс еткен дыбыс болмады. Алаң көңілмен өзімізге белгілі телефон нөмірін қайта тере бастадық. Жеңгейдің сөзінен ұққанымыз, бұл жолы ағамыз бір шаруамен Қазақ радиосы жақта жүр екен. «Айтқанмын», – деп ақталды ол кісі. – Бірақ сендерге неге хабарласпағанын білмедім». «Жазған құлда шаршау жоқ». Осыдан кейін де бір рет қоңырау шалғанымыз есімізде. Тағы жоқ. Қастек жақтағы туған ауылы Үшбұлаққа кетіпті. Осыны қинала-қинала айтқан Нұрсұлу апай: «Айналайындар-ай, ұят болды-ау... Үйге келсінші өзі... Сонда телефонға жетелеп әкеліп тұрып сөйлестіремін», – деді қатты қысылып.

...Ертесінде редакциядағы шыр ете түскен телефонды көтерсем: «Әй, бала, – деді ар жақтағы аңқылдаған дауыс. – Сен бе мені іздеген?» «Иә, аға!» «Шаруаңның жағдайын білдім. Оны мына жеңгең айтты. Ертең сағат 9.30-да біздің үйге келе аласың ба?» «Ой, келмегенде...» «Олай болса – деді қуақыланған Осағаң, – сен бүгін мен айтқан бір тапсырманы орындап қой. Редакцияларыңдағы Бибіхан апа бар емес пе?! Сол кісінің бөлмесіне кіріп: «Оспанхан ағаның үйіне барушы едім. Сізге жазу жазатын бір бума қағаз бен машинканың екі лентасын және текст көбейтетін жарты пәшке қара қағаз беріп жіберсін», – деп айтты де. Жарай ма?»

Ертесінде Бибіхан ападан алған сәлемдемемді көтеріп, Жамбыл мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы ақын-жазушылар үйіне жеттім-ау, әйтеуір... Есікті қағып, ішке кірсем, ағамыз таңертеңгілік асқа отырайын деп жатыр екен. Аман-саулық сұрасқан соң шайға шақырды. Бұрын біздің редакциядан бір қабат жоғарыдағы «Ара» журналында жұмыс істегенінде алыстан сәлемдесіп жүргенімізбен, бұл кісіні жақыннан көруім – бірінші рет. Сөйтсем, Мұқағали аға сияқты алпамса денелі адам екен. Аңқылдап, ақтарыла сөйлейді. Ақпейіл. Бала мінезділігі де жоқ емес. Жүзі жылы. Үнемі күліп тұратын жан секілді болып көрінді маған. Осыларды барлап-бақылап отырып, шай ішіп бола бергенімде: «Қағаз, қаламың бар ма, інішек?» – деген даусы естілді Осағаңның. «Бар». «Онда тапсырмаңа кірісейік. Мен «диктовайт» етіп, айтып отырамын. Сен жазасың. Біткен кезде қағазға түскен тексті дауыстап оқып бер. Егер бәрі дұрыс болса... Соңына қол қоямын. Соны алып, жұмысыңа жөнеле бер». Осылай деген Оспанхан аға ас үйдің терезесінен сыртқа қарап тұрды да алғашқы сөйлемдерді айта бастады. Байқаймын, сөз тіркестері тастай. Мықты. Ретті. Логикалық ойлау жүйесінің алуан түрлілігі сондай, баяндалып отырған оқиға қағазға сатириктің аумалы-төкпелі өз стиліне тән ойнақы кейіппен өте әдемі түсіп жатыр.

«Газет-журнал жұмысында, – деп бастады қаламгер алғашқы абзацты, – менің жүрмеген жерім жоқ. «Балдырғаннан» бастап «Араға» дейінгі аралықты «арып-ашып» болдырғанша қызмет істеп бердім. «АН-2» деген ең шабан самолет бар ғой. Соның өзі реактивті маймен жүретіні секілді журналист жұмысы да маймен жүреді. Май болғанда мұнай дейтін саздың майы емес, нұр шашып тұрған көздің майы. Мәселенің тоқетеріне келсек: «Жылайын, жырлайын, Ағызып көз майын...» – деп Абай атамыз жазу-сызу, оқу-тоқу жұмыстарының бәрі көз майымен жүретінін баяғыда айтып кеткен. Міне, осы көзмай дейтін баға жетпес асыл майдың біраз баррелін «Лениншіл жас» газетіне бердім. Бұл басылыммен редакцияның ескі үйінде де, жаңа үйінде де есікпе-есік көрші болдық.

Аспанға кісі шығып, кісі түсіп, даламыздағы кезекті миллиард пұт бидайдың соңғы дәні таразыға тартылайын деп жатқанда, қуаныш сезімін көрсететін ұйқасты сөз керек болып, ақын іздегенде, көрші болғандықтан ба көбіне мен оңай табыла қалады екенмін. Сөйтіп мен бұл газеттен көп жария көрдім, «Лениншіл жас» арқылы ел-жұртпен ерте таныстым».

Осы жерге келгенде «диктовка» үзілді. «Ағамыз неге үндемей қалды?» – деп басымды көтермеймін бе?.. Сөйтсем, ол кісі мен жазған қағазға төбемнен үңіле қарап тұр. «Өй сен не істеп отырсың өзі? – деді түк түсінбеген кейіппен. – Мен саған әр абзацыны адам секілді анықтап айтып тұрмын. Ал алдыңдағы қағазда кілең нүкте... Ноқат... Үтір... Сызықша. Мұны қалай түсінеміз?» «Ағасы, кешіріңіз, – дедім мен ол кісіге алдын ала ескертіп айтпаған ағаттығымды кеш байқап. – Бұл стенограмма ғой. Иә, сол. Қазақ радиосындағы репортерлер алып жүретін дыбыс жазу аппараты газет қызметкерлерінде жоқ. Сондықтан біз стенограмма тәсілін пайдаланамыз». Осылай дедім де КазГу-дің журфагына оқуға түскенімізде, қазақтан шыққан тұңғыш стенографистка Данабике Байқадамова апайдың сабақ бергенін, содан бастап осыған маманданғанымызды сөз еттім. «Е, бәсе! Жөн екен бұл, – деді күдік-күмәні сейілген Осағаң жадырай күліп. – Аузымнан шыққан сөзді қағып аласың да сыпылдатып жазасың келіп... Жазасың. «Бұл қалай үлгеріп отыр?» – деп ойламаймын ба. Сөйтсем, сендерде мұндай да «өнер» бар екен ғой... Жарайды. Кеттік әрі қарай».

Осылай деген авторымыз: «Бір күні, – деп жалғастырды сөзін, – газеттің осы күнгі редакторы мені іздеу салып тауып алды. «Оқырмандардан сенің атыңа көп хат келеді. Оның бәрі сықақ. Соларды сорттап, дәмдеп-тұздап, одан удай ащы күшәла жаса. Атын да өзің ойлап тап», – дейді. Деген оңай. Бірақ...

«Мақұл деген ақыл» деп талыстай бір бума хаттарды көтеріп үйге келдім. Жатып алып та оқимын. Тұрып алып та оқимын. Керегімді жіктеп алдым-ау әйтеуір. Енді атын қою керек. Газет қызметкерлерінің өздері бұл бұрышқа «Сын садағы», «Өмірде не болмайды» деген ат қойып жүр екен. Мен «Жатыпатар» дедім. Жаратпады. «Жезтырнақ» дедім. Жаратпады. «Сүзеген сөз» деп едім, сөз де сүзісе ме екен деп өзімді мазақтады. «Біз қалжыңбас халықпыз, журналист жолдастар, – дедім. – Қазақтың қалжыңы шешіндіріп алып, сексеуілдің шоғына қақтағанмен бірдей. Демек, қалжыңдасу – сөз сүзістіру. Бұл сендерге қайсыбір елдің бөдене төбелестіруі, қошқар шекелестіруі емес. Сүзеген сөз дегеніміз – тауды жаңғыртып, арқар, құлжалардың секі тастағы секіріп сүзіскені. Сондықтан да қазақ: «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйекке жетеді» дейді. Міне, сөз таяқтан да қатты батып, әрі сүйекке дейін жетіп, әрең тоқтасын деген ой менікі», – дедім. Сөйттім де қалған сөзімді ішімнен айтып кетіп қалдым.

Содан.. Екі күн өтті-ау деймін. Жұмысымда отырсам, «Лениншіл жастағы» кешегі дауласқан жігіттерім келіп тұр. «Ойбай, Осаға!.. – дейді біреуі, – оқырман хаттарынан бізге дайындап берген топтамаңыз бар емес пе? Соған аннотация керек». Бұларға деген өкпеме байланысты тағы бір сөздерді ішімнен кіжіне айттым да, алты ауыз анықтаманың алғашқы сөйлемін: «Сәлем – сөздің анасы дейді қазақ, – деп бастадым. – Сәлеметсіздер ме? Ойнап күліп жүріп жатқан боларсыздар. Ойын арзан, күлкі қымбат деп күліп жүргендеріңіз жақсы. Сондықтан сіздер көңілді болсын деп газеттеріңіз «Сүзеген сөз» ойын-күлкі бұрышын ашып отыр. «Қисық пышақтың қыны да қисық», – деген соң мұның шекесіндегі айдарын да «Сүзеген сөз» деп қисайтыңқырап атадық. Оның аясында «бұра сөйлеген күлгенге жақсы» деп сын-сықақ, әзіл-оспақ, мысал-мысқыл, қағытпа-соғытпа секілді небір «бәлелер» жарияланып тұрмақ. Атымыз қисық болғанмен, мақсатымыз қисық-қыңырды түзеу. «Сүзеген сөз» алып кетті, жұлып кетті, ішіп қойды, жеп қойды іспеттес даулы мәселелердің соңына шырақ алып түсетін қызылкөздің бірі болмақ. «Сүтті сиырдың сүзгені сөкет емес», дейді ғой білетіндер. Сондықтан бұл бұрыштағы қалақай, қышыма материалдардың әділетті жақтап, оған араша боп жүрсе сөкеттігі бола қоймас. Сонымен, құрметті жолдастар, сіздерден «Сүзеген сөзге» лайық әзіл-қалжың, дау-дамай, сын-сықақ күтеміз». Жә... Өзіміз әңгіме етіп отырған айдардың алғашқы шығарылымына жазылған алты ауыз аннотация шамамен міне, осындай.

Бір күні газеттің сенбілік нөмірін ашып қалсам, төртінші бетте «Сүзеген сөз» бұқа бейнесінде одырайып тұр. Алғысөздің астына: «Сүзеген сөздің» аға жаттықтырушы Оспанхан Әубәкіров деп менің аты-жөнімді жазыпты. Сонымен «сүзегеннің» бапкері болып біраз жыл «Лениншіл жасқа» жалақысыз жұмыс істеп бергенім бар. Өтірік десе сұраңыз, көргендердің көзі отыр. Бара-бара бапкердің өзіне бап керек болады екен. Көзмай азайып, көзәйнек шынысы қалыңдай бастады. Сосын орнымды Көпен Әмірбеков деген тілінің қышымасы бар ініме бердім. Ол да жалақысыз жұмыс істеуге басын шұлғи-шұлғи келісті. Ал сіз жалақысыз жұмыс істеп көрдіңіз бе?»

Осылай деген қаламгер аға: «Мен «Сүзеген сөзге» байланысты білетінімді айтып болдым, бала, – деді. – Енді сен былай ет. Маналы бергі «хатшылық» жұмысың бар емес пе?! Міне, енді соның соңғы міндетін өте. Бұл қағазға түсіргеніңді оқып бер де, бәрі дұрыс боп шықса, редакцияңа қарай қайқай дегенім ғой». «Жақсы, – дедім мен де ол кісіге өзінің түрлі скетч, фельетондарында көп қолданатын «жаргондарының» бірімен іле тіл қатып. – «Базар жоқ». Сөйттім де стенограмма тексті шатастырмай, баппен оқып беріп, ағамыздың: «Дұрыс!» – деген сөзінен соң қош айтысып, сыртқа қарай бет алдым.

Редакцияға келісімен Осағаң мақаласының қағаздағы нұсқасын машбюродағы қыздарға бір әрпін қисайтпай дауыстап оқып отырып бастырттым. Әбден дайын болды-ау деген вариантты редактордың орынбасары Ержұман аға Смайыловтың алдына апарып қойдым. Содан 10-12 күн өткенде ол «Бір рубриканың тарихы» айдары аясында жарық көрді. Бұл «Лениншіл жастың» 1980 жылғы 10 қарашадағы арнаулы нөмірі еді.

Сөз соңында айтарым, өз басым сын-сықақ, әзіл-қалжыңның адамы емеспін. Сонымен шұғылданатын фельетон, ирония жанрының маманына да жатпаймын. Газет жұмысымен жүргенде кімдерді көріп, кімдерге жолықпайсың?! Сондай тапсырманың бірінде сатира сайыпқыраны атанған Оспанхан Әубәкіров секілді талант иесіне бардым. Көрдім. Әңгімелестім. Айтқанын қағазға түсіріп қайттым. Таңғалатыным... Осағаңның белгілі бір тақырыпқа байланысты ойын шашыратып алмай, оны қысқа да нұсқа түрде жұп-жұмыр етіп баяндай білуінде еді. Сөйтіп, журналистердің сол кездегі сөзімен айтқанда, «диктовка» жасап, «ауызша мақала жазудың» тамаша үлгісін көрсеткендігі болатын. Біреулер бұл қасиетті бағалар, бәлкім, бағаламас. «О, Бәрекелді!» – дер. Немесе. «Мұнда тұрған не бар?» – деуі де бек мүмкін. Десе де... Күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпей, көңілімде жүрген осы кішкене, елеусіз ерекшелікті тағдырлы тұлғаның алдағы келе жатқан 90 жылдық мерейтойы қарсаңында айтуды парызым деп білдім.

P.S. Мақаладағы кейбір атаулар 1991 жылға дейінгі сөз қолданысымен алынды. Автор.

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері