Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:45

«От пен оқтың ортасында қалдық»: Израильге ем алуға барған қазақстандықтар елге қайта алмай отыр

Израиль
Фото: Жас Алаш коллаж

Парсы шығанағындағы соғыс бесінші күнге ауды. АҚШ пен Израиль Иран аумағына шабуылын тоқтатқан жоқ. Иран да жауап ретінде Израиль мен АҚШ әскери нысандарына соққы жасап жатыр.

Таяу Шығыстағы қақтығыс кезінде еліміздің бірнеше мың азаматы осы елдерде қалып қойғаны белгілі болды. Редакциямызға Қазақстан азаматтары хабарласып, Израильден қайта алмай отырғанын жеткізді. Егер қаржысы бітсе, далада қалу қаупі бар. «Бізге ең алдымен елге қайту маңызды» дейді олар. Әзірге Сыртқы істер министрлігінен де, Израильдегі елшіліктен де қайран болмай тұрған сыңайлы. 

1
Фото: ашық дереккөз

Таяу Шығыстан қанша азамат елге қайтарылды?

4 наурыз күні Қазақстан әуежайларына Таяу Шығыстан қайтарылған қазақстандықтарды алып келген бірнеше рейс қонды. Air Astana әуе компаниясы Медина мен Жидда қалаларынан рейстер орындады. Атап айтқанда, Медина-Ақтау бағыты бойынша ұшақ 21:28-де қонған, оның бортында 142 жолаушы болған. Ал Медина-Атырау бағытындағы тағы бір рейс 4 наурызға қараған түні 01:19-да жетіп, 145 жолаушы жеткізді. Сондай-ақ Жидда-Атырау бағыты бойынша екі рейс келді. Бірінші ұшақ 02:50-де 174 жолаушыны жеткізсе, бортында 179 адамы бар екінші рейс 03:34-те келді. Бұдан бөлек, SCAT әуе компаниясы Алматы-Маскат-Алматы бағыты бойынша Boeing 767 ұшағымен рейс орындаған. Бұл әуе кемесінде шамамен 290 орын бар.

Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінге дейін Қазақстанға жалпы 946 жолаушы қайтарылды. Қазақстан азаматтарын елге жеткізу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. 3 наурыз күні рейстер тоқтатылғаннан кейінгі алғашқы ұшақ Дубайдан Астана әуежайына қонған. FlyDubai компаниясының эвакуациялық рейсімен Қазақстанға 170 жолаушы жеткізілген.

Иран
Фото: Atta Kenare/AFP/Getty Images

«Бала-шағамыз жарылыстардан шошып қалды»

Қазір Израильде бірнеше отбасы ем алып жатыр. Кейбір деректерге қарағанда, бұл елде жүз елуге жуық азаматымыз бар. Қақтығыс жағдайына байланысты олар да елге қайта алмай қалған. Азаматтарымыздың айтуынша, олар жұмыс істеу үшін немесе қыдыру үшін келмеген. Қазақстанда емдеу мүмкіндігі болмаған соң балаларын Израильге алып келген екен. Отадан енді ғана шыққан балаларға ерекше күтім керек, жүруге болмайды. Айналадағы ғимараттарға бомба түсіп, өмірлеріне қауіп төніп тұр. Сондықтан олар тезірек елге қайтқысы келеді. Оның үстіне бұл отбасылар қаржыны да белгілі бір мерзімге есептеп алып келгені белгілі. Израильде пәтер ақысы қымбат. Қазір олар күніне 100 мың мен 200 мың теңге аралығында қаржы жұмсауға мәжбүр. Қаржысы біткен соң далада қалып қоямыз ба деп алаңдайды. 

Сәбит ӘБДИЕВ
Фото: Сәбит ӘБДИЕВ

Сәбит ӘБДИЕВ, Қазақстан азаматы: 

Қарапайым азаматтардың өмірі көк тиын ба?!

– Біз Израильге ем алу үшін келдік. Төрт жастағы қызымызға ота жасаттық. Егер Қазақстанда осындай ота жасайтын болса, қияндағы Израильге келіп неміз бар, өз елімізде жасататын едік қой! Жетіскеннен жүрген жоқпыз. Біздің жағдайымызды ел басшылары дұрыс түсінуі керек. 

Мұнда бізден бөлек тағы екі отбасы бар. Олар да балаларына емдету үшін осында келген, ешкім қыдырып жүрген жоқ. Баламыздың еміне деп халықтан ақша жинап, несие алдық. Енді, міне, соғыс болып жатқан елде қалып қойдық. 

Израильде әр күнің, әр сағатың ақша. Біз наурыздың 4-інде елге қайтуымыз керек еді, соғыстың кесірінен әуежайды жауып тастады. Қашан ашылатыны белгісіз. Ұзақ уақыт ашылмауы да мүмкін. Өйткені әуе жолының ашылу-ашылмауы соғыстың беталысына байланысты. Енді қазір біз қаржыдан қиналып тұрмыз. Ақшамызды белгілі бір уақытқа есептеп келгенбіз. Израильде пәтер ақысы күніне 100 доллардың айналасында, одан бөлек тамағың бар, жалпы күніне 80-100 мың теңге ақша жұмсаймыз. Енді ғана ота жасалған төрт жасар қызымыздың күтімі де оңай емес. Әйелім мен қызым аңыраған сирена дауысы мен гүрсілдеген жарылыстардан әбден шошып қалды. Жалғыз өзім болсам алаңдамас едім, «көппен көрген ұлы той» деп қабылдайтын едім. Ерекше күтімді қажет ететін қызым мен әйелімді уайымдаймын. 

Біріккен Араб Әмірліктерінен ел азаматтарын эвакуациялап жатыр дегенді естідік. Бізге неге көмек берілмей жатқаны түсініксіз. Әлде эвакуацияны да сұрыптап жүргізіп жатыр ма? «Алдымен бай-бағландарды жеткізейік, қарапайым азаматтар қала тұрсын» дегендері ме бұл?! 

Біздің өмірімізге қауіп төніп тұр. Түнде жанымыздағы ғимаратқа бомба түсті. Жарты сағат сайын сирена қосылып, бункерлерге тығыламыз. Бұл қашанға дейін жалғасады? Бізді елге жеткізу үшін үкімет, сыртқы істер министрлігі, елшілік бір әрекет жасауы керек қой! Бұлар неге әрекетсіз отыр? Әлде шынымен де қарапайым азаматтардың құны көк тиын ба?!

Израильге баласын емдетуге барған тағы бір отандасымыз – Гүлдерайым Сәрсенбаева. Оның айтуынша, елшілікке хабарласқан, ондағылар аты-жөнін, керекті құжаттарын жазып алған.  

Гүлдерайым Сәрсенбаева
Фото: Гүлдерайым Сәрсенбаева

Гүлдерайым СӘРСЕНБАЕВА, Қазақстан азаматы: 

Елшілік эвакуация туралы ешқандай уәде берген жоқ

– Әуежайдың қашан ашылатыны белгісіз. Біз 6 наурызға дейін пәтерақысын төлеп қойғанбыз. Қаржымыз да сол мерзімге есептелген еді. Ары қарай не істейтінімізді білмей отырмыз. Қызым алты жаста, 2 операция жасаттық. Жүре алмайды, көтеріп жүру керек. Қазір күніне 200 доллар жұмсап жатырмыз, егер қаражат таппасам 3 күннен кейін пәтерді босатып беруім керек, ары қарай не істейтінімізді білмейміз. Эвакуация туралы елшілік ешқандай уәде берген жоқ. 

Ұлдана УӘЛИХАНҚЫЗЫ
Фото: Ұлдана УӘЛИХАНҚЫЗЫ

Ұлдана УӘЛИХАНҚЫЗЫ, Қазақстан азаматы: 

Қаланы бомбалап жатыр...

– Біз қызымызға ота жасатуға келдік. Қазір емханадамыз. Алтыншы наурызда пәтерге шығамыз. Алты күнге пәтерақы төлеуге қаржымызды есептеп келдік. Алайда қаланы бомбалап жатыр, сирена қосылған сайын қашып, бункерлерге тығыламыз. Әбден мазамыз кетті. Не істерімізді білмейміз.  

Израильдегі елшілік не дейді?

Осы мәселе бойынша «Жас Алаш» Израильдегі Қазақстан елшілігіне хабарласты. Елшілік өкілінің айтуынша, қазір қазақстандықтарды елге қайтару бойынша жұмыс атқарылып жатқан көрінеді. Алайда нақты мына күні қайтады деген уақыт белгіленбеген. Одан бөлек, елшілікке «емделіп жатқан бірнеше отбасы елге қайта алмай отыр» деген ақпарат түспепті. Ал елшіліктегі тізімдегі азаматтардың жағдайы бақылауда екен. 

«Біз қолдан келген барлық көмекті көрсетіп жатырмыз. Басқа жұмысты ысырып қойып, қазір азаматтарымыздың жағдайын жасауды ойластырудамыз. Бізге нақты мынадай отбасылар ем алуға келіп, қайта алмай отыр деген ақпарат түспеді. Бір ғана отбасы хабарласты, біз оның мәліметтерін алып, сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Сіз айтып отырған отбасылар маған хабарлассын, пәтер, тамақ жағынан, әрине, біз көмектесеміз. Олардың далада қалмайтынына уәде беремін. Бізді де түсініңіз, аяқастынан азаматтарға пәтерге немесе басқа нәрсеге деп бөлінген ақша бізде жоқ. Оның бәрі келісім арқылы жүзеге асады», – дейді елшілік өкілі. 

Сыртқы істер министрлігі ештеңе айта алмады

«Барлық жол Римге апарады» дегендей, бұл мәселелердің шиырланған ізі бізді СІМ-ге бастап апарды. Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Ерлан Жетібаевқа хабарластық. Жазған хатымызға жауап болмады, хабарласқан едік, телефон тұтқасын көтермеді. «Қазір Таяу Шығыста жағдай қиын, қарбалас шығар. Кейін жауап берер» деп сендік. Алайда комитет төрағасынан сол күйі жауап болмады. Одан соң министрліктің қызметтік телефон нөмірлеріне хабарласа бастадық. Алдымен Таяу Шығыс, Азия және Африка елдері мәселелері бойынша консулдық қызметке телефон соғып едік, олардан да жауап болмады. Баспасөз қызметі де тым-тырыс... Басқа амалымыз қалмаған соң Адам ресурстары департаментінің директоры Медет Әметайұлымен байланысуға тырысқан әрекетіміз де өнбеді.

Жалпы СІМ-дегі қызметкерлердің жауап бермейтініне етіміз үйренген. Себебі бұған дейін де «Жас Алаш» бірнеше рет хабарласып, жауап ала алмаған. Президент айтқандай, СІМ қызметкерлерінің де кофе ішуден қолы босамайтын сияқты...

Бірақ біз мұнымен де тоқтамадық, министрлік қызметкерлерінің жеке нөмірлеріне хабарласа бастадық. Соңында СІМ қызметкері Мейрам Қайратұлы телефон тұтқасын көтерді. Алайда ол «Министрлік Израильдегі азаматтарымызды эвакуациялауға қатысты қандай жұмыс атқарып жатыр?» деген сұрағымызға жауап бере алмайтынын алға тартты. Оның айтуынша, мұндай сұрақтарға жауапты тек ресми өкіл Ерлан Құнанбайұлы ғана бере алады екен. 

М.Қайратұлымен арадағы диалогымыз былай өрбіді:

– Сіз маған емес, Ерлан Құнанбайұлына хабарлассаңыз?

– Кешіріңіз, ол кісі телефон тұтқасын көтермейді, жазған хатымызға жауап бермейді...

– Мен олай деп айтпас едім, ол байланыста...

Жауап ала алмағаннан кейін сізбен сөйлесіп отырған жоқпын ба.

– Ол кісіге айтайын. Бірақ сізге ешқандай ақпарат бере алмаймын. Ондай құқығым жоқ.

Жарайды, онда «министрлік жауап бере алмады» деп жазамыз. 

– Жоқ, сіз түсініңіз. Менде ондай құқық болса, жауап беретін едім. Ресми өкіл бар.

Жағдайды түсінеміз, алайда мұндай кезде 24/7 сағат жұмыс істеулеріңіз керек емес пе? Неге жауапкершіліктен қашасыздар? Сонда бұл мәселе қалай шешіледі?

– Ондағы азаматтар елшілікке хабарласуы керек.

Олар елшілікке хабарласып, нақты көмек ала алмаған соң бізге шықты.

– Онда консулдық департаментке хабарлассын.

Олар жан-жаққа хабарласып, нәтиже болмаған соң бізден көмек сұрады.

– Онда ол жағын сізге айта алмаймын.

Онда біз «ештеңе айта алмады» деп жазайық. 

– Ресми өкілге хабарласыңыз...

Ресми өкіл Ерлан Жетібаевқа «сәлеміміз» жеткен болуы керек, біраз уақыттан соң бізбен байланысқа шықты. «Байланысқа шықты» деген аты ғана, ол тек шетелдегі елшілік нөмірлерін ғана жіберді. Ал біздің «Министрлік Израильдегі азаматтарды эвакуациялау бойынша қандай да бір жұмыс атқарып жатыр ма? Оларға нақты қандай көмек көрсетіледі?» деген сауалымызға «Тексеріп, кейінірек хабар берейін» деп қысқа қайырды.

Түйін

Бомбаның дауысы Тегераннан асып, Тель-Авивке жетіп, Парсы шығанағының үстін тұмандатып тұр. Ал дәл осы сәтте Қазақстанның бірнеше мың азаматы әлгі от пен оқтың ортасында қалып қойды. Бүгінге дейін 946 адам елге жеткізілгені – әрине, маңызды нәтиже. Бірақ мемлекеттің азамат алдындағы міндеті «мыңға жуық адамды әкелдік» деген статистикамен өлшенбейді.

Израильде ем алып жатқан үш отбасының жағдайы – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімге түскен жарық. Олар – турист емес, ем іздеп барған адамдар. Олардың жалғыз тірегі – мемлекет. Ендеше, мемлекет ең алдымен осындай жандарға көмек қолын созуы керек емес пе?

Қолданыстағы Конституцияда адамның өмірі мен құқықтары ең жоғары құндылық екені жазылған. Бұл қағида тек салтанатты жиындарда айтылатын әдемі сөйлем емес – дәл осындай қиын-қыстау күндері сыналатын өлшем. Жарылыстардан жаны күйзелген азамат «Мені құтқаратын мемлекетім қайда?» деген сұраққа жауап таба алмаса, онда Конституцияда жазылған сөздің не құны қалады?

Бет қатталып жатқанда: Израильге ем алуға барған отандастарымыздың бірі редакцияға телефон соғып, ертең, яғни 5 наурыз күні елшілік оларды көрші елдердің біріне көлікпен эвакуациялауға әрекет жасамақ екенін хабарлады. 

«Жас Алаш» Израильде қиын жағдайда қалған отандастарымыздың жағдайын өз бақылауында ұстайды.

Тұрсынбек БАШАР