Отарсыздану жолы немесе ұлттық сана мен ұжымдық жадты қайта құру

Зайыры тарихта талай жойқын ұрыстар өзге бір елді отарласам деген өктем озбырлықпен бұғалыққа басымды сұқпасам деген жанталастан туған секілді. Алыстан орағытпай-ақ, өз тарихымызға көз жүгіртсек те, отарлықтың қанды ізі сайрап жатыр, мұның зардабын әлі тартып келеміз.
Отаршылық – тек біздің ғана емес, адамзаттың көбінің басына түскен тақсірет. Алайда ХХ ғасырдың нақ ортасына қарай бодан болудан бас тартқан колониялар тәуелсіздік алып, отарсыздану үдерісін бастап кетті. Аты айқайлап айтып тұрғандай-ақ, жылдар, ғасырлар бойы отарлық езгіде жаншылған халықтың отаршылдық һәм құлдық санадан біржолата арылып, бодау дәуірде көмескіленген ұлттық санасының қалпына келтіріліп, заманауи бейнеде қайтадан жаңғырып, жаңаруы һәм түлеуі сөз жоқ, деколонизация саясатының сәтті, жүйелі жүргізілуіне байланысты болса керек. Үш жүз жылдай мойнына бодандық қамытын киген қазақ үшін де бүгінгі күннің ең басты түйткілі жан-жақты отарсыздану болуы тиіс еді. Соған қарамастан, отарлық сана қалдырған кей әдет пен түсініктен арыла алмай жүргеніміз де жасырын емес. Осындайда ең әуелі керегі – сананың азаттығы екен ғой деген ой туады. Бүгін біз осы тақырып аясында дөңгелек үстел ұйымдастырдық. «Жас Алаш» қойған сауалдарға PhD, саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев, әлеуметтанушылар Алмаш Тілеспаева мен Медеубек Асабайұлы жауап берді.
Ж.А: Бүгінде колониализмнен қалған терминдер, кей әдеттер әлі күшін жоймай тұрғаны жасырын емес. Әсіресе «Орталық Азия», «Таяу Шығыс» сөздеріне келгенде талас көп. Бұл сөздерге қандай балама ұсына аламыз деген сұрақ туады әуелі. Бұдан бөлек, өз тарихымыз мен ғылымды өзгенің емес, өз призмамыздан қайта жазған жөн сияқты. Осы туралы ойларыңызды білсем.

Н.Н: Мұндай сатыдан, бұрын колония болған елдердің барлығы өткен. Өзге де постколониал елдердің тәжірибесінен байқағанымыз, деколонизация процесі білім мен ғылымға көңіл бөлу арқылы сәтті жүзеге асады. Академиялық орталарда ғалымдарымыз белсенді болу керек, тек «сырттың» ұсынған призмасынан тыс, әлемдік ғылыми қауымдастық алдында өзіміздің нарративті қалыптастыруымыз қажет деп ойлаймын. Жаңа атауларды тек ұсынбай, бірден қолданысқа енгізе беру керек. Сол кезде, сәтті қолдау қоғам аясында кеңінен қолдау тауып, қолданысқа енеді. Колониалды кезеңді ойда ұстай отырып, болашақты қалыптастыруымыз керек.
А.Т: Посткеңестік отарсыздану – символдар мен тарих үшін күрес. Империялық бақылаудан босау жергілікті халықтарға үстемдік еткен метрополиялық нарративке қарсы шығып, өз тарихын қайта жазуға мүмкіндік берді. Бұл үдеріс тарихи субъектілікті қалпына келтіруге және ұлттық мүдде тұрғысынан сөйлеуге жол ашады. Үдерістің негізгі аспектілері: оқулықтарды отарсыздандыру. Яғни жаңа ұлттық тарих оқулықтарында басты назар ұлттық мемлекеттілік тарихы мен империялық орталыққа қарсылық көрсету қозғалыстарына аударылады. Тағы бір аспекті – «жауларды» ақтау. Бұрын «буржуазияшыл ұлтшылдар» немесе «басмашылар» деп таңбаланған тарихи тұлғалар ақталып, халық қайраткері деңгейіне көтеріліп жатады. Және Ежелгі тарихты дәріптеу де бар. Империя келгенге дейін ұзақ уақыт бойы өмір сүрген ұлттық мәдениет пен мемлекеттіліктің төлтумалығын көрсету үшін отарлауға дейінгі өткенге үлкен мән беріледі.
Тарихты қайта жазу – жаңа ұлттық нарративтерді қалыптастыру. Посткеңестік елдер империялық мұрамен күрестің өзіндік ерекшеліктері бар бірегей үлгісін көрсетеді. Бұл кеңістікте десоветизация (кеңестендіруден арылу) деп аталатын үдеріс жүріп жатыр. Мұнда орыс тілі тек әкімшілік тілі ғана емес, сонымен қатар орыстандыру мен идеологиялық бақылаудың қуатты құралы болды. Тіл саясатына келсек, Балтық елдері өздерінің ана тілдерін жалғыз мемлекеттік тіл ретінде бекітті. Украина украин тілінің қоғамдық өмірдің барлық саласындағы позициясын нығайту бойынша белсенді саясат жүргізіп отыр. Қазақстан мен Өзбекстан кеңес дәуірінде енгізілген кириллицадан латын әліпбиіне көшуді қолға алды, бұл кеңестік өткеннен ажырауды және түркі әлемімен жақындасуды білдіреді. Символдық кеңістікте қалалар мен көшелердің атауларын өзгертіп жатыр. Украинада «декоммунизация» аясында мыңдаған топоним өзгертілді. Кеңестік ескерткіштердің, әсіресе Екінші дүниежүзілік соғыс жауынгерлеріне арналған монументтердің тағдыры қызу пікірталастар тудыруда, себебі олар азат етуші символы ретінде емес, оккупация белгісі ретінде қабылдана бастады.
Ж.А: Әлемдік тәжірибеде постколониялық елдер өткенді қалай қайта жазды? Ішінде біз үлгі ете алатын кейстер бар ма?
Н.Н: Мысалы, Үндістан, Алжир, Кения, Әзербайжан сияқты елдерді тарихты қайта жазуда сәтті кейстер ретінде атауға болады. Үндістанда британдық мұрағат материалдары қайта зерделеніп, мектеп оқулықтарына ұлттық батырлар мен жергілікті тәжірибелер көбірек енгізілді. Африка елдерінде отарлық кезеңдегі шекаралар мен атауларды қайта қарады. Балтық елдері (Литва, Латвия, Эстония) советтік кезеңнен қалған идеологиялық атауларды алып тастап, ұлттық батырлар мен тәуелсіздік символдарын дәріптеуде. Әзербайжан кеңестік идеологиядан арылу үшін түркілік бағыттағы нақты қадамдар жасады. Әліпби өзгертуден бастап, мемлекеттің даму траекториясына түркілік идеяны қалыптастыра алды. Тарихты «қайта жазу» дегеніміз – меніңше өткенді бұрмалау деген сөз емес, керісінше, ұлттық мүдде тұрғысынан тарихта болған бұрмалаулардың алдын алу. Қайта интерпретациялау. Яғни тарихты ұлттық таным, тіл, мәдениет негізінде түсіндіру.

А.Т: Колониялық империялардың ыдырауы мен Кеңес Одағының құлауынан кейін ширек ғасырдан көп уақыт өтсе де, әлемнің көптеген елі бұрынғы метрополияларының ықпалында өмір сүруін жалғастырып отыр. Сот залдарынан бастап, үкімет ғимараттарына дейін империялық мұра әкімшілік, құқықтық және күнделікті өмірдің ажырамас бөлігі болып қалған. Осы құбылыс – өткеннің жай ғана сарқыншағы емес, ол мәдени инерцияның, практикалық қажеттіліктің және ұлттық бірегейлік туралы белсенді пікірталастың күрделі тоғысы. Бұл жағдай қоғамды өзекті сұраққа жауап іздеуге мәжбүр етеді. Яғни не істеу керек?
Классикалық постколониялық тәжірибеде тіл және билік құрылымдарына ерекше фокус қояды. Азия мен Африкада орналасқан бұрынғы отар елдерде құқықтық және әкімшілік жүйелер еуропалық державалардан мұраға қалған. Мұраның ықпалы мына салаларда айқын байқалады: Әкімшілік және юриспруденция: Үндістан мен Нигерия сияқты Ынтымақтастық елдерінде District Collector (округ басшысы) секілді терминдер мен британдық жалпы құқық негіздері мемлекеттік басқарудың өзегін құрауды жалғастырып тұр. Дәл осындай жағдайды франкофонды Африкадан да байқауға болады. Сенегал мен Кот-д'Ивуардағы départements және communes сияқты әкімшілік бөліністер тікелей француз жүйесінен алынған. Бұл сабақтастық ауқымды реформаның күрделілігімен және осы жүйелердің білім беру мен мемлекеттік практикаға терең енуімен түсіндіріледі.
Білім беру және біріктіру тіліне келсек, көп елде бұрынғы метрополия тілі (ағылшын, француз, португал) лингва-франка рөлін атқарып, ресми мәртебесін сақтап қалды. Мысалы, Ганадағы ағылшын тілі немесе Анголадағы португал тілі түрлі этникалық топтарды біріктіруші фактор ретінде қызмет етеді. Қала ландшафтындағы топонимдер – тарихи-мәдени жад үшін күрестің ең мықты алаңы. Буркина-Фасо сияқты кейбір елдер көшелерді ұлттық батырларының есімімен белсенді түрде қайта атап жатса, Оңтүстік Африка сияқты басқа елдерде Сесил Родс сияқты отаршыл қайраткерлердің ескерткіштерін бұзу туралы пікірталастар қоғамда үлкен дау тудырды.
М.А: Әлемдік тәжірибеге үңілсек, постколониялық елдердің өткенді қайта жазу әрекеттері әрқашан күрделі де қайшылықты процесс саналады. Бұл тек тарихи оқиғаларды қайта қарау немесе ресми деректерді өзгертумен шектелмесе керек, ол ұлттық сана мен ұжымдық жадты қайта құрудың, жаңа ұрпаққа өзін өзгеше көрудің жолын ұсынудың амалы. Постколониялық тәжірибеде әр ел өзінің саяси жағдайына, әлеуметтік құрылымына, отаршылдықтың тереңдігіне қарай өткенді қайта жазудың өзіндік үлгісін жасады. Айрықша назар аударатын кейс – Үндістан мысалы. Британиядан тәуелсіздік алған соң елде тарих ғылымы түбегейлі жаңаша пайымдала бастады. Британ тарихнамасы Үндістанды «артта қалған», «өркениетке Батыстың арқасында ғана жеткен» ел ретінде сипаттаса, тәуелсіздік кезеңінде үнді ғалымдары бұл нарративке қарсы шықты. Олар ұлттық тарихты жергілікті көзқараспен қайта жазуға кірісті. Әсіресе Subaltern Studies бағытының өкілдері отарлық тарихнамада еленбеген қарапайым халықтың, шаруалардың, әйелдердің, төменгі касталардың тәжірибесін тарихқа енгізуге ұмтылды. Бұл –элиталар мен империяның көзімен жазылған тарихты ең төменгі әлеуметтік топтардың көзімен қайта жазудың мысалы. Бүгінгі таңда бұл бағыт әлемдік гуманитарлық ғылымға ықпал етіп, постколониялық зерттеулердің негізін салды.
Бұл тұрғыда Африка елдерінің тәжірибесі де маңызды. Кения, Танзания, Гана сынды мемлекеттерде тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы онжылдықтарда тарих оқулықтарынан бастап топонимикаға дейін өзгерді. Мәселен, Кениядағы Нгуги ва Тхионго секілді жазушылар мен ойшылдар әдебиетті отарлық тілде емес, жергілікті тілде жазу арқылы «сананы отарсыздандырудың» (decolonizing the mind) үлгісін көрсетті. Сол сияқты Балтық елдері Эстония, Латвия, Литва да өз тарихын қайта жазуда ерекше табандылық көрсетті. Кеңестік кезеңде олардың тарихы Мәскеудің сүзгісінен өткен күйде ұсынылды. Тәуелсіздік алған соң бұл елдер тарихи оқулықтарын түбегейлі өзгертті, ұлттық архивтерді қайта қарап, жаңа нарратив жасады. Балтық елдерінде символдық деңгейде де үлкен қадамдар болды, ескерткіштерді алып тастау, жаңа ұлттық мерекелерді енгізу, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру сынды. Мысалы, Кеңес армиясына арналған ескерткіштердің орнына ұлттық тәуелсіздік үшін күрескен қаһармандардың мүсіндері орнатылды.
Ж.А: Бұдан бөлек, тілдегі кей ережелер, жол бойындағы атауды екі тілде жазу, қаланы «советтік спальный район» ұғымымен жоспарлап салу сынды сол кезден қалған сарқыншақ әдеттер әлі бар. Мұндай мәдени-саяси сарқыншақтардан арылу қажет пе, әлде оларды тарихтың бір кезеңінің белгісі ретінде сақтап қалу керек пе?
Н.Н: Әрине, біздің күнделікті тілдік қолданысымызда әліге дейін советтік ұғымдар бар. Оларды бірден алып тастау мүмкін емес. Керісінше, мазмұнын өзгертіп, мәні бойынша толықтай жергіліктендіруге болады. Меніңше, мысалы, «спальный район» секілді урбанистік тұжырымдарды қазақы терминологиямен алмастыруға болады. Отарсыздандыруда кейбір ұғымдарға қайта мән беру, жаңа мазмұн қосу сынды тұстарына ерекше мән беруіміз керек. Айталық, орыс тіліндегі атаудан қашып, ағылшын немесе қытай тіліндегі атауды қою отарсыздану емес, тек тіл ауыстыру. Керісінше, қазақы танымда жаңа ұғым, жаңа мән беруіміз қажет.
А.Т: Империялық мұраны қалай біржақтылы ету керек деген сұрақтың сұрақтың нақты, жауабы жоқ және ол қоғамда жікке бөлінуді тудырады. Әдетте түбегейлі бас тартуды жақтаушылар империялық атауларды, рәміздерді және тәжірибелерді сақтау езу мен қысым көрсетуді мәңгі есте қалдыру деп санайды. Олар үшін бұл – тарихи әділдік пен менталды азаттық мәселесі. Мұрадан бас тарту – тәуелсіздік алу үдерісін аяқтайтын және өткеннің травмасынан азат негізде болашақ құруға мүмкіндік беретін символдық акт. Екінші жағынан, көп сарапшылар ұстамды көзқарасты ұстанады.
Ал мәмілеге келу мен интеграцияны жақтайтын дәлелдерге келсек, тарихи күрделілікке ұшырап жатады. Жағымсыз және травмалық тұстарына қарамастан, империялық кезең – ұлт тарихының ажырамас бөлігі. Оны толығымен өшіріп тастау тарихи жадта «ақтаңдақтар» пайда болуына және өткенді тым жеңілдетіп көрсетуге ықпал етуі ықтимал.
Мәдени гибридтілік бойынша ұзақ уақытқа жалғасқан өзара әрекеттесу нәтижесінде бірегей мәдени синтездер қалыптасты. Бұл мұрадан бас тарту ұлттың өз болмысының бір бөлігінен бас тарту дегенді білдіреді. Сол заманнан мұраға қалған инфрақұрылым, әкімшілік жүйелер мен білім беру стандарттары қазіргі өмірге терең еніп кеткен. Қоғамдардың қатар өмір сүруі де кездеседі. Көп елде «маңызды» азшылық топтары сақталған. Олардың тілімен және мәдениетімен байланысты барлық нәрседен түбегейлі бас тарту ішкі қақтығыстарға әкелуі мүмкін. Осылай, бас тарту мен мәмілеге келу арасындағы таңдау – әр ұлттың империядан кейінгі өз болашағын құру жолындағы өзін-өзі танудың күрделі әрі кейде ауыр үдерісінің көрінісі.

М.А: Бұл сұрақтың түпкі мәні қоғам өзінің өткенін қалай қабылдайды, сол өткеннің ізін қазіргі болмысына қалай енгізеді дегенге кеп тіреледі. Меніңше, сананың отарсыздануы осындай дүниелерден басталады. Тілдегі отарлық ережелер, қостілді жазулар, советтік урбанистикалық ұғымдар сияқты сарқыншақтарды жай «тарихи кезеңнің ізі» деп қалдыру қауіпті дер едім. Өйткені олар бейтарап белгілер емес, билік пен үстемдіктің символдық жалғасы. Қаладағы «спальный район» ұғымы да, көше бойындағы екі тілдегі атаулар да қоғамға «біз әлі де бір кездері үстем болған жүйенің тәртібімен өмір сүріп жатырмыз» деген астарлы сигнал береді. Мұндай белгілерді сақтай берсек, олар ұжымдық жадты улап, жаңа ұлттық болмыстың толық қалыптасуына кедергі болады. Сондықтан меніңше мұны өзгерту қажет. Бірақ өзгерту жүйені саналы түрде қайта құру болуы тиіс. Әлемдік тәжірибе де мұны растайды. Балтық елдері советтік атауларды түгел өзгертті, тіпті ескерткіштерді арнайы алаңдардан алып тастады. Африка мемлекеттері отаршылдардың қойған қала атауларын ұлттық қаһармандардың есімдерімен алмастырды. Үндістан да британдық топонимиканы жүйелі түрде жойып, өз тілдеріндегі нұсқаларды ресми айналымға енгізді. Мұның бәрі ұжымдық жадты тазартуға және ұлттық болмысты нығайтуға қызмет етті.
Ж.А: Негізі сананың отарсыздануы қалай жүруі тиіс? Және біздің қоғамда бұл процесс қалай жүріп жатыр?
Н.Н: 1 қыркүйек қаламызда, мысалы, мыңдаған балалар мектепке алғаш рет барды. Жыл сайын бірінші сыныпқа баратын балалар саны артып келе жатыр. Оларды көрген сайын, отарлық кезеңді тек тарихтан білетін, азат елде туылып өскен, жаңа буын екендігін көріп, қуанамын. Отарсыздану процесінің өзегі ұлттық танымда. Азаматтардың өзін өзгемен салыстырмай, жеке тұлға екенін анықтай алуында. Өкініштісі, соңғы жылдары халықаралық саясатта көптеген кейстерді көрдік, популист саясаткер отарсыздандыру ұранымен түрлі саяси слогандар ұсынып жатты. Толық отарсыздану тактикалық емес, стратегиялық қадамдар арқылы жүзеге асуы керек. Отарсыздану саяси науқан ретінде емес, мәдени-ғылыми тұрғыдан жүретін, қоғамды жікке бөлмей, қайта біріктіретін үдеріс болғанда ғана сәтті жүзеге асады. Меніңше, Қазақстанда отарсыздану халық санының өсу үлесімен параллель жүруде. Кеңестік кезеңде қалыптасқан буынмен пікірі үндеспейтін, өзгеше ойлайтын жастар толқынының өнерде, ғылымда, мәдениетте, бизнесте қалыптасуы – меніңше тәуелсіздік жылдары жүргізілген отарсыздандыру процесінің нәтижесі.
М.А: Жалпы сананың отарсыздануы – тұтас қоғамның ойлау жүйесін, құндылықтар құрылымын және өзіндік болмысты түбегейлі қайта қалыптастыру үдерісі. Жалпы отарсыздану ең алдымен коллективтік жадқа әсер ету арқылы жүреді. Өйткені халықтың тарихи санасы мен қоғамдық мінез-құлқы – ұзақ жылдар бойы орныққан дискурстардың, нормалардың және институттардың жемісі. Кеңестік тіпті одан бұрынғы патшалық дәуірде қазақ қоғамына таңылған үстемдікке негізделген тәртіп ережелері тек саяси басқару жүйесін ғана емес, сонымен бірге күнделікті өмірдің символикасын, білім беру бағдарламаларын, қалалардың архитектурасын, тіпті адамдардың өздерін қабылдау үлгілерін де қалыптастырды. Сондықтан отарсыздану тек саяси шешімдер арқылы емес, әлеуметтік институттарды, мәдени кодтарды, тұрмыстық деңгейдегі әдеттерді қайта пайымдау арқылы жүруі тиіс. Біріншіден, тіл мәселесі – отарсызданудың негізгі өзегі. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі заң жүзінде бекітілгенімен, қоғамдық санада ол әлі күнге дейін толыққанды доминанттық рөлге ие бола алмады. Бұл – кеңестік кезеңнен қалған «қазақ тілі тұрмыстық, орыс тілі іскерлік пен ғылым тілі» деген бейсаналық иерархияның көрінісі.
Екіншіден, кеңістіктің отарсыздануы. Қалаларымыздағы көшелердің, елді мекендердің атаулары, сәулет нысандары – бәрі қоғамдық сананы қалыптастыратын күшке ие. Кеңес кезеңінде Алматының орталық көшелері Лениннен бастап Калининге дейінгі қайраткерлердің атымен аталса, бұл халықтың күнделікті санасында «кімнің үлгі болуы тиіс» деген ойды орнықтырды. Қазір бірқатар көшелер қазақтың тарихи тұлғаларының атымен қайта аталып жатыр, алайда бұл процесс толыққанды жүргізілмей, кейде формалды сипат алып жатады. Мысалы, кейбір ауылдарда көше атауы ресми өзгергенімен, тұрғындар ескі атауын қолдана береді. Бұл қоғам сананың әлі де бұрынғыға байланғанын, кеңістікті толық игере алмай отырғанын білдіреді.
Үшіншіден, білім мен ғылымдағы отарсыздану. Оқу бағдарламаларының мазмұны әлі де еуроцентристік парадигмадан толық арылған жоқ. Мектеп оқулығында қазақ тарихы көбіне Ресей империясының немесе Кеңес Одағының даму логикасына қосалқы рөлде ғана көрсетіледі. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асса да, орта мектептегі кейбір пәндерде «қазақ даласы Ресейдің көмегімен өркениетке қосылды» деген сарында түсініктер сақталып отыр. Бұл құбылыс «колониялық білім» деп аталады. Мұндай құбылыс халықтың өзін-өзі кемсітушілік сезімін қалыптастырып, өз тарихын екінші дәрежелі құбылыс ретінде қабылдауға мәжбүрлейді. Шын мәнінде, отарсызданған білім жүйесі ұлттық тарих пен мәдениетті әлемдік контекстен бөлек емес, сонымен қатарлас, тең дәрежеде қарастыруға тиіс.
Енді, біздің қоғамда бұл процесс жүріп жатыр ма деген сұраққа келсек, иә, жүріп жатыр, бірақ жүйесіз әрі фрагментарлық сипатта. Бір жағынан, жастар арасында қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін қайта тануға деген қызығушылық күшейіп келеді. «Qazaq Grammar», «Til Qazyna» секілді бастамалар, ұлттық тарихты жаңа көзқараспен түсіндіретін блогерлер мен жас зерттеушілер – бұл сананың біртіндеп жаңарып келе жатқанының белгісі. Екінші жағынан, билік құрылымдарында, ресми дискурста, қала инфрақұрылымында отарлық сарқыншақтар әлі де басым.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ