Отандық БАҚ ақпараттық майданда ұтылып жатыр

Жуырда еліміздегі ақпарат құралдарында жарияланған Ақмола облысы тұрғыны Петр Мирошниченконың Ресей-Украина соғысына қалай аттанғаны туралы ақпарат тарады.
Онда жерлесіміз Ресей аумағына заңсыз өтіп, сонда саяси баспана алып, «Орыс қоғамы» ұйымының көмегімен құжаттарын реттеп, ақыры діттеген мақсатына жетіп, Украинадағы майдан даласынан бір-ақ шыққан. Осыдан соң оны босата салған құқық қорғау органдарына, еліміздің шекара қызметіне көп сын айтылды. Сөйтсек, бұл бүгінде еліміз үшін ет үйренген жағдай болып барады екен.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы мәліметке қарап осындай ой түйдік. Бұл порталда еліміздегі барлық құқық қорғау органындағы деректер топтастырылған. Қылмыстық істердің барлық мәліметі уақыты мен түріне қарай әрі қай органда тіркелгені жіктеп көрсетіліп отырады.
Осы сайтта Қылмыстық кодекстің 172-бабы бойынша тіркелген істер де келтірілген. Бұл бапта шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысқаны үшін ел азаматтарына қандай жаза қолданылатыны қарастырылған. Аталған порталдағы осы бап бойынша тіркелген қылмыстық істерге қарағанда, былтыр жыл қорытындысында 38 іс өндірісте болса, жаңадан тіркелгені 36 екен. Демек, екі іс алдыңғы жылдан бері жалғасып келе жатыр деген сөз.
Ал биылғы жыл басындағы екі айдың қорытындысына қарасақ, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде жаңадан 19 іс тіркелген. Бұл – былтырғы жылдық көрсеткіштің жартысынан асты деген сөз. Статистиканың бұлай күрт өршіп бара жатуына не себеп деген сауалмен белгілі әскери сарапшы Ермек Сейітбатталовқа жүгіндік.
Оның сөзінше, бүгінде Ресей мен Украина арасындағы соғысқа кетіп жатқандарды көріп отырмыз. Көбі Ресей жағында. Украина жағына кетіп жатқандардың көбі өзіміздің қазақтар. Жалпы, Ресей-Украина соғысынан бөлек, кезінде талайы Сирия жаққа да кетті.
«Олар бала емес, қайда кетіп бара жатқанын, өмірі қиылатынын түсінеді. Ақша дейін десең, бақилық болатын жанға қаражаттың керегі не? Соған қарағанда, негізгі себеп – сана-сезімінің өзгеруінде жатыр деп топшылаймыз», – дейді сарапшы.
Оған бірнеше себепті көрсетеді. Біріншіден, біздің елде басқа елдің үгіт-насихат арналары басым. Сол арналардың ақпаратына елігіп, жанын қиярға дейін даяр болып тұрады. Ол әлбетте, бір күннің «жемісі» емес. Көптен бері уақыт ағымымен қалыптасқан дүние.
«Онымен күресу үшін ақпарат құралдарымыздың елімізде шетелдік БАҚ-тан бәсі жоғары тұратындай болу керек. Оның үстіне, ақпараттың көрерменге дер шағында жеткені маңызды. Күн тәртібінде тұрған түйткілді мәселелерді саланың білікті өкілдерімен талқылап, көрерменге ашық ұсыну қажет. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» демекші, мағлұмат, айтылған мәселе неғұрлым өтімді болса, ол да жұрттың санасына жетіп, ойландырады», – дейді Ермек Сейітбатталов.
Сарапшы үгіттеудің 8 қадамы жайлы сөз етеді. Біріншісі – осы, ақпараттық майдан. Адамның сана-сезімін өз тарапына қарай өзгертуге жұмыс істейді. Екінші қадамында сол ақпарат арқылы адамдарды жинап, өзге елдің соғысына құрбан ретінде жіберуге көшеді.
Өйткені Ресейді мысал етсек, оларға жауынгер жетпей, ілгері жылжымай жатыр. Қару-жарақ тапшы. Сол үшін Солтүстік Корея, Қытай, Иран елдерінен керегін алып жатыр. Сириялықтарды да тартпақшы болып еді, ол жақтағы жағдай өзгеріп кетті.
Екінші өте маңызды жағы, сарапшының ойынша, елде әділеттілік болуы керек. Өз елінде әділеттілікті сезінген жағдайда ғана адамның патриоттық сезімі артып, өз елі үшін мақтаныш сезімі кернейді. Бұл сөзіне елімізде 90-жылдары Назарбаевтың беделінің қатты көтерілгенін, қоғамдағы өзгерістің әсер еткенін айтады.
«Алайда, өкініштісі, солтүстік өңірлердегі таныстарыма қарасам, үйлерінде ресейлік телеарналар күні бойы қосылып, өшпей тұрады. Сонда күнделікті көңіл көтеретін бағдарламалардың арасында өз саясатын да тықпалап, ақты қара, қараны ақ етіп көрсетіп жатады. Сонда сол жақтағы өз азаматтарымызбен сөйлесіп отырғанымызда Ресей «пропагандасының» сөзін сөйлеп отырады. Санасы түгел өзгерген. Бұл әскери «пропаганданың» нақ өзі», – дейді ол.
Бекбол АМАНГЕЛДІ