Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 15 Қазан 2023

Отбасы институтын дамыту мәселесі өзекті

отбасы
Фото: из открытых источников

Отбасы өсіп келе жатқан ұрпақтың құндылықтарының қалыптасуының негізгі көзі болып табылады. Бұл базалық әлеуметтік институт, оның жұмыс істеуі мемлекеттің әл-ауқаты мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Сондықтан мемлекеттік отбасылық саясаттың бірінші кезектегі мақсаты отбасын қолдау, нығайту және қорғау, отбасын табиғи, интелектуалды, рухани, өнегелі дамуына ықпал ететін қажетті жағдайларды жасау болып табылады. Мемлекет басшысы өзінің сөзінде (2021 ж.) отбасы саясатын кешенді жүргізу және отбасы институтын қолдау қажеттігін атап өтіп, берекелі және бақытты отбасы қуатты елдің тірегі және гүлденуі деп атап көрсетті. Бүгінгі таңда мемлекеттік деңгейде отбасы институтын қолдау бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылуда.

2022 жылы Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жандандырылды. Тұжырымдаманы іске асыру бойынша іс-қимыл жоспарында тұжырымдама міндеттерінің орындалу тиімділігін анықтауға мүмкіндік беретін нақты индикаторлар көрсетілген. Индикаторларға әйелдерге қатысты тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері саны және тіркелген некелердің жалпы санынан бұзылған неке санын төмендету көрсеткіштері енгізілген. Барлық өңірлерде консультациялық, заңгерлік және психологиялық көмек көрсететін отбасын қолдау орталықтары бар.

Отбасының бос уақытын ұйымдастыру үшін отбасылық аула клубтары, отбасылық қарым-қатынас клубы жұмыс істейді. 3 жасқа дейінгі балалары бар ата-аналарға толық емес жұмыс күні режимі ұсынылған. 2020 жылдың қаңтар айынан бастап отбасындағы бала санына қарай көпбалалы отбасыларға сараланған мөлшерде жәрдемақы енгізілді. Қолданыстағы заңдарға сәйкес көпбалалы отбасылар мен «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған аналар коммуналдық тұрғын үй қорынан бірінші кезекте үй алуға құқығы бар. Аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың мектепке қажетті керек-жарақпен қамту, оқып жатқан жерінде тегін тамақтану, қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүруді қамтамасыз етуді қарастыратын кепілді әлеуметтік пакетке құқығы бар.

Президент Қазақстан халқына жолдауында балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» жаңа бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырды. Аталған бағдарлама ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды көздейді. Жинақталған қаржы балалар кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалады. Жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу белгіленген. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты төлемдерді бір жарым жасқа дейін төлеу жоспарлануда.

Мемлекеттің белсенді қолдауына қарамастан отбасы саясаты саласында бірқатар проблемалар, атап айтқанда: тұрмыстық зорлық-зомбылық проблемасының өзектілігі; саналы түрде ата-ана болу мен бала тәрбиесіне белсенді қатысатын әке болуды қалыптастыру проблемасы; соңғы жылдары некеге тұру коэффициентінің төмендеуі; жүктілікті жасанды түрде үзу жағдайларының кең таралуы; соңғы жылдары ана өлімінің өсуі; соңғы 2 жылда нәресте өлімінің өсуі; репродуктивті денсаулықты сақтау салаларында мамандардың жетіспеушілігі байқалуда. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың тіркелген фактілерінің соңғы жылдары төмендеуіне қарамастан, бұл проблема өзекті және көптеген зорлық-зомбылық жағдайлары айтылмай, жасырын қалуда. Бұл жағдайларда ең осал топ балалар болып табылады. Ерте жаста некеге тұру мәселесі де өзекті, 2021 жылы 57 ер адам мен 862 әйел ерте жаста некеге тұрған. Жүктілікті жасанды түрде үзу жағдайлары бар, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасында орын алған. ҚР ДСМ деректері бойынша 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ересек тұрғындар арасында жүктілікті жасанды түрде үзудің 25 577 жағдайы және жасөспірімдер арасында 182 жағдайы тіркелген. Ана өлімі көрсеткішінің жыл сайынғы өсуі ұзақ мерзімді динамикада 2021 жылдың соңына дейін байқалады. Мәселен, егер 2016 жылы бұл көрсеткіш 100 000 тірі туылғанға 12,7 болса, ал 2021 жылдың соңында ол 44,7 құрады. Бұл ретте қол жеткізген жетістік ретінде 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында ана өлімі коэффициентінің төмендегенін атап өткен жөн (тиісінше 100 000 туылғанға 11 және 100 000 туылғанға 26,4). 2021 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша нәресте өлімінің көрсеткіші 7 пайызға өсті және 2020 жылдың ұқсас кезеңінде 1000 тірі туылғандарға шаққанда 7,79-ға қарсы 8,35 құрады. 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында да осы көрсеткіштің өсу үрдісі сақталды, бұл алаңдатарлық жағдай. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы нәресте өлімін «белгілі бір өңірдегі өмір сапасының интегралды көрсеткіші» деп мойындады. Бұл көрсеткіш өңірлердің және жалпы ел тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру деңгейінің көрсеткіштері. Отбасы денсаулығын сақтау саласындағы өзекті мәселе репродуктивті денсаулық саласындағы мамандардың жетіспеушілігі, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету сапасы болып табылады.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша денсаулық сақтау жүйесіндегі дәрігерлердің жалпы тапшылығы шамамен 7 мың штат бірлігін құрады, оның ішінде неғұрлым талап етілетін мамандар жалпы практика дәрігерлері (416 штат бірлігі), педиатрлар (256 штат бірлігі) және акушер-гинекологтар (233 штат бірлігі) болды23. Ана денсаулығын сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты азаматтардың тек 52,5пайызы жалпы тиімді деп санайды («толық тиімді» (18,8 пайыз) және «тиімді» (33,7 пайыз жауап нұсқаларының жиынтығы). Ерлер денсаулығын сақтау саласындағы жағдай тіпті нашар. Респонденттердің тек 42,5 пайызы ерлер денсаулығын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясат қандай да бір дәрежеде тиімді («толық тиімді» 17,4 пайыз және «тиімді» 25,1пайыз жауап нұсқаларының жиынтығы) деп санайды. Осы проблемаларды, олардың себептеріне терең талдау жасап, оларды жою мен азайту бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеу қажет. Ұлттық баяндаманы дайындау шеңберінде ҚҚДИ Қазақстанның 17 өңірінде, қалалық және ауылдық жерлерде 1200 адамды іріктей отырып әлеуметтанулық зерттеу, жаппай сауалнама жүргізді. Үй шаруашылығындағы респонденттерді іріктеу квота әдісі бойынша (гендерлік тиістілігі, жасы) жүзеге асырылды. ҚР СЖРА ҰСБ деректері негізінде іріктеу жиынтығы 2022 жылдың басындағы жағдай бойынша мынадай параметрлермен есептелді: облыстық, республикалық маңызы бар қала, гендерлік тиесілігі, респонденттердің жасы, елді мекеннің түрі (қала/ауыл). Сондай-ақ, ҚҚДИ жүргізген «Ажырасу және оның салдары», «Азаматтық неке Қазақстандағы неке – отбасы қатынастарының моделі немесе түрі ретінде», «Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің қоғамдағы әлеуметтік интеграциясы және бейімделуі, «Қазіргі қазақстандық қоғамдағы гендерлік саясат» әлеуметтанулық зерттеулерінің деректері пайдаланылды Зерттеудің мақсаты отбасы институты саласындағы негізгі проблемалар мен трендтерді анықтау және Қазақстан Республикасында отбасы саясатын жетілдіру үшін практикалық ұсыныстар әзірлеу болып табылады. Баяндама 4 тараудан тұрады, олардың әрқайсысында бірнеше кіші бөлімдер бар. Бірінші тарауда Қазақстан Республикасының отбасылық саясатты іске асырудағы ағымдағы жағдайының талдауы, заңнама саласындағы проблемалар, мемлекеттік институттардың, сондай-ақ отбасын қолдау орталықтарының қызметі зерделенді. Екінші тарауда осал отбасыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау мәселелері қаралды. Үшінші тарауда қазақстандық отбасылардың ата-ана болу әлеуетін қалыптастыру және балаларды тәрбиелеу ерекшеліктеріне талдау жасалды. Баяндаманың соңғы тарауында отбасы институтының өзгеруін, сондай-ақ отбасы саясатын іске асырудың халықаралық тәжірибесі, бала тәрбиесіне тартылған әке болуды дамыту мәселелері және әйелдер мен отбасы институтының сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы іс-қимылға ықпал етуіне талдау жасалған. Отбасы саясаты саласында қалыптасқан ахуалды талдау қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға, БАҚ-қа, ҮЕҰ-ға, отбасын қолдау орталықтарына және өзге де ұйымдарға ұсыныстар әзірленді.