Осы мәселе оң шешімін тапса екен...

Редакциямызға оқырмандардан хат жиі келеді. Бүгін солардың бір парасын сайтқа жариялауды жөн көрдік:
Құрметті «Жас Алаш» газетінің ұжымы, алдымен Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын!
Батыл, анық-қанық, әділдігін жазасыздар. Бұрын да дүңгіршектен алып оқып жүретінмін. Ол жерде көбіне таусылып қала бергендіктен жаңа жылдан бастап жаздырып оқуға көшкенмін. Солай істегеніме өзім де қуаныштымын. Аптаның 2-ші, 4-ші күндері поштаны күтіп отыруға да тағатым жетпей поштадан ылғи өзім барып алып жүремін. Менің айтарым: мына халық президентімізді орынсыз сынап-мінегенді қойса екен. Оның билікті қолына алғанына бір-ақ ай енді болды ғой. Кеше Татарстанға барғанда ана тілінде сөйледі. Естуімізше, 6-7 тіл біледі. Шет мемлекеттерде еркін көсіліп сөйлейді деп естиміз. Олай болса тырнақ астынан кір іздегіштерді, жазғыштарды, аяқтан шалғыш «бұрынғының» құйыршықтары, әлде ұсталып, жұмыстан қуылып жатқандардың айдап салуымен істелініп жатқан дүние ме, түсінбеймін...
Кеше қаралы қаңтарда елден тұра қашпай халқымен бірге болды. Шындап келгенде жалғыз өзі басқарып, бар жауапкершілікті өз мойнына ала білді. Құзырлы мекемелердің көпшілігі бұйрыққа бағынудан бас тартқандай сыңай танытып түлкі бұлаңға салғанын бәріміз де байқадық. Бала емеспіз.
Ал одан бері осы аз уақыттың ішінде ел еңсесін көтеріп, талап-тілегін айтатын, жазатын, ойын ашық жеткізетін мүмкіндік алды. Енді жұмыс істеуіне кедергі келтіре бергенше мүмкіндік берейік-те?.. Керісінше, қолымыздан келгенше көмектесейік. Бірігейік.
Әрине, қазір ешкімге оңай тиіп жатпағаны белгілі. Кешегі қанды қақтығыста қаза тапқандардың қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын! Ел үшін, егемендік үшін жанын пида еткен азаматтарымыздың жандары жұмақтың төрінде шалқысын! Жараланғандар тезірек сауығып қатарға қосылуларына шын жүректен тілектеспін!
Ендігі бір өтініш, «Бүлінгеннен бүлдіргі алған...», ашық қалған, қирап жатқан дүкен сөрелерінен зат қымқырған қыз-келіншектерді, көп болса сол алған мүлкінің ақысын үстемелетіп төлетсе де жазадан құтқарған дұрыс. Ешкім жетіскеннен ондайға бармайды. Олардың да көбі аналар. Бұған жоқтықтан, лажсыздан барғандары бесенеден белгілі. Ешкім байып кетемін деп барған жоқ. Ал анадай алпауыт кәсіпкерлерге ол дегеніңіз әшейін-ақ дүние. Құдай жеткізер. Ананы баласынан, баланы ата-анасынан ажыратқаннан ешкім опа таба қоймас. Осы мәселе оң шешімін тапса екен деген ой...
P.S. Редакцияға: Өмірімде бірінші рет газетке хат жазуыма себеп болған оcы ең басты екі мәселенің тоқтам көрмей бара жатқандығы. Ұят болар, қой деп бір ауыз айтайын деп шештім. Жасым 70-ке келген зейнеткермін. Енді, бізге еліміздің ертеңі жас ұрпақтарымыздың амандығын тілеуіміз ғана қалды.
Сәлемнен
Толыбай Абдіхалықұлы
18 ақпан 2022 жыл
Алматы облысы
Іле ауданы
Ел президентіне кеңес
«Мәртебеңіз биік, жасыңыз ұлы болса да Кеңес заманынан «Лениншіл жастың», Назарбаев заманынан «Жас Алаштың» оқырманынан ізгі ниетпен азын-аулақ кеңес!
Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Қазақстан халқына Жолдау жасамас бұрын «Жас Алаштың» көп емес, өткен жылғы 103, 104 және биылғы 1, 2, 3 сандарына бір көз жүгіртіп өткеніңіз дұрыс болар еді. Төңірегіңіздегі нөкерлеріңіздің әлі де болса шырқ айналып жүргендердің кім екенін анық байқайтын болар едіңіз», – деп біраз ақылмен бастаған ағамыз:
«Жас Алашқа» не жаздық?.. деп жалғастырыпты...
Аптасына екі рет шығатын газеттің қаңтар айының соңына дейі бар болғаны 3-ақ саны қолымызға тиді. Өткен жылдың соңғы екі санын (103, 104) қаңтардың 20-нан кейін алдық. Бұл не болғаны? «Жас Алаштың» қызметкерлері де қуғынға ұшырап жатқан жоқ па?
Бұл газет халықтың мұң-мұқтажын, елдегі әділетсіздікті дүйім жұртқа паш етіп келеді, бірақ жоғарғы билікке жетуі күмән туғызады. БАҚ кеңес заманындағыдай төртінші билік рөлін жоғалтып алғандай. «Жас Алашты» оқуға жоғарғы биліктегілерді қайдам, ауыл әкімдерінің зауқы жоқ сияқты. Газетті оқыр болса, кімдерге, халыққа әлде билік үшін қызмет жасап жүргендерін сезіп-біліп түсінер еді.
Газеттің дер кезінде шығуын, кешікпей жетуін асыға күтеміз.
Тағы бір айтарым: «Жас Алаштың» №4 санында Маңғыстау облысының әкімі Ноғаевтың жеті қараңғы түнде халыққа беделді қамқоршы, шеруге шыққандарды сабырлыққа шақырушы ретінде бейнеленіпті. Жо-о-қ, ол сәт Ноғаевтан шеруді ұйымдастырушылар қатаң түрде жауап алу сәті еді ғой. Жоқтан бар жасамаған дұрыс болар.
Сол түні әкімнің әкімдіктегі жұмыс күндерінің соңы болар деген едік, ол пікіріміз жаңсақ болды. Әлі де болса «Жаңа Қазақстан» халқы үшін, билік үшін емес, адал қызмет жасап жатса разы боламыз.
О. Оразбеков,
Маңғыстау облысы,
Ақтау қаласы
Хат мазмұндарының негізгі сарыны осындай
Байқап отырғандарыңыздай бізге келген келелі хат жауапсыз қалып көрмеген. Оқырманның ойы мен сұрағына шама-шарқынша жауап беріп те жатамыз. Қолдап-қостап жүргендеріңізге, жанашырлық танытқандарыңызға біз де ризамыз. Рақмет, Сіздерге!
Газет сандарының кешігіп жатуына ең басты себепкер «Қазпошта» ұйымы! Бұл ұйым жалпы қазақ газеттерінің таралымының тарылып, тіпті мүлдем құрып кетуіне өлшеусіз үлес қосып отырған басты мекеме! Мемлекеттен арнайы тапсырма солай ма, білмейміз, тіпті айлап кешігіп келеді дегендерді де, 3-4 санды қосақтап бір әкеп береді дегенді де, 2 ай болды мүлдем келмеді дегенді де ести-ести өзіміз ұялатын халге жеттік.
Ұлттың үніне, ұлттың тіліне, ұлттың мәдениетіне осындай қиямпұрыстық жасап отырған «Қазпошта» ұйымының жергілікті бөлімшелерін сотқа берулеріңізді сұраймыз. Жуық арада біздің тараптан да үлкен бір іс қозғалады деп сендіреміз!
Ал қаңтар айына келер болсақ ел аумағы бойынша жарияланған төтенше жағдай тәртібіне бәріміз де бағыныштымыз. Сондықтан кеңсеміз жабық болуы салдарынан Сіздерге 4 нөмір қарыз болып қалғанымыз жасырын емес. Оны жаба тоқымаймыз. Кеше «Қанды қаңтарға 40 күн» атты 1 қосымша сан шығарсақ, бұйыртса алдағы наурызға тағы бір қосымша сан шығармақ ойымызда бар. Сонда қарызымызды екі нөмірге қысқартамыз. Алдағы уақытта оларды да осылай абыроймен атқарамыз деп сенеміз. Былтыр пандемия салдарынан редакция ұжымы түгелдей дерлік жатып қалған кезде де қарызсыз шыққан басылым, алдағы уақытта да өз оқырмандарын алдамайтынын айтқымыз келеді. Біз Сіздермен біргеміз!
Құрметпен «ЖасАлаштарыңыз»