Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 13 Қараша 2024

«Отбасының» отағасы кім болады?

Отбасы банк
Фото: ulysmedia.kz

Жақында «Бәйтерек» ұлттық холдингі «Отбасы банктің» 40 пайыз акциясын ІРО (жекеменшікке сатуға) шығаратынын мәлімдеді.

 Бұл келер жылы жүзеге аспақ. «Бәйтеректің» жалғыз акционері – үкімет. Ұлттық холдинг Қазақстан үкіметіне бағынады, үкіметке есеп береді. Демек, онсыз да сүйкімі кетіп тұрған үкімет жауапкершіліктен қаша бастаған сыңайлы.

«Бәйтерек» «банктің 40 пайыз акциясын сату арқылы салаға жаңа инвесторлар тартамыз, мемлекеттің ипотекалық нарықтағы үлесін азайтамыз» дейді. Бұдан тұрғын үй нарығы дами ма? Былтырдан бері үкіметке жүктелген міндеттер орындала ма? Бұл тұрғын үй саласындағы мемлекеттік жауапкершілікті азайту үшін істеліп отырғанын сала мамандары да айтып жатыр.

Еске салсақ, өткен жылы үкіметке «Отбасы банктің» жұмысын қайта қарау, жаңа тұрғын үй саясатын пысықтау, халыққа қолайлы өзгерістер енгізу тапсырылған. Содан бері үкімет пен «Отбасы банк» бірлесіп, бұл салаға ұтымды жаңалықтар әкелер деп күткенбіз. Әзірге үкімет тарапынан да, банк тарапынан да елді елең еткізетін жаңашылдықтар айтыла қойған жоқ.

Деректерге сүйенсек, үкімет үшін халықты баспанамен қамту мәселесі жылдан жылға қиындап бара жатыр. Қазақстандықтарға ипотекалық баспана алу әрі қымбат, әрі әуресі көп. Мемлекет ойлап тапқан қолжетімді тұрғын үй саясаты тиімсіздігін көрсеткен. Жергілікті әкімдік бекітетін тұрғын үй кезегінде тұрғандардың көбі мұны қуаттайды.

20 жылдық кезек

Мәселен, алматылық ІІ топтағы мүгедек Лаура Қойгелдиева 2005 жылы әкімдіктің үй кезегіне тіркелген. Содан бері «Отбасы банк» ұсынған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларға қатысып келеді. Бірақ әлі баспана алмаған.

«Биыл көктемде «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы үйге тағы өтініш тастадым. «Отбасы банктің» сайтында кезегімді көріп отырдым. «Жас қанат» ықшам ауданынан берілетін бір бөлмелі бір пәтердің өзіне 98 адам таластық. Іріктеуден тағы өтпей қалдым. Жылда – осы. Биыл жасым 61-ге келді. 20 жыл болды, кезекте тұрмын. Көктемде ызаға булығып,
Алматы қаласының әкімдігіне бардым. Тұрғын үй департаментіндегі мамандар менен де бұрын кезекте тұрғандар бар екенін, бірінші соларды қамтитытын айтып, шығарып салды. Кішкентай ғана 30 шаршы метр үй алу осынша қиын болды. Статусым, бәрі келіп тұр. Кезекте тұрмын. Бірақ мемлекет ұсынған бағдарламаларға бірнеше мәрте қатыссам да ала алмаймын», – дейді Л.Қойгелдиева.

Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, баспана кезегінде тұрғандардың 70 пайызы 30 шаршы метр үйге зәру жандар. Ал кезекте тұрғандарды түгел қамту үшін Қазақстанға 90 млн шаршы метр үй салу керек. Мамандар үкіметтің қазіргі ұстанып отырған саясатымен баспанаға мұқтаж жандардың қатары жыл сайын өсе беретінін айтады. Оған бірінші себеп – елде мұқтаж адамдардың қажетін өтейтін бірыңғай тұрғын үй саясаты жоқ.

Алайда «ұстанған бағытымыз, саясатымыз дұрыс емес» деп жүрген үкімет мүшелері көрінбейді. Мәселен, осыдан үш апта бұрын құрылыс және өнеркәсіп министрлігі парламентке барып, «Отбасы банктің» ұлттық даму институты болып қайта құрылатынын мәлімдеді. Аталмыш министрлік енді тұрғын үй кезегіне тұру, аз қамтылған отбасыларға пәтерді жалға беру, ипотека рәсімдеу секілді қызметтерді «бір терезе» қағидаты арқылы жүзеге асырмақ. Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтің айтуынша, «бір терезе» халыққа мың мүмкіндік бермек. Ақпараттық жүйеге тұрғын үй кезегіне қоюға өтініш түскен сәтте-ақ отбасының цифрлық портреті құрылады. «Осылайша, біз ол отбасыны жалға берілетін пәтермен қамтамасыз етеміз бе, әлде басқа ипотекалық бағдарламаларға қатыса ма, бірден анықтаймыз», – дейді Қажкенов.

Сөз саптауына қарасаң, вице-министр баспана нарығында салынып жатқан үйлердің жетіспейтінін, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін 20 жылдап кезек күтіп тұрғандардың барын білмейтін сыңайлы. Сұраныс көп ұсыныстың қат екенін, ол тұрғыда қандай шешімдер қабылданатынын министрлік ашып айтпайды.

Салаға жауаптылардың жарқын-жарқын шығатын мәлімдемелеріне қарап, таяу бес жылдықта баспанаға мұқтаж жандардың дені үйлі болып, халықтың басым бөлігі баспанамен қамтылып кететіндей көрінеді. Дегенмен былтыр елде 2 млн шаршы метрден астам ғана тұрғын үй пайдалануға берілгенін ескерсек, жоғарыда мамандар айтып отырған 90 млн шаршы метр тапшылықты қамту үшін әлі қаншама жыл баспана проблемасымен жүретінімізді пайымдай беріңіз.

Құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің берген деректеріне жүгінсек, былтыр тұрғын үй секторына 317,6 миллиард теңге инвестиция салынған. «Отбасы банк» акционерлік қоғамының ипотекалық бағдарламалары аясында жалпы сомасы 1 триллион теңгеден астам қарыз берілген. Биыл Ұлттық банк «Отбасы банкке» Зейнетақы қорының 150 млрд теңгесін инвестициялаған. Бұдан өзге «Отбасы банкке» 2016 жылдан бастап биылғы жылға дейін 461,64 млрд теңге бөлінген (Ұлттық қордан 22 млрд, мемлекеттік бюджеттен 439,64 млрд). Ал банктің кірісібылтырғы жылғы есеп бойынша 392 млрд теңгені құраған. Банк таза табысынан 67 млрд теңгені мемлекетке дивиденд ретінде береді.

Онсыз да қымбат үй одан ары қымбаттайды

«Аналитик» талдау және сараптау орталығының маманы, қаржыгер Тоғжан Шаяхметованың сөзіне сүйенсек, мемлекеттен қаншама қолдау көріп отырса да «Отбасы банк» халықты арзан баспанамен қамти алмады. Өйткені ол әлі де екінші деңгейлі банктердің сапында тұр.

«Өткенде құрылыс және өнеркәсіп министрлігі банктің ұлттық даму институты болып құрылатынын айтты. Енді осының аясында банктің жұмысына құрылымдық өзгерістер енгізу керек. Оның маңдайшасы мен мөрін ғана ұлттық даму институты етіп өзгерте салып, ал ішкі құрылымы сол баяғы қалпында жұмыс істей берсе, бұдан түк өзгеріс болмайды. Банкті екінші деңгейлі банктердің қатарынан шығарып, тұтастай мемлекеттің бақылауына алу керек. Ұлттық деген атау берілген соң институттың жұмысы ауқымды болу керек. Қазіргі халықтың баспанаға деген сұранысын орындау үшін баспана құрылысының кем дегенде 90 пайызын мемлекет салуы тиіс. Мысалы, біз жиі «еліктейтін», Сингапурдың тәжірибесінде жылжымайтын мүліктің 95 пайызын мемлекет салады. Бұл елде округтік әкімдік арқылы үй кезегінде тұрған адам пәтерді мемлекет ұсынған жеңілдік құны бойынша сатып алады да, сосын ол пәтерді қайта сата алмайды. Елден көшетін болса, сол елге қайта қалдырып кетеді. Өйткені ол баспана мемлекеттің нысаны болып есептеледі. Сингапур осылайша баспана мәселесін реттеп отыр. Ал бізде үйді жекеменшік компаниялар салады, олар өзінің пайызын қосады, банк өзінің пайызын қосады. Сонда мемлекеттік бағдарламамен салынған арзан ипотеканың өзі қымбат болып шыға келеді. Егер еуропалық талаппен қарайтын болсақ, бір адамға 30 шаршы метр тұрғын үй берілуі керек. Біз 10 жыл ішінде бұл қажеттілікті жабу үшін жыл сайын 10-15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беруіміз керек. Өкінішке қарай, бізде мұндай мүмкіндік жоқ. Жекелеген құрылыс компанияларының әлеуеті бұған жетпейді. Сондықтан бұл арада жауапкершілікті мемлекет өзіне алу керек. «Отбасы банкті» жекешелендіруге, акциясын ІРО-ға шығаруға асықпау қажет. Бұл салада жекеменшік үлесті басым ететін болсақ, халықтың қазіргі жинап отырған қаражатына баспана сатып алу мүмкін болмайды. Себебі салаға жекелеген монополистер енсе, олар өз бағаларын белгілейді. Бұдан баспана бағасы одан әрі қымбаттайды», – дейді Т. Шаяхметова.

Сапасыз үйлер мен сақалды құрылыстар көбейеді

Әріптесінің сөзін экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков те қоштайды. Экономистің пайымдауынша, үкіметтің қазіргі ұстанып отырған саясатынан-ақ баспана нарығында бірнеше мәселелермен бетпе-бет келетінімізді байқауға болады. Мәселен, атқарушы билік ұсынғалы отырған Жаңа салық кодексінің өзі құрылыс компанияларын ғана емес, қарапайым тұтынушыларды да әбігерге салмақ.

«Мемлекеттік органдар Жаңа салық кодексінде құрылысшыларға қатысты жеңілдіктер алынып тасталатынын айтып отыр. Салықтық жеңілдіктер алынып тасталса, бұл компаниялар салықты өз қалтасынан төлеп отырмайды. Әрине, оны салынған үй құрылысының шаршы метрін қымтаттату арқылы өтейді. Бұл бағаға қатысты қымбатшылық орнайтынын айқын білдіреді. Ал сапаға қатысты бақылауды үкімет тіптен босатып алды. Қазір біздің елде құрылыс компаниясының қожайыны болғыңыз келсе, оның түк те қиындығы жоқ. Тек есепшотыңызда 650 мың теңге болса жетіп жатыр. Білікті мамандары, қарапайым құрылысшылары, краны және басқа техникасы жоқ адамдар да қазір құрылыс компаниясын жекеменшік серіктестік ретінде ашып алып, тіркете береді. Олар құрылыс пен монтаждау жұмысы бойынша барлық лицензияларға ие болып алған. Тұрғын үй дейсіз бе, ғимарат па, әлеуметтік нысан ба, бәрін салуға рұқсаттары бар. Тұрғын үй саласында жүрген кейбір компаниялардың не инженерлік құрамы, не өндірістің базасы жоқ. Бұл қорқынышты жағдай. Келешекте баспана тапшылығынан бұрын, қолданысқа берілген баспаналардың сапасы да басты мәселеге айналады. Сондықтан үкімет баспана нарығына араласудан қашпау керек. Бұл саладағы үлестің басым бөлігі мемлекеттік болғаны абзал. «Отбасы банкті» жекеге сатуды өз басым қолдамаймын. Керісінше, бұл салада мемлекеттік бағдарламалар легін көбейтіп, халықты арзан әрі сапалы бағдарламалармен қамтуға күш салған жөн», – дейді Б.Зиябеков.

Билік бұған дейін бұқараны «баспанамен қамтимыз» деп, жыл сайын қилы-қилы бағдарламалар ұсынды. «Қолжетімді баспана 2020», «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Баспана-хит», «7-20-25» дейсіз бе, тағы басқа толып жатқан тұрғын үй бағдарламасы жетерлік. Қазірдің өзінде ипотекалық бағдарламалардың атын жаттап үлгере алмаймыз.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отбасы банкті» моноқалаларға және ауылдарға апару керек деген бастама көтерді. Салаға жауаптыларға моноқалалардағы, ауылдардағы тозығы жеткен үйлерді жаңалап салуды тапсырған. Әрине, біздің атқарушы атқамінерлер президент тапсырды деп, тағы біраз бағдарлама жасап тастайды. Сапасыз болса да орталықтан жырақта үй сала бастауы мүмкін. Бірақ оны кім салады деген сұрақ туады. «Отбасы банктің» 40 пайыз акциясын сатып алған компаниялар ма? Монополистер шалғайдағы өзін-өзі ақтамайтын, арзан бағада сатылатын үйлер үшін ауыл-аймаққа шыға қояр ма екен? Мейлі, кезі келіп қалғанда белден баса салатын мемлекет қыстап отырып шығарсын-ақ делік. Сапасыз үйлер мен сақалды құрылыстар көбейе түспейтініне кім кепілдік береді?

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: