Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:55, 16 Тамыз 2021

Отыз жылдан бері орнын таппаған одақ

None
None

Шын мәнінде бұл одақтан береке бола ма? Түрікменстанда Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуі өтті.

Оған Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстанның президенттері қатысты. Алайда көкейде көп саяси сауалдар қалғанын да жасырмауға тиіспіз. Ол қандай сауал?  Таразылап көрейік.

      Жалпы, Орталық Азия республикаларының одағын құру туралы идея, ақиқатын айту керек, Қазақстан тарапынан қозғалған. Бұл бастаманы көтерген экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев екені әмбеге аян. 1991 жылдың желтоқсанында Қазақстан, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Тәжік­стан және Түрікменстан басшы­ла­рының Ашхабадтағы алғашқы бас­қосуы  болып өткен. Бірақ аймақтағы әртүрлі жағдайлар кездесудің нәтижелі болуына мүмкіндік бермеді.  Оның үстіне 1992 жылы Тәжікстанда азаматтық соғыс басталып кетті. Дегенмен уақыт өте келе, бәрібір бұл одақтың маңыздылығы айқын көріне бастады.

        1993 жылы Қазақ­с­тан, Қырғызстан және Өз­бекстан экономика­лық одақ құру туралы шартқа қол қойды. Атап айту керек, бұл одақтың негізгі қаңқасын біраз уақытқа дейін аталған үш ел құрап келді. Ұйымның атауы да екі-үш жылда құбылып, өзгеріп отырды. 1995 жылы Орталық Азия одағы болып аталса, 1998 жылы ұйым Орталық Азия экономикалық одағы болып қайта құрылды. Тіпті кейіннен  Орталық Азия ынтымақтастық ұйы­мы деп те аталды. Алайда тарихи, саяси маңызы жоғары болғанымен, аталған ұйымның жұмысы қағаз жүзінде қала берді. Дегенмен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мұндай ұйымның қажеттілігі туралы бастама көтеріп, ауық-ауық Орталық Азия мемлекет басшыларының есіне салып отырды. Тіпті Н.Назарбаев   2005 жылғы  Қазақстан халқына арнаған жолдауында Орталық Азия елдері одағын құруды қайта ұсынды.

       Негізінен, аталған ұйымның өміршеңдігіне өзбек президенті Ислам Каримов аса мүдделі бола қойған жоқ. Интеграциялық ынтымақтастықтан гөрі кейде өзінің жеке амбициялық позициясын көрсетіп жіберетін Каримовтың  басқару дәуірінде бұл одақтан қайран болмады. Тек өзбек билігіне Шавкат Мирзияев келгелі бері ғана бұл ұйымға жан біткендей болды. Қазіргі уақытта ұйымға мүше бес ел кездесуді жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдыра бастады. Бұған қуану керек. Алайда Түрікменстанның «Аваза» туристік аймағында өткен кездесуде ТМД немесе әлем құрлығының назарын аударатындай соншалықты мәлімдеме жасалған жоқ. Негізінен, интеграциялық ынтымақтастық пен аймақ, оның ішінде Ауғанстандағы қауіпсіздік мәселесі сөз болды. Кездесуде нақты атауы жоқ мәміле ме, жоқ әлде қарар деп атауға бола ма, әйтеуір, 28  баптан тұратын ұсыныстар қабылданды. Ал мұнда Қазақстанға қатысты не бар?

        Нақты айтсақ, Орталық Азия аймағындағы су  мәселесі, Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қор арасындағы ынтымақтастық,  Ақтау айлағының базасында «контейнерлік хаб» ашу, Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығын атап өту, «Астана» халықаралық қаржы орталығы алаңын экономикалық платформа ретінде пайдалану арнайы бап ретінде  енгізілді. Ал қалғанының бәрі дерлік аймақтық интеграциялық байланыстарды нығайтуға қатысты болып отыр. Кездесуде Ресей сарапшыларын алаңдататын Түркиямен байланысты жаңа деңгейге көтеру, Тұран одағын құру мәселесі тіпті сөз болған жоқ. Бұл түсінікті де. Өйткені мұндай одақ Ресейсіз құрылмайды. Орталық Азия мемлекет басшылары саяси тұрғыдан  және өздігінен мұндай батыл қадамға бара алмайды. Қорқады. Тіпті Түркияның Анталия орманында алапат өрт орын алғанда көмектесе де алмаған Орталық Азия елдерінің бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Тек Қазақстан  тілсіз жау сөндірілгеннен кейін ғана екі-үш күн бұрын өрт сөндіретін тікұшақтарын жіберді.

      Айта берсек әңгіме көп. Отыз жылдан бері атауы сан рет өзгеріп, қағаз жүзінде ғана өмір сүріп келген одақтың енді саясат, экономика мен әскери саладағы орны айқындала түсе ме? Күмәнді. Әрине, кездесу экономикалық тұрғыдан алғанда қарым-қатынасты дамытуға тиімді. Бірақ бұл одақ, анығын айтқанда, алдағы уақытта да Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кеңесі және президенттердің қалыпты кездесуі болып қала береді. Ал біз кездесу саммит дәрежесіне көтерілсе дейміз. Сонда ғана оның тарихи, саяси және әскери маңыздылығы арта түседі. Олай болмаған жағдайда аймақтағы бес елдің басшылары үстіне спорттық костюм киіп, көңіл көтеріп, дидарласып, кеңесіп қайтуды тағы да әдетке айналдыра береді. Отыз жылдан бері орнын таппаған одақтан енді не күтеміз? Бесеудің кездесуінің түйіні – осы.

Тақырыпқа тұздық

Асылхан Мамашұлы:

                Осы адамдар Орталық Азияны біріктіре ала ма?

      Біреуі – елін түрмеге айналдырып, халқын нанның кезегіне тұрғызған, халқының сорына қарай әлі жап-жас, еріккен қырт.

     Тағы біреуі – таудың етегіндегі кішкентай елдің отыз жылдан бергі пұты, құдайы.

     Енді бірі – қолына су құйып жүрген көсемі аяқастынан өліп қалған соң, билікке жетіп, енді айырылмасқа бекінген, креслода отырып өлетін автократ.

     Бұл үшеуі қолында құзыры болғанымен, билігі жоқ, өздері сияқты негізгі мәселені шеше алмайтын, қулық-сұмдығы аздау, тым болмаса анекдот айта алмайтын төртіншімен «типа» сөйлескен сияқтанады.

      Ал өзін демократпын деп санайтын бесіншіні суқаны сүймейді. Демократтың да оларды сүйіп тұрғаны шамалы. Бірақ сайлаудан кейін ол да Конституцияны өзіне ыңғайлап өзгертіп алды.

      Осы адамдарда қандай ортақ шынайы әңгіме болуы мүмкін?

      Осы адамдар Орталық Азияны біріктіреді деп ойлайсыз ба?

Тегтер: