Отставкіге кетпеген Махажанов парамен ұсталды
Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталды.
Антикор әкімнің алған парасының көлемін 98 мың 500 доллар деп көрсетті. Төл валютаға шақсақ, 42 миллион 500 мың теңге болады екен.
Былтыр Түркістан облыстық қылмыстық істер соты Келес аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ә.Кенегесовты 30 миллион теңге пара алуға оқталды деген айып бойынша 11 жыл, 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп еді. Аудандағы шенеуніктің осыншама пара дәметкені көпшіліктің жағасын ұстатқан. Махажанов алды деген параның көлемі бұдан бір жарым есеге көп.
«Кентаудың әкімі парамен ұсталыпты», деген жайсыз хабар өткен жұмада таңертең тарала бастады. Әлеуметтік желіде кейбіреулер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Антикор) құжат жүзіндегі екі парақ жедел ақпаратын тастады. Осы ақпаратқа қарағанда, Махажановты Антикордың Алматы қаласы бойынша департаменті жасырын тергеу амалдары нәтижесінде ұстаған. 98 мың 500 доллар параны ол 23 ақпанда Кентауда «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер фирманың басшысынан делдал арқылы алған. Мәліметте әкімнің ұсталған бойда Алматыдағы Полиция департаментінің тергеу абақтысына қамалғандығы жазылған.
Мәселенің мән-жайын білу үшін алдымен Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өмірбекпен хабарласқан болатынбыз. Ол жайсыз жаңалықты естігенін, бірақ қазіргі уақытта Түркістан қаласында оқуда жүргендігін, Кентауға енді баратынын мәлім етті. Кентау қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы қоңырауымызға жауап бермеді. Ал Антикордың Түркістан облыстық департаментінің қызметкерлері мәліметті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өзі таратынын хабарлады. Агенттік Кентаудың әкімінің ұсталғанын осы күні кешкісін телеграмдағы каналы арқылы жариялады. Ресми мәлімет Махажановты Антикордың Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкерлерінің ұстағанын да растады. Неге Алматы қаласы? Қылмыс Түркістан облысында орын алады, бірақ күдіктіні ұстау, тергеу амалдарын жүргізумен Алматы қаласы айналысады. Бұл қисынсыздықты немен түсіндіруге болады? Шамасы әкімнің пара талап еткені жөніндегі арыз Алматыдағы департаментке берілген сияқты. Егер солай болса, мұның арғы жағында түркістандық құзырлы органдарға деген сенімсіздік жатқан жоқ па?! Күдіктіні бірден Алматы қаласындағы абақтыға алып кету бұл іске облыстағы өте ықпалды шенеуніктердің араласуына жол бермеу үшін жасалуы әбден мүмкін. Бұдан басқа қандай болжам жасауға болады?
Дәурен Махажанов Кентау қаласының әкімі қызметіне 2019 жылдың сәуірінде келген. Ол облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің тағайындаған алғашқы кадрларының бірі саналады. Махажанов уақтысында «ҚазАгро»-да басшылық қызметтерді атқарған. Кентау қаласының әкімі болғанға дейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары болып істеген. Үш жылға жуық уақыттың ішінде Махажановтың қаншалықты өнімді жұмыс істегенін қайдам, әйтеуір осы жылдары Кентаудың коммуналдық саласынан көп шу шықты. Қала бір емес екі-үш мәрте жылусыз қалып, оның соңы тұрғындардың наразылығына ұласты. Былтыр қаладағы күл-қоқысқа қатысты жөнсіздіктер үшін Экология департаменті Махажановқа әкімшілік айыппұл салғанын хабарлаған.
Соңғы жылдары Махажановтың командасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты шулы істер де кездесті. 2020 жылы сол кезде Кентау қаласына қарасты Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Хасан Муслимов «пара алды» деген айыппен сотталып кетті. Муслимов содан біраз уақыт бұрын «пара алмаймын» деген челлендж таратып, оның түсірген ролигі әлеуметтік желіде, ақпарат құралдарында қызу талқыланған еді. Қызық болғанда, арада бір жыл өтпей жатып Муслимов ауылдағы бір тұрғынның жерге қатысты мәселесіне оң қорытынды беру үшін – 4 миллион 150 мың теңге пара сұрап, оның 2 миллион теңгесін алу барысында ұсталды. Сот оны төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім күшіне енген соң, Дәурен Махажанов отставкіге арыз бергенімен, сөгіс жазасымен қызметінде қалдырылған.
Алайда бұл кентаулық атқамінерлерге сабақ болмаған екен. Былтыр желтоқсанда Кентау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы басшысының үстінен «аса ірі көлемдегі бөтеннің мүлкін талан-таражға салу» бабымен қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. Бұл іс бойынша қазынаға келтірілген шығынның көлемі 58,8 миллион теңгені құрайтыны хабарланды. Егер бөлім басшысына айыптау үкімі шықса, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажанов тәртіп бойынша екінші қайтара отставкаға арыз беруге міндетті еді (бұл туралы Жаңа жылдың алдында «Бір отставкіден аман қалған Махажанов еді» деген тақырыппен жарияланған мақаламызда жан-жақты баяндағанбыз). Енді міне, отставкіге екінші рет арыз жазуы мүмкін деген әкімнің өзі парамен ұсталып отыр.
Әрине, сот үкімі шықпай жатып, бұл іске төрелік айту ойымызда жоқ. Егер айыптау үкімі шықса, ендігі отставкінің қаупі облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің басына төнетіндігі туралы әңгіме айтуға да әлі ертерек. Бірақ Кентаудағы жағдайдан кейін жоғарыдағылар Түркістандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жіберілген қателіктерді талқылап, тиісті қорытынды шығара алады ма? Себебі облыста қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлық қылмыстары үшін, президент Тоқаевтың жарлығымен бекітілген тәртіпке сәйкес, отставкіге арызды бір емес екі қайтара жазып, екеуінде де кешірім жасалған шенеуніктер кездеседі. Бұл мәселеге алдағы уақытта кеңірек тоқталатын боламыз.