Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:14

«Отбасы банкі» ұлттық даму институты ретінде қайта құрылады

е
Фото: ашық дереккөз
ҚР Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралды.

Азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін аталған заң арқылы Қазақстан Республикасының 5 кодексіне және 16 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң аясында «Отбасы банкін» ұлттық даму институты ретінде қайта құру көзделіп отыр. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың мұқтаждар үшін тұрғынжайды есепке алуды, қоюды және бөлуді жүзеге асыру жөніндегі функциялары банкке беріледі. Сондай-ақ тұрғын үйге мұқтаждар туралы мәліметтерді қамтитын, басқа да мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» электрондық базасын қалыптастыру, жүргізу, мониторингілеу және өзектендіру жөніндегі функциялар да аталған банкке жүктеледі.

Халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдерінің мүдделерін қорғау үшін заң арқылы баспанаға мұқтаж жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды олар кәмелетке толғаннан кейін де есептен шығаруға жол бермейтін бап ұсынылды. Одан бөлек, мүгедектігі бар балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе қайтыс болғаннан кейін, толық емес отбасылар балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін, жесір әйелдер (тұл ер адамдар) балалары кәмелетке толғаннан немесе олар қайтыс болғаннан кейін және тағы басқа заңмен белгіленген тұлғалар тұрғынжайға мұқтаждар есебінен шығарылуға жатпайды, делінген хабарламада.

Сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлердің жалпы көлемінің кемінде 70 пайызы бірінші кезектегі құқығы бар азаматтарға, оның ішінде соғыс ардагерлеріне, I және II топтағы мүгедектерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, көп балалы отбасыларға, жесірлерге (тұл ер адамдарға) және басқа да осал санаттарға берілетін норма енгізіледі. Жер кодексі шеңберінде жер учаскелерінің барлық меншік иелеріне оның нысаналы мақсаты өзгерген кезде жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнына тең соманы бөліп-бөліп төлеуді беру көзделеді.

Жалпы, сенаторлар заңды концептуалды түрде қолдады. Алайда олар құжатты қарау кезінде меншік иесі тұрғын үйді коммуналдық тұрғын үй қорынан алған кезде коммуналдық меншікке берілуге тиіс апатты деп танылған жалғыз тұрғын үйді беру жөніндегі норманы нақтылау бөлігінде түзетулер енгізді.

Бұдан басқа, республикалық маңызы бар қалалардың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктерімен ұқсас елорда әкімдігіне жергілікті бюджет қаражатынан сыртқы қабырғаларды реконструкциялау, ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі құзыретті бекітуге қатысты түзетулер ұсынылды.

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп танылған азаматтар үшін өтпелі жағдайды көздейтін заңның 2-бабы бойынша да түзетулер қарастырылды. Осыған байланысты Сенат депутаттары заңды өздері ұсынған түзетулермен Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Тегтер: