Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:27, 27 Қаңтар 2023

Өтірігі көп шындықтан, шындығы бар өтірік артық

None
None

      «Қазгидрометтің» ауа райы болжамдары мен ұлттық статистика бюросының деректері «самопал» алкоголь өнімдері сияқты су татып тұрады.

Мүйізі қарағайдай мемлекеттік мекемелердің  қызметіне аса зәру болмасақ та, адалдық алаңында асығы алшысынан түсіп тұрмағанын айта кету ләзім. «Біздің елде сыраға су қосып сатушы еді, сіздерде суға сыра қосып сатады екен» (К.Әмірбек) демекші, аптап ыстық пен  бұрқасын боранды күндері температураны барынша төмен көрсетіп, халық шаруашылығы дамуының динамикасын асыра сілтеп жоғарылатып жіберетін қашанғы әдетіміз бар.  Қысқа күнде қырық құбылатын аумалы-төкпелі ауа райын  айтпай-ақ қояйық: күннің жаманы кетеді. Ал елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының  көрсеткіштерін «ақылды» цифрлармен сараптап, саралап алға тартатын статбюроның деректері мен дәйектері ойға күмән, көңілге күдік ұялатады. Жиналған астық көлемі, ішкі жалпы өнім, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту, баспана құрылысы, орташа айлық жалақы, т.б. толып жатқан статистикалық деректерді ой таразысынан өткізіп көрсеңіз, ақиқаттан алшақ жатқанын аңғаруға болады. Өткенде өзекті мәселелерді сөз еткен теледебат кезінде бір экономист сарапшы көптің көзінше елде жиналған астық көлемі шындыққа жанаспайтынын айтып салды. Тіпті бірнеше бұлтартпас дәлелдер де келтірді. Қалғып-мүлгіп отырған біздің қоғам міз бақпады. Осылайша өтірігі көп шындықтың бетпердесі сыпырылып түсті. Апыр-ай, ә, дерсіз. Статбюроның қолындағы өтіріктің өзі көбіне шындыққа айналып, қаймана қазақты еріксіз мойындатып қойғанын түсінгендей боласыз.

      «Жаңалықты айтқаннан жасаған жақсы» (У.Черчилль)  дегендей,  аңызға бергісіз етіп айтамыз да, жасауға келгенде қиял ғажайып ертегіге айналдырып жібереміз. Айталық,  2О27 жылға қарай  4О мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады деп айды аспанға бір-ақ шығарған  жаңалықты  естіп жүрміз. Бұл – Қожанасырдың есегімді кітап оқуға үйретемін деп ханнан қорықпай шарттасып алып, былайғы жұртқа: «Он жылдан кейін не хан өледі, не есек өледі,  не мен өлмеймін бе?» деген әзіл әңгімесін еске түсіреді.

      Өтірігі көп шындықтан, шындығы бар өтірік артық. Дейміз-ау. Сол құрғырларыңыз:  өтірік қосып  асыра сілтеу, жалған ақпар беру, семіз сөйлеу, шындықты бұрмалау – бәрі кеңес өкіметінен қалған «асыл мұра»  қанымызбен араласып, сүйегімізге сіңіп, мойнымызға мініп алғаны соншалықты әлі күнге арыла алмай келеміз. Осыдан кейін кез келген дерек пен дәйекке Сұлтанмахмұтша айтқанда: «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп»  құлай сенуге құлықсыз боласыз.

      Бүгінгі қоғамның үлкен дерті: өтірік айту, күні үшін өтірік ақпар беру,  өзінің жағдайын жасау үшін кейбіреулерді өтірік мақтау, бәрін көріп-біліп отырып көлгірсіп, жалған сөйлеу. Мұның бәрі – жарамсақ, жағымпаз, жалпақшешей, мінезсіз, өзіне сенімсіз қызметкерлерге тән қасиет. Жалған ақпар беріп, бәрін «о, кей» етіп көрсету арқылы алға қойған мақсатына жетуіне, мансап биігіне көтерілуге болатынын білетін әкімқаралар мен шенді-шекпенділер шындықты айтып үскіріктей үрейлі биліктің қаһарына ұшырағанша, өтірік айтып, қосып жазып алшан басып жүргенді артық көреді. «Сорласа өгіз сорлайды, соқаның несі кетеді» демекші осыдан кейін таяқтың екі ұшы да халықтың төбесіне тиіп жатады. «Өткізу үшін шындықты, Өтірік қостым аздаған» (Қ.Мырза Әлі) демекші, сол аз-аздап қосылған өтірік  уақыт өте келе өсіп, халық үшін қасіретке айналады. 

      Баяғы заманда Ислам әлемінің әйгілі ғұламасы имам әл Бұқари пайғамбардың көзі тірі ең соңғы сахабасын көріп, дидарласып қалу үшін араб еліне сапар шегіпті. Ұзақ жол жүріп, күндердің бір күніңде сол сахаба тұратын елді мекенге  ат басын тірепті.  Бір жатаған үйдің алдында ақ киімді,  қаусаған кәрі шал қолындағы дорбасын сілкілеп, қазығынан босанып кеткен атын «моһ, моһ!» деп шақырып тұр екен. Адамнан есті жануар жемге бола  артқа қайтыпты да, дорбада бір түйір де дәннің жоқ екенін сезіп, кері бұрыла бергенде,  шал шапшаң қимылдап аттың шылбырынан ұстап қалыпты. Бұл көріністің бәрін көзінен өткізіп тұрған имам атының басын кері бұрып, жүріп кетіпті. Жол үстінде серіктерінің бірі: «Тақсыр, сахабаны көруге аса ынтық едіңіз, сәлем де бермедіңіз ғой» деп сұрапты. Сонда имам әл Бұқари: «Жануарды алдаған адам, адамды алдамайды дейсің бе?» деген екен. 

Бүгінгі заманда адам түгілі жануарды алдауға болмайды десеңіз, күлкілі естіледі, ерсі көрінеді. Өйткені адамдарды алдау, айтқан сөзінде тұрмау, уәдені орындамау үйреншікті әдетке айналды.

      Өтірік ақпар беру, кемшіліктерді жасырып, жауып отыруға мемлекеттің өзі мүдделі ме деп қаласың. Күн жылына бастаса «қызыл суға»  батып,  қыс түспей жатып «қатып» қалатын Қазақстанның көптеген аудан мен аймақ басшылары өтірігі көп шындықпен өмір сүріп жатыр. Оларға шындық қажет болса, өздері қолдан жасап алады.

      Біздің қоғам Құдайды қайдам, дәстүрбұзушылықтан емес, демократиядан қорқады. Өзге жұрт не дейді екен деп аузына қарап отырады. «Құлды, әй бәрекелді өлтіреді» (Ғ.Мүсірепов) демекші, АҚШ арқадан қағып, кәріқұрлық елдері жылы қабақ танытса болды, қаңсығы мен қойыртпақтарын өзімізге қотарып алып, бас-көзге қарамай шаба жөнелеміз. Ұлт дидарына дақ түсіріп жатырмыз демейміз. Мұның бәрін жаһандануға итеріп тастап, өтірігі көп шындыққа сеніп отырмыз. Біздің еліміз жыл сайын халықтың көз жасынан құралған қаржыны судай шашып, дүркін-дүркін түрлі деңгейдегі сайлаулар өткізуге машықтанып алған. Бір қайнауы ішінде, қойыртпағы көп сайлаулар  қымбатшылық қамытын киген қарашаны алдарқатып ұстап тұру үшін алдын ала тас-түйін жоспарланып қоятын секілді. Делебемізді қоздырған демократия демесеңіз, кереметтің төбесі көрінбейді. Айталық, ауыл әкімдерін сайлаудан не ұтқанымызды тірі пенде түсіндіріп бере алмайды. Өйткені ештеме де ұтқанымыз жоқ: «баяғы жартас – сол жартас». Шындығы бар өтірікті жарнамалап жатқанымыз болмаса.

      Біздің айтайын дегеніміз, «Шындық шалбарын кием дегенше өтірік жарты әлемді шарлап шығады» деп атақты саясаткер Уинстон Черчилль айтқандай, ноқтаға басы сыймайтын өтірікті қолжаулық етіп, шын сөзіміз зая болмасын деп тілеңіз.

Тегтер: