Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 09 Тамыз 2024

Отарлау заңы және Абай заманы

Абай

«Қазақстан қалай отарланды?» деген мәселе әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Мәселен, тарихшы ғалымдар: «Қазақ хандығы 18-ғасырда біртұтас мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатып, Ресей империясының бодандығына тап болды.

 Сөйтіп, ұлтымыз тарихының үш ғасыр жалғасқан отаршылдық дәуірі бар» деседі. Бірақ 19-ғасырдағы халықтың өмірі, санасы мен мінезі өзгеруін Абай шығармашылығы бойынша сарапқа салсақ, өзгедей панорама алдымыздан шығады. Қазақ даласын толық отарлауды патшалық Ресей 1868 жылғы «Жаңа закон» арқылы іске асырған. Ақиқаты – осы. Мәселен, Құнанбай мен Абай жолы бір емес. Себебі Абай тұсында замана төңкеріліп түсті. Қандай жағдайда, неліктен? Төменде осының нақтылы жауабын бермекпін.

Тұрмыстық тұрғыдан әлемнің әміршісі Шыңғыс хан мен оның ұрпағы хан Абылайға дейін Ұлы Дала тұрғындары тұрақты өмір сүрді. Сан ғасырлар өзгеріссіз өтті. Қазақ хандығының шаңырағы шайқалуы патшалық Ресейдің 1822 жылғы «Степное положение» атты уставынан басталды. Ол бойынша қазақ даласы округке бөлініп, округ бастығы аға сұлтан, орынбасары орыс шенеунігі болды (халық оны «майыр» дейді). Әйтсе де аға сұлтанды сайлау, яғни тас салу құқығы ел жуандары қолында болды.

Сөйтіп, 1822-1868 жылдары қазақ елі осы уставқа сәйкес басқарылды. Хандық жойылып, орнына аға сұлтандық билік келді. Бірақ бұл реформа қарапайым халыққа айта қаларлық өзгеріс әкелді ме? Жоқ, олай болмаған. Далалық тұрмыс-тіршілік, ішкі өмір баз баяғы қалпында қалды. Жері, өзен-суы әзірге қазақтың өз қолында. Күллі дау-дамайлар ескілікті жолменен, ғұрпылық заңдарменен шешіліп жатты. Мысалға, Кеңгірбай, Ырғызбай, Өскенбай қолданған Тобықтының жерін кеңейту саясатын осы елдің старшыны болған Құнанбай емін-еркін жалғастырды. Бұл – Қазақ хандығы тұсындағы заңдардың күшінде қалуының фактісі. Тобықты ішіндегі талай ата, ру өз орнын екіншіге беріп, өздері Құнанбай көрсеткен жерлерден жаңа күзеу, жайлау, қыстау алысты. «Тобықты рулары Құнанбай тұсында үлкен аударысқа түскен. Бұл аударысты жасаушы Құнанбай» деп жазады Мұхаң Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасында. Сол сияқты поляк Адольф Янушкевичтің естелік кітабынан аян, 1847 жылдары сұлтан Барақ пен би Құнанбай сынды тұлғалар таңның атысы күннің батысына дейін мәжіліс құрып, елдік істерді шешіп жүреді. Соның бірі – Қодар-Қамқа оқиғасы болғанын еске сала отырайық.

Қорыта айтқанда, Құнанбай патшалық Ресейдің «Степное положение» атты уставы тұсында (1822-1868 жж.), отарлау саясатының алғашқы дәуірінде ел биледі. Бұл жылдары далалықтардың тұрмыс-тіршілігі, ата заңы мен ғұрпылық әдет-салты өзгеріссіз сақталып қалды. Бұл кездерде қазақ елі «Ресейдің анық баурап алғаны отары» (Әуезов) болған жоқ. Болды, бітті. Ел бодан ба, әлде бодан емес пе? Мұны анықтайтын басты критерий ел-жұрттың ішкі өмірі болса керек-ті. Пәленбай ғасыр отар ел болдық деп асыра айтқаннан не пайда бар?

Енді ХХ ғасырдың екінші жартысы – Абай заманына келейік. Мұхаң Абайдың алғашқы өмірбаянында 19-ғасырдағы қазақ халқының тарихи хәліне, Қарқаралы округіне аға сұлтан болғанға дейінгі Құнекең өміріне тоқтала келе, Абай да әкесінің жолын қуғаны жайында: «Сонымен, Абай 70-ші жылдарға шейін бір жағы әкесінің ығында болса, екінші жағынан сол әкесінің басындағы міндеттерді барлық жауларымен, барлық талас-тартыстарымен түгелімен өз басына аударып, өз міндетіне ала бастайды» дейді. Бұл енді мүлдем басқа дәуір еді.

Сөйтіп, Абай атқа мінген, ел ісіне кіріскен шақ пен қазақ халқы отарлық қамытын шындап киген кез тұп-тура келді. Мұхаң «70-ші жылдар Абай ел ісін әкесінің қолынан алды» дегені – 1868 жылғы «Жаңа низам (закон)» деген заң күшіне енгенін айтқаны. Ол бойынша қазақ даласы округке емес, губернияға бөлінді. Губерния уезге, уез болыстарға бөлшектенді. Кешегі крепостной орыс шаруалары қазақ даласына ағылуға мүмкіндік алды. Өйткені заңда қазақ жері мемлекеттік меншік деп жарияланды. Келесі сорақылық, халықтың өмірі тек қана ақ патша заңына бағынып, бәрін орыс ұлығы реттейтін болып бекітілді.

Назар аударайық, аталмыш заң қазақтың мінезін һәм тұрмысын түбегейлі өзгертті. Оның зобалаңы мен сұмдық салдары он жылдай өткенде су бетіне шықты. Абай 1879-1880 жылдары «Жаңа закон» атты ұзақ өлеңін жазып, қазақтың құрдымға бет алған хәлін жанайғайымен жеткізеді (өкінішке қарай, бұл құнды туынды Абайдікі емес делініп, жинақтардан сырт қалуда). Жаңа заңды әшкерелеу 1884-1886 жж. ақын поэзиясын көктей өтеді. Мысалға:

Жамандар қыла алмай жүр адал еңбек,

Ұрлық, қулық қылдым деп қағар көлбек.

...Алыс-жақын қазақтың бәрі қаңғып,

Аямай бірін-бірі жүр ғой аңдып.

Ант ішіп күнде берген жаны құрысын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын!

...Осы күнде осы елде дәнеме жоқ

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.

...Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың,

...Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?

Осылар сияқты талай өлең сөздері жалғыз қазақты мінеуі емес, бірінші кезекте, отарлық саясатты сынауы, ел ішін алатайдай бүлдірген жаңағы заңды әшкерелеуі деуге керек. Өзіңіз де ойлаңыз, Кеңгірбай, Құнанбай заманында жүз құбылған уәдесіздік, жалақорлық, бірін-бірі аңду, арамдықты еп көру, қу, пысық атану сияқты мінездер арамшөптей қаулады ма? Әрине, жоқ. Өйткені ондай мінез-қылықтар оталып отырды. Халық өзі сайлаған, сенген билер мен беделді ақсақалдар арқылы тентек тезге, ел мінезі жөнге салынып, тұрмыс-тіршілік дәстүрге байланды. Дәлелдер десеңіз, «Абай жолы» эпопеясында Құнанбай айналасы, ел сенген атқамінер топ (Қаратай, Сүйіндік, Байдалы, Байсал, Бөжей, Байұзақ, Жиренше, т.б.) күн ұзақ кеңес құрудан босамай-ақ жүреді. Ал Абай заманында ше? Бұлайша ел жұмысын тындыру көзден бұл-бұл ұшты. Өзін-өзі басқару құқы жоқ кеңестен, орыс ұлығынсыз өздігінен ештеңе шеше алмаған болыс, билерден не қайыр? Соңғылар тек орындаушы-функционер ғана еді.

Айтып-айтпа, Құнанбай мен Абай екі басқа заңның аясында өмір сүрді. Құнекеңнің ғұмыры еркіндікте, Абайдікі 1868 жылғы қатаң заң қыспағында өтті. Әке мен баланың, Мұхаң айтқандай, «екі түрлі заманның туындысы» болуы осымен өз түсінігін табады.

Абайдың бастапқы поэзиясына тағы бір үңілейік. «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» өлеңінде бай, би мен болыс, елубасы, тіпті жас балаға шекті бұл күнде аларман дей келе:

Жұрт жүр ғой арамдықты еп көрем деп,

Тоқтау айтқан кісіні шет көрем деп.

Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен,

Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп? –

деген сауал тастайды. Арамдықты тиятын билер еді, олардың сиқы мынау:

Ел жамаған билер жоқ,

Ел қыдырып сандалды.

Қызығы кеткен ел бағып,

Қисыны кеткен сөз бағып (1886).

Құр сандалған билер уақыт өте келе, пара алуға төселіп алды:

Өсімге қол жайды,

Тай алып серкешке.

Алмаса ол тайды,

Дап-дайын көрмеске.

Кедей би жантайды

Сауыр мен өркешке.

Саумаққа ол байды,

Кеңесер би кешке (1894).

Міне, Абай поэзиясы билердің бүліну «динамикасының» айнасы.

Қарапайым қалың жұрт енді кімге жүгінбек? Әлде әділетке ояз бен сот (судия) жақ па? Бұлар туралы «Жаңа закон» өлеңінде Абай:

Оязной мен судия – ендігі ұлық,

Олардың жалақысы тым-ақ толық.

Еркі жоқ ел, иен мал кез болған соң,

Олар қылмай қала ма астамшылық? –

дейді (өзі болыс болған ойшыл астамшылықты білмесе айта ма).

Сөйтіп, өздеріңіз де куәсіздер, бастапқы Абай поэзиясы қарсылыққа толы. Дәстүрлі ел билеу жүйесінің астан-кестеңі шыққанының айдай айғағы. Оған жасалған шолудан шығар қорытынды: қазақ анық бодан ел болуының бастауы – «Жаңа закон» заңы. Өйткені патшалық Ресей жерімізді зеңбірегін сүйреткен әскерімен жаулап алса, елдің өзін отарлауды заң-законімен жүзеге асырып, баурап алды. Абайдың «Жаңа закон» өлеңі оған алғашқы қарсылық.

«Патшалық отарлау саясаты, – дейді Мұхаң, – қазақ халқының жерін алғанда, оның шұрайлысын, сол патшалықтың оң қолы боп саналатын казак-орыстарға, помещиктерге, әр алуан өндіріс орнатқан капиталистерге, чиновниктерге алып берді. ...Орыс шаруалары қалың топ болып, Қазақстанға ауысып келе бастайды. Қазақ елі патшалық Ресейдің анық баурап алған отары болды» (М.Әуезов. Абай Құнанбайұлы. Монография. – Алматы, 1995. – 5 бет). Міне, ұлы жазушы отарлау заңы – «Жаңа законның» салдарын, оның зобалаңын осылай көрсеткен. Қазақ мінезі қашан, қалай бұзылды? Ғалымдар іздеп таба алмай жүрген осы сауал жауабына «оған мен себепкер» деп «Жаңа низам» заңы сұранып-ақ тұр.

Жігіт ағасы Абай жер аударылған, саяси жаламен қудаланған жандармен көп сырласқан. Сондықтан қатаң цензура жайын, мәселен, «қулық сауған заңы құрсын» деген бір ауыз сөзіне бола, итжеккенге айдалу қаупі барын жақсы білді. Соған қарамастан сыни өлеңдері – отарлық саясатқа қарсылық, оған айтқан астарлы лағынеті. Отарлық жүйе бүкіл жер-жаһанды орап алды. Өзге түгілі, Индия сияқты алып елдерді де тырп еткізбеді. Әлді әлсізді езіп жаншыды. Осыны көріп-біліп отырған Абай:

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып, –

деп өзі айтқандай, отарлық жүйені сынап, заманды түзетпек райынан бас тартқан. Неге? Отарлық құрсаудан құтылудың, халық пен халықты теңестірудің тың жолы бар. Ол – ғылым-білім жолы. Абайдың көзі осыған кәміл жетеді. Сондықтан 1890 жылдан былайғы шығармашылығын отаршыл жүйені түзеуге, адамның мінезін сынауға емес, оның жан дүниесіне жарық түсіруге бағыттап, жантану ілімін қалыптауға бар күшін сарқа жұмсаған еді. Сөйтіп, жалғыз өзі-ақ ұлттық ой-сана, тіл мен әдебиетті бұрын-соңды болмаған жаңа деңгейге көтерді. Олай болса, Жаратқан Иеміздің Конфуций, Гете, Шекспир сынды қазаққа берген жарқын генийін жазықты қылу мүмкін бе? Мүмкін екен...

Мұхаметкәрім Қожырбайұлы деген ақтаулық журналист «Абайдан үлгі алған Алаш арыстарының тағдыры» атты мақаласында қазақ оқығандарының орыстан әйел алуы сияқты отарлық жүйенің салдарын да Абайға тірепті. Ол ол ма: «Тәуелсіз ел болғанымызға 32 жыл болса да... еліміздегі 5807 мектептің 1885 мектебі таза орыс тілінде, 2147 мектебі аралас. Аралас деген аты болмаса, кілең орыстілді» деп Абайға тағы бас салған. Бүгінгі хәлге осыдан 120 жыл бұрын дүниеден қайтқан дана кісі кінәлі ме? Деколонизация саясаты жоқтығына да күйдірмекпіз бе? Қазақ сияқты сан талай этнос құлдырады. Тілден айырылды. Империялық кесапатты Абайдан көріп, халықты адастырмайық, ағайын! Негізі, ұлттың рухани ұстазын тәркі ету – алмаға түскен құрт сияқты. Зардабы орасан. Күллі руханият пен тәрбие ісін іштен кеміріп, солдырады. Қысқасы, жаңа заманда Абайға қарсы шабуылға, дәлдісі – «ол отаршыл билікті жақтаған, орысшыл болған» деген қарадүрсін жалаға тосқауыл қоя алмадық. Хакім Абайға тас атқан шіркіндерді заң алдында қатаң жауапқа тартатын уақыт енді келді деген ойдамын.

Патшалық Ресейдің әуелгі заңы (уставы) отарлаудың алғашқы дәуірі дедік. Хандық билік аға сұлтандық билікке ауысты демесеңіз, устав жұмсақ болуы себепті қазақ өмірін теңселткен де, өзгерткен де жоқ. Бірақ Кенесары хан көтерілісі (1837-1847) ақ патшаны қатты шошытты. Сондықтан қулық-сұмдығы мол, қазаққа енді бас көтертпейтін «Жаңа закон (низам)» даярлауға тапсырыс берілді.

Отаршылдық заң әкелген кесапатты, оның қазақты тізерлетіп, құлдық сананы сіңдіргенін алғаш әшкере еткен адам – Абай. Болыстық қызметті осы «жаңа закон» тұсында атқарды, ол бар бәленің басы екендігін жете таныған жайы сол. Бірақ кеңестік цензура шындық есігіне қара құлып салды. Айтқызбады. Мұхаң да ашып айта алмай: «Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу де қиын. Бұлардың қай-қайсысы болса да заманның туындысы. Бірде заманның ұлы болса, бірде сол заманның құлы да болған» деген емеурінмен ғана сездіреді.

Сонымен, түйер түйін: Жер-жаһанға «орысқа үш ғасыр бодан болдық» деп жар салуға асықпағанымыз жөн. Қазақ елі 1868 жылдан беріде ғана патшалық Ресейдің анық баурап алған отары болғаны хақ. Абай поэзиясы осының бұлтартпас айғағы. Тегінде халықтың түзелуі, я бұзылуы законның дұрыс-бұрысына һәм оның орындалу деңгейіне тікелей байланысты. Егерде мұны ескермесек, бүгінгі таңда да ел күткен өзгерістің болуы неғайбіл!

Асан Омаров

абайтанушы

Тегтер: