Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Отандық бизнеске неге идея жетіспейді?

1
Фото: ашық дереккөз

Қазір халыққа шағын және орта бизнеспен айналысуға мүмкіндіктер берілуі керектігі, экономиканың әртараптануы үшін шағын кәсіптің рөлі зор екені жиі айтылады. Ал енді біздің отандық бизнесте кәсіпкерлер алғашында бейне бір тау қопарып тастайтындай асқан құлшыныспен білек сыбана жұмысына кіріседі.

 Бұл бизнесте жүрген азаматтарға ғана тән дүние емес, барлық іске ынталы адамның бойында бар қасиет. Бірінші кезекте бастаған ісің өзің үшін жалқы, өзіндік даралығы бар болып көрінуі мүмкін. Ал уақыт өте келе сол іспен басқаның да айналысып, шаруасын дөңгелетіп алғанын көріп көңілің пәс тартады. Міне, осындайда біздің кәсіпкерлеріміз ешкімге ұқсамайтын идея іздейді. Ендеше, бизнесте ешкімге ұқсамайтын идеяны қайдан аласыз? Бәлкім, қарызға шығар? Бүгін біз осы салада жүрген арнайы мамандармен пікірлесіп, аталған сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Бизнес идеяның құны

Ал енді алғаш бизнес бастағысы келетін адам бизнес идеяны қайдан алуы керек? Негізінде, бізде идеяны ойластыруға қатысты арнайы мамандардан жасақталған зерттеу орталықтары бар. Оның қайсыбірін компаниялар «пиар менеджерлер» деп те атайды. Идеяны сәтті таңдағысы келетіндер тіптен олардың қызметіне де жүгініп жатады.

Стратегиялық бизнес-жобалар орталығының сарапшысы Алмас Сәлменов осыны ескеріп, сол идеясын сататын орталықтардың қызмет ақысы қанша екенін есептеп көріпті:

– Егер арзан қызмет іздесеңіз, алдымен жарнама агенттіктеріндегі пиар-менеджерлердің қызметіне жүгінесіз. Олардың қызметінің құны 1-3 мың доллардың көлемінде. Ал сапалы қызмет іздесеңіз, онда брендинг-менеджерлер қызметіне жүгінесіз. Ол брендинг-менеджерлер сапалы бренд атауын тауып беруге 5-8 мың АҚШ долларын сұрайды. Ресейде мұндай агенттіктердің қызметіне жүгіну 10-12 мың доллар тұрады. Есіңізде болсын, бізге Батыстан көмек сұраудың қажеті жоқ. Өйткені жаңағы менеджерлердің қызметін қымбатсынатын кәсіпкерлер батыстағы идеяларға «жиендік» жасайтын көрінеді. Бірақ сарапшылар мұндай бизнес идеялармен халықаралық нарыққа шыға алмайтынымызды құлаққағыс жасауда. Бұған қоса өз бетіңізше немесе фокус-группа көмегімен де жарқын идеяларға қол жеткізе аласыз. Мысалы, иіссуға (немесе басқа тауар мен қызметке) байланысты бейтарап немесе жағымды ассоциацияларды жазып алу керек. Айталық: иіс – сабырлылық, тыныштық, тағы сол тәрізді. Бұдан кейін кітапханаға барып, осы терминдер тобына жататын түрік, парсы, ағылшын, түрікмен және басқа да бауырлас тілдерде қалай оқылатынын немесе аталатынын анықтап алу қажет. Жиі жіберілетін қате: сіз бауырлас халықтар дәл осы иіссу түрін қалай атайтынын анықтамай, брендке бірден өз қиялыңыздағы атауды қоясыз. Мұның арты тауар өтімділігіне кері ықпал етуі мүмкін. Міне, ақылы идея алудан қашқақтасаңыз, осылай сәл-сәл миыңызды жаттықтырып алып, небір идеяларға сүңгіп кетуге болады, – дейді ол.

Бірінші болуды емес, бірегей болуды ойлаңыз

Сарапшы Алмас Сәлменовтің пайымдауынша, біздегі кәсіп иелері көбіне бизнестегі идеяның орны қаншалықты екенін таразылай бермейді. Осыдан барып жетістікке де, діттеген межеге де жете алмай қалады. Бизнестегі идеяның орны айрықша. Бизнес идея туралы сөз еткенде бірінші кезекте бірегей болуға ұмтылу керек. Біздің кәсіпкерлердің бір олқылығы олар бірінші болуға ғана тырысады. Ал бірегей болу көпшілігінің қолынан келе бермейді.Отандық кәсіпкерлердің жіберетін ең бастысы және ең қауіпті қателігі – бәсекелестерімен бір шеңберде сайысу. Бәсекелестерінің іс-әрекетін қайталау – стратегия тұрғысынан қарағанда сәтсіздікке ұшырау деген сөз. Сондықтан біздің кәсіпкерлердің негізгі мақсаты – өз өнеркәсібін нөмірі 1 немесе 2 озық компанияға айналдыру емес, маркетинг жолдарын тауып, бірегей сауда ұсынысын паш ететін бірегей кәсіпкер болуы керек.

«Міне, қандайда бір идеяны жүзеге асырып, одан жетістікке жетуі үшін бізге осы жетіспейді. Сондықтан бәсекеге қабілетті болу үшін бірегей болуға ұмтылу бізге қажет қасиет», – дейді маман.

Борышкер болып идея сұрамаңыз

Бағамдасақ, идеяны қарызға алуға да болады. Қолында қайраты бар, бірақ қаржысы жоқ адамдардың дені кәсіп ашуда осы бағытқа жүгінеді. Бірақ мамандардың көпшілігінің айтары – борышкер болып бизнеске бас қоюдың тиімділігі аса жоғары емес. Бұған қатысты айтар болсақ, қазірде адамдардың көбі бір-біріне қарыздар. Бірақ басым бөлігі осыны мойындағылары келмейді. Қарыздар әртүрлі болуы мүмкін. Тіпті адамның бір-біріне берген уәдесінің өзін қарыз деп білетін жапондар бұл жерде бизнестегі қарыз атаулыға аса сақтықпен қарайды. Сондықтан бизнес-идеяны қарызға алу жөнінде жапондық қаржыгер Окума Сигэнобу «бизнесте қарыз алуда, уәде беруде аса сақ болған жөн. Ешуақытта уәде беруші болмаңыз. Бәрі өзгереді, бәрі уақытша. Сіздің бүгін берген уәдеңіз ертең орындалмай қалуы мүмкін. Уәде де қарыз» деген екен.

Жалпы, бизнесте банктерге, менеджерлерге, пиар-менеджерлерге борышкер болып идея сатып алудың дұрыс еместігін кәсіп иелері түсіне бастаған. Әйтсе де, біздегі кәсіп иелері идеясының жалқы екенін таразылай бермейтіндіктерін мойындап та отыр.

КәсіпкерАзат Қонысбеков:

– Өз басым идеямыздың жалқы, дара екеніне оншалықты мән бере қоймаппын. Мүмкін, кей тұстары олқы түсіп қалатынымыз да содан шығар. Бірақ біздегі бизнес кеңесшілерінің де біліктілігі жеткіліксіз болып жататынын, бизнес менеджерлердің өзі тым жастар екенін, олардың өз саласын терең меңгере бермейтінін ескерсек, бізге отандық бизнеске қызықты идея шынымен де жетіспейді. Мысалы, біз идеямыздың жалқы немесе жалпыға ортақ екенін аңғара бермейміз. Ол үшін қандай талдаулар қажеттігіне де аса көңіл аудармаймыз. Қазір осыған мән беретін кезең жетті, – деді.

Идеяңыз жалқы ма?

Сонымен, бизнеске керегі дара идея екенін біраз жіктедік. Ал енді идеяңыздың халыққа өтімді екенін, жалқы, өзіндік дара екенін таразылап алу үшін қандай жайттарға назар аудару керек? Ендеше, біз жіктеген төмендегі жайттарға зер салып көріңіз. Мұндай зерттеулер жүргізу арқылы сіз идеяңыздың өзгеден даралығын біле аласыз.

«Аналитик» зерттеу және сараптау орталығының бизнес сарапшысы Дәурен Арын былай дейді:

– Бірінші, адамдар сіздің өніміңіз бен қызметіңіз үшін ақша төлегісі келе ме, әлде сіз өніміңізді адамдарға өзіңіз тықпалайсыз ба? Егер адамдар өнімге және қызметке ақша төлеуге дайын болса, онда бұл идеялар жетістікті бизнеске айналады. Екінші, сіз өніміңізді жастарға немесе қарттарға сатуды жоспарлайсыз ба? Мүмкін, сіз ұсынып отырған қызмет түрі тек әйел адамдарға немесе тек қана ер адамдарға арналған шығар. Екінші кезекте, осы арасын анықтап алыңыз. Клиенттер ортасын анықтап алғаннан кейін нарықтық зерттеу жүргізіңіз. Сатып алушылар қаншалықты қымбат төлеуге дайын екенін білсеңіз тіптен жақсы. Үшінші, бұдан соң сіздің өнімге қызығу бар болса, бірақ адамдар ол үшін төлеуге дайын болмаса, бизнестің альтернативтік, яғни, тауарды таңдаудың баламалы үлгісін қарастырудың мәні бар. Міне, сіз өз идеяңыздың жалқы екендігін, нарықты дендеп алатынын білгіңіз келсе алдымен осы бір үш бағытпен жұмыс істеуіңіз керек. Осы бағытты айқындап алғаннан кейін барып шаруаңызды еш кедергісіз дөңгелете аласыз. Төртінші, қай жерде идея туралы әңгіме қозғалса да, сіз біреудің идеясынан бірдеңе алып қалуға, оны әрі қарай ширатып әкетуге тырысыңыз. Бұл сіздің бизнестік дағдыңызға айналсын. «Идея жоқ» деп ешқашан айтпаңыз. Керісінше, кез келген ортада идея табуға тырысыңыз. Ешқашан тың ойлардан, жаңа қадамдардан, жаңалықтардан, жақсы істерден бас тартпаңыз. Олар сізді жаңа табыстарға жетелейді. Идея үшін өтем төлеу жақсы. Оны сақтап қалу үшін сізге идея ұсынған адамға өтем төлеңіз, абзалы – қарызға идея алмаңыз. Ең бастысы, жоспар құра біліңіз. Жоспармен жұмыс істеу сізді тиянақтылыққа жетелейді.

Шағын кәсіптің 9 артықшылығы

Жалпы, қазірде елде шағын кәсіп ашқысы келетін, бірақ соның жөн-жобасын, шағын бизнестің артықшылықтарын біле бермейтін қауымның қарасы көп. Міне, осы жайтты ескергендіктен бизнестегі шағын фирманың артықшылықтарын, оны қалай ашу керектігін, фирманы ашуда ыңғайлы ауданды қалай таңдау қажеттігін ашып көрсетіп көрелік. Ендеше, сараптап көрелік, шағын фирма шынымен несібемізді көбейте ала ма? Алғашқы қадамды қалай бастаған жөн?
Әрине, қандайда бір істі бастамас бұрын алдымен оның тиімді тұстарын аңғарып алғанымыз өзімізге пайдалы. Бизнеспен жаңадан шұғылданушы кәсіпкер шағын фирманың басты артықшылықтарын жақсы білуі керек. Ол оны әрі қарай жетілдіруде зор демеу болады.

Сарапшы Дәурен Арынның пайымынша, шағын фирма ашудың мынадай 9 артықшылығы бар:

1. Тәуелсіз жұмыс істеу. Шағын фирмалардың көбі басқару иерархиясын сақтамайды. Бұл ынталы да жігерлі кәсіпкерге іс-әрекет бостандығын береді.

2. Икемді әрі тез шешімдерді қабылдау мүмкіндігі. Ірі корпорацияларға қарағанда шағын бизнестегі басқару шешімдерін қабылдау құрылымы оңтайландырылған. Бұл болып жатқан өзгерістерге дер кезінде әрекет ету мүмкіндігін береді.

3. Жергілікті жағдайға икемді болу. Шағын фирмалар жергілікті нарықтың сұраныстарын, салттарын, әдеттерін зерттеуге толық икемделген.

4. Операциялық шығындары төмен болады. Жабдықты сатып алу көп инвестицияны талап етпейді, басқаруға арналған шығындар азаяды.

5. Материалды табысқа тез жету мүмкіндігі. Сіз бір мезгілде жалақыны да, бизнестен түсетін үлесақыны да аласыз.

6. Ұзақ мерзімді пайдалар. Егер ісі оңға басса, кәсіпкер өз ісін керек болған кезде тез әрі тиімді сата алады.

7. Бірнеше мамандықты алып жүру. Адам әмбебап болуға тырысуы керек. (қаржы маманы, менеджер, т.с.с.).

8. Өзіндік немесе дербес нарық артықшылығы. Әдетте ірі бәсекелес компаниялардың іс-әрекеттері бас кеңселері қарастырған процедураларға тәуелді болады. Шағын бизнес оларға қарағанда ширақ келеді, әсіресе нарық белгілі бір шарттарға немесе белгілі бір мерзімге байланысты болған жағдайда.

9. Кәсіпкерлік рухты сақтай білу. Дүниежүзілік статистикаға жүгінсек, шағын фирмалардың инновациялық, кәсіпкерлік рухы өте жоғары болады. Оған заманауи салаларда (электроника, гендік инженерия, компьютерлер) шағын бизнестің басым болуы дәлел болады. АҚШ-та «шағын кәсіпорындарда істейтіндер арманшыл, қиялшыл болып келеді» деседі.
Міне, қандайда бір шағын фирма жұмысын ұйымдастырғысы келетін кәсіпкер бірінші кезекте осы артықшылықтарды жақсы білуі тиіс.

Тұрақты қор жинауды әдетке айналдырыңыз

Біз білетін бизнес әлемінде үнемдеу аса маңызды. Қаржы қауіпсіздігін сауатты меңгерген кәсіпкерлердің дені үнемдеуді мықтап меңгереді. Жалпы, қаржы қауіпсіздігі кім-кімді де ойландыратыны хақ. Әйтсе де, бүгінде қомақты қаржы тауып жүрсе, «ертең де осындай сәттіліктер туа береді» деп ойлайтын, сөйтіп қалтасындағы ақшасын алды-артына қарамай шашып, артынан опынып қалатындар аз емес.

Экономист Қуанышбек Дүйсеновтің сөзіне сүйенсек, тұрақты қор, бұл – болашақ күнге сенімділік, кездейсоқ тап болған жағдайлардан қысылмай, біреуге жалтақтамай шығудың жолы қаржылық қауіпсіздігіңізді қамтамасыз ете алу. Бұл қадамды жетік меңгерсеңіз, өзіңізге қатысты дағдарыс атаулыдан сәтті шыға аласыз, сондай-ақ күтпеген жағдайлар орын ала қалғанда, көптеген есепсіз жүретін адамдар секілді абдырап қалмайсыз.

Мәселен, қазір аяқ астынан қаржы қажеттілігі туа қалса, көпшілік қауым бірінші банктен несие алуға ұмтылады. Хош, несиені алуын аларсыз. Бірақ «қарыз күліп келіп, жылап қайтатынын» ұмытпаңыз. Бір ескеретін жайт, несие қайтару барысында қаражатты одан асыра төлейсіз, соның нәтижесінде жұмсалған ақша көлемі екі есеге айтарлықтай молаяды. Ендігі бір қаржыны қолға түсіру көзі – ағайынға, қатар-құрбыларға, туыстар мен таныстарға салмақ салу. Бұл қалай болғанда да бұрынғы сыйластығыңызға сызат түсірмей қоймайды. Өйткені мерзімді күні қарызды қайтара алмасаңыз, қадіріңіз кете бастайды.

Көп тапқан емес, көп үнемдеген бай

Әсілі, мұндайда ең тиімдісі – ешкімнен қарыз алмауға ұмтылу. Ол үшін белгілі бір сомада артық ақша қоры болуы қажет. Алайда күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, мұндай қауіпсіздік екінің бірінде бар деп айта алмаймыз. Бір сәт өзіңізге өзіңіз мынадай сауалдар қойып көріңізші:

• Өзіңіздің айлық шығындарыңыз қандай?

• Қазіргі кезде жеке қорыңызда аздап болса да ақша бар ма?

• Сол сома шығындарыңызды жабуға жете ме?

Осы сұрақтардың жауабы сіздің қаншалықты дәрежеде өмірдегі түрлі құбы-лыстарға дайын екендігіңізді анықтайды.

Бұл арадағы ең бір қиын нәрсе – қорыңызда ешқандай қаражат болмай, айлықтан айлыққа әзер жететін күйде болуыңыз. Мұндай кезде ертеңгі күнді бүгін, яғни, алдын ала ойластырған жөн.

Ол үшін әуелі өзіңізге қажет ай сайын жарататын қаражат сомасын анықтаңыз. Егер отбасылы болсаңыз, сол отбасындағы барлық мүшені есепке алыңыз. Сіздің жинақтарыңыздың ең төменгі сомасы айлық шығынның қорытынды сомасына тең келуі тиіс. Сіздің тұрақты қорыңызды қандай соманың құрайтындығын білу үшін қазіргі жұмыстан айырылып қалсаңыз, жаңа жұмыс орнын немесе табыс көзін табу үшін қанша уақыт кететінін анықтап алуыңыз керек. Егер бұл бір ай өтпестен жүзеге асса, онда қордағы қаражатыңыздың сомасы айлық шығындарыңызға тең келеді. Ал егер одан ұзаса, болжанған уақыт мөлшерін айлық шығын сомасына көбейтіңіз.

Міне, қанша жерден бизнеспен айналысып, бума-бума ақша тауып жатсаңыз да осындай жоспар құруды ұмытпаңыз. Жалпы, мол ақша табуға қатысты бизнес әлемінде «көп тапқан емес, көп үнемдеген бай» деген қағида бар. Осы қағиданың астарына қарап, біз қанша жерден «бай адамдар қалтырауық» деп сөккенімізбен, сол ауқаттылардың осы бір арнайы қағидаға жүгінетінін ұмытпауымыз керек. Будыратып ақшаны тауып, «кәсіппен айналысып жүрмін, түсетін түсім қайта айналып келеді» деп оны орынсыз шашудың расымен де пайда әкелмесі анық. Сондықтан әрбір кәсіп иесі тапқанын үнемдеуге тырысуы тиіс.

Сондықтан қолда бар қаржыңыз өзіңізден алыстамасын десеңіз, мына бір жайттарды да жадыңызда сақтап алғаныңыз абзал:
а) Жоғары кірісті ұсынатын мәліметтерге назар аудармастан, жеке қаражатыңызды күмәнді қолға сеніп тапсырмау қажет. Шынымен тілектес тұлға сіздің тарапыңыздан қызығушылықты көрмеген жағдайда өз ұсынысын тықпалай бермейтін болады.

ә) Алаяқтар, керісінше, сізді өз шырмауына түсіру мақсатында бір айтқанын он түрлі мысалдармен сипаттау арқылы артыңызға түсіп алады. Осыны ұмытпаңыз.

б) Сондай-ақ қарыз алу немесе басқа да экзотикалық келісімшарттар арқылы қаражат табудан мүлде бас тартыңыз.

в) Одан кейінгі бір байқайтын тұсыңыз, үлкен, ауқымды жобаларға қатысатын болсаңыз, аталған жобаларға қатысты қосымша ақпараттар мен рұқсат құжаттарын талап етуді де ұмытпаңыз.

г) Нарықты үнемі зерттеп отырыңыз. Осылайша нарықты зерттеу сіздің сауатыңызды арттыра түседі. Сауатты шешімдер қабылдаған сайын табысыңыз да еселенеді.

Бетті дайындаған

Қарлығаш САЙЛАУБАЕВА