Отбасыны өлтіру ісі: Сұлтан Сәрсемалиевке жаңа айыптар тағылуы мүмкін
Тергеушілер қаза тапқан адамдардың банктік карталары мен жеке құжаттарына, сондай-ақ отбасыға тиесілі малдың сатылуына қатысты жағдайларды тексеріп жатыр.
Дереккөздің мәліметінше, бұл жайттар істің құқықтық саралануына әсер етуі мүмкін.
«Ақ Жайық» басылымының хабарлауынша, қылмыстық істі тергеу барысында қосымша эпизодтар мен жаңа айып баптарының пайда болуы ықтимал.
Индонезиядан ұсталғандарды Қазақстанға тапсыру кезінде түсірілген бейнежазбада Сұлтан Сәрсемалиевпен бірге қаза тапқан адамдардың жеке құжаттары мен банктік карталары да берілгені көрінеді.
Бейнежазбаға қарағанда, индонезиялық тарап Қазақстан құқық қорғау органдарына бес жеке куәлікті тапсырған: Мақсот Қарабалиннің, Нәсіп Өтешқалиеваның, Наурыз Мұқанғалиевтің, Мирамгүл Қарабалинаның және Сұлтан Сәрсемалиевтің жеке куәліктері.
Сонымен қатар кадрларда бірнеше банктік карта көрсетілген. Оның ішінде төрт Kaspi Gold картасы, тағы төрт банктік карта бар.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл карталарға зейнетақы төлемдері түсіп отырған. Қаза тапқан ата-анасы еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алған, ал балалары мүгедектік бойынша төлем алған.
Тергеушілер сондай-ақ мал сату эпизодын тексеріп жатыр. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Наурыз Мұқанғалиев жоғалғаннан кейін оның WhatsApp нөмірінен малдың бір бөлігін сату туралы хабарлама келген.
Көршілердің бірі малды шамамен 1 миллион теңгеге сатып, ақшаны Kaspi Gold картасына аударған.
Егер банктік карталарды заңсыз пайдалану фактілері расталса, бұл іс бойынша қосымша эпизодтар мен жаңа айыптар тағылуы мүмкін.
Күдіктінің жұбайына қатысты шешім
10 наурызда тергеу соты күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты шешім қабылдады.
Полиция департаментінің өтініші бойынша ол 10 сәуірге дейін сот-психиатриялық сараптама жүргізу үшін психикалық денсаулық орталығына орналастырылды.
Дереккөздің айтуынша, мұндай шешім тергеу әрекеттері барысында оның психикалық жағдайын анықтау қажеттілігіне байланысты қабылданған.
Қазіргі уақытта Мұқанғалиеваның балалары облыстағы балалар мекемелерінде орналастырылған.
Сонымен қатар ерлі-зайыптылар ресми түрде ажырасқанымен, бірге тұруды жалғастырғаны белгілі болды.
Тергеу аяқталғаннан кейін қаза тапқандардың туыстары, жәбірленуші тарап ретінде, келтірілген шығынды өтеу туралы азаматтық талап қоюға құқылы.
Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.