Отар маңындағы әскери бөлімде сарбаз жарақат алды
Отар елді мекені маңындағы 30212 әскери бөлімінің оқу орталығында мерзімді сарбаз жарақат алды.
HALYQSTAN дереккөзінің мәліметінше, оқиға таңғы тексеріс кезінде болған. Түркістан облысынан шақырылған сарбазға қалта құжаттары өзінде болмағаны үшін ескерту жасалып, құжаттарын әкелуге жіберілген. Осы сәтте ол құжатына бара жатып, жолда өртке қарсы қалқаннан балтаны алып, өз саусақтарын шапқан.
Ал ҚР Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі бұл нұсқаны жоққа шығарды. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 6 қаңтарда әскери қызметші сол қолының саусақтарын металл затпен жарақаттаған және бұл жағдай жеке себептермен болған. Ведомство оқиғаның қызмет өткеру тәртібімен немесе командирлердің әрекетімен байланысты емес екенін мәлімдеді.
Зардап шеккен сарбаз әскери госпитальға жеткізіліп, медициналық көмек көрсетілген. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.