Отаршылдық һәм құлдық сана немесе идеологияланған мәдениет пен білім

Әлем тарихына көз жүгіртсек, көптеген халықтың қалыптасу жолы мен кешкен ғұмырындағы сан алуан оқиғаларға тап боласың.
Бірін-бірі қанап, басқыншылықтан көз ашпаған әлем тарихы отарлау үдерісі салдарынан талай жойқын соғыстарды бастан кешкені хақ. Алыстан арбаламай-ақ, өз тарихымызға көз жүгіртсек те, отарлаудың зардабын тартқан халықтың кейпін көреміз. Отаршылық – тек біздің ғана емес, адамзаттың көбінің басына түскен тақсірет. Алайда ХХ ғасырдың нақ ортасына қарай бодан болудан бас тартқан колониялар тәуелсіздік алып, отарсыздану үдерісін бастап кетті. Аты айқайлап айтып тұрғандай-ақ, жылдар, ғасырлар бойы отарлық езгіде жаншылған халықтың отаршылдық һәм құлдық санадан біржолата арылып, бодау дәуірде көмескіленген ұлттық санасының қалпына келтіріліп, заманауи бейнеде қайтадан жаңғырып, жаңаруы һәм түлеуі сөз жоқ, деколонизация саясатының сәтті, жүйелі жүргізілуіне байланысты болса керек.
Осы тұста жалпы ХХ ғасырда ілгерінді-кейінді ұлттық тәуелсіздігіне қол жеткізген отар елдер тәуелсіздік алған соң олар әртүрлі формада отарсыздану қозғалысын жүргізді. Біріншіден, тәуелсіз мемлекеттің экономикалық өндіріс негіздерін қаласа, екіншіден, санадағы отарлық – құлдық психологиядан арылуға бағытталған ағартушылық қозғалыстарды қолға алды.
Жалпы әлем тарихында отарлаушылар отарланған халыққа конформизм психологиясын қалыптастырады. Ол қай кезде де өздерінің ығына жығылғыш, екіжүзді, тұрақсыз, ыңғайшыл адамдар тобын жасайды. Отардан босаған ел сол отаршылдар қалдырған зардаптан құтылмай, толық тәуелсіздікке ешқашан қол жеткізе алмайтынын уақыт көрсетіп берді. Ұлттық мемлекеттің іргетасын қалау үшін кез келген этнос қоғамдық-әлеуметтік жарасымы нық орныққан, біртұтас ақпараттық өріс аясында өмір сүруі шарт. Үш жүз жылдай мойнына бодандық қамытын киген қазақ үшін де бүгінгі күннің ең басты мәселесі жан-жақты отарсыздану болуы тиіс еді. Жалпы, отарсыздану – отарлық салдарын жою, санаға сіңген бағыныштылық пен сенімсіздіктен, үрей мен қорқыныштан, өмір сүру дағдысы мен ұлт ретінде өзгелерге жалтақтаудан, яғни құлдық санадан арылу. Отарлық билік Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік құрылымын түбегейлі өзгертті. Осы орайда ХХ ғасырдың аяғында тәуелсіздігіне қол жеткізген халықтың «түп қазығына» оралуы, жалпы отарсыздану үдерісі қалай жүрді деген сұрақтың туындауы заңды да. Бұл үдеріс ХХ ғасырдың екінші жартысында, әсіресе 1980 жылдардың соңына қарай қарқын ала бастады. Бұл кезең Кеңес одағындағы дағдарыс, әсіресе экономикалық және саяси жүйедегі тоқырау, ұлттық қозғалыстардың күшеюіне әкелді. 1986 жылы желтоқсанда болған Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі – қазақ жастарының орталық билікке қарсы наразылығының жарқын мысалы. Бұл оқиға ұлттық сана-сезімнің қайта жандануына ықпал етіп, тәуелсіздік үшін күрестің жаңа кезеңін бастап берді. Десек те, отыз жылдан астам уақыт өткенімен мемлекеттік тіл, ұлттық идеология аясындағы түйткілі көп мәселелердің әлі күнге шешім таппауы – «отаршылдардың өздері кетсе де көлеңкесі қалады» деген сөзді айқындап тұр.
Отарсыздану деген қандай процесс? Ғылым мен мәдениет салалары отарсыздану тақырыбында қандай рефлексия жүргізеді? Қазақстанда отарсыздану процесі мәдениет пен білім беру жүйесіне қалай әсер етті? Осы сұрақтар аясында зерттеуші, Лейден университетінің докторанты Камила Смағұлова мен тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры Нәбижан Мұқаметханұлынан және «Tauel/di/siz» жобасының продюсері Руслан Жұбаныштан жауап алдық.

Камила Смағұлова: Отарсыздану процесінің бастапқы не соңғы нүктесі жоқ
Отарсыздану немесе деколонизация жалпы әлемде екінші дүниежүзілік соғыстан кейін батыс елдерінің өз колонияларының ажырауынан пайда болған процесс, яғни европоцентрлік ғылымда бұл термин Бельгия, Нидерланд корольдігі, АҚШ, Британия сынды елдердің қол астындағы колониялардың егемендігін алуымен тікелей сабақтасып жатыр. Отарсыздану – отарлаушы мемлекеттен отар болған елдердің бөлініп, халқының қаналуын тоқтату. Ол 1930 жылдары пайда болған халықаралық құқыққа қатысты саяси термин. 1960 жылдары БҰҰ Бас ассамблеясының резолюциясы бойынша бұрын отар болған елдер тәуелсіздігін қайтарған кезде бұл термин кең тарала бастады. Яғни Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Германия отарлаған мемлекеттер егемендігін алып, өз алдына отарсызданды. Отарсыздану кеше немесе бүгін пайда болған термин емес. Ал біздің тарихи жағдайға салып қарастырсақ, бұл процесс басқаларға қарағанда басқаша қалыптасты. Себебі біз өзімізді отар ел болдық десек те, Кеңес өкіметі өзін ешқашан отарлық күш деп санамаған. Ең қызығы, кезінде Кеңес өкіметі «деколонизация процесіне қатысамыз, Африка мемлекеттерін қолдаймыз» деген брендинг жасағанын да байқауға болады. Ал өз ішінде не боп жатқанын, шын мәнінде Кеңес өкіметінің отарлары туралы ешкім сөз қозғамайтын. Сондықтан «отарсыздану процесі дәл осылай жүзеге асуы керек еді» деп нақты жауап беру қиын. Отарсыздану процесінің де әрқилы үдерістері бар, мейлі, ол десоветизация болсын, не деорыстандыру болсын, процестің қалай жүрді, жүзеге асып жатыр деген сұраққа нақты жауап таба алмаймыз. Байқап қарасақ, Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан Орта Азия мемлекеттерінің арасында кеңестік жобаға айналған елдердің бірі болды. Бізге жаппай қоныс аудару, депортация процестері нәтижесінде көпэтносты елге айналдық. Осының салдарынан бүгінде қазақ тілінен орыс тілінің басым болуы сынды факторларды байқауға болады.
Қазіргі таңда отарсыздану көріністерін тарихты саралайтын әдебиеттен, шежіре мен отбасылық тарихты зерттеуден, танымал әдебиет пен өнерден (кино, музыка) байқауға болады. Байырғы халық өзінің мәдени және рухани өткеніне шолу мен сараптама жасау арқылы бүгінгі күннің бірегейлігін қалыптастырады. Әр буын отарсыздану процесіне әртүрлі рефлексия жүргізеді. Мысалы, жас миллениал буын мен Z өкілдерінің де отарсыздану процесіне өзінше алып-қосары бар. Бізден үлкен буын бұрын радио-теледидардан қазақ тілінде ән шырқайтын өнерпаздардың көп болуын қалаған, ал қазіргі жас әншілердің қазақ тілінде ән шырқап, тек өз ана тілінде ойлануы дефолт, яғни талқылауға да келмейтін норма. Бұл үдеріске баяу келгенімізбен, әйтеуір, қалыпты дүние, табиғи үдеріс екенін мойындай бастадық. Жиырмасыншы ғасырдың тарихына оралсақ, өткен жылдың желтоқсанында шыққан режиссер Айсұлтан Сейітовтің «Қаш» фильмі ашаршылық жылдарына рефлексия ретінде қарастырылады. Тарихи тұрғыдан кем-кетігі бар сияқты деген сынға қарамастан, бұл да алдында айтылмай, сараланбай қалған тарихи жараны ашуға септігін тигізетін мүмкіндігі бар. Отарсыздануды әлем бойынша нарратив етіп отырған әлемдік кинотеатрларда шыққан және кейін қазақ тіліндегі дубляжы шыққан «Қара қабылан: Ваканда жасасын» немесе «Аватар: Cу жолы» фильмдерінен де байқаймыз. Қазіргі таңдағы отарсыздану үдерісіне тіл белсенділері мысал бола алады. Qazaq Grammar, QazaqLab, Калькасыз қазақ тілі және Kazak bubble сияқты топтардың мемлекеттік тілдің қолданысын азаматтық бастамалар арқылы кеңейтуі де отарсызданудың айқын көрінісі. Бұл отарсызданудың мәдени және рухани жағын ғана емес, қазақ тілінің негізінде әлеуметтік және экономикалық теңсіздік мәселелерін де көрсетеді.
Бүгінде еліміздегі деколонизация процесін мемлекеттік тілге көбірек бағыт беру, өнер атаулының қазақ тілінде жүруі немесе қазақ тілінде өнер көрсететін жандарды ашық дәріптеумен ғана шектелмей, гендерлік жағдайды да баса назарда ұстаған жөн. Мысалы, атап айтсақ, Алаш қайраткерлерінің басым бөлігі ер адамдар екенін білеміз. Осы тұста әйелдердің де репрезентациясының өсуі де отарсыздану процесінің бір көрінісі. Отарсызданудың тағы бір көрінісі ретінде фамилиядағы -ов/ова, -ев/ева жалғауларын алайық. Фамилиядағы -ова/ова, -ев/ева жалғауларынан арылып-арылмауды таңдауынан, яғни отарлық саясаттың салдары ретіндегі «мұрадан» құтылуды меңзейтінін байқауға болады. Бұл қазақ қоғамына ғана тән құбылыс емес. Мәселен, Гүржістандағы әзербайжан белсенділері тектерінің «деокуппациясын» (деруссификациясын/орыссыздануын) талап етеді. Ресейдің империялық және кеңестік отарлау дәуіріне байланысты бұл бір емес, бірнеше халықтың бірегейлігін танып-білу немесе қалпына келтіру талпынысы. Отарсыздану тәжірибесі әлем бойынша, аймақтар арасында, мемлекеттер арасында, тіпті бір мемлекеттегі қалалар мен аудандар арасында алуан түрлі сипат алғанымен, оның кейбір көрінісі бір-бірімен селбеседі. Ата тегін қайтару, өз тілінде сөйлеу немесе байырғы халықтың әдебиеті мен мәдениетін жандандыру сияқты.
Отарсыздану процесі үздіксіз, тоқтамайтын үдеріс. Оның белгілі бір бастапқы не соңғы нүктелері жоқ, мүлде жүйелеуге келмейтін процесс. Бүгінде тәуелсіздігімізді алғанымызбен, Ресейге ресурстар жағынан экономикалық тұрғыда тәуелді болуымыз неоколониализмнің көрінісі. Яғни отаршылдық тәуелділіктен босатылған елдердегі өзінің үстемдігін жаңа, икемдірек әдістермен сақтап қалуға және олардың халқын қанауды жалғастыруға бағытталған жүйенің құрбаны боп отырмыз.

Нәбижан Мұқаметханұлы: Отарсыздануды мемлекет жүргізуі тиіс
Санадағы дағдарыстың салдары қиын. Өйткені сана деген қоғамдық болмыстың адамдар миына сіңірген ұғымы. Қоғамдық тәжірибеде қалыптасқан сана адамдардың іс-қимылына бағыт меңзеп отырады. Алайда ол қоғамдық болмыстың немесе қоғам сипатының өзгеруімен бірге, бір таңда өзгере қоймайды. Сананың ұрпақтан ұрпаққа, заманнан заманға тарала беретін, жалғасып отыратын ерекшелігі бар. Сондықтан қазіргі Қазақстан қоғамында кеше өткен отарлық кезеңнен сіңген отарлық санасы ғана емес, бір ғасыр бұрын жойылған ортағасырлық феодалдық қоғам санасының қайта бықсып жанып келе жатқаны мені алаңдатады.
Жалпы адамзат тарихындағы отарлық жүйе ХХ ғасырдың 60-жылдардың ортасына дейін жойылған болатын. Ең соңы – колония қызыл империя Кеңес одағының ыдырауымен ол жүйе аяқталған еді. Алайда сол отарланған халықтардың бәрінде отарлық қоғамнан сіңген сананың әсері оңай болған жоқ. Бұған бір ғана мысал айтайын: 1912 жылы Қытайда монархиялық жүйе аяқтап, Республикалық үкімет құрылды. Тұңғыш президенті Сунь Ятсен Қытай халқын құлдықтан құтқарып, құлдық санадан арылту үшін бірқатар буржуазиялық сипаттағы заңдар қабылдап, «құлдықтың символы болған ер адамдар бұрымдарыңды қырқыңдар, сендер еркін адам болыңдар» дегенде, олар «Бас кесілсе кесілсін, шаш кесілмейді» деген ұранмен қарсылық көрсеткен болатын.
Тәуелсіз мемлекет құру үшін тәуелсіз ой-сана болу керек. Бірақ тарихтан мұра болып қалған құлдық сана, отарлық сана тәуелсіз санаға оңайшылықпен орын бермейді. Сондықтан отарсыздану (деколонизация) қызметін жүргізу ауадай қажет. Отарсыздануды – сананы жаңғыртуды мемлекет жүргізуге тиісті қызмет. Халықты тәрбиелеу мемлекеттің борышы. Сіз өзіңіздің ұстанған ұлттық – мемлекеттік құндылығыңыз бойынша халқыңызды тәрбиелемесеңіз, басқалар өзінің идеологиясы бойынша азғырып әкетеді, құндылықтарын сіңіреді. Менің байқауым бойынша біздің елде ұлттық тәлім-тәрбиемізден басқалардың уағызы өтімді – өнімді болып тұр. Мұның бейнелері көзге ұрып тұр. Ұлттық киім киюден бас тартып, арабтық, ирандық үлгідегі киім киетін әйелдер көбейді қазір. Соларға көзсіз еліктегені соншалық, көзін ғана жылтыратып шығарып, танауынан тартып бүркеп алатын әйелдер көбейіп барады. Ал Иранда кеше ғана әйелдер жаулық революциясын жасап, қан төгіп, жан берген жоқ па?!
Адамзат ықылым заманнан бері бостандық үшін күресіп келеді. Ұлттық тәуелсіздікке жету – соның маңызды белесі. Біздің ел тоталитарлық режимнен құтылып, бостандық алған кезде көптеген адамдардың саналы әрі санасыз түрде бостандықтан безініп, тұмшалануға баруы – сананың жаңаша отарлануының айқын көрінісі деп санаймын. Осыған қарағанда, біздің елде жат идеологияның бәсі басым болып тұрғандай көрінеді маған. Бұл да адам алаңдарлық жағдай.
Елімізде отарсыздану үдерісі мемлекеттік деңгейде жүрмеді деп айта алмаймын. Біздің қабылдаған Конституциямыз, заңдарымыздың барлығы отарлық сананы жоюдың құқықтық негіздері. Алайда елімізде отарсыздану қозғалыс ретінде дабыралы түрде жүрген жоқ, мұның себептерін түсінуге болады. Мемлекеттік қауіпсіздікті сақтау бәрінен маңызды, орынсыз жау шақыра берудің қажеті жоқ. Дейтұрғанмен санада отарсыздану әлі де өзекті. Бұл процесс еліміздің мәдениет, білім, ғылым саласында жүріп отыруы керек. Бұл ұзақ процесс. Отарсыздану мемлекеттік идеологияның маңызды мазмұны ретінде жүргізілуі керек деп ойлаймын.

Руслан Жұбаныш: Отарсыздану – бұрын болған қадір-қасиетіңді қайтару
Отарсыздану процесіне ғылыми не тарихи нақты анықтама жоқ. Бұл әлдеқайда күрделі процесс. Сәйкесінше, әркім әрқалай түсінуі де қалыпты құбылыс дер едім. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген тұста біздің және посткеңестік елдер төңірегінде отарсыздану тақырыбы кең айтылып, жиі сөз бола бастады. Сол кезде отарсыздану процесі дегеніміз сенің өзіңнің бұрын болған қадір-қасиетіңді қайтару, құрметіңді қайта қалпына келтіру екенін ұғына бастадым. Анығында, дәл осы пікірге толықтай келісер едім. Себебі, шынымен-ақ, кезінде өзіңде болған қадір-қасиетті қайта қалпына келтірудің басында осы отарсыздану үдерісі тұр екен. Үш ғасырға ұласқан сананың улануы мен зұлымдықтың салдарынан қираған құндылықтарды қайта жаңғыртып, әр дүниеге өз мәртебесін беруің отарсызданудың еншісінде. Жоғалуға айналған тілді өз тұғырына қайта қойып, идеологиялана бастаған әдебиет пен мәдениетіңнің мәртебесін көтеру, соған ықпал ету мәселесі де айналып келгенде осы үдеріске тікелей байланысты. Отарсыздану процесін жүйелеу мүмкін емес, оның нақты ережесі де жоқ. Отарсыздану – әр халық, адам не топ жекелей түсінетін, қабылдайтын құбылыс. Отарсыздану процесі ол нақты ережелер, алгоритмдары бар құбылыс емес. Сондықтан оны жеңу жолдарын да біз өзіміз табамыз. Мысалы, Ұлыбритания мен Үндістан кейсінде оларда қазір білесіздер, Риши Сунак кезінде отарланған ұлттың өкілі. Отарсыздануда екі жақты келісім болу керек. Яғни кезінде отарланған ұлт өзінің қатесін мойындап, кешірім сұрауы керек. Яғни Үндістаннан осыны көруге болатын шығар. Ал енді біздің жағдайда ол кішкене қиын болып тұр. Сондықтан отарсыздану деген не деген сұраққа жауаптың да әрқилы болуы қалыпты. Біздегі отарсыздану процесін жүйелеу үшін де саяси жігер таныта алмай отырғанымыз тағы бар. Саяси жүйенің тәуекел етуі де солтүстіктегі азулы көршіміздің кесірінен қиынға соғып отыр. Қаншалықты теңгерімді саясат жүргізуге тырысқанымызбен, бәрібір бір түйткілдің боларын соңғы жылдары басымыздан өткен оқиғалар түсіндірген сияқты. Отарсыздану не деколонизация ұғымы біздің елде де талқыланбады емес, жылдар бойы айтылып та, жазылып та келді. Бірақ бұл көп жағдайда белгілі бір академиялық не ғылыми орталарда ғана қалып қойды. Ал 2022 жылы Ресейдің Украинаға басып кірген зұлым соғысынан кейін отарсыздану тақырыбы кең аудиторияда, қарапайым халық арасында да жиі сөз болып, ашық талқылана бастады. Бұл – шын қуаныш. Академиялық орта, тар аудиториядан шығып, жаңа ортаға ығысып жатқаны әртүрлі салаларға да ықпалын тигізеді деп сенемін.
Соның ішінде, өнер мен мәдениет – кез келген заманның болмысын айқын, ашық көрсететін бірден-бір құрал. Отарсыздану процесі, осы орайда, өнер салаларын да айналып өтпегені анық. Бұл процесс өнердің қай саласы болмасын, шығармашыл тұлғаларға да әсер етті. Мен өнердің айналасында жүрген азамат ретінде бұл процестің бізге де ерекше ықпал еткенін атап өткім келеді. Осыдан бірер жыл бұрын, 2022 жылы Ресей Украинаға басып кірген тұста өнер тілінде алғаш боп үн қатқан едік. «Tauelsiz» ART биылғы жобасындағы тақырып та «Жерге табын, адам, енді» деп аталуының өзі де белгілі бір деңгейде отарлық дискурстан шығып, соған қарымта жауап ретінде қойылған атау деп есептеймін. Кезінде бұл атауды алар кезде Олжас Сүлейменовтің «Адамға табын, Жер, енді» атақты поэмасына сүйендік. Себебі отарлау процесі тек бір елдің екінші елге, не бір шапқыншы топтың екінші топқа қатысты жасайтын дүниелері ғана емес, отарлау әрқилы жүзеге асады. Тіпті отарлау табиғатқа қарсы жүзеге асатын кездер болады. Отарлау адамзатқа, бір топқа не әйелдерге қарсы да жүзеге асуы мүмкін. Осы тұста отаршыл жүйенің құрбаны тек адам емес екенін де ұғынғанымыз жөн. Шын мәнінде, жылдар бойы атом улап, аштық жайлаған далада адаммен бірге қайғы-қасірет шеккен Жер Ана еді. Осы уақытқа дейін біз жерді де отарлап келдік. Өнер қауымында отарсыздану рефлексін жиі байқауға болады. Соңғы бас сұққан көрмем – Мөлдір Қарубайқызының «Жеті апа» көрмесі еді. Аталмыш көрмеде қазақ халқының тарихындағы апалар мен әжелердің, аналардың рөлін қайта қарастыруды ұсынады. Бұл да бір отаршыл жүйенің бізге танып берген жүйесіне өнер адамының ішкі қарсылығы, рефлексиясы деп қарасақ болады. Отарлау бір жақты ғана жүрмейді, отаршыл жүйенің сарқыншағынан арылып, ұлттық болмысымызға басқа призмадан қарайтын уақыт келді деп ойлаймын. Сондықтан бұл процесс үнемі жүретін процесс, әсіресе өнер мен мәдениет өкілдері үн қатуы заңды.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ