Мемлекет отбасы институтын қолдау бойынша түрлі шаралар қабылдап жатыр

Отбасы құндылықтары – кез келген адамның өмірі құрылатын маңызды іргетас. Ол мемлекеттік әл-ауқат пен тұрақтылыққа тікелей әсер ететін негізгі әлеуметтік институт.
Ел боламын десең, бесігіңді түзе демекші тұлғаның азамат ретінде қалыптасуы да осы жанұядан басталады. Ал отбасылық құндылықтар қоғамның үйлесімді дамуының кепілі. Осы себепті мемлекеттің отбасы саясатындағы басымдықтар, ең алдымен, отбасы институтын нығайтуға және қорғауға, отбасылардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін қолайлы жағдайларды жасауға бағытталады.
Жалпы, Қазақстанда отбасы саясаты саласында бірқатар проблемалар байқалады, атап айтқанда, тұрмыстық зорлық-зомбылық, неке коэффициентінің төмендеуі, ерте жастағы жүктілік сияқты мәселелер болып отыр. "Қазақстандық отбасылар–2022" Ұлттық баяндамасының деректері бойынша, соңғы жылдары Қазақстанда тіркелген некелер санының шамалы төмендеуі байқалады. Ресми статистикаға сәйкес, қазақстандықтар некеге тұру ықтималдығы азайып ,"азаматтық" некелер саны артқан. Әлеуметтанушылар бұған қазіргі қоғамдағы ұрпақтар арасындағы байланыс әлсіреуі ісер ететіндігін айтады. Алдыңғы буын мен кейінгі ұрпақтың дәстүрлі қарым-қатынас мәдениетін өзгеруі олардың арасында жік салғандай. Бұл, ең алдымен, ақпараттық технологиялардың қуатты дамуымен байланысты.
Отбасылық қарым-қатынастың тағы бір жағымсыз үрдісі-тұрмыстық зорлық-зомбылық. Соңғы жылдары елімізде өзекті мәселелердің біріне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін енді қатаң жаза қарастылатын болады. Мәжіліс 28 ақпанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейтетін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенатқа жолдаған заң жобасында педофилия және баланы өлтіру қылмысына өмір бойына соттау жазасы белгіленеді. Құжатта денсаулыққа орташа зақым келтіргендерді 2 жыл бас бостандығынан айыруға, ауыр зақым келтіргендерді 3-8 жыл бас бостандығынан айыру белгіленген. Ал денсаулыққа жеңіл зақым келтіргенге 200 АЕК (738 мың теңге) айыппұл, не 200 сағат қоғамдық жұмысқа жегу немесе 50 күнге қамау жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал қол көтеруге 80 АЕК (295 мың теңге) айыппұл не 80 сағат қоғамдық жұмыс немесе 25 күнге қамау жоспары бар.
Бүгінде мемлекет отбасы институтын қолдау бойынша түрлі шаралар қабылдауда. Мәселен, Қазақстандағы отбасыларды нығайту және қорғау, отбасылардың физикалық, зияткерлік, рухани, адамгершілік дамуына ықпал ететін қажетті жағдайлар жасау: көп балалы, аз қамтылған отбасыларды, мүгедек балалары бар отбасыларды қолдау; тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерінде қолдау; атаулы әлеуметтік көмек; білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қолдауды қамтамасыз ететін Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы 2030 жылға дейін өз жұмысын атқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде отбасы – елдің әл-ауқаты мен өркендеуінің негізі екенін, сондықтан мемлекет отбасы институтын қолдайтынын және оны кешенді түрде жасайтынын атап өткен.
Мемлекеттік отбасылық-демографиялық саясатты қолдауда азаматтық қоғамның түрлі институттарына үлкен көңіл бөлінетінін атап өткен жөн. Қазақстан демографиялық ахуалдың сұраныстарына жауап беру үшін отбасы институтын қолдаудың түрлі шараларын белсенді түрде енгізуде және дамытуда. Мәселен, ағымдағы жылдың шілде айында әлеуметтік қолдау мәселелерін туғаннан бастап қартайғанға дейін қамтитын әлеуметтік кодекс бекітілді. Құжат, оның ішінде отбасыларға мемлекеттік қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған. Қазір ол ешқандай өтінішсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін ресімдеуге мүмкіндік береді. Алайда, 2025 жылдан бастап жоба мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлерін, соның ішінде денсаулық сақтау мен білім беруді қамтиды. Осы жылдың басынан бастап жаңа жүйенің арқасында 600 мыңнан астам қазақстандық әлеуметтік қолдау алды.
Қосқанат Бауыржан