Отбасылық зорлық-зомбылық артып келеді
Әдетте «Отан отбасыдан басталады» деген сөзі жиі айтамыз. Әр отбасы шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің кішігірім заңдары мен қағидалары болады.
Соған қарамастан, елімізде соңғы жылдары отбасылық зорлық-зомбылықтың саны артып келеді. 2021 жылы 61 456 іс тіркелсе, 2022 жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты 100 мыңнан аса іс қозғалған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлеуметтанушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбеюіне бірнеше себеп ұсынып отыр. Біріншіден, экономикалық құлдырау, материалдық жағдайдың төмендеуі (жұмыссыздық, ақшаның жетіспеуі). Ал екіншіден 2020-2021 жылдары орын алған карантиндік режимнің салдары да көптеген отбасының әлеуметтік жағдайына әсер еткен. Осының салдарынан тұрмыстық өмірде орын алатын зорлық-зомбылықтың саны артқан. Тағы бір елеулі себеп – отбасы мүшелерінің зиянды әрекеттерді жаппай қолдануы, яғни спирттік сусындарды мен есірткінің кесірі. Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек күш көрсету немесе психологиялық қана емес, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қандай да бір түрінің құрбанына айналған жандарға қазіргі таңда дағдарыс орталықтары көмек беруде. Қазіргі таңда еліміздегі дағдарыс орталықтарының саны 50-ге жеткен. Осыған орай, Алматы облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған «Жан-Сая» дағдарыс орталығының арнайы әлеуметтік қызметті бағалайтын әлеуметтік қызметкер Зүлфия Омарова тұрмыстық зорлық-зомбылық пен дағдарыс орталығының жұмысы туралы айтып өтті.
– «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты сөз еткенде, ең алдымен, тұрмыстық құқық бұзушылық мәселесіне тоқталып өткен жөн. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл әрекетінің заңына сәйкес: «Бір субъектінің басқаларға қатысты әдейі әрекет көрсетуі –тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкелу қаупі бар қасақана іс-әрекет. Бұл жағдайда субъектіге немесе денеге психологиялық және нәпсіқұмарлық ықпал етуі мүмкін. Тұрмыстық құқық бұзушылыққа заңды некедегі отбасылық қатынастар немесе азаматтық некеде бірге тұратын адамдар арасындағы, туыстық қатынастар арасындағы құқықбұзушылықтар жатады. Тұрмыстық құқықбұзушылықтың себептері әртүрлі мақсатта, әрқилы нысанамен жасалуы мүмкін. Соңғы кезде материалдық жетіспеушіліктен және спиртті ішімдікті шамадан тыс пайдаланудан туындайтын құқықбұзушылықтар кең орын алып жатыр. «Жан-Сая» дағдарыс орталығына тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез келген әйел адам мен балалар келіп орналаса алады. Дағдарыс орталығының ең бірінші міндеті – тұрмыстық зорлық-зомдылыққа ұшыраған жандарды қауіпсіз баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар орталық тұрғындарына тұрмыстық заттар мен күніне 5 реттік тегін тамақ ұсынамыз. Дағдарыс орталығында психолог пен заңгердің көмегі де қарастырылған. Әлеуметтік қызметкерлердің қолдауымен балалардың дамуы мен білім алуына мүмкіндік береміз. Кез келген бағытта толығымен тегін көмек көрсете аламыз».
– Орталықтың статистикасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қанша оқиға тіркелді?
–«Жан-Сая» дағдарыс орталығында белгілі бір мерзімде тұрақтайтын
қыз-келіншектерге көмек беру қызметімен қатар, заңгер және психологтың кеңес беру қызметі де қарастырылған. Орталық ашылғаннан бері 2967 әйел адам психологтың қызметіне, ал 867 адам заңгердің көмегіне жүгінген. Алғаш ашылған 2017 жылы қазан айынан 2018 жылдың қаңтар айына дейін 47 адам (18 әйел адамдар, 29 балалар) қабылдасақ, ал 2018-2019 жылы 267 адамды (90 әйел адам, 177 кәмелет жасқа толмаған балалар) қабылдадық, 2019-2020 жыл аралығында 285 адам (170 әйел адам, 115 бала), 2020-2021 жылы 334 адам (115 әйел адам, 219 бала), 2021-2022 жылы 385 адам (125 әйел адам, 257 адам), 2022 474 адам (135 әйел адам, 319 бала). Ал дәл осы жыл басынан бері дағдарыс орталығына 63 адам орналасқан, оның 22-сі әйел адамдар болса, 41-і балалар.
Байқағаныңыздай, дағдарыс орталығының көмегіне жүгінетін әйелдер мен балалардың саны жыл сайын шарықтап келе жатыр. Бұл өте өкінішті құбылыс. Орталықтың қызмет телефонына күніне бірнеше адамнан қоңырау түседі. Тағы бір ескеретін жайт –біз «1501 нөмірі арқылы қызмет көрсететін Халықаралық Сенім орталығымен серіктеспіз. Сенім орталығына қоңырау шалу арқылы тек қана тұрмыстық зорлық-зомбылық қана емес, өмірдің кез келген саласындағы қиындықпен бөліссеңіз болады», –деді. Дағдарыс орталықтары ана мен баланың қауіпсіздігіне толықтай жауап беріп, оларға психологтар мен адвокаттардың көмегін ұсына алады.
Ал қалалық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің аға инспекторы полиция подполковнигі Ақбота Әбілқасымова соңғы жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күрт өскенін атап өтіп, отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда жасалу керек алғашқы әрекеттерді атап өтті. «Біз әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, агрессорлармен профилактикалық жұмыстарды жүргізу, психологиялық және құқықтық көмек көрсету сияқты мақсаттарды көздеп отырмыз. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісін тоқтату және тәртіп бұзушыны жауапкершілікке тарту үшін полицияның «102» телефон нөміріне, сондай-ақ «150» және «111» сенім телефондарына хабарласу қажет. Бұл күндері біз де тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында қызметтермен байланыс арналары туралы хабардар ету мақсатында тұрғындар арасында ақпараттық жұмысты, оның ішінде электронды билбордтар арқылы да күшейттік», – деп нақтылады.