Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:52, 23 Тамыз 2021

Отандастарымыздың Қазақстаннан кетуіне не себеп?

None
None

Соңғы жылдары болашағын Қазақстан емес, өзге мемлекетпен байланыстырғысы келіп, шетелге кетіп жатқан қазақстандықтар көбейіп жатқаны алаңдатып отыр.

         Мәселен, жақында қазақстандық жас маман Марат Райымхановтың Канадаға біржолата көшіп кеткенін естіген әлеуметтік желі қолданушылары қимастық білдірді. Себебі жұрттың біразы оны Қазақстанға көп пайдасын тигізе алатын білікті маман деп біледі. Ол: «Иммиграциямның негізгі себебі – әлбетте, қыздарымның болашағы. Кезінде мен өзіме Дария мен Қорланым өмірде таңдау еркіндігі мен сол еркіндігін қорғауға мүмкіндігі бар талапкер, тәуелсіз әрі жігерлі тұлға болатынына нақты уәде бергенмін. Сондықтан мен балаларыма өздерін, таланттарын, әлеуетін толық ашатын жерде өмір сүруге мүмкіндік беруді шештім», – депті.

        Отандасының жер ауыстыруына қатысты журналист әрі кезінде шетелде оқып келген Нұрмұхамед Байғараев: «Кім кетпей жатыр дерсіз. Бірақ қазақтың мұндай сапалы мамандары шекара асып жатса, келешегімізге сенбесе, елде түбегейлі реформалар жасау керек деген сигнал. SOS сигнал! Парасыз, қауіпсіз, жалақы алаңсыз өмірге жететін қоғам құруымыз қажет. Оған жағдай, шарт жасау – үкіметтің, биліктің міндеті. Ал сол шартты орындау – азаматтардың парызы. Нәтижесінде әлгі қоғамға келуіміз мүмкін. Лайк жинайтын, косметический ремонт сияқты өзгерістер еш реформа емес. Ол уақытша шаралар. Қоғамның құндылықтарына оң ықпал ететін реформалар, бетбұрыс жасайтын жаңа бастамалар қажет. Әр маманды жоғалту экономикаға, елге үлкен шығын. Себебі бір маманды даярлау үшін кемі 25-30 жыл уақыт, қаншама ресурс кетеді. Енді оны құнттамаса, ұстап қалмаса, осынша инвестиция құйылған маманды өзге елге дайын қылып, апарып береміз», – деп пікір білдірген. Сөзінің жаны бар. Себебі оған мына мысалдар дәлел: Қазақстанның тумасы Сәуле Омарованың кандидатурасы АҚШ қаржы министрлігі жанындағы валютаны бақылау басқармасының басшысы лауазымына қаралып жатқаны, Қазақстанда туып-өскен Әсел К.Робертстың 2021 жылғы 20 қаңтар күні АҚШ протокол басшысының міндетін атқарушы қызметіне тағайындалғаны. Протокол басшысының канцеляриясында 15 жыл бойы қызмет еткен Робертс ханым бұған дейін аға кеңесші лауазымында болған.

         Алайда үкімет, билік басында отырған шенеуніктер қоғам болып алаңдап отырған біздің бұл мәселенің байыбына бармай, керісінше, статистикалық сандарды ойнатумен әлек боп, өз әлемінде жүрген сияқты ма дерсің… Неге дейсіз ғой?

         Үкімет жұмысын сынға алып жүрген белсенді кәсіпкер Санжар Боқаев жақында Қазақстандағы жұмыссыздар саны өтірік көрсетіліп отырғанын әшкерелеп, деректермен әлеуметтік желіде бөлісті. «Елуден астам дамыған елдегі жұмыссыздық статистикасын талдап шықтым. Қазақстанда адамдардың жұмыспен қамтылу деңгейі ең жоғары деп көрсетіліпті – 95,1, ал бұл кезекте АҚШ-та – 58, Ресей Федерациясында – 58, Германияда 60 пайыз. Оның үстіне статистикалық есепте «ішінара жұмыспен қамтылғандар» деген категория жоқ, есесіне 95,1 пайыздың бәрі жұмыспен қамтылған боп есептеліп отыр. Мұндағы қулық – «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деген терминді ойлап тауып отырғанымыз. Мәселен, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың жалпы үлесінің 64 пайызы ауылдық мекендерде екен-мыс. Ауылдықтар жұмыс таппай отырғанда, мұндай көрсеткішті қалай түсінуге болады? Яғни бұл дегеніміз – көз тойдыратын «әдемі» сандардың көмегімен 1 миллион жұмыссыз адамды жасырып отырмыз. Үкімет жалған жұмыс орындарын құруда», – дейді ол.   

         Мысалы, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өткен  жылы Қазақстанда 431 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып отырғандарын айтқан екен. «Ендеше ол жұмыс орындары қайда? Мен үшін әлі жұмбақ күйінде қалып отыр. Бірақ біздікілер мұнымен қоймай, 2020 жылы 1 миллионнан артық жұмыс орны пайда болатынын айтып, Айды аспаннан бір-ақ шығарды. Ал статистикада Қазақстандағы жұмыссыздар саны барлығы 451 мың адам деп көрсетілген. Сонда бұл жұмыссыз деп танылғандарды үкімет «екі жарым» реттен жұмысқа орналастырған ба?! Тоғжанов мырза, есіңізде болсын, ешқашан жұмыс орындарын үкімет жасамайды, оны жасайтын – бизнес. Ал сіздер осылай өтірік сандармен есеп беріп жүргенде, адамдар елімізді тастап кете бермек. Ең сорақысы, кетіп жатқандардың көпшілігі білімі мен кәсіби біліктілігі жоғары азаматтар. Ал Қазақстанға келіп жатқандардың ішінде көбі, керісінше, жоғары білімі жоқ азаматтар. Бұл дегеніміз – біздің адами капитал нашарлауда. Мамин мырза, жұмыспен қамтудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы мүлдем тиімсіз. Жаңадан жұмыс орындарын жасап жатқан жоқ. Ол үшін бюджеттен бөлініп жатқан қаражат тым көп әрі оған негіз жоқ. Нақты қадағалау да жасалып жатқан жоқ, сәйкесінше қаржыны пайдалануда заңбұзушылықтардың бары анық», – деген үндеу тастап отыр Санжар Боқаев. 

         Оның айтуынша, халықтың сыртқы көші-қон сальдосы бойынша 2011 жылға дейін елімізге сырттан келушілердің қатары көп болған. Алайда 2012 жылдан бастап Қазақстаннан кетушілер жылма-жыл артып отырған. 2019 жылы елімізден 45 мыңнан астам адам кеткен, ал бұл жылы келгендердің қатары небары 12 мыңнан асады. Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова адамдардың үдере кетуіндегі негізгі себеп – жоғары сапалы әрі өте жақсы өмір сүріп, мансаптық өсу үшін мол мүмкіндікке кенеліп, жалақы көп төлейтін жұмыс табу екенін айтады. Өйткені елімізде мемлекеттік органдардағы лауазымдарға тағайындалу, үлкен компанияларда еш кедергісіз мансаптық өсу үшін маманның біліктілігінен гөрі «Бәке, Сәке», тамыр-таныс, құда-жекжат сияқты байланыстың рөлі күшті болып тұр. Өзге елге кеткендердің көбінен еститініміз де сол – трайбализм тамыр жайған. Ескере кету керек, шекара асып кеткендердің санын шенеуніктеріміздің де балалары құрайды.

Әлеуметтанушы Ернұр Мұлдашев былай дейді: «Миграцияны үш бөлікке бөліп қарастыруға болады. Біріншісі – білім алу миграциясы. Яғни мектеп бітірген талапкерлердің шетелге кетуі. Оның нюанстары өте көп. Бірақ негізгі нәрсе адамдардың тұратын облысы мен ұлтына байланысты. Орта мектепті бітіре салысымен Ресейге жол тартатындар Қазақстанның солтүстік өңірінде орналасқан орыстілді азаматтар. Жаңағы кеткен ел олардың қайтып келу немесе келмеуіне әсер етеді. Ресейге немесе Шығыс Еуропа елдеріне кететіндер көбінесе Қазақстанға қайтып оралмайды. Ал Қытай, Америка немесе Батыс Еуропа елдерін бетке алғандар көбіне «Қазақстанға қайтып ораламын, ол жаққа тек білім алу мақсатымен ғана бара жатырмын» деген пікірді ұстанады. Миграцияның екінші сатысы – жұмыс іздеу. Жұмыс іздеп кететіндердің ішінде білікті мамандар да, қара жұмыс іздеген азаматтар да бар. Бірақ білікті мамандар көбінесе Ресейге, Шығыс және Батыс Еуропа елдеріне кететін болса, қара жұмыс іздеген отандастарымыз көп жағдайда Корея, Жапония, АҚШ-қа барады. Үшінші саты – шетелге кетіп, қайтып келмегендер өздерінің ата-анасын көшіріп алып жатыр. Соңғы кездері осындай жағдай көбірек байқалуда. Мұны тоқтату мүмкін емес, оған қарсы шығудың да аса қажеттілігі жоқ. Себебі бұл –  Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің проблемасы».

Тегтер: