Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 21 Наурыз 2024

Өткір жүзің мұқалмас

Лениншіл жас
Фото:

Сонау бір орда бұзар шағымызда еліміздің жалын атқан жастар үні «Лениншіл жасқа» 5 жылдай қызмет етіп, жігер-қуатымызды сүйікті кәсібімізге табандылықпен жұмсағаныма қазір қайран қаламын.

 Сол кездегі «Лениншіл жас» штаттан тыс тілшісіне штаттағы қызметкерімен теңдей жауапкершілік жүгін артып, қатаң талап қойды, әрі үлкен сенім білдірді.

Қазір жеке архивімдегі сарғайған «Лениншіл жастың» қиындыларын қарап отырсам, өзім жазған небір өзекті де өткір материалдарды көріп отырып, қылышынан қан тамған коммунистік партияның заманында осыларды қалай жазғанбыз деп, кәдімгідей-ақ сол бір шаққа ерекше бір қызыға, сағына қарайды екенсің.

Тіпті мақалалардың тақырыптарының өзі-ақ маған көп нәрсені еске түсіреді. Айталық, «Қаз қонатын көл қайда?» деген мақаламда облыстағы қоршаған ортаның күйзеліске ұшырағаны: көлдердің суы тартылып кеткені, түрлі аң-құстардың, жан-жануарлардың жойылып бара жатқаны туралы дабыл қағылса, «Жұтаң жайылымдар, өгейсіген отарлар» атты материалда өткен ғасырдың сексенінші жылдары солтүстік облыстарда миллиард пұт астық өндіруге басымдық беріп, ұлан-ғайыр дала жаппай жыртылып, тіпті өзен-көлдің, ауылдың іргесіне дейін егін өсіргені, ғасырлар бойы қой бағып, ата кәсібімен айналысып келген қазақтың малын жаяр жер тарылып, әсіресе қой өсіретін шаруашылықтар күйрей бастағаны сөз болды. Мақала жарияланғаннан кейін облыстық мал шаруашылығы семинары өткізіліп, осы өзекті мәселе де талқыланды, оған мені шақырғаны әлі есімде. Содан кейін біраз жылдар партия бұл салаға көңіл аударған болды. Бірақ уақыт өте экономикалық бойкүйездіктің салдарынан қазақы ауылдардағы қой шаруашылығы өңірде ақыры күйреп тынды. Бұл қазақ ауылдарының өзін-өзі асырау, сақтау иммунитетінен айырыла бастағаны еді.

Ал «Қыз-механизатор керек пе?» деп даңқты Кәмшат Дөненбаева апамыздың ізбасарларын даярлаудың болашағы бар ма? Алты ай жазда, қыстың қақаған аязында темір тұлпар тізгіндеген қыздардың денсаулығын кім ойлапты? Қыздар үшін өмірдегі басты міндет – ана атанып, бала өсіру, отбасы ошағының отын сөндірмеу болса керек деген сауалдар тастап, қалың оқырманды пікірталасқа шақырдық.

«Директор бұлтаңдап отыр» деп ала жаздай түк бітірмей, астық қабылдау кезде дән қабылдау бекетінің директорының шарасыздығын айтып дабылдадық. «Қолда бар, құлық жоқ», «Пайданың қайтарымы қандай?» секілді жарияланымдарда күні бүгінге дейін көкейкесті болып келе жатқан тұрғын үй, кәсіпорын тағдыры арқау болды. Үстімізден редакцияға қоңырау шалып, арыз-шағым жасағандарға сол кездегі газеттің басшылары тілшілерін қорғай да, қолдай да білді. Штаттағы да, штаттан тыс деп бөле жарған жоқ. Мақалаларымыз беделді басылымның бірінші бетінен бастап, мән-маңызына орай мол пішінімен жарқырап, тоқтаусыз шығып жатты.

Жастар газетіне атсалыса жүріп көп үйрендік, тоқығанымыз да аз емес. Ысылдық, ширадық. Газет тігінділеріне көз жіберсеңіз, халықтың рухын көтеретін мақалаларға көбірек орын беретін. Қоғамды өзін-өзі жігерлендіре алатындай мүмкіндіктер көзін меңзейтін. «Лениншіл жас» шын мәнінде тағлымды мектеп болды.

Лениншіл жас

Сексен алтыншы жылға дейін редактор болған Сейдахмет Бердіқұловтың өмірдегі де, журналистикадағы ақберендігін сезіндік. Іле газет тізгінін ұстаған Уәлихан Қалижанов ағамыздың да ұлағатты ағасының ізгі дәстүрін жалғастырған парасаттылығына тәнті болдық.

Ал енді жүз жылдық өнегелі шежіресі мен бай тарихы бар жастар басылымының бүгінгі келбетіне де разымын. Көптеген сараптамалық, бүгінгі күннің көкейкесті мәселелерін қаузайтын өзекті жарияланымдарды қызыға оқисың. Шыны керек, басылымдағы мақалалар жан-жақты сараптауы, дерек-дәйектілігі, тиянақты пайымдауларымен құнды. Жас ұрпақтың көзқарасын кеңейтетін, саяси, экономикалық, халықаралық тақырыптарға ұлттық идеология тұрғысынан қарастыру, қазақтың санасын оятатын, ой салатын дүниелер жарық көруде.

Қазіргі «Жас Алаш» – атына заты сай, алымды да қарымды. Әділдік пен шыншылдықты ту ғып көтерген ұстанымы бар, білікті ұжымды осы бағытынан танбаса деп тілеймін.

Қадірлі әріптес інілерім! Өмір-өзен, міне, біз де 70 деген жастың белесіне келіп қалыппыз. Жаратқан иеміз сыйлаған ғұмырды төл журналистикаға арнап, тағдыр-талайымды да осы бір мылтықсыз майданда өткізгеніме өкінбеймін. Әлі де аттан түстім деп ойламаймын. Сондықтан да биыл алғашқылардың бірі болып «Жас Алаш» газетіне жазылып, ел өмірінің боямасыз шындығынан сусындап, рухани күш алып отырған жайым бар. Келешекте оқырманның көкейіндегісін тап басатын дүниелерім болса, сүйікті басылымға жолдап тұрсам деген ойдамын.

Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,

«Лениншіл жас»газетінің 1985-1989 жылдардағы штаттан тыс тілшісі

Тегтер: