Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:45, 22 Ақпан 2023

Отандық дәрігерлердің шетел мамандарымен тәжірибе алмасуы көбейді

None
None

Адам баласы денсаулығында проблема болып жаны мұрнының ұшына келгенде құдайдан кейін жанын дәрігерлерге тапсырады.

Соңғы жылдары әлемді дүрбелеңге салып, үрей құшағында ұстаған коронавирустық эпидемиядан соң адамзаттың ақ халатты жандарға деген құрметі арта бастағаны рас. Отандық дәрігерлерге де өз кезегінде сәт сайын өзгеріп тұратын түрлі сырқаттармен небір вирустарға төтеп беру үшін үздіксіз оқып жетіліп отыру қажет деген талап та қойылады. Медицина саласына қатысты білім-білікпен тәжірибенің әр кезеңде жаңарып, дамып отыруы да оңтайлы жұмыс жасауға негіз болады.

2022 жылы отандық дәрігерлер Франциядан келген мамандармен кездесіп, шеберлік сағатында тәжірибе алмасқан болатын. Перфузиолог дәрігерлерге арналған «перфузия және жасанды қан айналым саласындағы инновациялар» тақырыбында семинар және шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Семинарды Франциядан келген профессор, доктор Юсеф Эль Дзуки өткізді. Аутотранфузияны клиникалық қолданудың тереңдетілген курсын тыңдап, дәріс алуға Алматы қаласынан, Ақмола, Абай, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысы мен Батыс Қазақстан облысы, өзге де аймақтарынан медициналық жоғары оқу орындарынан, облыстық, қалалық орталық және көпбейінді ауруханалары мен кардиоорталықтарының перфузиолог дәрігерлері келді. Соңғы бірнеше жылдар бойы елімізде жүрек және қан айналым ағзаларының аурулары салдарынан өлім-жітім деңгейі көбейе бастаған. Дәрігерлер сол себепті жүрек қан тамыр ауруларының алдын алу және емдеу шараларын оңтайландыру қажет деп есептейді. Уақыт оздырмай сырқатты анықтау, емдеудің жоғары технологиялық әдістерін енгізу, ашық жүрекке ота жасау тәрізді түрлі іс-шаралар ем алушылардың өмір сүру жасын ұзартуға септігін тигізеді. Франциядан келген доктор Юсеф Эль Дзуки Қазақстан кардиохирургия саласы бойынша Азиядағы дамыған ел екенін және Алматы мен Астанада емдеуде жоғары стандартты қолданатынын атап өткен болатын.

Сонымен қатар былтырғы жылы Қазақстан мен Түркия дәрігерлері тәжірибе алмасу үшін меморандумға қол қойған еді. Балалар урологиясы, ортопедия, балалар нейрохирургиясы бағыттары бойынша қазақстандық дәрігерлер Түрік дәрігерлерінен үйреніп білім-білік дағдыларын шыңдап келеді. Ыстамбұлда Астанадағы 2-ші қалалық көпсалалы балалар ауруханасы мен Ажыбадем ауруханасының ынтымақтастық туралы меморандум жасасуы біздің ел дәрігерлерінің тәжірибе жинақтауына үлкен сеп болып отыр.

Жүрекке күрделі ота жасауда дәрігерлер тәжірибесі маңызды

Петропавлда 2022 жылы қазан айында жүрекке тіліксіз ота жасалған. Солтүстік Қазақстан облысындағы кардиологиялық орталығында Швейцария мен Германиядан келген профессорлардың қатысуымен жергілікті кардиохирургтар жүрек ақауы бар үш науқасқа тіліксіз ота жасап шықты. Операция наркозсыз жасалып, сәтті жүзеге асқан. Науқастарға отандық кардиологиялық орталықтың дәрігерлері жасаған, ал Швейцария мен Германиядан келген профессорлар операцияның жасалу барысын бақылап отырған болатын. Шетелдік мамандар Астана мен Орал қаласында да болып қолқа қақпақшасын транскатетерлік имплантациялау отасына қатысқан. Мұндай ота жабық түрде кеуде қуысын ашпастан, наркоз берілмей жасалады. Нәтижесінде ем алушы ашық отаға қарағанда тез қалпына келіп, оңалып кетеді. Шетелдіктер жергілікті дәрігерлер осындай ота жасап тәжірибе жинау үшін өздерінің қатысуымен жылына он бес шақты операция жасауы керек деп түйіндейді. Бұл жоғары технологияны қажет ететін күрделі операция. Қолқа стенозы бар егде жастағы сырқаттар қажетті отаны Астана мен Алматы орталықтарына барып жасатқызатын еді. Жергілікті кардиологиялық  орталықта қара малдың жүрек қабы протез ретінде алынады, ол ыңғайлы орналасады. Бұл өңірде сырқаттанушылар қатары артқандықтан, мұндай отаны жасау маңызды болды. Қазақстанда осындай 500 шақты қолқа қақпашасы қойылған. Жоғары технологиялық операцияның құны 5-6 млн теңгені құрайды. Науқастарға мұндай ота әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалады.

Жалпы елімізде шетелдіктермен отандық дәрігерлердің тәжірибе алмасуы медицина саласында оң ықпал беруде.

Тегтер: