Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:30, 22 Маусым 2022

Отставкіге кетуге дайын

None
None

«Отставкіге кетуге дайынмын». Өткен аптада елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай деді.

Брифингте журналистер соңғы уақытта Шөкеевтің рейтингісінің түсіп кеткеніне қатысты сауал қойды. Әкім рейтингке сенбейтінін кесіп айтты.

— Олардың қалай жасалатыны белгілі ғой, – деген әкім шенеуніктің еңбегін рейтингке қарап емес, жұмыс нәтижесіне қарап бағалау қажет екендігін алға тартты. Әңгіме арасында «блогерлер», «хайп қуатындар» да тілге тиек етілді. Шөкеевтің журналистерді, әлеуметтік желі белсенділерін оншалықты ұната бермейтіні бұрыннан белгілі. Түркістанның әкімі ақпарат құралдарының өкілдеріне деген көңілінің суымаса, жылымағанын осы брифингте тағы да аңғартып қойды. Облыс басшысы журналистер қойған ыңғайсыз сауалдардың астарынан «тапсырыс» іздегендей, сыңай танытты.

Хош, сонымен, осы жолғы брифингте ең көп қозғалған тақырып сыбайлас жемқорлыққа қатысты болды. Ірі көлемде парамен ұсталған Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановқа қатысты сауал әлденеше рет қойылды. Осы жерде оқырманға түсінікті болуы үшін сәл шегініс жасайық, Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Антикор) қызметкерлері ақпан айында ұстаған болатын-ды. Ресми мәлімет бойынша оның заңсыз әрекеттерін Антикордың Алматы қаласы бойынша департаменті жасырын тергеу амалдарының нәтижесінде әшкерелеген. 98 мың 500 доллар параны ол «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер фирманың басшысынан делдал арқылы алған. Махажанов ұсталған бойда Алматыдағы Полиция департаментінің тергеу абақтысына қамалды. Брифингте Шөкеев ұсталған әкімге қатысты тергеудің басқа өңірде жүргізіліп жатқанын, оған әлі сот үкімі шықпағанын, сондықтан оны қылмыскер деп айтуға болмайтынын,  оның кінәсі дәлелденсе, отставкіге кетуге дайын екендігін мәлім етті. Егер Махажановқа сот айыптау үкімін шығарса, Шөкеевтің отставкіге арыз жазатыны онсыз да белгілі. Мәселе әкімнің жазған арызы бойынша президент Тоқаевтың қандай шешім қабылдайтындығында ғой.

Осы жерде айта кетейік, бұған дейін Шөкеевтің өзі қарамағындағы бірқатар аудан, қала әкімдеріне кешірім жасап, қызметіне қалдырған болатын. Соның бірі – әңгіме етіп отырған Кентаудың әкімі Дәурен Махажанов. Осыдан екі-үш жыл бұрын Махажанов қарамағындағы ауыл әкімінің сыбайлас жемқорлық қылмысынан кейін Шөкеевке отставкіге кету туралы арыз жазып, нәтижесінде «сөгіс» жазасымен креслосын сақтап қалған болатын. Бірақ бұдан кеншілер қаласындағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер тоқтаған жоқ. Былтыр жыл соңында Кентау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасады деп айыпталды (қазір бұл іс Кентау қалалық сотында қаралып жатыр). Ал биыл ақпанда Махажановтың өзі жоғарыда айтқанымыздай, жүз мың долларға жуық пара алды деген күдікпен ұсталды. Мұның алдында Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев қарамағындағы ауыл әкімі мен бөлім басшысының парақорлығы үшін отставкіге арызды екі рет жазған. Есбаев екі жағдайда да кешіріммен құтылды. Бұдан кейін Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары сыбайластыққа қатысты іс бойынша сот үкімімен кінәлі деп танылды. Біздің білуімізше, Бәйдібек ауданының әкімі Ержігіт Шәріпбекке де облыс басшысы кеңпейілділік жасады. Байқағандарыңыздай, Шөкеев өзі тағайындаған, өзіне жақын тартатын кадрларды өзекке теппейді. Мұны сонда қалай түсінуге болады? Коррупциямен күрестегі көзжұмбайлық па? Президенттің бекітіп берген тәртібін елемеу ме? Енді алда-жалда Шөкеевтің өзі отставкіге арыз жазса, оның осыншама жасаған «сауапты тірліктерінен» бір қайыр болатын шығар. Әрине, бәрін уақыт көрсетеді.

Брифингте Түркістан облысында мектепке, балабақшаға жұмысқа орналасу үшін пара беретіндігі де айтылды. Сол баяғы «еден жуушыны да жұмысқа парамен қабылдайтын облыс», деген атақтан әлі арыла алмай келеміз. Шөкеев бұл сауалға үйреншікті жауабын беріп құтылды. Оның айтуынша, облыста мұғалімдер жұмысқа арнайы портал арқылы қабылданады екен, нәтижесінде парақорлық әрекеттерге тосқауыл қойылыпты. Шамасы, мектеп директорларының порталды айналып өтіп, жұмысқа тұрушылардан пара сұраудың жаңаша әдіс-тәсілдерін меңгергенін облыс басшысы білмейтін сияқты. Бұл жағына тереңдемей, бір-екі мысалға ғана тоқталайық.

Сәуірде Антикордың облыстық департаменті басшылары брифинг жасап, биыл өңірде сыбайлас жемқорлық қылмыстарының екі есеге көбейгенін мәлім етті. Көштің басында білім саласы келе жатыр. Білім ұяларына жемқорлықтың ұялап алғанын жасыру енді мүмкін емес. Мәселен, дәл қазіргі уақытта үш бірдей аудандық білім бөлімінің басшысы қамауда отыр. Пара алды деген күдікке ілінген Сайрам аудандық білім бөлімінің басшысының ісі сотта қаралып жатыр. Бұдан кейін Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы киллер жалдап, «журналистің өміріне қастандық жасамақ болды», деген айыппен ұсталды. Осы оқиғада ұлын оқатар қарумен жарақаттап кеткен журналист Амангелді Батырбековтың ақпарат құралдарына берген сұхбатына қарағанда, білім бөлімі басшысының берген тапсырысының арғы жағы оның сыбайлас жемқорлық әрекеттерімен байланысты екені көрінеді. Жуырда Төле би аудандық білім бөлімі басшысының қамауға алынғаны белгілі болды. Рас болса, оған да сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасады деген айып тағылғанға ұқсайды. Мұндай масқара жағдай бұрын-соңды Түркістанда болмаған.  

Былтыр жыл соңында облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының бұрынғы басшысы қарамағындағы қызметкерлерімен бірге сотталды. Олар ұзақ уақыт бойы спорт мектептеріндегі балалардың тамағына және жарыстарға бөлінген қаражаттарды жүйелі түрде жымқырып келген. Бұл іс бойынша келтірілген шығынның көлемі жүз миллиондап саналады.

Антикор басшыларының айтуынша, облыстағы шенеуніктердің бір принтерді 8 миллион теңгеге, тіпті кейбір аудандарда дәретхана қағазын 51 мың теңгеге сатып алмақ болған фактілері әшкереленген.

 Шөкеев басқаратын облыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қаншалықты нәтижелі жүріп жатқанын осы фактілерден кейін өзіңіз сараптап көріңіз. Ал рейтингке сену, сенбеу, әркімнің өзі қалауында.

Тегтер: